×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Популизмнің кесірінен триллиондаған ақша желге ұшты - депутат

26.10.2023, 15:32
Популизмнің кесірінен триллиондаған ақша желге ұшты - депутат

Еліміздегі экономикалық дағдарыс, ауыл шаруашылығындағы күрделі жағдай, бизнеске көрсетілетін қысым, несиеге белшеден батқан халық, байлар мен кедейлердің арасындағы теңсіздік сынды әлеуметтік проблемалар мен басқа да өзекті мәселелерді Ұлыс медиа алаңына келген кезекті қонақпен талқылап көрдік. Бұл жолы Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Болатбек Нәжімеденұлымен әңгімелесудің сәті түсті.

– Наурызда ғана сайлау өтіп, қыркүйекте жаңа саяси маусым басталып кетті. Қоғам Үкіметтің ауысуын күткен еді, алайда барлығы өз орнын сақтап қалды. Десе де депутаттар ары қарай жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазір халық экономикалық жаңғыруды күтіп отыр. Өкінішке қарай, қандай да бір қарқын байқалып отырған жоқ. Депутат ретінде министрлердің жұмысын, олардың бастамаларын қалай бағалайсыз?

– Пандемиядан кейін әлемдегі жағдай күрделене түсті. Бұл көршілес мемлекеттер мен біздің елімізде де байқалды. Қазір Қазақстанның негізгі кіріс көзі – мұнай мен газ. Сол мұнайдың, газдың, сондай-ақ метал мен уранның бағасы көтерілсе еліміздің табысы да ұлғаяды. Жасыратыны жоқ, біз осы қазба байлықтардың арқасында ғана күн көріп келеміз. Өкініштісі сол, экономиканың басқа секторлары кенжелеп, дамымай қалды.

Кейінгі 30 жылда мұнайдың қармағына ілініп, шыға алмай жүрміз. 2000 жылдарда оның бағасы өте жоғары болған кезде халықтың жалақысы көтеріліп, басқа валюталармен салыстырғанда теңгенің құны өте жоғары болды. Қарапайым қазақстандықтар шет елдерге шығып, Анталияға, Ыстанбұлға дейін барып, демалып қайтатын. 2008-2009 жылдары дағдарыс болып, теңгенің құны түсіп кетті. Содан кейін серпіліс болғанымен, 2012-2014 жылдар аралығында қайтадан девальвация тіркеліп, ұлттық валютамыз құлдырады. Ал тұтынатын тауардың басым бөлігін сыртқы нарықтан алып жаттық. Азық-түлік, үстіміздегі киіміміз, тұрмыстық тауарлар, автокөлік, отандық зауыттарда өндірілетін өнімге қажетті жабдықтардың дені шетелден әкелінгеннен кейін тәуелділігіміз күшейіп кетті.

– Осы тәуелділіктің күшеюіне кімдер жауапты?

– Бұл енді экономикалық саясат. Бір кездері «Индустриялық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы-2020» деген бағдарламалар болды. Осындай бағдарламалар арқылы экономиканы көтеруге тырыстық. Үкімет зауыттар сала бастады. «Зауыт салсақ, Қазақстан көтеріледі. Мына фабриканы ашсақ, еліміз дамиды» деген жалған популизмнің кесірінен триллиондаған ақша желге кетті. Бұл қаражаттың көмегімен өнім шықпағаннан кейін оның құны төмендейді. Жұмсалған сомаға нақты өнім шықпаса, онда ол теңгенің құнын құлдыратады. Мұның салдарынан шетелдің валюталары нығайып, сол алып жатқан тауарлардың бағасы көтерілді де содан осындай жағдайға түсіп отырмыз.

– Сіз айтқан бағдарламаларды алып қарасақ, барлығы бір «бизнесменнің», бай-манаптың қолында болғаны байқалады. Неліктен бұлай болды деп ойлайсыз?

