×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

Сенаторлар Тұңғыш президент күнін мереке санатынан алып тастауды қолдап дауыс берді

22.09.2022, 10:27
Фото: Ашық дереккөзден

Сенаттың бүгінгі отырысында кейбір заңнамалық актілерге кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заң жобасы Үкіметтің 2021 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленген. Ол бойынша «Кинематография туралы» және «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына мынадай тұжырымдамалық түзетулер мен жаңашылдықты көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады:

- кинематография саласын мемлекеттік қаржылық қолдау;

- кинематография саласының материалдық-техникалық базасын сақтау мен дамытуды жүйелендіру және заңнамалық регламенттеу;

- балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды мемлекеттік қолдау;

- кинематография саласында мемлекеттік қаржылық қолдауды алу үшін кинематографиялық қызмет субъектілерінің шеңберін кеңейту;

- Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанынан Ұлттық кинокомиссия құру механизмін және оның қызмет етуін заңнамалық реттеу;

- халықаралық ареналарда ұлттық фильмдерді ілгерілетуді мемлекеттік қолдау;

- ұлттық фильмдерді шығаруға бөлінетін қаржыны: тарихи, патриоттық және имидждік фильмдерге – 70 пайыз; жеке киножобаларды, оның ішінде дебюттік фильмдерді қоса қаржыландыруға – 30 пайыз бөлудің жаңа тәсілдерін айқындау;

- «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын іске асыру кезінде бірыңғай құқық қолдану тәжірибесін қамтамасыз ету үшін жаңа түсініктер енгізу.

Сондай-ақ мәдениет саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар мен мәдени іс-шаралардың тақырыптық бағыттарын айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретін толықтыру ұсынылады.

«Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленетін өзгерістер енгізу ұсынылады. Сондай-ақ 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастау ұсынылады», - делінген заң жобасының қорытындысында.

Сенатор мәжілісте мақұлданған заң жобасын қолдап дауыс берді.