×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Назарбаев мектептері мен университетінің жұмысына қоғамдық бақылау орнатылады

27.04.2023, 16:39
Назарбаев мектептері мен университетінің жұмысына қоғамдық бақылау орнатылады
wikipedia.org

Мәжіліс депутаттары «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасына Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетінің жұмысына қоғамдық бақылау орнату туралы норма енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

«Мұндай түзетуді заң жобасына депутаттар енгізіп жатыр. Бізде автономдық білім беру ұйымдары бар. Соның ішінде Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университеті осы мәселелерде заңмен қамтылуы керек деген түзету енгізіліп отыр. Оны жұмыс тобы қарайды. Мысалы, «Самұрық-Қазынаның» да әлеуметтік мәселелерге қатысты сұрақтары қоғамдық бақылауға алынуы керек деген түзету ұсынылып отыр», - деді депутат.

Аймағамбетовтің сөзінше, бұл түзетуді енгізу –  қоғамның сұранысы.

«Автономды білім беру ұйымдарының ашықтығы бойынша, жалпы қоғамдық бақылау мәселесі маңызды болғанын білесіздер. Қоғамда көп сұрақтар көтерілді. Депутаттар соның негізінде ұсыныс енгізіп отыр. Қажет болса, қоғамдық бақылау орнатылады. Өйткені, автономды білім орындары дегенімізбен, олар да бюджеттен қаржыландырылады ғой. Депутаттар бюджеттен кетіп жатқан қаражаттың тиімділігі бойынша, басқа да қоғамдық бақылауды жүргізуге мүмкіндік болу керек деп отыр. Біздің жұмыс тобы осының бәрін қарап, жақында нүктесін қойып, екінші оқылымға әзірлейді», - деді ол.