– Бір қолда болды деп айта алмаймын. Аталған бағдарламалардың салмағы сол кезеңдегі үкімет басшыларына, министрлерге және экономикаға жауапты азаматтарға түсті. Мәселен, 100 зауыт ашылды делік. Сол 100 кәсіпорынның ішінде 2-3-уі ғана табысты жұмыс істесе де бәрібір қалған 97 өндіріс орынның шығынын жаба алмайды. Сол секілді қателік өте көп болды. Аталған уақытта өзім де кәсіпкерлікпен айналыстым.

– Сіз де мемлекеттен субсидия алдыңыз ба?

– Рас, ауыл шаруашылығымен айналысқан кезімде мемлекеттік субсидияны алдым. Елімізде оның 2 түрі қарастырылған. Атап айтқанда, инвестициялық және қарапайым субсидия. Инвестициялық дегеніміз, егер де сіз сырттан тың технология әкеліп, сол арқылы өнім өндірсеңіз мемлекет өз тарапынан қолдау көрсетеді.

– Қанша алдыңыз?

– Алған соманың көлемі есімде жоқ. Шамамен 2 миллиондай түп жеміс ектім. Сол 2 млн түптің тек 1 млн жемісіне ғана субсидия төленді. Үлкен қойма салдық. Оның ішінде жемісті сақтайтын арнайы қойма бар. Шикізатты өңдеп, шырын шығаратын цехтар ашып тастадық. Яғни, шаруашылықпен айналысатын әр азамат шыққан шығынды еселеп өтеп береді.

Тек Қазақстанда ғана емес, Еуропада, Қытайда, Қырғызстан, Беларусь, Ресей, АҚШ-та да шаруаларға субсидия қарастырылған. Оны әртүрлі айтады. «Жасыл» немесе «қызыл» себет дейді. Тұтастай алғанда, өнімді экспортқа шығаратын кез келген кәсіпкерге мемлекет өз қолдауын көрсетеді. Мысалы, Қазақстанда Ресей мен Беларусь елінен келетін азық-түлік өте көп.

Арзан импортқа тосқауыл қойылмай тұр

– Ішкі нарықта отандық өнімнің аз болуының себебі неде деп ойлайсыз?

– Мәселе мынада, субсидияны бір қолмен бергенімізбен екінші қолмен оны қорғамаймыз. Бізде протекционизм жоқ. Қазіргі үкіметтің ойы тек бағаны ұстап тұру. Ал бағаны қалай ұстап тұрасың? Өндіретін қызанақ пен қиярдың килосы 300 теңге болса, өзбекстандық немесе түрікменстандық өнімнің құны одан 50 теңгеге арзан. Осылайша, үкімет бағаны ұстап тұрмыз дейді. Салдарынан отандық шаруалар өнімдерін өткізе алмай жапа шегеді. Неге десеңіз, олардың шығыны көп?

– Демек ұлттық мүдденің жоқ болғаны ма?

– Ұлттық мүдде құжат жүзінде ғана бар. Айтылады бірақ орындалмайды. Қорғамаймыз. Айталық, шектеу шаралары Өзбекстанда, Қырғызстанда, Беларусь және Ресейде де қарастырылған. Біздің мемлекет барлығымен тату боламыз деп тым артық кетті. Жан-жақтағылармен либералды түрде араласамыз деп ішкі нарықты беріп қойдық. Олардың жақсысы да, жаманы да бар. Отандық ауылшаруашылықтың жағдайы сол себепті нашар. Неге? Себебі арзан импортқа тосқауыл қойылмайды. Өз өнімімізді шығарайық десек, квота жасап тоқтатып қояды. Мәселен Жамбыл облысында пиязды көп егетін азаматтарға квота жасап қояды. Ол болмаса «сатпайсың» дейді. Неге десеңіз, ішкі бағаны ұстап тұру қажет деген желеу бар. Ақыры, баға тұрақтылығы қажет болса, онда Қазақстанға керек көлемдегі пиязды алдын-ала сатып алмай ма?! Иә болмаса «осыншама мөлшердегі өнімді келесідей бағаға сатып аламын» деп кепілдік беріп, қалғанын шетелге өткізуге рұқсат беретіндей саясат қарастырылғаны жөн.

– Мұны сонда премьер-министр Әлихан Смайылов білмей ме?

– Аталған мәселеде тиімді стратегия қажет. Үкіметтің мақсаты қазіргі бағаны ұстап тұру. Бұл алдамшы саясат. Өнім көбейген сайын бәсекелестік артады. Сол кезде баға төмендейді. Ауыл шаруашылығында істеген адаммын. Кейінгі 10 жылда 190 мың тонна алма импорттап отырғанбыз. Қазір оның көлемін 80 мың тоннаға азайттық. Елімізге алманы Сербиядан, Польшадан, Германиядан, Италиядан, тіпті Чилиден де әкеліп жүрдік. Қазір 80-90 мың тонна ғана алатын болдық. Себебі өзіміздің үлесіміз көбейді. Дұрыс бағдарлама дайындалып, осы нәтижеге жеттік. Бірнеше рет осы жұмысқа өзім қатысып, дәлелдеп, бұл арқылы алмаға деген тәуелділік азайды. Сол секілді осы тәжірибені басқа өнімдерге де қолдану керек. Алайда бір қорқыныш сезіледі. Салаға жауапты министр түсінбейді. Сондай өзіміз де түсінбейтін факті көп.

«Барып кел, шауып кел» деңгейіндегі қызметкер

– Таяуда ауыл шаруашылығы министрі ауысты. Ербол Қарашөкеев министрліктен кеткенімен облыс әкімі болып тағайындалды. Осы орайда ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын қалай бағалайсыз?

– Ауылшаруашылықпен айналысқалы бері бұған жауапты министрдің барлығын сырттай білемін. Аталған азаматқа келсек, кейінгі 7-8 министрдің ішінде деңгейі ең төмен министр деп мен айта аламын. Ол қызметке келгелі осы күнге дейін жеке дара бірде-бір шешім қабылдаған емес. Оның тұсында өте көп кемшілікке жол берілді. Сала кенжелеп қалды. Ұстанған саясатын басқа министрлердің алдында қорғай алмады. Бізде ауыл шаруашылығы министрлігі тек «қалдық» қағидатымен жұмыс істеп тұрды. Қалған ақшаны ғана соған береді. Квота жасап, шараларды белгілейді. Ведомствоаралық комиссияда отырса да өзініің үнін шығара алмайды. Сондай жағдайға түсті.

Сәуірден бастап депутаттық қызметке кірістім. Оның алдында бұл саланы дамыту үшін қажырлы еңбек еттім. Бұл азаматтан басшыға тән қасиет байқамадым. «Барып кел, шауып кел» деңгейіндегі қызметкер ретінде өзін танытты деп ойлаймын.

– Қазіргі министрлердің көбі қауқарсыз, қолға алған реформаны соңына дейін жеткізе алмайтындай  көрінеді. Осындай үрдісті байқадыңыз ба?

– Ішінде бар. «Конъюктуршик» деген ұғым бар ғой. Бірінші басшыға ыңғайлы, оның қабағына қарап, бірақ жалпы қоғамның пікірімен санаспайтындар кездеседі. Сондайларды көрдім.

– Аталған мәселені шешудің жолдары бар ма? Әлде осылай бақылап отыра беруіміз керек пе?

