×
477.37
460.38
8.27
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
477.37
460.38
8.27

Назарбаевпен ақылдаспаймыз – Әшімбаев

09.06.2022, 12:37
Коллаж: ulysmedia.kz.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тілшілердің «Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәл қазір саясатқа араласа ма? Қандай да бір шешім қабылдауға ықпал ете ме? Ол кісімен ақылдасасыз ба?» деген сұрағына жауап берді,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сенаттың бүгінгі отырысынан кейін тілшілер жоғары палатаның төрағасы Мәулен Әшімбаевты әдеттегідей «қоршап» алды. Бірінен кейін бірі қойылған сұраққа Сенат төрағасы барынша жауап беруге тырысты. Сұрақ-жауап барысында Төртінші билік тілшісі Мадина Жатқанбаев жоғарыда айтылған сұрақты қойды.

«Жалпы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін саясатқа араласып жатқан жоқ. Өздеріңіз де оны білесіздер. Көріп отырсыздар. Әрине, әртүрлі жағдайлар болған кезде, референдум секілді шараларға ол кісі міндетті  түрде қатысады. Азамат ретінде, саясаткер ретінде (...) Әрбір Қазақстан азаматы референдумға қатысады – солай ғой? Тұңғыш президентіміз де Қазақстанның азаматы», - деді Мәулен Әшімбаев.

Осы кезде «қазір халық оны кісінің референдум болсын саясатқа араласуын қалап отырған жоқ қой» деген тілшінің сөзіне Мәулен Әшімбаев былай деді.

«Мен сізге тағы айтайын: Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа араласып отырған жоқ. Барлық мәселелер заңда көрсетілгендей, шешіліп жатыр. Конституцияға сәйкес, президенттің құқықтары бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы сол құқықтардың бәрін жүзеге асыруда. Үкіметтің, Сенаттың, Мәжілістің құқықтары бар. Нұрсұлтан Әбішұлы референдум болған кезде Қазақстан азаматы ретінде өз дауысын берді», - деді Сенат төрағасы.

Осы кезде тілші тағы да «яғни сіздер ол кісімен ақылдасатындарыңызды мойындайсыз ғой?» деген сұраққа келгенде Сенат төрағасы олай айтпағанын ескертті.

«Ол кісімен ақылдаспаймыз. Ол кісімен ондай ешқандай шаралар жоқ. Мен өйтіп айтқан жоқпын. Жалпы қазіргі кезде барлық биліктің тармақтары, мемлекеттік органдар заңда көрсетілген құзыреттердің барлығын өздері заң жүзінде жүзеге асыруда», - деп түйді Сенат төрағасы.