СҚО-да қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны орысша оқитындардан 4 есе аз. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы өңірде өткен «Шағын жинақталған мектептер: білім сапасы, педагог кадрлардың тапшылығын шешу және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру жобалары туралы» мәселесі бойынша көшпелі отырыста белгілі болған.
Депутаттың дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысында 454 мектеп бар.
112 - қазақ мектебі
246 - орыс мектебі
96 - аралас мектеп.
“Солтүстік Қазақстан облысында 72360 оқушы бар. Оның ішінде тек 18447 оқушы қазақ тілінде білім алады" деп жазды ол.
Айта кетейік, жуырда өздерін Петропавл тұрғындарымыз деп таныстырған бір топ адам Қазақстаннан «тәуелсізбіз» деп мәлімдеме жасап, Халық Кеңесі құрылғанын жариялады. Олар Қазақстан Республикасын «корпорация» деп атап, оның құқықтық негіздерін жоққа шығарды.
Көп ұзамай Мәжіліс депуттаттары аталған тұлғаларға қатысты Бас прокурорға хат жолданатынын мәлімдеген.
31 наурызда Бас прокуратура СҚО-дағы сепаратизмді насихаттау ісіне қатысты тергеу басталғанын хабарлады.
2023 жылғы 18 сәуірде Қылмыстық Кодекстің 179-бабы 2-бөлігі бойынша ( қауіпсіздікті ыдыратуға үгіттеу) және 180-бабы 2-бөлігі бойынша (Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде бұқаралық ақпарат құралдарын және телебайланыс желілерін шақырумен материалдарды тарату) қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық жасағандықтары үшін «Халық кеңесінің» үш мүшесі ұсталғаны белгілі болды.
2023 жылғы 20 сәуірде Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу сотымен барлық үш фигурантқа қатысты мерзімі 2 айға «қамауда ұстау түрінде» бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Жүргізілген сот психологиялық-филологиялық сараптама нәтижесінде күдіктілердің мәлімдемесінде «Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттау» белгілері бар екені анықталды.