×
469.17
495.07
7.56
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
469.17
495.07
7.56

«Жауабы түк түсініксіз – абсолютно!» – депутаттар Қуантыровты қатаң сынады

23.11.2022, 11:21
Коллаж: Ulysmedia.kz

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров агломерацияларды дамыту туралы заң жобаларын таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қуантыровтың айтуынша, қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда, қаржылық және адами әлеуеттерде белгілі бір теңсіздіктер бар. Теңсіздіктердің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59% пайызға, Алматыда 37%-ға, Шымкентте 67%-ға өскен. Оған қоса, қалалардың аумақтары да едәуір артқан.

«Мысалы, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан  3 есе өсті, Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда 2,5 есе өсті, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есе өсті. Ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблемаларды тудырып отыр. Олар – инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің артуы, қаланың шет аймақтарында байламсыз түрде құрылыс салынуы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауы немесе дұрыс іске аспауы, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік және тағы басқа объектілердің тапшылығы сияқты тағы басқа да проблемалар. Аумақтардың үйлестірілмеген дамуының негізгі себептерінің бірі – агломерациялардың дамуын реттейтін нормативтік құқықтық базаның болмауы болып табылады», - дейді министр.

Осыған орай, министр орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажеттілігі туындап отырғанын айтады. Осылайша, халықаралық тәжірибені қолдана отырып, министрлік тиісті заң жобаларын әзірлеген. Негізгі заң жобасында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі. Агломерация құрамын уәкілетті орган – яғни Ұлттық экономика министрлігі қалыптастырады. 

«Заң жобасы қабылданғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент және, мүмкін, тағы басқа облыс орталықтары да айқындалатын болады. Заң жобасымен агломерацияларды басқарудың жаңа моделі енгізілуде. Аймақтық деңгейде Жергілікті агломерация кеңестері құрылады. Олар – агломерация аумағын үйлестірілген түрде дамыту үшін нақты мәселелерді шешу бойынша қала мен іргелес облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс жасайтын болады. Жергілікті кеңестің құрамына екі әкімдіктің және мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және үкіметтік-емес ұйымдардың өкілдері кіретін болады», - дейді ол.

Осы тұрғыда депутат Елнұр Бейсенбаев Үкімет жанынан да, жергілікт әкімдіктің де жанынан екі кеңес құрудың қандай қажеттігі туғанын сұрады.

«Үкімет деңгейіндегі кеңес қаншалықты қажет? Меніңше үкімет әртүрлі кеңес құрғанша... Бұл жерде функциялар бірін-бірі қайталайтын сияқты. Қазақтың «қойшы көп болса, қой арам өледі» дейді. Сол сияқты кеңес құра беру қаншалықты қажет», - дейді ол.

Бұл сұраққа жауап берген Әлібек Қуантыров жергілікті кеңестердің шешімі халықтың шешімі болатынын, бірақ «кейбір кезде кейбір мәселелер шешілмей қалуы мүмкін» екенін атап өтті.

«Екі реттен артық шешілмеген мәселе болса, онда олар үкімет деңгейіндегі тиісті кеңеске шығарылады. Жергілікті кеңес екі өңірдің бірлескен өкілдерімен құрылатын кеңес. Онда жергілікті мәселелер талқыланатын болады», - дейді Қуантыров.

Алайда бұл жауап депутаттарды қанағаттандырған жоқ. Бейсенбаевтың көтерген мәселесін әріптесі Дүйсенбинов та көтерді. Ал мәжіліс төрағасы Қуантыровқа «сіздің сұрағыңыз қосымша сұрақ туғызып жатыр» деп ескерту жасады. Ал депутат Еділ Жаңбыршин министрдің жауабын тіпті сынап өтті.

«Біз министрдің жауабынан нақты ештеңе естіген жоқпыз. Абсолютно! Түк түсініксіз», - деді ол.