Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, елімізде алтыншы апта қатарынан азық-түлік тауарларының алты түрі арзандады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Қарақұмық, күнбағыс майы, қант, тауық еті (өткен аптада), картоп, сәбіз арзандады. Қазір Қазақстан бойынша бұл бағалар 1040 сауда нүктесіне жетті", - деді министр.
Министрдің айтуынша, қазір елімізде картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз бойынша тапшылық жоқ.
"Кәсіпкерлер үшін 20 мың тонна пиязды экспортқа аштық. Қазірдің өзінде жаңа өнім егіліп жатыр. Қант пен күрішті де өзіміз жеткілікті мөлшерде өндіреміз", - деп қосты ол.
Естеріңізге сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына қойған маңызды міндеттердің бірі – инфляцияны екі есеге төмендету.
Бұдан бұрын Серік Жұманғарин журналистердің "Елдегі инфляцияны екі есеге төмендету туралы тапсырманың орындалатынына кепілдік бере аласыз ба?" деген сұрағына жауап берген.
Үкімет мүшелерінің бағаны төмендету туралы уәделеріне қарамастан елде азық-түліктің көп түрі қымбаттап келеді. Мәселен, өткен айда елімізде ауыл шаруашылығы өнімдеріне өндірушілер бағасы біршама өсті.