– Жоғарыда айтқанымдай Мәжіліске сәуір айында келдім. Олардың кемшіліктерін, бағдарламаларын көріп отырмыз. Бізге 2022 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Біраз олқылық білініп қалды. Әйтсе де оны игерді, ештеңе істей алмайсың. Екіншіден, біз каникулдан кейін қайтып келдік. Өңірлерді араладық. Денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, басқа да салалар бойынша өткір мәселелер бар екенін байқап шықтық. Қазіргі үкіметте өзгеріс бар. Біздің қойған сұрақтарға толыққанды жауап беруге тырысып, кәсіби жауап беруге ұмтылады. Бірақ сонда да біздің алдымыздағы Мәжілісті де қатты жамандауға да болмайды. Неге ол Мәжіліс кетіп қалып, жаңасын сайлау басталып кетті мысалы? Кезінде монополия үкімет жағында болған. Қазір енді көріп отырсыз, күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет дейтін жағдайға жақындап келе жатырмыз. Алайда ол жағдай болған жоқ.

Кеше өзіңіз көргендей үкіметте ауыс-түйіс көп болды. Бір емес, көп министр кетіп қалды. Кейбір салалардан министрлердің кетіп қалғанына өз арамызда қуанған жағдайлар да болды.

– Кімнің кеткеніне қуандыңыз?

– Ауыл шаруашылығы министрі кеткеніне қуандым. Сондай-ақ экология министрінің. Жамбыл облысындағы жағдай, Шардара мен Қызылорданың мәселесі бар. Су бойынша бәлкім білімі бар шығар. Бірақ ауыл шаруашылығы саласында өте көптеген жағдай бақылаусыз қалып кетті. Қадағалаусыз қалып кеткеннен кейін біз көп мәселеде ұтылып қалдық. Әкім мен министрдің арасында байланыс болмады. Екеуі өз өмірімен сүріп жатты. Бір-біріне қыл етсе, «мақұл, қараймыз» деді. Бірақ оған қолы тимей жатты. Көбінесе біздің министрлердің сол кездегі жұмыстары өздерін жақсы жағынан көрсету, өзін жарнамалау, әдемілігін көрсету жағына көп кетіп қалды. Президенттің өзі оны көрді. Кешегі өзінің жолдауынан кейін өте көп шешім қабылданды. Облыс әкімдері мен министрлер кетті. Әйтсе де алдағы уақытта тағы да ауыс-түйістер болады ғой. Енді мен оған көзім жетті. Алайда олардың орнына кімдер келеді? Сол жағы алаңдатады. Бізде кадр мәселесі де өзекті.

Бірінші басшының көңілін аулауға басымдық берілген

– Сонда елімізде білікті маман аз ба?

– Әрине бар. Алайда мемлекеттік қызметке келмейді. Жауапкершілігі ауыр. Әдетте бірінші басшыға ұнағысы келіп тұрады. Осы ретте министрдің міндеті не кіреді? Ол салаға қызмет ету қажет емес пе?! Менің ойымша қазір басшыға, оның көңілінен шығуға басымдық берілген. Прогресшіл жастардың идеяларын, ұсыныстары мен бастамаларын түгел қайтарып тастайды. Неліктен? Өйткені бірінші басшыға ұнамайды. Бізде үлкен басшы «осы дұрыс» десе, бәрі соның «дұрыстығына» жұмыс істейді. Балама көзқарас, сын көзқарасты таяқ тигендей қабылдайды. Ұсынысын қабылдамай қояды, болмаса жұмыстан кетеді. Солай емес пе?

– Ауыл шаруашылығы министрі болып, осы ведомствода вице-министр қызметін атқарған Айдарбек Сапаров тағайындалды. Ол Солтүстік Қазақстанда 9 ай әкім болды. Бұл кісіге байланысты пікіріңіз қандай?

