Қазақстанда көмірдің, мұнайдың және табиғи газдың орасан зор қоры бар. Көптеген адамдар табиғаттың бізге берген осы ресурстарын пайдалануымыз керек деп санайды. Дегенмен, Президент Тоқаев энергия ресурстарын үнемдеу және жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту қажеттігін үнемі айтып келеді.
Бұған қоса, еліміз әлемдік қауымдастық алдында парниктік газдар мен метан шығарындыларын біртіндеп азайту арқылы климатқа жанашыр болуға міндеттеме алды. Бұл міндеттеме Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және жасыл инвестицияларды тарту үшін айтарлықтай мүмкіндіктер береді, дейді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кесттутис Янкаускас.
Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында Янкаускас ЕО-ның Қазақстанда тұрақты энергетиканы дамытуға мүдделі екенін айтты.
– Екіжақты қарым-қатынастардың басынан бастап Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасында берік және өзара тиімді қарым-қатынастар дамып келеді. 2020 жылдың 1 наурызында күшіне енген ЕО мен Қазақстан Республикасы арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісім өзара іс-қимылдың 29 негізгі бағыты бойынша жұмыс істейді. Бұл келісім жаңа мүмкіндіктер ашады және барлық саладағы саяси диалогтың негізін белгілейді. Оның ішінде энергетика басым бағыттардың бірі боылп саналады. Еуропалық компаниялар Қазақстанда мұнай өндіруге ондаған жылдар бойы инвестиция салды және бүгінгі күні Қазақстан ЕО-да тұтынылатын мұнайдың шамамен 8,5%-ын береді.
- Сонымен бірге, ЕО-ның энергетикалық дипломатиясы жаһандық энергетикалық басымдықтардың баламалы жолдарға ауысуын жеделдетуді мақсат етеді. Бұл процесс, біздің түсінігіміз бойынша, әділ, инклюзивті болуы керек және ешкім көштен қалмауы керек. Қазақстанда күн және жел энергетикасын дамыту үшін қолайлы климаттық жағдайлар және «жасыл» сутегін өндірудің орасан зор әлеуеті бар. ЕО жаңартылатын көздерден алынатын энергия пайдасына қазба отындарынан бас тартуға ұмтылатындықтан, біз Қазақстанмен осы саладағы ынтымақтастыққа өте мүдделіміз және тәжірибе мен технологиялармен бөлісуге дайынбыз, - деп түсіндірді Янкаускас.
- Біз климаттың өзгеруі әлемнің барлық еліне жыл сайын жаңа проблемалар тауып беріп жатқанын көріп отырмыз. Биыл көктемде Қазақстанда су тасқыны болды, жазда құрғақшылық болады деп күтілуде. Қалаларда ауаның ластануына байланысты проблемалар бар. Тұрақты энергияға көшу бұл мәселелерді қалай шешеді?
– Алдымен, басты басымдықты анықтап алайық, біз ортақ мекен – Жер шарын, қоршаған ортаны, су мен ауаны сақтап қалғымыз келеді. Көбінесе адамдар тұрақты энергияны тек жаңартылатын энергия көздерімен немесе энергияны үнемдеумен байланыстырады, бірақ бұл энергия тиімділігін арттыруды білдіреді. Бұл табиғи ресурстарды сақтау, зиянды шығарындыларды азайту, шығындарды үнемдеу және қаржылық ресурстар шынымен қажет салаларға одан әрі инвестициялау. Климаттың өзгеруі сияқты жаһандық сын-қатерлерге мемлекеттердің жалғыз өзі қарсы тұра алмайтыны қазірдің өзінде анық. Жеңіске жету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек. Біз бұл жолды жүріп өттік, сіздер енді бастап жатырсыздар. Біздің қателіктерімізді қайталамау үшін сіздер тәжірибе алмасуларыңыз керек. Еуропалық Одақта электр энергиясының 44%-дан астамы жаңартылатын энергия көздерінен өндіріледі. Ал менің туған елім Литвада, не солтүстік, не оңтүстік полюске жақын орналаспаған мемлекетте электр энергиясының 74 пайызы жаңартылатын көздерден өндіріледі. Біз табиғи ресурстарды өте үнемді пайдаланамыз және ғимараттардың энергия тиімділігін арттыруға үлкен көңіл бөлеміз. Қазақстанда терезе сыртында -30, ал пәтерлерде +30 болып тұрса, адамдар терезе ашып отырады.
Сонда сіздер жылуға ақша төлейсіздер, бірақ ол далаға кетіп жатыр. Сонымен бірге бұдан қоршаған орта мен адамдар зардап шегеді. Осыған байланысты тұрақты энергетикаға көшу климаттың өзгеруінің жағымсыз салдарына негізгі жауап болып табылады.
- ЕО-ның Қазақстандағы тұрақты энергетиканы дамытуды қолдау бойынша қазіргі таңдағы жобалары туралы айтып беріңізші.
– Еуропалық Одақ қаржыландырып, Орталық Азия аймағында жүзеге асырылып жатқан осындай жобалардың бірі – SECCA жобасы. Қазақстанда стратегиялық және нормативтік құжаттарды әзірлеуде техникалық қолдау көрсете отырып, мүдделі министрліктермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мысалы, біз «Энергия үнемдеудің және энергия тиімділігін арттырудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеуге және энергия аудитін жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізуге көмектестік. Жоба энергетикалық деректерді басқару, ақпараттандыру және модельдеу саласында ұлттық сараптаманы қалыптастыру бастамасын сәтті жүзеге асыруда. Жоба Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрлігімен бірлесіп, ғимараттарды энергия тиімділігі бойынша сертификаттау және таңбалау туралы ақпаратты кеңінен таратуға көмектеседі, мемлекеттік сектордағы ғимараттардың энергия тиімділігі класын анықтауға көмектеседі және ЕО тәжірибесіне сәйкес оларды таңбалауды жүзеге асыруға көмектеседі.
