×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Жаңа заң: Негізсіз байыған шенеуніктер жауапкершілікке тартылуы мүмкін

21.07.2022, 13:43
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда негізсіз байыған мемлекеттік қызметкерлер жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

LS-тің жазуынша, Мәжіліс салықтық әкімшілендірудің қолда бар құралдарын пайдалана отырып, шығыстардың кірістерден асып кеткені үшін мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың жауапкершілігін енгізуді көздейтін заңнамалық түзетулерді қарастыруда.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Салық кодексіне сәйкес жеке тұлғаның декларацияларда көрсетілген кірістері оның шығыстарына сәйкес келмеген жағдайда салық салынатын кірісін айқындау енгізілетіндігін ескертеді. Мұндай жағдайда мемлекеттік органдар анықталған табысқа жеке табыс салығының 10%-ын есептемек.

"Жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық әсерін күшейту мақсатында "мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар, олардың жұбайлары шығыстарының олардың табыстарына сәйкестігін бақылау" ұғымын енгізу ұсынылады және мемлекеттік қызметшілердің шығыстары олардың кірістеріне сәйкес келмеген жағдайда жауапкершілік белгіленсін: шығыстары едәуір асып кеткен жағдайда – үш жыл ішінде мемлекеттік қызметті атқаруына тыйым сала отырып, теріс себептер бойынша лауазымынан шығару" - деп нақтылады агенттік.

Шығыстарды жабу көздеріне жалақы, банктік кредит, алынған нотариалды расталған қарыздар, зейнетақы жинақтары мен басқа да расталған кірістер жатады.

Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар декларацияларда жылжымайтын мүлік, сондай-ақ құқықтар және (немесе) мәмілелер мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлік; мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелер; заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; бағалы қағаздар; инвестициялық алтын; туынды қаржы құралдары; тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін көрсетуі тиіс. 

Салық органдары тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану арқылы сәйкессіздерді анықтайды. Одан кейін салық төлеушіге 30 жұмыс күні ішінде бұзушылықты жою туралы хабарлама жібереді. Мұндай жағдайда қосымша декларация енгізуге болады немесе анықталған бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, растаушы дәлелдемелерді көрсете отырып, түсіндірмелерді қағаз немесе электрондық жеткізгіште ұсына алады. 

Егер де мемлекеттік қызметкер бұзушылықтарды жойып, аталған мүлікті төлеу үшін шығыстар мен шығу көздің арасындағы айырмашылық 1 мың АЕК-тен (2022 жылы шамамен 3 млн теңге) асатын болса, "салық салу объектілерін және салық есептілігінде көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасыру" әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама дайындалады. Егер диспаритет дәлелденсе, айыппұл 1 мың АЕК шегеріле отырып, анықталған асып кету мөлшерінің 90%-ын құрайды.  

Егер шенеунік бұзушылықтарды жоймайтын болса, салық органдары жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Бұзушылықтар анықталса,  салық төлеуші хабарламаны алып, оны көрсетілген мерзімде орындауға тиіс.

Жоғарыда аталған түзетулер 2027 жылдың 1 қаңтарында қолданысқа енгізілмек.  

"2027 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың шығыстарының сәйкестігіне толыққанды бақылау жүргізуге болады" - деп қорытындылады агенттік.