– Мен облыс әкімінің орынбасары қызметінен кетіп жатқан кезде бұл кісі облыс әкімінің орынбасары болып Солтүстік Қазақстан өңіріне келген. Сол жерде 7 жылдай орынбасар болып қызмет етті. Мол тәжірибе жинады деп ойлаймын. Одан кейін ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болды. Сол кезде өзім ауыл шаруашылығының субъектісі ретінде келіп, жиналыстарына қатысатынмын. Бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз. Ол солтүстіктің, мен оңтүстіктің тумасымын, бірақ ұсынған мәселелерімізге дұрыс көзбен қарап, шешім қабылдайтын. Соған риза болатынмын. Мұның алдындағы азаматқа қарағанда дұрыстау деп санаймын.

– Оның Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматуллиннің құдасы болғаны туралы не ойлайсыз?

– Естіген жоқпын. Егер де бұлай ойласақ, қазақтың барлығын жұмыстан алып тастау керек. Былай алып қарасақ, халқымыз бір-біріне туысқан болып келеді. Рас, аппаратта, министрлікте, құқық қорғау органдарында отырған азаматтардың дені алдыңғы «ескі» Қазақстанның мүшесі. Олар аспаннан түскен жоқ. Ешқайсысы сырттан келген жоқ. Шарлапаевты есепке алмағанда.

– Оның өзін «Ресейден келген» деп жерден алып, жерге салып жатыр. Бұл жөнінде пікіріңіз қандай?

– Ол негізінен министр болып келе салған жоқ. Орыс халқында «под первым впечатлением» деген ұғым бар. Кейбір шенеуніктер, мысалы әкімдерді алайықшы. Кейбір әкімдерге бір адамның сөзі немесе әрекеті ұнап қалады да бірден оны басшылық орынған қояды. Сөйлеу мәнері, қылығы ұнап қалады. Әлбетте бұл дұрыс емес. Егер де сол адамның өмірбаянында, белгілі бір саала бойынша тәжірибелік сатылар болса, онда әңгіме бөлек. Бірақ дарынды азаматтар бар. Олар мемлекеттік қызметке келгісі келмейтіні рас.

Класқа кіргізіп, шығаратын депутат болмаймын дедім

– Мысалы сізге ауыл шаруашылығы министрі болуға ұсынса, барар ма едіңіз?

– Осыдан бір-екі жыл бұрын барамын деп ойлайтынмын. Өз тәжірибемді көрсеткім келді. Қазір мұндай амбиция жоқ. Жылдар өтіп бара жатқандықтан ішкі ресурсты көп жұмсап қойдым.

– Қайда жұмсап қойдыңыз? Бизнеске ме?

– Кәсіпкерлікке. 2 млн жеміс ағашын егу оңай дейсіз бе?!

– Оңай емес. Есесіне оның игілігін көріп отырған жоқсыз ба?

– Ол ағашты күтіп, өсіру керек. Соны қарап отыратын адамдарды асырау қажет. Олардың жағдайын жасау керек. Суы, газы, жарығы және тағы да басқа мәселелері бар. Өнеркәсіпті көтерем деп жүріп күшім сарпылды. Егер де осындай жағдай боларын білгенде бірде-бір өнеркәсіпті ашпайтын едім. Сенесіз бе? Өйткені шешінген судан тайынбайды дейді ғой. Кіріп кеттім де, сол судан шыға алмай қалдым. Шығудың амалын жасап, аман-есен шыққанымда өте көп ресурс жұмсап қойдым. Ар-намыс бар. Соның бәрінен өтіп, осы жағдайға келдім. Егер сенсеңіз, былтыр «мұндай жағдайда депутат болмаймын» деп айтқанмын. «Басқарылатын депутат болудың қажеті жоқ» деп ойлаушы едім.

– Қуыршақ депутат болғыңыз келмеді ме?

– Класқа кіргізіп, шығаратын депутат болмаймын дедім.

– Сізді кім ұсынды?

– Жаңа Қазақстан болады деген соң 21 қаңтарда мемлекет басшысы ірі кәсіпкерлерді жинады. Мені бұл тізімге кім қосқанын білмеймін. Қосылып кеттім де, сұранып, мемлекет басшысының алдында тұрып сөйледім. Мәселе көтердім.

– Сценарий бойынша сөйледіңіз бе?

– Жоқ. Қандай да бір хаттамасыз пікірімді жеткіздім. «Маған рұқсат беріңізші» дедім де, үш мәселе көтердім.

– Қаңтар оқиғасынан кейін «олигархтармен» өткізілген кездесуде ме?

– Иә, дәл сол кездесуде.

– Сіз де онда солардың қатарына өтіп кеткенсіз ғой?

– 162-ме еді саны? Онда ауыл шаруашылығы саласындағы біраз азамат болды. Маған «сен қайсысың» деді. «163-мін» деп айттым. Олардың қатарына кірмеймін дегенім ғой әзілдеп. Аталған кездесуде үш мәселе көтердім. Мемлекет басшысы мен көтерген мәселелерге қайтып оралып, «мынаны дұрыс айтты» деп өз пікірін айтты.

Балам «мажор» болып кете ме деп алаңдаймын

– Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі еске түсіп отыр. Яғни меніңше, қазір мейлі депутат немесе кәсіпкер бол, министр болса да дәл қазір ұлт мүддесін алға қоймасақ, алға жылжымаймыз. Ұлт мүддесін алған қойып, әр жерде қазаққа пайдасы тисін, бір тиын болса да қазаққа қалсын деген мінезбен жұмыс істесек қана біз бір нәтижеге жетуіміз мүмкін. Жуырда Руслан Ысқақов Самат Әбішке қатысты сот отырысында мәлімдеме жасады. Одан кейін Бас прокуратура Самат Әбіш тергеліп жатқаны жөнінде ақпарат таратты. Осы мәселені Парламенттегі әріптестеріңіз талқылады ма? Не айтып жатыр? Бұл «бомба» ғой.

–  Арнайы талқылау болған жоқ. Сенсация деп айтпас едім. Біз 2022 жылдың қаңтарынан кейін неше түрлі нәрсе етіп жатырмыз ғой. Ондай нәрсеге етіміз үйреніп кетті. Менің ойымша, заң алдында бәрі бірдей болуы керек. Егер де елімізде адамдар таңдалып сотталса, біз көпке бармаймыз. Мемлекетті сақтап қалуға мен күш-жігерімді салып жатырмын. Баламды кез келген университетке түсіруге, астына көлік алып беруге шамам келеді. Ертең «мажор» болып кете ме деп алаңдаймын. Сондықтан оны жұмыс істетіп жатқан мақсатым – елдігімізді сақтап қалу.

Ал сіз айтқан мәселе бойынша, иә ондай жағдай болған шығар. Оның айтқаны да рас шығар. Кім біледі? Білмейміз ғой. Ол оның құтылу үшін жасап жатқан әрекеті ме? Әлде шынымен болған жағдай ма? Оны арнайы тергеу органдары біледі. Бірақ менің айтарым, бәріміз заң алдында бірдейміз. Егер де расталып жатса жауапқа тарту керек.

Қаңтар оқиғасы болатынына көзім жеткен

– Неге «РОП» (ӨКМ) ісіне байланысты Әлия Назарбаева жауапқа тартылған жоқ. Ол бенецециар екені бәріне белгілі. Бірақ куәгер ретінде де одан жауап алынған жоқ. Таңдап соттау деген осы емес пе?

– Сот пен тергеудің арасына түсе алмаймыз ғой. Мен тергеу жұмыстарын көп көрдім. Мен өзім тергеу органдарында жұмыс істегенмін. Тергеу комитетінде жұмыс істедім. Адам өзін құтқару үшін неше түрлі айлаға барады. Азаматтар өзін құтқару үшін керек болса көршісіне жала жаба салады. Ондай жағдай да бар. Ал бұл іске қатысты мен түк айта алмаймын. Көзім жетпейді. Байқасаңыз, сізде де таныстарыңыздың ішінде заңгерлер, адвокаттар бар. Сот материалдарын қараған шығарсыз. Сол кезде олар «мен істі көрмей айта алмаймын» дейді ғой. Солай дейді көбі. Ал кейбіреулер «әкел, мен саған істеп беремін» дейді. Деңгейі жоғары мамандар материалды көрмей ештеңе айта алмаймын дейді. Сондықтан да іс материалдарын көрмей айта алмаймын.

