×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

Прокурор соттан Қайрат Сатыбалдыны 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады

22.09.2022, 15:38
Коллаж: ulysmedia.kz.

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сотта айыпталушылар мен жәбірленуші компаниялар келісімге келгені айтылды.

«Сотталушылар процессуалдық шешім бекіткілері келеді. Олар айыптаумен де, күдікпен де дауласпайды», - деді прокурор Есебаев.

Сотталушылар Сатыбалды, Қоңырбаев, Бекетов, Мұхаметжанұлы, Муравьев татуласу туралы медиациялық келісімді растап, бәрі де айыппен келісетінін айтты. Прокурор Есебаев соттан Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды, мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, мемлекеттің үлесі 50 пайыздық кәсіпорындарда еңбек ету құқығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді сұрады. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтеуі керектігін айтты.

«Президентке Сатыбалдыұлын ұлттық қауіпсіздік органының генерал-майоры атағынан, сондай-ақ «Құрмет» пен «Парасат» орденінен айыруды ұсынуды, Сатыбалдыұлының тұтқында болу мерзімінің (сотқа дейінгі) бір күні бір жарым күн ретінде есептеуді сұраймын (прокурор – соттан)», - деді прокурор.

Айта кетсек, екі күн бұрын басталған сотта сотталушының адвокаты Қайрат Сатыбалды кінәсін мойындайтынын, екі компанияның 12 млрд теңге және 28 млрд теңге шығынын өтегенін мәлім етті. Процес екі іс бойынша қаралып жатыр. Онда «Қазақтелеком» АҚ және «КСО» АҚ-тан қаражаттың қалай жымқырылғаны баян етіледі.

Еске сала кетсек, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды осы жылдың наурызында қамауға алынған еді. Оның үстінен «алдау жолымен мүліктік залал келтірді», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Одан бөлек ол «салықтан және кедендік төлемдерден жалтарды», «қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды» деген күдікпен де тергеліп жатыр.

Наурызда сонымен қатар әйелі Гүлмира Сатыбалды да «бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды» деген айыппен қамауға алынған.

Ал Қайрат Сатыбалдының інісі Самат Әбіш Қаңтар қырғынынан кейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінен босатылған. ҰҚК Самат Әбіш «тергеу назарында» екенін мәлімдеген. Алайда оның қандай да іске қатысы бар-жоғы айтылған жоқ.

Сот отырысында судья сот процесінен видео және аудио таратуға шектеу қойып, бұл тыйымды бұзғандарға жауапкершілік барын ескертті.