Премьер-министр Әлихан Смайылов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ ұжымына жаңа басқарма төрағасын – Нұрлан Жақыповты таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Әрбір еншілес компания мен холдинг жұмысының басым бағыттары және KPI айқындалған, перспективалы міндеттер түсінікті. Қор – біздің елімізде үлкен активтерді басқаратын өте маңызды құрылым. Қордың тиімді жұмысына көп мәселе, әсіресе, бүкіл экономикаға және еліміздің одан әрі дамуына әсер ететін ірі жобалар байланысты болып отыр», — деді үкімет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Жақыпов Қазақстандық инвестициялық даму қорының (ҚИДҚ) басқарма төрағасы қызметін атқарған. Ол сондай-ақ «Астана» ӘКК» АҚ басқарған.
Қордың бұрынғы басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бұл қызметті 2021 жылғы наурыздан бастап атқарды.