- ЕО батыс елдерінде Еуроодақтың көмегімен энергетикалық кешен салынып жатқаны рас па?
– Иә, Қазақстан еуропалық инвесторлармен белсенді ынтымақтасуда. Соның бір дәлелі инвестициялық келісім аясында Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіретін әлемдегі ең ірі зауыттардың бірі салынады. Бұған 2022 жылдың қазан айында Еуропалық кеңес президенті Чарльз Мишельдің Қазақстанға сапары барысында қол қойылған. Жобаны экологиялық таза технологиялар саласында жұмыс істейтін Svevind Energy Group неміс-швед холдингі жүзеге асырмақ. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 50 миллиард долларды құрайды. Бұл жоба Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытудың флагманына айналады және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге үлкен үлес қосады.
Жаңартылатын энергия көздерін ауқымды іске асыру жобалары 2029-2030 жылдары да жүзеге асады. Жалпы қуаты 5 ГВт жаңартылатын энергия көздерінің 5 ірі жобасын іске қосу жоспарлануда.
Жобалардың бірі Жамбыл облысында француздық Total Eren компаниясы салатын қуаты 300 МВт-тық энергия сақтау жүйесі бар қуаты 1 ГВт жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысы. Бұл Қазақстан-Франция үкіметаралық келісімінің арқасында мүмкін болып отыр.
- Көптеген сарапшылар жасыл сутегі өндірісі өте перспективалы және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ықпал етеді деп санайды.
– Иә, шынымен де жасыл сутегі таза энергияның сенімді көзі ретінде көміртегі шығарындыларын азайтуға көмектеседі. Біз жасыл сутекті қазбалы отынға тұрақты балама, демек, климаттың өзгеруімен күресу және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді шешімі ретінде көреміз. Еуропаға жасыл сутегі қажет, ал Қазақстан одан өнім өндіріп, оны кейін ЕО елдеріне экспорттауды мақсат етіп отыр. Сондықтан жасыл сутегі өндірісі Қазақстан экономикасы үшін де керек.
Қазақстан жасыл сутегі өндірісін жолға қою арқылы басқа елдерге энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуге көмектесе алады. Қазақстан аталған өнімді бізге экспорттау үшін ЕО Транскаспий көлік дәлізінің өткізу қабілетін кеңейтуге көмектеседі.
- Былтыр Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі SECCA жобасы арқылы «Тұрақты энергия күндері» акциясы аясында қалың жұртшылық үшін бірқатар іс-шаралар өткізді. Неліктен халықты энергетика мәселесіне тарту маңызды және бұл науқанды биыл да жалғастыру жоспарда бар ма?
– Әрбір ел өз халқын энергияға үздіксіз қолжетімділікпен қамтамасыз етуге ұмтылады. Өз кезегінде халық электр қуаты мен жылуды қалай және қандай бағаға алатынымызды білуі керек. Біз ресурстардың мәңгілік болмайтынын анық түсінуіміз керек және тек өзіміздің ғана емес, балаларымыз бен немерелеріміздің де амандығы үшін табиғатқа көбірек жанашырлықпен қарауымыз керек.
Тұрақты энергия күндері энергияның ауысу қажеттілігі туралы ақпараттандыру көлемін арттырады, таным-түсініктің өзгеруіне ықпал етеді және энергетикалық сектордағы инновацияларды ынталандырады. Бұл бастама аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралар саясаткерлерге, энергетика саласындағы сарапшыларға, азаматтық қоғамға, сондай-ақ қалың жұртшылыққа, соның ішінде жастарға, студенттерге және оқушыларға бағытталған.
Тұрақты энергия күндері – тұрақты энергияның маңыздылығы мен артықшылықтары, энергия мен климаттың өзгеруі арасындағы байланыс туралы білімді арттыруға және таза энергия мен энергия тиімділігін арттыруға бағытталған бастама. Бұл науқанды Еуропалық Комиссия 15 жылдан астам уақыт бұрын бастаған. Тұрақты энергия апталығы – ЕО-ның ең ірі жыл сайынғы іс-шарасының негізгі құрамдас бөлігі.
Өткен жылы Астанада Тұрақты энергетика күндері аясындағы іс-шаралар өткізіліп, жастар арасында үздік рилс, ең үздік сурет және мектеп оқушыларының электр самокаттарымен флешмоб байқаулары өтті.
Айтпақшы, біз Астанадағы энергияны ең көп үнемдейтін мектептің (№59 мектеп-лицей) қасбетіне ең әдемі дизайнмен энергия үнемдеу қондырғысын орнаттық. Бұл – білім ордасыныңэнергияны үнемдеу саласындағы жетістіктеріне сүйсінгеніміз әрі соған ризашылық білдіріп жасаған тартуымыз. Жарыс жеңімпаздары Латвияға оқу бағдарламасымен барып келді, олар Латвияның энергия тиімділігін арттыру тәжірибесінің сәтті үлгілерімен танысты.
«Орталық Азия мен Еуропаның сутегі дипломатиясы» форумы бүгін өткізіліп жатыр. EuroFest 2024 фестивалі аясында оқушыларға арналған «Энергия тиімділігі чемпиондары» викторинасы, Қарағанды индустриялық университетінің оқытушылары мен студенттері үшін энергия тиімділігі және жаңартылатын энергия көздері бойынша лекциялар, студенттер арасындағы пікірталастар ұйымдастырылады.
- Сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет!