×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Титықтырған импорт: Қарашөкеев қант үшін қай елге тәуелді болып отырғанымызды айтты

26.07.2022, 13:07
фото: ашық дереккөзден

Шет мемлекеттерден қант импорттаудағы қиындықтар бағаны шарықтатып жіберді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қарашөкеевтің айтуынша, Бразилияның қант зауыттары қантты тек алдын ала төлеу арқылы және үлкен көлемде сатады. Қазақстан Еуразия экономика одағынан тыс нарықтан келетін өнімге тәуелді болғандықтан екі ортада Louis Dreyfus Company сияқты ірі трансұлттық компаниялардың делдалдығына жүгінуге мәжбүр.

«Трансұлттық компаниялар Бразилиядан қантты 60 мың тоннадан сатып алып, Қара теңіз порттарына апарады. Содан кейін ғана Қара теңіз айлағынан ТМД елдеріне қантты аз көлемде жеткізеді. Көрші елдердегі геосаяси жағдайға байланысты туындаған логистикалық проблемалар осы қанттың өзінің кешігіп жетуіне түрткі болды. Егер бұрын Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан импорт кезінде ақ қантты жеткізу мерзімі 4-10 күнтізбелік күнге дейін болса, қазіргі уақытта Ресей Федерациясы қант әкетуге тыйым салғаннан кейін үшінші елдерден қант жеткізу мерзімі 90 күнге ұзарды»,-деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, ол қазіргі таңда әлем бойынша қант пен оның шикізаты негізінен Бразилия мен Үндістаннан алынып жатқанын айтты.

«Олардың өндіріс көлемі шамамен 800 млн тоннаны немесе әлемдік нарықтың шамамен 60%-ын құрайды. Бразилиядан қант пен құрақ шикізатының импорты Қара теңіздегі Грузия порттары арқылы жетеді. Грузия порттарының өткізу қабілетінің шектеулілігі, инфрақұрылым мен көлік кемелерінің жеткіліксіздігі кептеліске әкеліп соқтыруда. Үндістаннан қант импорты кезінде Хайратон Ауған шекара өткелінде жүктердің жиналуы байқалады. Бұл тауарларды ресімдеу мен тиеу рәсімдерінің созылуына әкеледі. Осылайша, бұрын орныққан бүкіл логистикалық байланыс бұзылған. Бұл логистиканың және Қазақстанға қант пен шикізатты жеткізу мерзімінің ұзаруына әкеп соқты. Қалыптасқан жағдай қант бағасының өсуіне әкелді. Осылайша, қант шикізаты құнының, көлік шығындарының, сондай-ақ өңдеу шығындарының қымбаттауы байқалады», - деп түсіндірді ведомсвто басшысы.

Еске салсақ, бұдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз 90 пайыз импорттық қантқа тәуелді екенін айтып, отандық өндірісті дамытуға селқос қараған Үкімет мүшелерін сынға алған. Мемлекет басшысы сол жиында қымбатшылыққа кінәлі екі министр – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады