×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Бишімбаевтың жазасына қоғам әсер еткен жоқ» - прокурор Саяхат Нұрбековпен сұхбат

16.05.2024, 13:59

Кісі өлтіру қылмысы Адам пайғамбардың Абыл-Қабыл ұлдарының заманынан бері жалғасып келе жатқан адамзаттың қасіретті тағдыры. 2023 жылдың қарашасында болған Салтанат Нүкенованың өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. Бұқара неге дүрлікті? Халық кімге шүйлікті? Қарапайым азамат осындай қылмыс жасаса, екі күн талқыланып, кейін басқа тақырыпқа ауысып кететініне куә болып жүрміз. Бишімбаев ісі сондай тасада қалатын тақырып болар ма еді, болмас па еді, егер ол жоғары лауазымды шенеунік болмағанда...

Қаңтар оқиғасынан кейін «Ескі Қазақстан» кадрларына сенімсіздікпен қарайтын жұртшылық анау-мынау емес, елдің экономика секторын басқарған шенеуніктің әрекетін тікелей өзіне жасалған қылмыстай қабылдады. Өйткені бұрынғы билікке айта алмаған арзу жүректерде шемен болып қатып қалған сыңайлы. Міне, халықтың Бишімбаев ісінің әділетті шешілуін талап етуі соның әсері ме дерсің. Оның үстіне талайдан айтылып келе жатқан құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің өз ішіндегі кемшіліктері де халық сенімін селдіретіп кеткен-тұғын. Сонымен, Бишімбаев ісі қалай аяқталды. Әділет аңсағандар діттеген мақсатына жете алды ма? Журналист – қоғам көңіл-күйінің барометрі.

Ulysmedia.kz алаңындағы сұқбатта көпшілік көкейіндегі сұрақты қоюға тырысты.  Бишімбаев ісінде мемлекеттік айыптаушы болған Астана қаласы прокуратурасының аға прокуроры Нұрбеков Саяхат Бағдатұлымен болған сұқбатты ұсынамыз.

– Былтыр қараша айында тіркелген қылмыстық істің нүктесі 13 мамырда қойылды. Ұзаққа созылған сот процесі қазақстандық қоғамды ғана емес, сонымен бірге әлемнің көптеген азаматын видеохостингке телмірткен оқиға болды. Сот процесінің ашық өткені елдегі сот жүйесінің дұрыс бағытта реформаланып жатқанын байқатты. Сіздер үшін бұл күнделікті жұмыс болғанымен, сот процестері күнде тікелей эфирден көрсетілмейді ғой. Іс жүргізуге, кәсіби қызметіңізге қандай да бір кедергі болған жоқ па?

– Бишімбаев пен Байжановқа қатысты қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен Қазақстанда алғаш рет тікелей эфирде жүргізілді. Процестің ашық өтуі әділ шешім шығаруға кепіл болды деп айта аламын. Басшылық мені осы қылмыстық істе процесс прокуроры ретінде бекітті. Процесс прокуроры дегеніміз – сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелгеннен бастап қадағалауды жүргізетін және мемлекеттік айыптау версиясын қолдап, оны сот процесінде қорғап шығатын прокурор.

– Яғни былтыр 9 қарашада іс қозғалғанда тағылған екі айып өзгертілген жоқ па?

– Басында басқаша болды. Іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1 бөлігі (Кісі өлтіру, яғни басқа адамды қасақана өлтіру. Жазасы сегіз жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. – Ред.) бойынша тіркелді. Кейін 99-баптың 2 бөлімі 5 тармағына (Аса қатыгездікпен өлтіру. – Ред.) ауыстырылды. Бұдан бөлек, «Қорлау» бабы (110-бап) бойынша екінші қылмыстық іс қозғалды. 

– Тікелей эфирде өткен алғашқы іс қой. Моральдық тұрғыдан қиын болған жоқ па?

