×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

Азық-түлік тағы қымбаттады: Жамаубаевқа сенген жұрт доллар бағамын қашанғы аңдып отырады?

03.03.2023, 13:51
Коллаж: Ulysmedia.kz

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалар 0,2%-ға, жылдық мәнде 23,7%-ға өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 атау кіреді. Бағаның өзгеруі туралы ақпарат барлық облыс орталығынан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан жиналады. Ол үшін елдімекеннің әртүрлі бөліктерінде орналасқан тауарлардың кең ассортименті бар әртүрлі типтегі сауда объектілері (гипермаркеттер, супермаркеттер, дүкендер, коммуналдық базарлар, әлеуметтік дүкендер мен павильондар) таңдалады”, – делінген хабарламада.

ҚР бойынша әлеуметтік маңызы бар кейбір тауарлардың орташа бағасы /2023 жылғы 28 ақпан/:

  • Айран 2,5 – 378 тг/л
  • Картоп – 158 тг/кг
  • Құм-шекер – 456 тг/кг

Бір айдағы инфляция

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір айдын ішінде тұтыну бағаларының индексі (2023 жылғы ақпан) 1,3% құрады. Өткен айда азық-түлік тауарлары – 1,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,8%, ақылы қызметтер 1,3% өсті.

Азық-түлік тауарлары арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, ақпанда басты пияз – 28,5%, қызанақ – 17%, ақбас қырыққабат – 10,9%, қияр – 9,8%, қызылша – 5,4%, тәтті бұрыш – 4,7%-ға қымбаттаған. Сондай-ақ баға күрішке – 4,4%-ға, салқындатылған балыққа – 3,6%, консервіленген сүтке – 2,8%, кертік батон мен шоколадпен глазирленбеген кәмпиттерге – әрқайсысы 2%-ға, майлылығы 2,5% айран мен тұздалмаған сары майға – әрқайсысы 1,8%-ға, пастерленген сүтке – 1,6%-ға өскен. Осы ретте айлық мәнде құмшекер 2,3%, қарақұмық жармасы 1,5%-ға арзандады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде бағаның ең көп өсімі ақпанда жуу және тазалау құралдарында байқалды. Мәселен, өткен аймен салыстырғанда кір сабын – 2,8%, кір жуу ұнтағы, ыдыс жууға арналған құралдар – әрқайсысы 2,5%-ға, ағартқыштар – 2,4%, дәретхана қағазы 2,1% қымбаттады. Баллондағы сұйытылған газ 1,6% қымбаттады.

Жолаушы тасымалындағы баға бойынша әуе көлігінің қызметтері – 21,5%-ға, темір жол көлігінің қызметтері 2,3% өсті. Коммуналдық қызметтер бойынша орталықтан жылыту тарифтері – 7,1%, ыстық су – 6,3%, су бұру – 3,1%, тұрғын үйді күтіп ұстау – 1,8%, суық су – 1%, электр энергиясы 0,7%-ға өсті.

Баға қай өңірлерде күрт өсті?

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Алматы облысында – 1,8% (орташа республикалық деңгейден 0,5 п.т. жоғары), ең төменгісі – 0,7% Қызылорда облысында тіркелді.

Аймақтық бөліністе азық-түлік тауарлары Қарағанды облысында – 2,2%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – Жетісу облысында – 1,4%-ға, ақылы қызметтер Павлодар облысында – 2,9%-ға ең жоғары өсім көрсеткен.

Еске салсақ, кеше кімет басшысының орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев доллардың ізімен азық-түлік те арзандайтынына сендірген.

«Доллар бағамы өскен кезде импорт тауарлары да қымбаттайды. Осыған байланысты импорт тауарлары біртіндеп арзандайды деп күтеміз. Жалпы экономикада инфляция төмендейді. Осы айларда мәселен ең көп дегенде 20 пайыз болды. 2-3 айда тіпті төмендейді деп күтіп отырмыз. Нақтыланған бюджетте инфляиця деңгейі 7,5 – 9,5% болады деп көрсеттік. Аталған деңгейді сол себепті таргеттеп, жалпы арзандайтынын күтеміз», - дейді ол.

Қазақстанда соңғы күндері доллар бағамы құлдырай бастады. Кейінгі екі күнде АҚШ валютасы шамамен 10 теңгеге арзандады. Алайда тәжірибе көрсеткендей, доллар бағамына сенім жоқ. Бүгін құлдыраса, ертең аспандап шыға келуі ғажап емес.

Серіктес жаңалықтары