×
432.69
455.32
6.81
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
432.69
455.32
6.81

Суперпрезидент заманы өтті ме – Мусин Тоқаевтың өкілеттігі қалай шектелетінін түсіндіруге тырысты

18.04.2022, 12:30

Әділет министрі Қанат Мусин Қазақстан суперпрезидент жүйесінен президент жүйесіне нақты қалай өтетінін түсіндіріп бақты. Мемлекет басшысының өзі жолдауда айтқан бұл бастамасына бұған дейін саясаттанушылар скептикалық көзқарас танытқан еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айта кетсек, өткен айдың 16 наурызында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру, сол арқылы мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайту керектігін» айтқан. Осылайша, президенттің сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылатынын, Қазақстан халқы ассамблеясының мәжілістегі квотасы жойылатынын, олардың сенаттағы квотасы бесеу ғана болатынын, президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайтынын айтқан.

Алайда осы реформалар жарияланғаннан кейін саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов президенттің қазіргі құзыреті тұрғанда оның «билігі шектелді деп айту мүмкін еместігін» жазған болатын.

«Қазір шынында да, бірқатар саясаттанушы президенттің өкілеттігі шынайы азаятындай жолдауда ештеңе болған жоқ деп есептейді. Президент есеп комитетінің бастығынан бастап, күш құрылымдарының басшыларын, премьер-министр мен министрлерді, облыс әкімдерін тағайындау құзыретін өзіне қалдырып отыр. Мемлекет басшысының қазіргідей ауқымды құзіреті тұрғанда «президенттің өкілеттігін қысқарту жайлы айту мүмкін емес екенін саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов жазды. Реформаларға осылай скептикалық көзқарас танытқан әрі онысын дәйектеген саясаттанушылардың пікірі жайлы не айтасыз?» - деп сұрақ қойды Ulysmedia.kz тілшісі ОКҚ алаңында бүгін Әділет министрі Қанат Мусинге.

Бұл сұрақты бастабында түсінбеген Қанат Мусин артынша былай деп жауап берді.

«Әрбір саясаттанушының пікірі бөлек. Бірақ өзіңіз көріп отырғандай, президентке саяси партияға мүше болуға тыйым салынады. Ол президенттің өкілеттігін шектеу емес пе? Екіншіден, президенттің жақын туыстары саяси лауазымда және квазимемлекеттік секторда басқарушы лауазымда қызмет ете алмайды. Ол шектеу емес пе? Үшіншіден, қазір Конституциялық кеңес және Жоғары сот кеңесінің мүшелерін президенттің өзі тағайындайды. Енді Конституциялық өзгерістер бойынша президент сол органдар басшыларының орынбасарын ғана тағайындай алады. Ол шектеу емес пе? Төртіншіден, аудандық, облыстық әкімдердің шешімдерін бұрын президент бұза алатын. Қазіргі өзгерістер бойынша мұндай шешімдерді президент енді жасай алмайды. Ол шектеу емес пе?» - дейді Қанат Мусин.

Министрдің айтуынша, заң нормаларында президенттің өкілдігін шектеу жасайтын нормалардың бәрі көзделген.

«Сондықтан мен «ешқандай әрекет жасалып жатқан жоқ» деген кейбір саясаттанушылардың пікірімен келіспеймін», - деді ол.

Бұл сұрақты ізінше Азаттық тілшісі де қойды. Ол Конституция бойынша президенттің қысқармаған өкілеттігі көбірек екенін, кейбір сарапшылар осы реформаларға сене қоймайтынын сұраған. Бұл сұраққа министр Қанат Мусин алдыңғыға ұқсас жауап берді.

«Қазақстан президенттік формамен басқарылатын мемлекет. Енді мемлекет басшысы мемлекетті басқару үшін осындай лауазымдарды тағайындау және тағайындауға ұсынуын енгізбесе, оны кім жасайды? Сондықтан бұл Конституциямыз бойынша мемлекеттің билік формасы белгіленген. Егер бізде парламенттік форма болса, онда дұрыс – премьер-министр мемлекет басшысы болып, бүкіл мемлекетті басқарады. Бірақ Қазақстан Конституция бойынша Қазақстан президенттік формамен басқарылатын мемлекет. Бұл формада басқаша болмайды», - деді ол.

Қанат Мусин қазіргі заңнама бойынша президент аудан әкімдерін тағайындап, олардың шешімдерін жоюға құқылы. Суперпрезиденттік деген осы дейді ол.

«Президент мемлекетті басқару жүйесінің түбіне жетіп, солардың жұмысын реттесе – суперпрезиденттік жүйе деген сол. Қазір ол міндеттерден босап жатыр. Себебі ауданның мәселесін облыс әкімдері шешуі тиіс. Президенттің оған қатысуға қандай қажеттілігі бар. Суперпрезиденттіктен президенттік формаға көшу деген сол», - деп түйді жауабын министр.