Ұлттық банкте өткен брифинг барысында Ғалымжан Пірматов БАҚ өкілдерінің «7-20-25» бағдарламасына қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Ұлттық банк тоқсан сайын 25 млрд, жылына 100 млрд теңге бөлінеді делінген ақпаратты қадағалайтын болады. Қазіргі уақытта бұл параметрлерді өзгертуге қатысты ешқандай жоспар жоқ», - деді ҰБ басшысы.
Сондай-ақ, Пірматов Ұлттық банк арзан әрі нарыққа сай келмейтін несие ұсынуға міндетті емес екенін айтты.
Бас банк басшысы бағдарламаның дағдарысқа қарсы қолға алынғанын және уақытша болғанын еске салды.
«2018 жылы бағдарлама жария етілген кезде 1 трлн теңге бөлінетіндігі айтылды және бұл қаражат осы жылдың бірінші жартыжылдығында таусылуы тиіс. Демек, іс жүзінде біз барлық міндеттемені орындаймыз. Уәде беріп, артынан қысқартып тастау деген жоқ. Бұл бағдарламаны үнемі болатындығын әрі қаржыға қатысты ешқандай шектеу жоқтығын ешкім айтқан жоқ», - деді Ғалымжан Пірматов.
Айта кетейік, бұдан бұрын Ұлттық банк төрағасы Қазақстан экономикасы жыл басынан бері қаншалықты өскенін айтты.