– Әрине, уайымдадық. Бірақ біз әрқандай жағдайға дайын болуымыз керек. Тек тікелей эфирде ғана емес, басқа да сот процестерінде айтылған сөздер тараптар арасында талқыға салынуы мүмкін.

– Ашық өтетін іс пен жабық жағдайда өтетін істе айырмашылық бар ма? Қандай тәжірибе алдыңыз?

– Жабық өтетін процестің ерекшелігі – артық адам болмайды. Судья, прокурор, адвокат, айыпталушы, сот хатшысы ғана болады. Ал ашық өтсе, оған БАҚ өкілдері, екі тараптың туыстары қатыса береді.

– Бірақ кейбір процестер жабық есік жағдайында өтті ғой? Сонда қалай?

– Иә, бұл жәбірленуші тараптың ерекше жағдайларға байланысты (марқұм С.Нүкенованың суреттері, видеолары көрсетілген сәттерде) өтініштері бойынша қабылданған судья шешімі.

– Кісі өлімімен аяқталған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істер сіздің тәжірибеңізде бұрын болды ма?

– Әйелдерге қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстық істерде мемлекеттік айыптаушы ретінде бірнеше рет қатыстым. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық, есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау, өткізу бойынша мемлекеттік айыптаушы болдым. Осы салада 6 жылдан астам уақыт еңбек етудемін. 300-ден астам іске қатыстым. 

– Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары көбейді ме, қалай ойлайсыз?

– Бұрын бұл Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша қаралатын. 15 сәуірден бастап Қылмыстық Кодекске санатына ауысты. Президент заң жобасына қол қойды 15 сәуірде. Бұрынғы қолданыстағы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

– Айыпталушының жоғары лауазымдарда қызмет еткені қандай бір әсер етті ме? Қобалжу, қорқыныш...

– Біз үшін заң біреу. Сондықтан кім болса да жасаған қылмысына заң алдында жауап береді. Мемлекеттік айыптаушының мақсаты айыпталушыны қалайда соттау емес, егер сот процесі барысында айыпталушының кінәсі дәлелденбесе, онда ол айыптан бас тартуы қажет. Егер тікелей эфирді үзбей көрген болсаңыз, мемлекеттік айыптаушылар Байжановқа қатысты бір бапты алып тастады. Ол ҚР ҚК 434 бабы – Болған қылмысты құзырлы органға хабарламау деген бапты айыптау актісінен алып тастадық.

– Бишімбаевқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілмесе, наразылығымызды білдіріп, митингке шығамыз деп доқ көрсеткендер де болды ғой, сіз судья қандай үкім шығарады деп сендіңіз немесе күттіңіз?

– Елімізде осыған ұқсас қылмыстарға соңғы 5 жыл көлемінде 15-тен 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Бишімбаевқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі үшін алқабилердің барлығы (10 адам) және судья да қолдап дауыс беруі керек. Ал біз «аса қатыгездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша жаза мерзімін сұраған кезімізде аталған сот практикасын негізге алып, Бишімбаевтың бұрын сотталғанын, қылмысты алкогольге масаң күйінде жасағанын ескеріп, 20 жыл сұрадық. Ал «Қорлау» бабы бойынша 7 жыл сұрадық. Жазалар мерзімін қосу арқылы түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айыруды ұсындық. Ал өмір бойыны бас бостандығынан айыру жазасы 2 немесе одан да көп адам өлтірген қылмыскерлерге қолданылады. Және бұрын да кісі өлтіру қылмысын жасағандарға тағайындалады. Прокурорлар тек жаза мерзімін ұсынады сотқа, ал түпкілікті шешімді судья мен алқабилер шығарады.

– Бишімбаев өз сотының алқабилермен өтуін сұрайтынын білдіңіздер ме?

– Тергеп-тексерудің соңғы сәттерінде материалдармен танысқан Қ.Бишімбаев сотқа осындай жазбаша өтініш білдірді. Сол кезден бастап біз білдік.

