×
472.14
498.39
7.65
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
472.14
498.39
7.65

98 адам, 14 үстел, 5 әйел: Ақордадағы ауызашар қалай өтті

27.04.2022, 11:44
Фото: Ақорда

Ақордада алғаш рет өткен ауызашарға қатысты қоғам өкілдері тарапынан түрлі пікірлер айтылды. БОРТ №1 телеграм арнасына шыққан суреттер жұртшылық арасында лезде тарады. Шақырылған қонақтарға қарап, Президенттің ұстанатын бағытына көпшілік баға беріп жатты. Ал сапқа тұрған ерлер армиясы қатарынан әйелдер неге аз табылды? Ақордада өткен ауызашардың шығыны кімнің қалтасынан төленді? Міне, әңгіме осы жерден басталады.

ҰБТ ДАУЫМЕН АТЫ ШЫҚҚАН ТҰРСЫНБЕК ТЕ  ШАҚЫРЫЛДЫ

Ауызашар дастарханынан соң тікелей эфирге шыққан блогер Дәулет Мұқаев былай деп әсерімен бөлісті:

«Алты жарымнан бастап шақырды, содан бастап телефонды өшірдік. Кеше ПТР тапсырдық. Одан кейін тағы антидене дей ме, ПТР-дің тағы бір түрі. Оның результатын күттік. Сөйтіп барып қана ары қарай Ақордаға бардық. Одан кейін өзім ауызашар ұйымдастырған едім. Артынан ерте кетіп қалдым. Берік аға (Берік Уәли) болды, біраз адам болды. 98 адам болды, 14 үстел болды. Әр үстелде жеті адамнан отырдық. Ақордадағы ең алғашқы ауызашар, бұрын болмаған деп бір мақтанып қалайын», деді Дәулет Мұқаев инстаграмдағы тікелей эфир кезінде.

Ауызашарға шақырылған 98 қонақтың қатарында жоғары лауазымды тұлғалардан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы Берік Уәли, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов бар.

Одан бөлек, баспана алуды үйретіп жүрген блогер Дәулет Мұқаев, уағызшылдығымен аты шыққан Мұхамеджан Тазабектің жақын досы Өркен Кенжебек, ҰБТ дауымен есте қалған Тұрсынбек Қабатов та осы кеште төбе көрсетті.

АУЫЗАШАРДА ТӨБЕ КӨРСЕТКЕН 5 ӘЙЕЛ КІМДЕР?

Ақорда сайтында жарияланған фотосуреттен байқағанымыздай, шақырылған жүзге жуық қонақтың тек бесеуі ғана әйел. Сапқа тұрған ерлер армиясы қатарынан әйелдердің бар екенін аңғармай да қалуыңыз кәдік. Сонымен олар кімдер?

Алдыңғы қатарда ер адамның тасасында қалған Роза Мұқанова – жазушы, драматург. Бір кездері Ақпарат министрлігінде, Парламент сенатында жауапты қызметтер атқарған. Қазір Өнер университетінде сабақ береді.

Ал арт жақтағы қатарда басы ғана көрініп тұрған Ләззат Танысбай – белгілі журналист, телевизия саласының білікті маманы, қазір «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ басқарма басшысы.

Топпен түскен суретке ілікпей қалғандардың ішінде Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева мен Салтанат Серкебаева да бар. Шығармашылықтағы өнер жолын «Назар» тобында әншіліктен бастаған Салтанат Ақан Сатаевтың «Томирис» фильміне түскен еді. Қазір Салтанат Президент телерадиокешенінің бас продюсері.

Инклюзивті театр жетекшісі Арнұр Ысқақовпен бірге жолдасы да осы ауызашарға ере келіпті.

ӘЙЕЛДЕР ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙТЫН ОРЫНДАРҒА ЖІБЕРІЛМЕЙДІ

Ақордадағы ауызашардан әйелдер неге шеттеп қалды, неліктен президент аппараты басшылығы ер адамдардың тізімін бекітуге құмар деген сауалды бұрынғы сенатор Зәуреш Баталовадан сұрап көрген едік. Оның айтуынша, елімізде әйелдердің көшбасшылық лауазымдарға ерлермен қатар теңдікте тағайындалуы әлі де мүмкін болмай келеді.

