×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Басқан ізін аңду немесе әскери генерал Көпбаев Ербол Назарбаевқа несімен жақпай қалды?

11.03.2024, 10:09

Егер телефонын тыңдап, ізін аңдудың себебі қылмыскерді құрықтау емес, адал азаматқа күйе жағып, оны тұқырту болса, онда біз ел болудан қалып бара жатқан жоқпыз ба? Ескі Қазақстанның тағы бір қылмыстық ісі қоғам назарына ілікті.  Антикор осыдан төрт жыл бұрын Қорғаныс министрлігінде Кадр қызметін басқарған жоғары шенді әскери қолбасшының ұсталғаны туралы ақпарат таратқан. Ол жалпы қамқорлық пен қызметте жоғарылату үшін жүйелі негізде пара алды деп айыпталып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Төрт жылдан кейін Қайрат Рашидұлы Көпбаев туралы ақпарат қайтадан басты жаңалықтар бетіне шықты. Қазір оның "қылмыстық тарихы" тек баспасөзде ғана емес, парламент қабырғасында да талқылануда.

Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға берген эксклюзивті сұхбатында экс-генерал өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге дайын екенін, бірақ елдегі құқық қорғау органдары оның бұл сөзіне сенбейтінін жеткізді. Жоғарғы Сот та, Бас прокуратура да Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісінің қолдан ұйымдастырған жалған қылмыстық іс пен айыптау үкіміне қарсы келмей отыр. 

- Олар менің погонымды шешіп алды, әскери атағым мен зейнетақымнан айырды. Былайша айтқанда, алуға болатынның бәрін алды, бірақ мен өз атыма кір келтіруге жол бермеймін және барлығын қалпына келтіру үшін күресемін, - дейді бұрынғы генерал-майор.

Еске сала кетсек, Көпбаев 200 мың теңге пара алды деп айыпталған. Тергеу мәліметтері бойынша, сол кездегі Қорғаныс министрлігі Кадр жұмысы департаментінің бастығы қызметінде болған оған ақшаны бұрынғы танысы Алмас Бекбауов туысқанының офицерлік жұмысқа орналасуына көмектесу үшін берген.

– Кейін белгілі болғандай, қылмыстық іс жасырын тергеу әрекеттері негізінде құрылған, бір сөзбен айтқанда, олар мені бақылап, әңгімемді тыңдап отырған. Олар бейнежазбаны көрсетті: біз сауда және ойын-сауық орталығында баспалдақпен түсіп бара жатырмыз, серіктерімнің бірі қалтама бірдеңені салып жатыр, мұның не екені түсініксіз, алайда осы кадрлар қылмыстық іс қозғап, кейін айып тағуға негіз болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері мені бір жарым жыл бойы бақылап жүрген екен.

Антикор "200 мың теңге - бұл Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері Әскери институтында офицерлік қызметке тағайындауға көмектескені үшін берілген ақы" деп хабарлаған. Бұл кісі қазір қайда, қызметте ме?

Фотода Бекбауов пен Көпбаев

- Әңгіме куә Ұлықпанов жайында болып отыр, олар мені оған қызметке орналастыруға уәде берді деп айыптап отыр. Алайда ағасының оны әскерге алуға келіскенін білгенде, оның өзі де қатты таң қалды. Сондай-ақ ол вахтада жұмыс істейтінін алға тартып, сотқа өзін шақырмауды және тергемеуді сұрады. Ол былай деп түсіндірді: Мен әскерде қызмет еткім келмейді, өйткені ондағы жалақы өте аз – рота командирінің алатыны -  150 мың теңге. Қазір 400 мың аламын. Ал судья Бекбауовтан мұны қалай түсіндіруге болатынын сұрағанда, ол Ұлықпановтың шынымен де оған көмектесемін деп шешкенін білмеймін деп жауап берді. Яғни, Бекбауов Ұлықпановты жоғарылату үшін пара береді, ол әскери қызметте өсуді қаламайды, тіпті сол себептен әскери қызметін де тастаған. Қылмыстық құрам да, себеп те болмаған, мұндай жағдайда істі жабу керек еді. Алайда сот бұл парадоксқа мүлдем мән бермеген!

Ал сержанттың оқиғасы ше?

Мен 2019 жылы әскердегі офицерлердің қатарын көбейту үшін жұмыстандым, бұл менің жұмысым, сол үшін жалақы алдым, сол үшін маған әскери атақ пен мемлекеттік награда берілді. Бізде Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында кадр жетіспеушілігі мәселесі өзекті болып тұр. Мен тіпті: "барып әскери міндеттеріңді өтеңдер, келісімшартпен қызмет етіңдер, жақсы әлеуметтік пакеті бар, бұның болашағы бар, көтерілуге болады, генерал боласыңдар" деп айтатынмын. 

Сіздің ықпалыңыз зор болды ма, құзыретіңіз қаншалықты жоғары? 

- Менің қолымда тұрған ештеңе жоқ, бірақ өз міндеттеріме байланысты мен кадрларды таңдау мен орналастыруға жауапты болдым. Бұл менің тікелей жауапкершілігіме жатады, бірақ барлық тағайындаулар бір менің ғана емес, ортақ шешімнің әсерімен жасалатын. Әр әскери құрылымның өз бас қолбасшылары бар және олар кімді тағайындау керектігін жақсы біледі, сондықтан олар тағайындауға ұсынады. Мен тек процессуалдық мәселелермен айналыстым, тіпті сержантты бір өзім тағайындай алмайтынмын.

Сіз ұсталғанда Қорғаныс министрі Ермекбаев  еді, ол мұны қалай қабылдады?

- Мен оның қалай қабылдағанын білмеймін, мені 28 қаңтарда қамауға алды, содан кейін маған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақта болады деген шешім қабылданды. Кейін ол шешім тергеу изоляторына қамалсын деп өзгертілді. Мен бір жылды тергеу изоляторында, яғни қамауда өткіздім, сондықтан оның қалай әрекет еткенін және мән-жайды анықтау үшін қандай шара қолданғанын білмеймін. 

Қайрат Рашидұлы, сізге жала жабылды ма сонда?

– Жоқ, менің үстімнен негізсіз қылмыстық іс қозғалды, қылмыстық жауапкершілікке тартуға ешқандай негіз болған жоқ.

Олай болса, сіз неліктен өз кінәңізді мойындап, процессуалдық келісімге келдіңіз? 

– Бұқаралық ақпарат құралдарында Көпбаев кінәсін мойындады, процессуалдық келісімге келді деген хабарлама тарады. Негізінде процессуалдық келісім болған жоқ және болуы да мүмкін емес. Мен мойындамадым және кінәсіз болсам, нені мойындауым керек еді? Олар не жазу керектігін айтып отырды, мен жазбай қойдым, істің жоспардағыдай болмай бара жатқанын білген соң, олар маған қысым көрсете бастады, Ұлықпанов үшін пара алдым деп жаз деді. Менің қыңырлығым үшін олар мені үйқамақтан шығарып, қамауға алды. Осылайша уақытша ұстау изоляторына жіберді

Бірақ тағы бір эпизод болды ғой, сержантты қызметті өсіру…

- Егер бәрі қайталанып, сержантты офицерлік лауазымға көтеруге көмектесті деген айып тағылса, мен өз кінәмді мойындауға дайынмын. Бірақ, шындығында, мен кадр бөлімінің бастығы ретінде запасқа ауыстырылғандармен емес, тек қызметтегі офицерлер және сержанттармен ғана айналыстым. Бізде запастағы сержанттар жетеді, бірақ олармен әскери комиссариаттар айналысады.

Бірақ сіз, сол кездегі генерал, айыптаулардың қисынсыздығын неге дәлелдей алмадыңыз?

- Менің ту сыртымда мені бір жыл бойы жіті бақылап жүрген жедел уәкілдер тұрды. Оларда нақты фактілер болмады, олар жасырын тергеу әрекеттерін жүргізді. Олар маған қарсы осы әрекеттердің барлық түрін қолданды, бірақ менің қылмыс жасағанымды дәлелдей алмады. Сосын Ақтөбедегі Бекбауовпен байланысады, оны қалай қыспаққа алғанын білмеймін, бірақ ол Ұлықпановты жұмысқа алғаны үшін Көпбаевқа 200 мың теңге бергенін мойындау қағазына қол қойған. Кейін олар маған мынаны айтты: "сіз, құрметті генерал мырза, біздің бақылау объектіміз болдыңыз. Біз сізді бақыладық, сізді жазып алдық, Бекбауовпен хат алмасқан 36 жазбаша және дауыстық хабарлама бар" деп айтты.

Кімнің жолын кесіп кетіп едіңіз және бұл айыптың артында кім тұр, есімдерін атай аласыз ба?

- Мен үшін өте ыңғайсыз сұрақ. Менің 6 ай бойы тергелген қылмыстық ісімде қандай да бір заң бұзушылықты, әсіресе пара алғанымды көрсететін бірде-бір куәгер жоқ. Бірақ бір оқиға есімнен кетпей қойды. 2019 жылы Алматы қаласының әскери қызметкерлері маған хабарласып, менен бір кісіні Қарасай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы қызметіне тағайындауды сұрады. Маған бұл Ербол Назарбаевтың өтініші екенін ескертті. 

Бұл Болат Назарбаевтың баласы ма?