– Бұл жерде Бишімбаевтың мақсаты не болды деп ойлайсыз? Барлық айыпталушы алқабилердің қатысуымен өтуін сұрай ма әлде?

– Қазіргі уақытта алқабилер институты тәжірибесі көптеп қолданыла бастады.  Ол әрбір сотталушының құқығы. Егер ол жазбаша түрде осындай өтінішпен шықса, сот одан бас тарта алмайды. Ал Бишімбаев қандай мақсатта алқабилердің қатысуын сұрағанын білмедім. Мүмкін, жазасын жеңілдету мақсатын көздеген болар.

– Жазасының үштен екі мерзімін өтегеннен кейін УДО дейміз ғой, шартты түрдегі жазаға ауыстыруы, яғни босап шығуы мүмкін бе?

– ҚР ҚК-нің 72-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасағандар УДО-мен босап шығуы үшін сотталушы жаза мерзімінің үштен екісін өтеуі керек. Яғни, Бишімбаев 16 жыл отыруы керек. Содан кейін сотқа өтініш білдіре алады. Бұл сот отырысында қаралады, судья Бишімбаевтың түзелгені-түзелмегеніне, колония бастығының мінездемесіне қарап я босатады, я босатпайды. Сот отырысына жәбірленушіні де шақырады. Оның да пікірі ескеріледі.

– Апелляция қалай жасалады?

– Қылмыстық процестік кодекс бойынша сотталушы 15 күннің ішінде апелляцияға шағым түсіре алады. Апелляцияда қараудың өз тәртібі бар. Егер сотталған адамның жағдайын ауырлататын мән-жайлар болмаса, онда апелляциялық сот олардың қатысуынсыз үкімнің заңдылығын тексеру мүмкіндігі бар. Сондықтан аппеляцияға Бишімбаев пен Байжановтың қатысу-қатыспауы сол кезде шешіледі. Апелляцияда алқабилер болмайды.

– Сіздің тәжірибеңізде апелляция сот үкімін өзгерткен жағдайлар болды ма?

– Ондайлар болды. Бірақ елеулі түрде өзгертілген сот үкімдері болған жоқ. Қылмыстық процестік кодекстің 662-бабына сәйкес, Бишімбаев жаза мерзіміне шағым келтіре алмайды. Сотталушы тек алқабилерді таңдауда, сот процесінің бұзылуына қатысты шағымдарды ғана апелляцияға бере алады. Егер алқабилерсіз өткен сот болса, онда жаза мерзімін шегеру туралы да өтініш білдіре алатын еді.

– Сот үкіміне Нүкеновтер де, Бишімбаев та келіскен сыңай білдірді. Тек Байжанов қана келіспеймін деді. Сіз өзіңіз Байжановқа қатысты үкім әділ болды деп есептейсіз бе?

– Біз Байжановқа 4 жыл беруін ұсындық. Оның бабы бойынша (432-бап) ең жоғары мерзім алты жыл. Алайда ҚР ҚК-нің 55-бабына сәйкес, оның жазасын ауырлататын жағдайлар жоқ, жеңілдететін жағдайлар бар. Ол Байжановтың бұрын сотталмағаны, кәмелет жасына толмаған балаларының болуы дегендей. Яғни, біз ұсынған 4 жылды алқабилер де, судья да қолдады. Оның жасаған қылмысы сот отырысында толық дәлелденді деп санаймын.

– Жәбірленуші тараптың адвокаты Ж.Оразбақова Байжановтың кейсін қоғамға сабақ алатын мысал ретінде ұсынды. Яғни, айналада болып жатқан қылмысқа немқұрайлылық танытпау туралы. Байжановтың мысалы қоғамға сабақ болады ма?

– Байжанов қылмысты жасыру бойынша кінәлі деп танылды. Ол туысы Бишімбаевтың қылмысын жасыру мақсатында қылмысқа барды.