– Қаңтар оқиғасына қатысты сіздерде бір шектеу бар ма? «Артық сөйлемеңдер» деген сынды...

– Ешқандай шектеу жоқ. Ешқандай тақырыпқа шектеу қойылмаған. Кейбір әріптестеріміз артық сөздерін кесіп алып, шығарып жатады ғой. Тәжірибемнің көптігінен бе, мен ондай арандатуға түспеймін. Ол нәрсе болды. Басымыздан өтті, көрдік. Болар іс болды. Ол жерде қандай балалар шыққанын көрдіңіздер. Жастар ғой. Жұмыссыздар. Айлығы төмен, білімі жоқ – сондай ғой? Міне, сізге жауап. Бұл – индикатор. Қаңтар оқиғасы болмай тұрып, бес-алты жыл бұрын «осындай жағдайға келіп қаламыз» деп айтқанмын. Көрегендік, анализ шығар. Қаңтар оқиғасы болатынына көзім жеткен, бір сәтте бір жақтың жағдайы бар туысқандары, жекжаттары көбейеді. Ананы алсам, мынаны алсам дейді. Жұмыстың көзі азая береді. Білімсіз азаматтардың саны көбейе береді. Олардың саны көбейіп, мәселе шектен шыққан кезде олар «менікі қайда?» деп сұрайды. Солай сұратпас үшін білім, мамандық, жұмыс орнын беру керек.

Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте де қиын болды. Сол кезде зауытымыздың бірде-бір адамы кеткен жоқ. Цехтарда жұмыс істеп жатты. Неге? Жұмысы бар. Егер көшеге шыққан азаматтардың бәрінің жұмысы болғанда не болар еді? Ол жағдай болмайтын еді. Саны аз болар еді. Әкімшілікті өртейтін күш болмас еді. Сондықтан құтқаратын бір ғана мәселе – Қазақстанда кәсіпорындардың көбеюі. Сол ғана. Оларды биліктегілер емес, кәсіпорын ашатын азаматтар құтқарады.

– 30 жылдық билік дәурені қаңтармен аяқталатынын Назарбаев білді деп ойлайсыз ба?

– Білмеді ғой. Білсе мұндай болмайтын еді ғой. Қасындағылары басқа мәлімет жеткізіп отырды. «Сізден артық адам жоқ, сіздің саясатыңыз дұрыс» деп, ешкімге жуытпады. Бізде министр болғысы келетіндердің бірінші міндеті бізде басшысына жағу болып кеткен. Ондайлардың саны көп болған сайын біз дағдарысқа кете береміз. Санын көп болдырмауымыз керек.

Халықтың ақшасын меншіктеп алған

– Қарап отырсақ, Қайрат Боранбаев активтерінің 1,5 млрд долларын қайтарды. Көп жазғанымызбен ол қаншалықты ақша екенін біз түсінбейміз ғой. Шексіз цифрлар. Халықтың соншалықты шексіз байлығын, ақшасын қалайша меңгеріп алды?

– Меніңше, олар ол ақшаны халықтың ақшасы деп ойламайды. Ол ақшаны олар өзіміздікі деп санайды. Қалтасына түсті ме бітті. Талай адаммен араласып жүрмін ғой. Тапты ма, ақша өзінікі деп ойлайды. Сол күнге дейін ол табыс тауып келді. Ешкім оған табысың заңсыз деген жоқ. Дұрыс па? Тиісінше, ол ақша өзімдікі деп ойлайды. Оған дейін ешкім сұрау салған жоқ. Міне, жауап.

