×
468.9
485.64
7.7
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.9
485.64
7.7

3 жасар баланы құтқарған Сәбит Шонтақбаев бұған дейін тағы бір жасөспірімді ажалдан арашалаған

27.05.2022, 09:14
фото: ашық дереккөзден

Астаналық 3 жасар бүлдіршінге екінші рет өмір сыйлаған қызылордалық Сәбит Шонтақбаев бұған дейін де бір жасөспірімді ажалдан арашалап қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Астана" арнасына сілтеме жасап. 

Оқиға осыдан  он үш жыл бұрын болған.

2009 жылы Сәбит қалалық жағажайда суға батып бара жатқан 15 жастағы қызды көріп, дереу суға секіріп, оны құтқаруға тырысқан. Ол басына төнген қауіпті де елемеген. Тек бар ойы қызды жағаға алып шығу болған. Абырой болғанда, жасөспірім аман қалған. Сәбиттің бұл ерлігін көпшілік білмейді, өзі де ол әрекетін батырлық деп санамағанын айтады. Ал елордадағы ерлігі дүйім жұрттың әлі аузында жүр.

Сәбит өзі де басында түс көргендей болғанын  жасырмайды. Алайда бүлдіршінді құтқаруға ұмтылған сәтте сый-құрмет, атақ-даңқты емес, баланың амандығын тіледім дейді ол. Себебі, терезеге ілініп тұрған қыз балаға қарағанда, өзінің кенже ұлы есіне түскен. Тіпті Сәбит 7 қабаттың биіктігін де байқамағанын жеткізді.

“Мен ол сәтте төменге қарамағанмын, тек балаға қарай бергенмін, қолды жіберіп қоймай ма, ұстап үлгерейін деген оймен. Сұхбат беріп, қалай болғанын көрсеткен кезде ғана жетінші қабаттың қаншалықты биікте тұрғанын байқадым. “Әлемді сұлулық емес, мейірімділік құтқарады” дейді Мейірімділік болса, бәрі болады”, – дейді Сәбит Шонтақбаев.

Еске салсақ, 11 мамырда елордада көпқабатты үйдегі пәтердің терезесінен құлауға шақ қалған үш жасар қыз баланы Сәбит Шонтақбаев есімді ер адамның құтқарып қалды. Осы батыл әрекеті үшін Сәбит Шонтақбаев “Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін” төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек батыр азаматқа елордадан үш бөлмелі пәтер сыйға берілді.