×
479.39
457.43
8.21
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
479.39
457.43
8.21

«Когнитивті диссонанс»: Сарапшылар Смайыловтың «жабық» кездесуіне баға берді

19.04.2022, 17:40
Коллаж: ulysmedia.kz

16 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында Премьер-министр Әлихан Смайылов журналистермен жабық кездесу өткізді. Яғни, өзара әңгімені диктафонға жазуға, жиын аяқталған соң, БАҚ-қа жариялауға тыйым салынды. Шара Заң университетінің қабырғасындағы «Медиаклуб» бастамасымен өтті. Ұйымдастырушылар бұл бас қосу Chatham house rule, Off the record форматында өтті деп баға берді. Ulysmedia.kz үкімет басшысының БАҚ өкілдерімен кездесуіне орай сарапшылар мен журналистердің пікірлерін ұсынады.

Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы:

«Chatham house rule, Off the record ережесі бойынша кездесулер көп елде өтеді. Бар практика. Және бұл екеуін екі бөліп қарастыру керек. Біріктіріп жібергендері мен үшін өте қызық. Бұл мүмкін қазақстандық ноу-хау шығар.  Ұйымдастырушылар неліктен бұл екі форматты біріктіріп тастады, мүмкін бұл екі форматтың ерекшелігін  білмегеннен  кейін бе. Мен ол жағын енді нақты білмеймін.

Chatham house rule келер болсақ, бұл көп жағдайда мемлекеттік органдар, зерттеу орталықтары, коммерциялық ұйымдар түрлі фронттағы, түрлі көзқарастағы адамдардың басын қосып, белгілі бір проблеманы талқылайды. Ең бастысы адамдар өздерін ыңғайсыз сезінбеуі үшін кездесуге қатысушыларға алдын ала кімнің қандай ой айтқанын айтуға, жариялауға тыйым салынады. Осы ережеге келіскен адамдар кездесуге қатысуға мүмкіндік алады. Ережені бұзған адамдар алдағы уақытта кездесуге қатыспауы мүмкін. Осындай моральдық этикалық тұрғыда жүктелетін жауапкерішлік бар.

Екінші, Off the record деген бұл көбінесе саясаткерлер мен журналистердің арасындағы екіжақты кездесу. Ол кездесу туралы аты айтып тұрғандай, көпшілік білмеу керек. Оны кездесуге қатысқан журналист те, саясаткер де жарияламау керек. Бірақ кейбір жағдайда мысалы Трамп кезінде «Нью-Йорк Таймас Магазиннің» редакторымен кездесуін жариялап жіберді және онда не айтқанын бұрмалап жіберген кезі болды. Оның артынша редактор оны дұрыстауға тырысты.

Енді Әлихан Смаилов қатысқан кездесуге келетін болсақ, біріншіден ол премьер-министр ашық болғысы келеді, журналистерден қашпайды деген көзқарасты қалыптастыру үшін ұйымдастырылған кездесу секілді. Ол қандай да бір мәселені журналистермен ашық қозғау үшін классикалық түсініктегі Off the record форматында болса, Фейсбуктегі фотоларды көрмейтін едік, бұл туралы естімес те едік.  Бірақ бұл көбінесе иммидж қалыптастыру үшін жасалған іс-шара сияқты болып көрінеді.

 Менің ойымша, осы іс-шарадан көріп отырғанымыздай, премьер-министрдің командасындағы коммуникацияға жауапты қызметкерлердің стратегиялық коммуникациядан хабары өте аз секілді көрінеді. Chatham house rule, Off the record форматын біріктіріп жібергені мен үшін де өте бір қызық және когнитивті диссонанс туғызған бір формат болды.

 Одан кейін стратегиялық коммуникация туралы түсінігі таяз деп отырған себебім, журналистермен жабық кездесу өткенімен, журналистер премьер-министрдің сұрақтарға қалай жауап бергенін айтпағанымен, олардың санасында премьер-министр туралы нақты бір пікір қалыптасады. Яғни премьер-министр шынайы ма шынайы емес пе, көтеріліп отырған мәселе туралы біле ме, білмей ме, өзіне сенімді ме сенімді емес пе деген секілді осындай бір әсер қалыптасады. Оған сол жабық кездесу, бір-ақ кездесу жеткілікті болуы мүмкін. Премьер-министр оған қаншалықты дайындалды, десе де сол премьер-министрдің командасындағы тұлғалар оны ескермеген секілді.