– Гүлнар Насырбекова атты азаматша сот процесіне қатысып, сұрақтарға жауап берді. Көрермен ретінде, журналист ретінде айтсам, Насырбекованың әрекетінен күмәнді жайттар байқалады. Сіздің ойыңызша қалай? Ақпаратты бізден жақсы білесіз ғой?

– Ол куәгер ретінде судьяның сауалдарына жауап берді. Бар-жоғы – осы.

– Сотта куәгерлер шындықты айтуға ант береді. Алайда куәгерлердің сөздерінің бір-бірімен қарама-қайшы болған жағдайлары кездесті. Жалпы сотта шындықты жасырғаны үшін жауапкершілікке тарту оқиғалары болды ма?

– Аталған куәлер соттың сұрағына жауап берді. Алынған мәлімет бойынша судья түпкілікті шешім қабылдады. Олар өтірік айтты- шын айтты деп сараптама жасай алмаймын.

– Сотталушылар жазасын өтейтін түзеу мекелерінің бір-бірінен қандай айырмашылықтары бар?

– Байжановқа қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеу үкімі шықты. ҚК-тің 46-бабында: алғаш рет сотталып, екі жылдан жоғары мерзімге кесілгендер қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді. Бұл бұрынғы жалпы режимдік мекеме. Байжанов екі жыл отырады, содан кейін УДО-ға өтініш бере алады. Ал Бишімбаев жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді. Неліктен осылай болды? Өйткені ол 2018 жылы бір рет сотталған, бұл мекемеге бұрын сотталғандар түседі. Қылмыс санатына бөлінбейді, педофил... дегендер отыру керек деген сөз емес. Тек бұрын сотталды ма, сотталмады ма дегенге мән беріледі.

– Білуімізше, дәл осындай баппен сотталғандар ішінде Бишімбаевтың ғана жазасы басқаларынан ұзақ мерзім болып тұр. Неліктен?

– Бұған қоғам пікірі әсер етті деп ойламаймын. Өйткені алқабилер мен судья Бишімбаевтың бұрын сотталғанын, аса қатыгездікпен өлтіргенін, қорлағанын, масаң күйде жасағанын, оның іс-әрекетінде қылмыстың қайталануы мүмкін екенін ескеріп, жоғары шекке жақын, яғни 24 жыл жаза кесті.

– Сот процестері өтіп жатқан күндерде әлеуметтік желіде жарияланған фото, видеоларды, комментарийлерді қарайтын ба едіңіз?

– Достарым, туыстарым бөліскен сілтемелерді қарадым. Пікірлерді оқыдым. Бізді, прокурорларды қолдап, сөзімен болса да демеп жатқан азаматтарға рахмет айтамын.  

– Екі тараптың адвокаттарының деңгейі қалай болды?

– Олар жайлы түсініктеме бере алмаймын. Себебі әр тараптың қорғаушылары өз жұмысын ғана жасады.

– 6 жылдан бері прокуратурада жұмыс істеймін дедіңіз, оған дейін қай жерде еңбек еттіңіз?

– Бұған дейін сот хатшысы қызметін атқардым. Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық сотында сот хатшысы болдым.  Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заң мамандығы бойынша бітірдім.  Прокуратураға сот жүйесінен ауысып келдім.

– Бишімбаев ісі қоғамға не үйретті?

– Ең алдымен, азаматтар отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына бейжай қарамайтын болды деп ойлаймын. Ер адам да, әйел де бұдан өзіне ой түйген шығар. Солай болуын тілеймін. Екіншіден, азаматтардың құқықтық сауаты артты. Үшіншіден, судья, алқабилер, прокурор, адвокаттар қалай жұмыс істейді, олардың қызметі туралы көп нәрсені білді. Төртіншіден және бұл ең маңыздысы – азаматтар сот процесінің ашық өтуіне куә болды. Ашық өткен жерде көптеген сұрақтардың жауабы өздігінен табылады. Ешкім ештеңені жасырып отырмағанын аңғарады.