– Президент былтыр кездесуде қалталы азаматтарға «сіздерге өз еріктеріңізбен активтерді қайтаруға мүмкіндік беріледі» деді ғой. Яғни, мұны бәрі түсінген жоқ па?

– Көктемнің соңында арнайы заң қабылдадық қой. Арнайы заң сол үшін қабылданып отыр. Айтылды, ескертілді, уақыт берілді. Мемлекет басшысы сақа саясаткер, өте байсалды кісі ғой. Дипломат. Енді ақыры толыққанды болмағаннан кейін ақыры меніңше, сондай заң қабылдап отыр. Ол заң шетелге заңсыз шығып кеткен активтерді қайтару үшін қабылданды.

– Қайтқан активтер қайда кетіп жатыр? Күмәнді бір қорлар пайда болды. Боранбаев мейрамханалар жүйесін, фитнес-орталығын қайтарды. Солардың бәрі мемлекеттің кіріс комитетіне бара ма?

– Ол алгоритмді білмеймін. Біздің заң шеңберінде бұл мәселе қаралған жоқ.

Заңсыз шығарылған қаражат қалай үлестіріледі?

– Активтердің қайтарылып жатқаны қуантарлық жаңалық әрине. Халықтың ақшасы болғандықтан кімге қалай берілетінін білгіміз келеді?

– Шыдамдылық сақтаңыз. Сауал жолдаңыз, сіз журналистсіз. Депутат ретінде біз де сұраймыз. Оған да уақыт келеді. Кейбіреулері депутат осы мәселені неге сұрамайды деп ойлайды. Таңертеңгі тоғыздан бастап бізде жиналыс басталады.

– Сайлау алдында үміткерлер көп уәде берді. Былай қарасақ, жарты жыл өтіп кетіпті. Осы уақытта сіз не жасап үлгердіңіз? Журналисті сотқа бергеннен басқа?

–Тағы да қайталап айтайын. Депутат болғанға журналистті сотқа бергенмін. Ал қазір атқарылған жұмыстардың бәрін айтсам, сіздің эфиріңізге сыймайды. Істеп жатқан шаруамыз көп.

– Сізге қарасақ, көп шаруаға үлгере алмай жатқандай байқалады. Басқа әріптестеріңіз, мысалы Нартай Аралбай әлі күнге дейін сұхбат алып, журналистік қызметпен айналысып жүр. Қалай үлгеріп жатыр?

– Әркім әртүрлі ғой. Байқасаңыз, 98 депутаттың бәрі әртүрлі азамат. Әр қаладан, әр саладан шыққанбыз. Бізде ақпарат туралы заң бар. Әлеуметтік сала бар. Олардың білетінін мен білмеймін. Сол сияқты. Менің уақытым аз сияқты. Үлгеріп, тезірек осының бәрін бітіріп, тоқтатын, кетсем деймін.

– 5 жылдан кейін тағы депутат боласыз ба?

– Бола алмаймын-ау. Бес жылға шыдай алам ба деп мен ойлаймын өзім. Ауыр жұмыс. Өйткені менің отырған кабинетім – осы отырған бөлменің жартысы менің кабинетімнен үлкен. Түсініп отырсыз ба? Мен бәрін тастап, қандай жұмысқ келіп жатқанымды түсінесіз бе? Мен кейде министрлердің орынбасарларына күліп айтам «сіздердің кабинеттеріңіздегі дәретхана менің кабинетімнен үлкен» деймін. Міне, біздің отырған жағдайымыз осы. Сондықтан, мен сізді уақытыңыз болса шақырайын. Кабинетіме келіңіз. Үстелімде бос орын жоқ. Қағаз толып жатыр. Менің күні-түні қолым тимейді деп отырғаным сол.

Әңгімелескен Самал ИБРАЕВА,

«Ұлысмедианың» бас редакторы