 Ең бастысы жаңа нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Әртүрлі форматтағы, ағылшын тіліндегі сөздерді  қосып, ондай кездесулер дәл қазір Қазақстан жағдайында керек емес. Қазақстанға қазір премьер-министрдің және оның  баспасөз хатшысының  ашық форматтағы брифингтерді жиі тікелей эфирде өткізіп тұруы маңызды. Қазақстан азаматтарын қаңтар оқиғасына қатысты, Украинадағы соғысқа қатысты, Қазақстандағы экономикалық қиыншылық, кедейшілік, азық-түлік бағасының қымбаттауы, девальвация, инфляция туралы нақты сұрақтар  қызықтырады.

 Премьер-министр және оның баспасөз хатшысы осыған міндетті түрде жауап беруге тырысуы керек.  Ал қалған нәрсенің барлығы тура сұрақтан қашу. Қазіргі форматтағы іс-әркеттерді ашықтық, шынайылық, қарапайымдылық деп бағалауға мүлдем келмейді».

Абай Сейфулла, журналист:

«Әрине, ұйымдастырушы жолын тауып, Премьерді шақырады, өзі қалаған журналистерді шақырады. Дұрыс. Себебі олар осындай алаңдар арқылы өз университетінің имиджін көтеруге жұмыс істейді. Оған ешқайсымыз ренжи алмаймыз. Мәселе осы шақыртуды қабыл алған Үкімет басшысында.

Премьер Смаилов тілшілерге сұхбат бермейді, ресми сауалдарына жауапты айлап кешіктіреді, бірақ жабық кездесуде бетпе-бет отырып, диктофон - камера қосуға рұқсат етпей қорлайды. Тым жақын, бірақ алыс. Ал халықтың Үкіметке мың сан сауалы, үміт, күдігі бар. Сол себепті жабық кездесу емес, жиі-жиі пресс-конференция өткізіп, тв-радио бағдарламаларға тоқтаусыз қатысуы, үш сағат уақытты сондай шараларға арнауы әлдеқайда пайдалырақ болар еді елге».

Самал Ибраева, медиаменеджер:

«Дәл қазіргідей әлеуметтік экономикалық жағдайда үкімет басшысы мен оның мүшелерінің шәй-кофе ішіп жүргені маған ұнамайды. Ол трендке айналмау керек. Ол үшін мақтап, ақырғы сөзімізді айтудың қажеті жоқ. Нақты сұрақтарға жауап беріп отыру керек. Ол басылымдарда жария етілуі керек. Мынаны жаз, мынаны жазба деген шектеу қойылмауы керек. Министр, әкімдер елге, халыққа қызмет ететін адамдар ғой. Олардан сұқбат алу үшін, артынан жүгіру деген нонсанс. Ашық болам деген шенеунік ашық болуы керек. Және ол үшін міндетсіну бұрыс. Бір шәй, бір селфи үшін жағымпазданып жатқан да артық. Әркім өз жұмысын абыроймен атқарса жетеді».

Нұргүл Тапаева, «Азаттық радиосының» журналисі:

«Үкіметбасымен кездесу мен күткендей болмады. Жабық жиын болса да, ашық, ресми шаралардан айырмасы аз. Әлихан Смайылов бейресми форматта еркін пікір алмасты дей алмаймын.

"Не деген ашық адам" деп, мақтауын асырып жатқан әріптестер, кем дегенде 230 адам құрбан болған қаңтар оқиғасы болмаса, премьер мұндай жиынды өткізер ме еді? Өзі де соны мойындағандай болды ғой. Бара алмай қалғандар, көп нәрседен құр қалмадыңыздар, don't worry».

Амангелді Құрметұлы, «Айқын» газетінің бас редакторы

«…3 сағатқа созылған кездесуде Премьерге жүздеген сұрақ қойылды-ау. Журналистер бір көсіліп алды. ПМ да жауаптан тосылмады. Үкімет басшысының журналистер үшін ашық болуды көздейтінін байқадық. Содан да болар әр сұраққа жауап берді. Біз де сұрақ қойдық, кейбіреуіне көңілден шығатындай, тағы біріне сырғытпа жауап берді. Ол енді басқа әңгіме. Айтпақшы, мұндай жиындардың алды-артында әріптестермен арқа-жарқа әңгіме құру деген бөлек дүние ғой, шіркін»