×
468.98
493.74
7.59
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.98
493.74
7.59

«Біткен іске сыншы көп»: Қошанов ЕҚЫҰ-ның сайлауға берген бағасы жөнінде пікір білдірді

23.11.2022, 13:34
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс төрағасы әрі өткен сайлауда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі болған Ерлан Қошанов Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлау қорытындысы туралы мәлімдемесі жөнінде пікір білдірді. Оның пікірін бүгін Мәжіліс кулуарында Қошановтан журналистер сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Біріншіден, мұны ұйымның сыны емес, ұсынымы деп түсіну керек. Екіншіден, біткен іске сыншы көп деген сөз бар. Сондықтан, біз өзіміз үшін кімнің пікірі маңызды екенін айқындап алуымыз керек. Меніңше, бізге Қазақстан халқының пікірі маңызды. Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Кемелұлына басым көпшілікпен өзінің сенімін, қолдауын көрсетті. Әділ әрі таза сайлау өтті. Бұған ешкімнің ешқандай күмәні жоқ шығар деп мен ойлаймын», - деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы әріптестерімен бірге бүкіл облысты аралағанын, бір жерден де «Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсымын» немесе «оны қолдамаймыз» деген пікір естімегенін айтады.

«Біз базарларға барып, жұмыссыз жүрген жастармен кездестік. Шахталарға дейін түстік. Бүкіл жерге барсақ та – қолдау. Қоғамдық ұйымдармен, әртүрлі пікірі бар азаматтармен кездестік. Иә, сын бар. Иә, кейбір мәселелерге байланысты өзінің басқа пікірлері де бар. Бірақ негізінде түбіне келгенде Қазақстанға бірінші кезекте тұрақтылық, алмағайып заманда аумағымыздың, тұтастығымыздың сақталғаны керек. Сыртта болып жатқандарды ішімізге кіргізіп алмауымыз керек. Осыны сіздер дұрыс түсінулеріңіз керек», - дейді ол.

Ерлан Қошанов сайлауға оннан астам ұйым, 35-ке жуық елдің өкілдері келіп, оң бағасын бергенін айтады.

«Ал егер сын пікірлер болса, оған Сыртқы істер министрлігі өзінің пікірін, жауабын айтты. СІМ өзінің келіспейтінін айтты. Бәсекелестік болды. Бес азаматты қалайша бәсекеге лайық емес деп, оларды төмендетуге, құқығын шектеуге болады? Солай бла ма?» - дейді Мәжіліс төрағасы.

Қошановтың ойынша, «егер ЕҚЫҰ ұсынымдары дұрыс болса, ол ескеріледі».

«ЕҚЫҰ-ның бұған дейін берген трафаретті ұсынымдарының көбі ескерілді. Кейбір жерінде психикалық ауытқуы бар азаматтардың да дауысын есептеу керек дейді. Осы бойынша сынайды. Оны қабылдау керек пе, жоқ па? Ол жағынан сұрақ бар. Өз ұстанымымыз, көзқарасымыз бар. Біз егеменді елміз ғой», - деді Ерлан Қошанов.

Еске сала кетсек, осыдан екі күн бұрын ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясының өкілдері Қазақстанда 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауын алдын ала қорытындылап, Астанада баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Өз мәлімдемелерінде ұйым Қазақстандағы сайлауға бәсекелестік жетіспегенін, цензура болғанын, дауыстың саналуына ұйымның күмәні барын атап өткен.

Көп өтпей Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ұйымның мәлімдемесінде «объективтіліктің жоқтығы байқалатыны» туралы хабарлама таратты.