Мәжілісте Үкімет басшысының кандидатурасына дауыс беру кезінде Смайыловтың премьер болуын депутаттардың барлығы дерлік қолдай қойған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекет басшысына бүгін «AMANAT» партиясының атынан жаңа премьер-министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасы ұсынылған еді.
Талқылау барысында Мәжілістегі барлық фракция басшылары Президент ұсынған кандидатураны қолдап дауыс берді. Тек Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракциясы бұл ұсынысты қолдамады.
Мәжілістегі ЖСДП фракциясының мүшесі, депутат Нұрлан Әуесбаев оппозиция ретінде бұл ұсынысқа қарсы екенін жеткізді.
«Бүгінгі кездесуде көтерілген сұрақ өте маңызды. Оны тағдыр шешті десе де болады. Сөз жоқ, біз сіздің 30 жыл бойы әбден былыққа батқан жүйені өзгертемін деген құлшыныңызды көріп отырмыз. Бірақ оны ертең жүзеге асыратын мемлекеттік аппарат. Оның ішінде Үкімет екені анық. Күні кеше өзіңізде болашақ Үкіметтің алдында бұрын соңды болмаған ауқымды міндеттер қойдыңыз. Біз 20 жыл билікте оппозицияда жүріп, халқымыздың әл-ауқатымыздың төмендеуіне Үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясаты кінәлі екенін көзіміз жетті. Енді бүгін тағы да AMANAT партиясы өз көпшілігін көрсетіп, ұсынып беріп отыр. Әрине, парламенттің оппозиция ретінде біз бұл ұсынысқа қарсымыз», - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Осылайша депутаттардың ішінде 82 адам Смайыловтың кандидатурасын қолдады. 7 депутат қарсы болды, 8 адам қалыс қалды.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің VIII шақырылымының бірінші сессиясында премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда басым дауыс жинаған партия, яғни Amanat ұсынатынын мәлімдеді.
Бұдан бұрын Ulysmedia.kz дереккөзі Әлихан Смайылов өз орнында қалатынын хабарлаған.
Сондай-ақ, Смайыловтың Үкімет басындағы қызметі несімен есте қалғанын, ол басқарған министрлер кабинетінің “жетістіктері” жайлы егжей-тегжейлі жазғанбыз.