×
432.69
455.32
6.81
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
432.69
455.32
6.81

Еңбегі зор, бірақ отбасына ие бола алмады – депутаттар Назарбаев жайлы

27.04.2022, 18:08

Қазақстанның Конституциясына бірқатар өзгеріс енгізілгелі жатыр. Ата заңның бұл күнде ең көп талқыланып жатқан бөлігі – 46 және 91 бабы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей қатысы бар бұл баптардың Назарбаевқа дербес құқық берген бөліктері жойылатын көрінеді. Алайда 91 баптағы «Қазақстанның Негізін салушы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мәртебесі өзгермейді» деген бөлігі жоба бойынша қалатын болуы керек. Бұл бапқа дегенмен қоғамда қарсылық көп. Нормаға қарсы алды петиция жазып та үлгерді.

Бұл баптың қалғаны дұрыс па, әлде бұрыс па? Жалпы Тәуелсіз Қазақстан тарихында Нұрсұлтан Назарбаевтың алар орны қандай? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz порталының тілшісі Мәжіліс депутаттарына қойды.

Ерлан САИРОВ: Конституцияда жеке адамға арналған бап болмауы тиіс

Бұл жерде кеңірек қарау керек. Ең негізгі мәселе – Конституцияның өзі қайта форматталып жатыр. Яғни Конституциядан президент Тоқаев өзіне қатысты 30-ға тарта функцияны Үкімет пен Парламентке береді. Сонымен бірге осы Конституциядан Елбасының құзыры жөніндегі көптеген бап алынып тасталды. Одан бөлек кешеден бері айтылып жатқандай, Конституция аясында Тұңғыш президент жөніндегі заңның өзі де күшін жояды. Сондықтан мұның барлығы – 30 жылдағы режимнің демонтажы деп айтуға болады.

Қазір Конституцияда бірінші президенттің еңбегі жөнінде пункт жүр. Бұл мәселені қоғаммен талқылау керек. Өйткені Конституция – ақылды әрі саяси компромис. Ал менің өзімнің жеке ойым – әрине, Конституцияда тек адам, мораль, құқық, сонымен қатар қоғам тәріздес жоғары пастулаттар ғана болуы керек. Конституцияда жеке адамға бап қаралмауы тиіс.

Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлінің екі жағы бар. Біріншіден, Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіздігін арттыруға қосқан үлестері бар. Шекараны шегендеді, тоқсаныншы жылдары өте күрделі геосаяси жағдайда астананы Алматыдан Астанаға көшірді. Бұл Қазақстанның ішкі саясатын тұрақтандырды. Бірақ сонымен бірге әрине, кемшіліктері де бар. Енді оны барлығымыз жақсы білеміз. Оны айтып та жүрміз. Отбасына ие бола алмай қалды. Халық қиналып жүрген кезде өзіне үлкен зәулім сарайлар салды. Авторитарлық режим болды. Бірақ енді ондай үлкен адамдардың бағасын біраз тарихи уақыт өткеннен кейін ғана беруге болады. Қазір меніңше, ол кісіге нақты тарихи баға беру әлі ерте.

Ирина СМИРНОВА: Елбасы деген сөзді алып тастағанына көңілім толады

Конституцияда Тұңғыш президент туралы сөз ғана қалды. Ол жерде нақты тегі де аталмаған. Иә, бірінші президент болды. Бұл тарихи факт қой. Елбасы деген сөзді алып тастады. Менің ойымша, бұл өте дұрыс.

Ал Тұңғыш президент туралы ақпаратты қалдырғаны да дұрыс. Мен бұл жерде ешқандай шулайтындай себеп көріп тұрған жоқпын. Иә, ол  болды және оның тұсында көп іс те тындырылды. Өз басым Елбасы деген сөзді алып тастағанына көңілім толады.

Азат ПЕРУАШЕВ: Болған нәрсе ғой...

Конституцияға енгізілетін өзгерістер Мәжіліске әлі түскен жоқ. Біз ол туралы тек БАҚ-тың жарияланымдарынан көріп отырмыз. Ал түскен кезде әрине, талқылап, қарастырамыз. Ұсыныстардың авторларына да тиісті сұрақтарды қоямыз.

Бұл кісі – Тұңғыш президент болған және оның бұл лауазымда атқарған жұмыстары бар. Оны ешкім қарсы ештеңе айта алмайтын шығар. Бұл болған нәрсе ғой.

Ержан ҚҰДАЙБЕРГЕН: Әр адамның ақыры болады

Әр адам бізде еркін ойлап, пікірін айтуына болады. Бірақ біздің қазақта «Құдай ақырыңды берсін» деген ұғым бар. Ақыры деген осы. Өмірде бір жас кезімізде, күнделікті күйдім-пыстым уақытта жүре береміз. Әртүрлі әңгімемен. Бірақ әрбір адамның ақыры болады. Ақырында сұрайды екен. Дәл сол жағдай қазір болып тұр. Әрине, әр нәрсені айтуға болады. Бірақ қалай дегенмен ол Тұңғыш президент. Қалай десек те, Конституцияны Тұңғыш президентпен қабылдадық. Оның бәрі тарихта қалады.

Тарихта одан керемет тұлғалардың да аты қалып жатыр. Тарихта адамзатқа қарсы жұмыс істеген адамдардың да аты қалып жатыр. Ал енді Тұңғыш президент негізін қалады. Конституциямызды қабылдадық. Шекараларымызды бекітіп алдық. Мысалы не болып жатыр? Украинада. Румыния мен Молдавияның арасында да шиеленіс болайын деп жатыр. Тәжікстан мен Қырғызстан арасы да суық. Иә, біз жер мәселесінде ұтылдық деп жатырмыз. Ол да болған шығар. Бірақ қалай болғанда да ол өзінің орнын алды.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ: Елбасының еңбегін жоққа шығармау қажет деп есептеймін

Соңғы алған ақпараттарым бойынша Елбасы – Тұңғыш президентке қатысты нормалар алынып тасталып, тек «Тәуелсіз Қазақстанның қалаушысы» деген норма Конституцияда сақтауды жоспарлап отыр. Мәжіліске ол заңнама әлі кірген жоқ. Ол өзгерістерді біз әлі өз көзімізбен көрген жоқпыз. Бірақ қоғамның талқылауында жүрген мәселе. Меніңше, Елбасының 30 жылдың ішіндегі жасаған еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Елбасының істерін Конституцияда шегендеуде қоғамның, Парламенттің де, басқа да азаматтардың пікірін талқылау қажет деп есептеймін. Бірақ Елбасының еңбегін бағалау, оның еңбегін жоққа шығармау қажет деп есептеймін.

Менің түсінігімде Тәуелсіздігіміздің басында тұрған, 30 жыл бойы Тәуелсіздігіміздің шылбырын шегендегені ақиқат. Сол себепті Тәуелсіз Қазақстанға үлесін қосқан азамат ретінде оны Конституцияда белгілеуді мен қолдаймын.