- Иә, дәл солай. Мен Қарасай ауданы Назарбаевтар әулеті тамыр жайған жер екенін білетінмін, сондықтан бұл кандидат туралы мәлімет сұраттым және ол мәліметтерді алғаннан кейін, олардың айтып отырған кандидатын тағайындауға әлі ерте екенін түсіндім, өйткені ол біліктілік талаптарына сай емес еді. 

Яғни, сіз Ербол Назарбаевтың өтінішін орындаудан бас тарттыңыз?

- Иә, шынымен бас тарттым. Мен ұсталғанға дейін бұл нұсқаға сенбедім. Қаңтардың 28-і күні менің үйіме тінту жүргізілді. Тінту жұмыстарын Ербол Назарбаев басқарған, ол кезде ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің орталық аппаратының қызметкері болған және оған тінші шараларына қатысудың қажеті жоқ еді. Бірақ ол жағдайды өз бақылауында ұстағанын жасырмады. Олар біз туыстарымызбен дастархан басында отырған сәтте келді. Біз ас өткізіп жатыр едік, молда да болды. Назарбаев бізге іс-шараны кейінге қалдыру керектігін, қазір тінту жұмыстары жүргізілетінін айтты. Ол менің беделімді түсіргеннен ләззаттанған сияқты. Ол өзінің ойға алғанына ұол жеткізді: мені қамауға алды және негізсіз соттатты. Тінту жұмыстарын жүргізген кезде ол әйеліме Назарбаевтың маған генерал шенін беріп тұрған суретін көрсетіп: «Көрдің бе, менің ағам әскери шенді тапсырды, енді оны тағы бір аға алып кетеді» деп, миығынан күлген. Ол мені құртудың сан түрлі амалын қарастырған және соған жетіп тынды. 

Неге сонша уақыт үндемедіңіз?

Мен осыған дейін үндемедім, себебі 5 жылға бас бостандығымнан айырылдым, 2022 жылы жазамның қалған мерзімі жеңілдетілді. Бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеу түріне ауыстырылды. Осы күнді қанша күткенімді білсеңыз ғой! 2 наурызда менен барлық шектеулер мен пробациялық бақылау алынып тасталды, мен енді әділдік үшін күресемін, бұл арманым орындала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. 

Сіз барлық сот инстанциясынан өттіңіз, бірақ үкім күшінде қалды.

– Үкім сотқа дейінгі тергеу және сот отырысында анықталған дәлелдерге негізделмеген. Қылмыстық процесте бұзуға болатын нәрсенің бәрі бұзылды. Үкімнің өзі әділ болмады. Әскери соттың судьясы Акпардың ақтау үкімін шығаруына бір қадам қалған еді, бірақ Ербол Назарбаев сотқа өзі келіп, сот шешіміне ықпал етті. 2021 жылдың қазан айында адвокатым Жоғарғы Сотқа менің қылмыстық ісімді кассациялық тәртіпте қарау туралы өтініш берді. Жоғарғы Сот судьясы істі мұқият қарап шығады. Ол қылмыстық іс пен соталды тергеу барысында Көпбаевтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары бұзылғанын, кінәсіз сотталғанын айтады. Мен Жоғарғы Сот мүшесінің бұл қаулысын әлі күнге дейін сақтап отырмын, бұл маған үміт пен сенім ұялатады. 

Сізді әділетсіз жазаланды деп неге сүйеніп айтты екен судья?

– Оның бір дәлелі – маған қатысты тіркелген қылмыстық іс жоқ, басқа да елеулі заң бұзушылықтарға жол берілгені, әрине, сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады. Бірақ, соған қарамастан, үш судьядан құралған кассациялық сот 20 күннен кейін үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ең қызығы, менің кінәсіздігімнің бұлтартпас фактілерін тапқан Кенжеғариннің өзі бірінші инстанцияның шешімін күшінде қалдыру қажет деп дауыс береді.

Судьялар да Ербол Назарбаевтың тапсырмасын орындаған болып тұр ма?

Қазір мен бұл шешімнің негізсіз екенін дәлелдеу үшін жанталасып жүрмін. Бірақ менің сот төрелігіне қол жеткізуіме шектеу бар. Менің ісімнің артында көзге көрінбейтін күштер бар сияқты.  Мен тіпті бас прокурордың да, оның орынбасарларының да қабылдауына жазыла алмадым. Қанша әрекет етсем де, байланыс тек департамент деңгейінде, олар қылмыстық істің материалдарын зерттедік, бәрі жақсы болады, күтіңіздер дейді. 
Мұның не сыры бар? Назарбаевтар қауқарынан айырылды, біз әділ Қазақстанды құрып жатырмыз.

