×
468.98
493.74
7.59
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.98
493.74
7.59

Бағы түйіскен бажалар: Марат Омаров Нұрәлі Әлиевтің монополиясымен қалай күреседі

31.08.2022, 17:17
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жаңа төрағасы Марат Омаров жайлы там-тұмдаған ақпарат қана бар. Ресми өмірбаянына көз жүгіртсек, оның қай өңірде туып, қай мектепті бітіргені, кімге үйленгені, отбасы жайлы мәлімет жоқтың қасы. Алайда Ulysmedia.kz порталына едәуір жеткілікті деректер келіп түсті. Біз таратқан бұл ақпаратқа ресми жауап болар деген үміттеміз.

Мансапта жолы болған...

Марат Омаровтың жасы 33-те. Оның мансабы «Болашақпен» оқып келген кез келген адам үшін эталон іспеттес. Өзіңіз ойланып көріңіз: ол ЖОО мен магистратураны Ұлыбританияда оқып келеді де, Отанына оралғаннан кейін бірден басшылық қызметке жайғаса кетеді. Оның дарынын Ерболат Досаев байқаса керек. Алматыны басқарып отырған шенеунік экономикалық даму және сауда министрі болып тұрған кезінде күні кеше ғана оқу бітіріп келген студентті өзінің штаттық кеңесшісі етіп тағайындап алады. Аталған ведомствоны кейін Ұлттық экономика министрлігі деп өзгерткен. Алайда Марат Омаров сол күйі кеңесіш болып қалды. Кейін басқарушы департамент директоры (2012-2014 жылдар аралығында) болып шыға келді.

2017 жылы Ерболат Досаев «Бәйтерек» холдингінің төрағасы болған тұста Марат Омаров оның еншілес компаниясы – Ұлттық технологиялық даму агенттігі (кейін QazTech Ventures деп өзгерген) төрағалығына келген.

Осыдан кейін екі шенеуніктің мансаптағы жолы қиылыспайды. Алайда Алматының қазіргі әкімі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жаңа төрағасы бір-бірін бөтен көрмейтін сыңайлы.

Еске сала кетейік, Ерболат Досаев Қазақстандағы алғашұы миллионер әкім. Оны тіпті Forbes ең бай қазақстандықтардың қатарына қосқан болатын.

Туыстығы жайлы

Ulysmedia.kz порталының сенімді дереккөзі Марат Омаровтың айналасында Forbes тізіміне енген басқа да мықтылар барын хабарлады. Таяуда жас шенеунік Әдия Имашеваны алып, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы Берік Имашевтің күйеубаласы атанған. 2003 жылы Берік Имашевтің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәліге тұрмысқа шыққан болатын. Содан кейін-ақ Берік Имашевтің мансабы бірден шарықтап шыға келгені бар. Ол Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды. Кейін президенттің көмекшісі атанды. Сенатор, Әділет министрі әрі ОСК төрағасы қызметін атқарды. Қаңтар оқиғасынан кейін Имашев отставкаға кетті.

Оның күйеубаласы Нұрәлі Әлиев Forbes тізімінде биыл 26 орыннан көрінді. Оған Capital Holding пен Darmen Holding компанияларындағы үлес тиесілі. Сонымен қатар ол «Транстелеком» байланыс операторындағы акциялардың негізгі пакетіне ие. Байланыс, автоматика және энергетика саласындағы телекоммуникация, цифрландыру және жүйелі интеграция саласындағы «Транстелеком» компаниясы табиғи монополиялар субъектілерінің регистрінде тұр. Демек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Транстелеком» АҚ тарифтерді көтеретін негізгі көзге айналып кетпеуін бақылауы тиіс. Ал кейінгі кезде аталмыш компанияға қатысты бірнеше сұрақ туындаған. Мәселен, «Транстелеком» – фермерлер субсидияға өтініш беретін Qoldau платформасы иелерінің бірі. Аграршылардың айтуынша, платформаға кіру тарифтері жоғары. Ал функционалдың өзі біршама шектеулі.

Сонымен қатар, «Транстелекомда» Каспий теңізінің тұңғиығына оптикалық байланыс желілерін тарту жағынан эксклюзивті құқық бар. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзі Цифрлық даму министрлігіне «Транстелекомды» басқа қазақстандық операторға ауыстыру туралы әзербайжандық тараппен келіссөз жүргізуді тапсырған.

Кім кімді?

Яғни Имашевтің бір күйеубаласы екінші күйеубаласының қызметін тексеруі керек. Осынау отбасылық жайтқа Ulysmedia.kz порталынан бөлек, Президент Әкімшілігі де, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік пен Антикор да мән берер деген сенімдеміз. Бұл жерде мүдделер қақтығысы болмай ма? Бажалық байланыс жемқорлыққа жол ашпай ма?

Жаңа Қазақстанның негізгі қағидаты меритократия екенін де еске салғымыз келеді. Шынында да, таяуда ғана мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер туыстығы үшін де қазір лауазымымен қош айтысып жатыр. Ал Омаровтың тағайындалуы осынау жаңа тұжырымдамаға еш үйлеспей тұрғаны байқалады. Әлде жаңа деп жүргеніміз өңі айналған ескі жүйе ме?

 Материалды қолдану және көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асырылады.