×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Нарықты импорт жаулады: қазақстандық қант зауыт қоймаларында үйіліп жатыр

17.07.2023, 16:49
фото: ашық дереккөзден

Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков сұраныстың аздығынан отандық қант зауыт қоймаларында тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте айтты.

Отандық қант өндірушілердің өтініштерін назарға алған Сауда комитетінің төрағасы қазір нарық импорттық арзан өнімдерге қаныққанын, ал отандық қант сұраныс аз болуына байланысты зауыт қоймаларында тұрғанын атап өтті. Қазақстандық өндірушілерді қолдау үшін қанттың ең төменгі көтерме бағасын енгізу мәселесі бірнеше рет қаралды. Алайда, бұл шешім жазғы маусымның соңына дейін тоқтатылды.

«Бұған дейін бағаны тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру аясында өңірлік ӘКК айналым схемалары бойынша қант зауыттарына шикізат сатып алу үшін 14,3 млрд теңге жіберген. Отандық қант зауыттарын қолдауға қосымша 9 млрд теңге айналым қаражатын бөлу арқылы айналым схемасы бойынша қаржыландыруды қайта іске қосуды ұсынып отырмыз. Сонымен қатар, бұрын жасалған шарттарды 1,5 жылға ұзарту орынды деп санаймыз», - деп А. Әбілдабеков өз ұсыныстарын жеткізді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидалары шеңберінде өңірлерді форвардтық қаржыландыру жұмысының барысы туралы баяндады. Ережеге сәйкес, өңірлер күзгі көкөністер сатып алуды форвардтық қаржыландыруды ақпан айында-ақ бастауы керек еді. Кейбір өңірлерде бұл жұмыс әлі аяқталмаған.

«Өңірлер үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеу кәсіпорындарына қаржыландырудың 70%-ын бөлу жөніндегі талаптарды сақтау өте маңызды. Үлгілік қағидалар аясында келісімшарт талаптарының сақталуы бойынша бақылауды күшейтеміз. Талаптар сақталмаған өңірлер бойынша тиісті ұсыныстар енгізілетін болады», - деді Тасжүреков.

Ербол Тасжүрековтің айтуынша, елімізде пияз бен сәбізге ұсынылатын қор көлемі қалыптасқан. Картоп пен қырыққабат бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Картоп жөнінде келісімшарт жасау көлемі 5 өңірде, яғни Атырау (55%), Абай (65%), Ұлытау (74%), Алматы (79%) және Ақмола (92%) облыстарында ұсынылған көлемнен төмен.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі әкімдіктер мен ӘКК-нің қырыққабат бойынша келісімшарт жасау жұмыстарының әлсіздігін атап өтті. Мәселен, 10 өңірде келісімшарт көлемі ұсынылған сұраныс көлемінен төмен. Оның ішінде үшеуінде қор 50%-дан аз қалыптасқан. Бұл – Ұлытау (30%), Алматы (45%) облыстары мен Астана (49%) қаласы. Қамтамасыз ету мониторингі көрсеткендей, 8 өңірде ұн бойынша келісімшарттар іс жүзінде жоқ немесе Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған көлемнің 50%-нан аспайды. Ақтөбе облысында күнбағыс майы мен күрішке келісімшарт жасалмаған.

«Барлық аймақтар жағдайды түзетуі керек. Жаз – бағаны тұрақтандыру үшін алдағы жылға қор жинайтын бірден-бір қолайлы уақыт. Бір апта ішінде ӘМАТ бағасының индексі нөл пайыз болды, дегенмен уақтылы жұмыс істегенде дефляция болуы керек еді. Қызылордада өткен күріш жәрмеңкесінің нәтижесінде тек 8 өңірдің әкімдігі күріш сатып алу бойынша меморандумдар жасаған. Олар 1,4 мың тонна күрішке келісімшарт жасаса, ал ел бойынша шамамен 21 мың тонна қажет. Барлық өңірлер жиында айтылған міндеттердің дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуі қажет», - деп түйіндеді Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.

Еске салайық, бұдан бұрын депутат Серік Егізбаев қант өндірушілерге мемлекеттік қолдауға артқанымен, өндіріс көлемі, керісінше, азайып кеткенін айтқан еді. Оның дерегінше, 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9% қамтамасыз етілген болса, ол 2021 жылы – 7%, ал 2022 жылы - 6% дейін төмендеген.

Сондай-ақ, елімізде қант тұтыну көлемі артқанын хабарлағанбыз.

Серіктес жаңалықтары