– Осыған сенгім келеді, бірақ қашан келеді мына әділ Қазақстан? Біз күтудеміз, бірақ бұл туралы айтуға әлі ерте. Жақында депутаттардың бірі сот жабық корпорация екенін, онда жеке қабылдауға қол жеткізе алмайтынын айтты. 

Егер прокуратура мені қателеседі деп есептесе, мен өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеуге дайынмын. Бұл оқиғадағы ең сорақысы, судья өз үкімінде: бейнежазбаны қарау нәтижесінде Бекбауовтың Көпбаевтың қалтасына ақша салынған ақ пакетті салып жатқанын көруге болады деп айтты. Бұл сұмдық, судья, адам тағдырының төрешісі бұған қалай жол бере алады? Мені бақылап тұрған жедел уәкіл: біз бұл пакетте не бар екенін білмедік. Бұл ақша немесе құжаттар болуы мүмкін, біз нақты айта алмаймыз деді. 

Сіз генерал басыңызбен өз кінәсіздігіңізді дәлелдей алмай жүрсіз, егер сіздің орныңызда қарапайым адам болса, онда оның күні не болады? Мүмкін сот жүйесін реформалау керек шығар?

- Неге оны қайта-қайта реформалауымыз керек? Қылмыстық істерді заң бойынша қарап, әділ шешім қабылдау керек, өз ісіне адал, әділ, объективті болу керек. Бұл - қарапайым ғана қағида.  Мемлекет басшысының өзі «құқық қорғау органдарының қиялынан туған қылмыстық істерді Бас прокуратура дереу тоқтатуы керек» дейді. Тоқаев бұлардың ойынын біліп отыр және қылмыстық істерді қолдан жасап, жалған кінә тағуды тоқтатыңдар деп отыр. Ол бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстайды және соның арқасында біраз өзгерістер болып жатыр. Сіз мені дұрыс түсініңіз, осы елдің азаматы ретінде біз бәріміз құқықтық мемлекетте өмір сүрсек дейміз, ертеңгі күннен қорықпай, тыныш ұйықтасақ дейміз. Егер сіз заң бұзбасаңыз, еш қорқудың қажеті жоқ. Міне, біз осындай елде өмір сүрсек дейміз.

Қайрат Рашидұлы, погоныңызбен қатар тағы не жоғалттыңыз, қазір зейнетақы аласыз ба?

– Зейнетақымнан айырылдым, мемлекеттік наградамнан – генерал-майор әскери шені мен ордендерімнен айырылдым. Мен қазір бәрінен айырылдым. 

Сізді осындай жағдайға жеткізген Ербол Назарбаевтың кек алуы емес, мүмкін біреулерге сіздің орныңыз керек болған шығар?

 - Менің орным ешкімге керек емес. Мен ешкімге кедергі келтірмедім, маған да ешкім кедергі болған емес, бізге тапсырма берілді, біз орындадық, соның арқасында белгілі бір көрсеткіштерге қол жеткіздік. Менің түрмеге түсуімнің себебі мүлде басқа еді, мен оны өз атымен атадым. Олар маған жала жапқан адамды тапты, ар жағы бесіктегі балаға да түсінікті. Антикор өзінің шеберлігін көрсетті. Бұл олар үшін күнделікті жұмыс, талайларды қан қақсатқан. 

Бірақ пара алатындарды біреу құрықтамаса тағы болмайды ғой, сонда біз мұнымен қалай күресуіміз керек?

Мен пара алмадым, бірақ сотталдым. Білесіз бе, полиция бар кезде қылмыс та болады деген сөз бар.  Демек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бар кезде коррупция да жең ұшынан жалғаса береді. 

Бұрынғы генерал Көпбаевпен болған сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz-тің YouTube арнасынан көріңіз.

Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әулеті  жалғанды жалпағынан басқанын айтты. Олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болғаны ешкімге құпия емес. Қаласа, бизнесіңді тартып алады, өздеріне ұнамайтындарын өртейді және қудалайды. 

– Көпшілігі әділетсіз айыпталып, сотталды. Бұған бірнеше мысал келтіруге болады. Мен Болат Назарбаев туралы айтпай-ақ қояйын, бірақ оның ұлы Ерболдың тікелей қатысуымен болған бірнеше жағдайды білемін», - деді Құспан arasha.kz сайтына берген сұқбатында. Ол әділетсіз сотталғандарды ақтау үшін арнайы комиссия құруды ұсынды. А.Құспан онсыз сот жүйесі мен билікке деген сенімді қалпына келтіру мүмкін емес деп санайды.

Ал коррупциямен жеті жыл аяусыз күрескен Ербол Назарбаев Қаңтар оқиғасынан кейін қызметтен өз еркімен кетті. Оның қазір қайда және кіммен күресіп жүргенін ешкім білмейді.

Серіктес жаңалықтары