×
476.89
462.2
8.31
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.89
462.2
8.31

Ашықтық дейсіз бе? AMANAT партиясының ресми сауалға шала-шарпы жауабы

19.04.2022, 23:48
Коллаж: ulysmedia.kz

Билік партиясының атауы өзгеріп, президент оның қатарынан шығатынын ескерткеннен кейін саяси ұйым саябырсып қалды. Партиялықтар белді мүшелерінің партбилеттен бас тартқанына да үндемеді. Жаңа өзгерістер туралы да тіс жарғысы жоқ. Сондықтан Ulysmedia.kz AMANAT-қа ресми сауал жолдады.

Редакция партия басшылығына президент Тоқаев жаңа Қазақстанды құру жолында ел-жұрт AMANAT-қа қарап бой түзейтінін, халық алдындағы ашықтық пен есеп беру партиядан басталатынына қатысты уәде бергенін еске салды.

Мемлекеттің жаңа ұстанымын, сондай-ақ қоғамның биліктің ашықтығына деген сұранысын ескере отырып, біз партияда ұзын-саны қанша қызметкер жұмыс істейтінін, олар қандай жалақы алатынын, кеңселерді жалға алуға бюджет қайдан бөлінетінін, PR-ға және партияға тиесілі медианы қаржыландыру шығындары турасында сұрадық.

Жауап өте қысқа болды: AMANAT партиясының аппаратында 1206 адам жұмыс істейді, оның ішінде орталық аппаратта – 115, өңірлік және аумақтық филиалдарда – 1091 қызметкер. Орташа айлық жалақы - 220 мың теңге.

Ал қалғанын ашық ақпарат көздерінен білуге болады, деп баспасөз қызметі ресми сайтқа сілтеп жіберген.

Айта кетейік, 2 ақпанда партияның атқарушы хатшысы болып Асхат Оралов тағайындалды. Шын мәнінде, біз трансформацияға, модернизацияға және берілген уәделердегі партияның ашықтығына сүйене отырып, оған сауал жолдадық. Алайда, баспасөз қызметінің жауабынан түрлі басшылық лауазымдарда 10 жыл жұмыс істеген партия жетекшісінің анау айтқандай жастық ынта-жігері жоғын, бәлкім түгесілгенін топшылауға болады.