 «Ол түсінікті ғой, билікте тек ер-азаматтар ғана отыр. Ал мемлекеттік органда әйелдер орта деңгейге кеткен. Әйелдер нақты шешім қабылданатын орындарға жіберілмейді. Министрден жалғыз Тамара Дүйсенова ғана бар, сол сияқты әкімдер мен депутаттар арасында да әйелдер аз. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 21-бабында «әр адамның, өз елін басқару ісіне тікелей өзі, немесе ерікті түрде сайланған өкілдері арқылы қатысуға құқығы бар» деп айтылған. Конституцияның 33-бабында да осы құқығымыз дәлелденген. Аталған ауызашар осы нормалардың Қазақстанда жұмыс істемейтінін көрсетті. Ер мен әйел арасында ешқандай теңдік жоқ. Билікті басқару жолында тағы тепе-теңдік жоқ. Соңғы отыз жылда азғантай ғана әйелдердің шағын тобы ана таққа да отырады, мына таққа да алмасып отырады. Былтыр квота арқылы 30 пайыз жастар мен әйелдерді кіргіземіз деп партиялар тізімге әйелдердің есімін қосты. Бірақ ешкім танымайтын әйелдердің келуі дұрыс емес. Сол парламентте мен білетін жақсы әйелдер бар еді. Парламентке ашық сайлау арқылы нағыз халық адамы келуі керек», дейді Қазақстанда парламентсіздікті дамыту қорының төрайымы Зәуреш Баталова.

ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ АҚОРДАДАН ДӘМ АУЫЗ ТИЕ АЛМАДЫ

Зәуреш Баталованың айтуынша, ауызашар беру арқылы шынайы мұқтаж адамдарды тамақтандырған абзал. Қызметтік орында халық қаржысына дастархан жаю этикаға жатпайды.

«Ауызашар Ақордада өткізілсе мемлекет тарапынан берілген ауызашар болып саналады. Онда неге дастархан басында өңкей лауазымды қызметкерлер отыр? Сонда біздің мемлекеттік басқаруға жаңа әдіс кірген бе? Ең аяғы ауызашар да Үкіметтің отырысы, парламент мәжілісі сияқты мемлекеттік басқару формасына айналған ба? Құптамаймын, қолдамаймын. Ауызашарды баспанасыз жүрген, өзін қамтамасыз ете алмай отырған шынайы мұқтаж адамдарға беруі керек еді. Ауызашар кімнің ақшасына беріліп отыр? Жеке өз атынан болса үйінде өткізсін, әйтпесе басқа ғимаратта берсін. Ал Ақордада өтетін болса, ол президенттің ақшасы емес, бюджеттің ақшасы. Бұл – халықтың төлеген салығы. Өкінішке қарай, халық өзі салық төлеп, Ақордадан дәм ауыз тие алмайды. Ақорда – президенттің қызметтік орны. Әр адам өз қызметтік орнына жиын өткізуі дұрыс па? Бұл конституцияның 14-бабының 1-тармағында көзделген заң алдында жұрттың бәрі тең деген принципті бұзуға әкеледі», дейді Зәуреш Баталова.

Оның айтуынша, дәл қазір президенттің халықпен нақты жүздесуге мүмкіншілігі бар. Осы арқылы қолдан жасалған, жасанды тәсілден аулақ болып, нақты мемлекеттік органдар арқылы жұмыс істеуге кірісу тиіс.

ПРЕЗИДЕНТТЕР АУЫЗАШАРЫ

Ауызашар дастарханы қарапайым жайылған. Мәзірде бір салат, күркетауық етінен қуырдақ, көже, ет, десертке мус пен балмұздақ берілді. Ал ауызашар шығыны президенттің қалтасынан төленді ме, әлде халық қазынасынан қарастырылды ма деген сауал жұмбақ күйінде қала берді. Жуырда ғана тағайындалған баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдан сұрағымыз келгенімен, әдеттегідей тілдесу мүмкін болмады.

Айта кетейік, қаңтар оқиғасы кезінде Президент бастаған құрбандық шалу челленджін депутат Мәди Ахметов жалма-жан жалғастырған еді. Бұл жолы айтып, ауыз жиғанша Ақордадағы ауызашардан соң ертесі дастархан жайған министр Дәурен Абаев бірінші болып пысықтығын көрсетті. Президент дастарханынан дәм татқан сыйлы жандар Абаевтың да ауызашарына шақырылыпты.

Әлеуметтік желідегілер Ақордадағы ауызашарды АҚШ президенті болып тұрған тұстағы Барак Обаманың ауызашарымен салыстырды. Обама 11 қыркүйектегі қайғылы оқиғаның он жылдығы қарсаңында қаза тапқандар арасында түрлі дін өкілдері барын, соның ішінде америкалық мұсылмандардың да болғанын еске алған еді. Америкадағы мұсылман қауымының бет-бейнесі болатын азаматтарды Ақ үйге шақыру арқылы ол АҚШ билігі исламофобияға қарсы шабуылдар мен айыптауларға қарсы тұруға көмектеседі деген ұстанымда екенін жеткізген-тін.

Сондай-ақ, желіде жылда ораза кезінде қарапайым тұрғындармен бірге ауыз ашатын Түркия президенті Режеп Тайып Ердорғанның суреті де тарады.