×
472.17
495.5
7.57
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
472.17
495.5
7.57

Мұхамедиұлының ісі: Абаев отставкаға кете ме?

01.06.2022, 15:14
фото: ашық дереккөзден

Бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінген Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының кінәсі дәлелденсе және бұл қылмыс өз басшылығы тұсында жасалса, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев отставкаға кетуге дайын. Бұл туралы ол Үкімет кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

"Егер ол іс менің кезімде жасалса, мен отставкаға кетуге дайынмын. Ал оның қашан жасалғанын Антикордан сұрау керек", - деді Дәурен Абаев тілшінің сауалына берген жауабында.

Еске сала кетейік, Дәурен Абаев биылғы жылдың 11 қаңтарында мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды.

Бұған дейін Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМҚК лауазымды тұлғаларына қатысты «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.

2022 жылғы 28 мамырда соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалғаны белгілі болды.