×
467.99
488.82
7.7
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
467.99
488.82
7.7

Қазақстанда АЭС салуға қанша қаржы жұмсалады

20.06.2022, 17:15
фото: ашық дереккөзден

Елімізде АЭС-тің екі реакторының құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалмақ. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ-нің еншілес кәсіпорны «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС баспасөз қызметі хабарлады.

«Алдын ала есептеулер бойынша, Қазақстанда әрқайсысының қуаты 1,4 мың МВт болатын 2 реакторлы АЭС салу керек. Болжам бойынша оның құрылысына 10-12 млрд доллар қажет. Сондай-ақ, АЭС-ті пайдалану мерзімін 60 жылдан 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырамыз. Жалпы, АЭС құрлысын несие беру арқылы немесе коммерциялық жоба аясында салу ұсынылады», - делінген хабарламада.

«Қазақстан атом электр станциялары» серіктестігінің мәліметінше, елімізде АЭС салуға 6 шетелдік компания ниет білдірген.

«Елімізде АЭС салуға ниетті KHNP (Оңтүстік Корея), EDF (Франция), Росатом (Ресей), NuScale Power (АҚШ), CNNC (Қытай), General Electric-Hitachi (АҚШ пен Жапонияның бірлескен компаниясы) кәсіпорындарынан ұсыныс түсті. Біз 3 немесе 3+ буынына сәйкес келетін реакторларды салуды қарастырып отырмыз, өйткені олар қауіпсіз. Бұл бағытта біздің талаптарға сай келетін Ресей, Корея, Франция және Қытай компанияларының реакторлары бар. Ал, шағын және орта қуатты ректорларды АҚШ-тың General Electric-Hitachi және NuScale компанияларынан алу бойынша коммерциялық жұмыстар пысықталып жатыр», - делінеді серіктестік мәлімдемесінде.

Ақпаратқа қарағанда, АЭС шамамен 6 жылда салынады. Дегенмен, ұсынысты қоғамдық талқылаудан өткізуге, қажетті құжаттар дайындауға да уақыт керек. Жалпы алғанда, бұл процесс 10 жыл мерзімді қамтиды.