×
460.95
487.18
8.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
460.95
487.18
8.66

Біртанов ісі: Мамин және Үкіметтің үш мүшесі сотқа шақырылады

23.06.2022, 14:43
ашық дереккөзден

Сот бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бұрынғы премьер-министр Асқар Маминді және Үкіметтің қазіргі мүшелерін отырысқа куәгерлер ретінде шақыру туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Елжан Біртанов ісіне қатысты сотқа төмендегі азаматтар куәгер ретінде тартылады:

Асқар Мамин – бұрынғы Денсаулық сақтау министрінің Жамбыл облысына қызметтік іссапары, оның ішінде Нұр-Сұлтанға санавиация бортымен қайтып келуі бойынша;

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов – 2021 жылдың қазан айында ҚР-дағы Хорватия елшілігінің, Ericsson Nikola Tesla компаниясының өкілдері мен ҚР Денсаулық сақтау және Қаржы министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен келіссөздер бойынша;

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі (қазіргі еңбек министрі) Тамара Дүйсенова – интероперабельділік платформасын әзірлеуге, Ericsson Nikola Tesla-мен келісімшартқа қол қоюға, оған өзгерістер енгізуге және оны 2017 жылдың қаңтарына дейін іске асыруға конкурс өткізу бойынша;

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин – Денсаулық сақтау министрлігімен "2020-2022 жылдарға арналған платформаны енгізу жөніндегі жол картасын бекіту туралы" бірлескен бұйрыққа қол қою және оны іске асыру, сондай-ақ басқа да жобаларды іске асыру бойынша;

Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің (Дүниежүзілік Банк) Денсаулық сақтау саласындағы жобалар бойынша жетекші және аға мамандары Марсело Бортман мен Бақтыбек Жұмаділ – конкурстық рәсімдерді өткізу, жеткізушіні таңдау, келісімшартқа, қосымша келісімдерге қол қою, оны іске асыру мен аяқтау мерзімдерін ұзарту бойынша куәлік етеді.

"Менің бұрынғы әріптестерімнің шынайы айғақтары сотқа мені айыптаған қылмыста шындықты анықтауға көмектесетініне сенімдімін", - деп жазды Біртанов.

Естеріңізге сала кетейік, тергеу органдарының мәліметінше, Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев шетелдік компаниядан жұмыс істемейтін "Денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін ақпараттандыру және интероперабельділік платформасын" қабылдаған, бұл мемлекетке залал келтірді.

Сондай-ақ, экс-министр 2020 жылғы маусымда Тараздан Нұр-сұлтанға ұшу үшін санавиация кемесін пайдалану кезінде өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктелуде.

Айыпталушылар үйқамақта. Басты сот талқылауы басталмас бұрын, Біртанов үйқамақты ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстыруды сұрады, бірақ өтініш қабылданбады.