×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

Экономикадағы қиындықтар: «КТК жыры» ЖІӨ өсіміне кері әсер еткелі тұр

20.04.2022, 11:36
Коллаж: ulysmedia.kz

Мұны министрлер кабинетінің мүшелері де мойындап отыр. Биыл Қазақстан 87,5 млн тонна мұнай өндіруді көздеген. Алайда Каспий құбыр концорциумындағы қиындықтар бұл болжамды қайта қарауға мәжбүрлеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжіліс отырысында бүгін депутат Данияр Әлімбаев КҚК мәселесін тағы көтерді.

«Сіздер ұсынған құжатта мұнай өндірісі 2022 жылы 2 млн тоннаға азаяды екен. Бұл республикалық бюджетке 80 млн доллардың түспеуіне әкеп соғады. Оған қоса бұл тәуекелдер Каспий құбыр концорциуымындағы қиындықтарға байланысты болып отыр. Бұл сұрақты бұрын да қойдық. Алайда министрліктер тарапынан нақты жауап жоқ. Осыған байланысты сұрақты тағы қоямын: Энергетика министрлігі мұнай өндірісі бойынша қысқартылған жобаны қарастырып жатырсыздар ма? Мұнай экспортын балама жолдар арқылы дамытуды қолға алдыңыздар ма?» - деп сұрақ қойды Әлімбаев.

Депутат сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігінің өкіліне «мұнай түсімі азайса ЖІӨ 2,1 пайызға қалай өсіреміз» деп сұрақ қойды.

Бұл сұрақтың алғашқысына жауап берген Энергетика министрі Болат Ақшолақов шынында да КҚК жүйесінде мұнай экспортының тоқтауы қаупі, оған қоса жөндеу жұмыстары ұзаруы мүмкін екенін мойындады.

«Осылайша, жоспарды 87,5 млн тоннадан шамамен 2 млн тоннаға аз көлемде экспорттау жоспары қарастырылып отыр. Бұл жоспарды орындаймыз. Егер балама бағыттарды барынша пайдалана білсек, ал КҚК жүйесі тезірек қайтадан қосылса, онда бәлкім, алғашқы жоспарға да жақындауымыз мүмкін. (87,5 млн тонна)», - деді Болат Ақшолақов.

Министр өз сөзінде балама бағыттар туралы айтты.

«Балама бағыттар туралы айтар болсақ, Атырау-Самара арқылы 7 млн тоннаға дейінгі қосымша қуаттылық бар. 3 млн тоннаны Ақтау порты арқылы жеткізуге болады. Темір жол арқылы көп мұнай әкетуге болады. Бірақ бұл жерде темір жол цистерналарына байланысты мәселе бар. Сондықтан бұл бағытта 3-5 млн тонна мұнай өткізе алуымыз мүмкін. Демек қазіргі балама бағыттар осы», - деді ол.

Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов болса шынында мұнай секторының ЖІӨ ішіндегі үлесі ескерілетіндіктен (9 пайыз), мұнай өндірісінің азаюуы ЖІӨ өсіміне кері әсер ететінін айтады.

«Энергетика министрі келтірген мәліметтер бойынша, мұнай өндірісі биыл 85,7 млн тоннаны құрайды. Егер былтырғы көрсеткіштермен салыстырар болсақ, бұл – 0,2 пайызға ғана аз. Былтыр өндіріс көлемі 85,9 млн тоннаны құраған. Сондықтан былтырғы жылмен салыстырғанда бұл секторда төмендеу аса көп болмайды. Түспей қалған бұл табысты экономиканың басқа саласындағы оң динамикалармен жабуға болады. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 4,5 пайыздық өсімді күтіп отырмыз. Басқа секторлар да. Құрылыс секторында өсім 3,8 пайыз болатыны болжанып отыр. Қызметтер секторы мен өңдеу өнеркәсібінен өсім болжамы бар». – деді ол.

Тимур Жақсылықовтың айтуынша, осы жылдың басында ЖІӨ 3,9 пайыздық өсімді көрсетеді деген болжам болған. Алайда қазіргі қиындықтарға байланысты Ұлттық экономика министрлігі бұл өсімді 2,1 пайыз болатынын болжайды.

«Мұнай өндірісінің азаюуы, геосаяси жағдайдың ушығуы экономика өсіміне сөзсіз әсер етеді», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін «КТК» проблемасын Ресей мамандары ауа райына жауып отырғанын жазған болатынбыз.

Осы мәселеге байланысты Handelsblatt неміс экономикалық газеті неміс Correktiv зерттеу орталығымен бірге Новороссийск портының мұнай айлақтарындағы жағдайға журналистік зерттеу жүргізіп көрген. Олардың қорытындысы бойынша Ресей санкцияларға жауап ретінде Еуроодақ экономикасына нұқсан келтіру үшін Қазақстан мұнайының Еуропаға жеткізілуіне әдейі тосқауыл қойып отыр.