×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Мемлекеттік туды аяқасты етуге жол бермеуіміз керек – Ерлан Қарин бейәдеп концерт жайлы

27.05.2022, 16:27
фото: ашық дереккөзден

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин сахнада еліміздің туын ұстап тұрып, бейәдеп қылық көрсеткен Shiza атты әншінің әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біздің білуімізше, концертті «NS group» ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың Мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет”, – деді Мемлекеттік хатшы. 

Сондай-ақ, Ерлан Қарин мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілік сезінуі керек екенін атап өтті.

“Ұйымдастырушылар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын-алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын”, – деді ол. 

Айта кетейік, "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі мен көпшілік Shiza лақап атымен танитын Асхат Жолшиев Алматыдағы концерт кезінде ұятқа қалды. Өнер иелерінің сахнаға Қазақстанның туын алып шығып, бейәдеп қылық көрсетуі жұрттың ашуын тудырды. 

Арты дауға ұласқан концерт 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен. Онда Shiza көк туды қолына орап алып, балағат сөздерін қолданған. Ал "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов белгісіз себеппен күліп, оны қолдағандай сыңай танытты.