×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Жекеменшік мектептер: микро және қарапайым мектептің айырмашылығы неде

19.08.2024, 12:22

Мектептердің көп болғаны жақсы - жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, халықаралық болсын, бәрібір. Тіпті қазір микромектеп деген де бар. Сондай бір мектептің директорымен аз-кем сұқбаттасып қалғанбыз, оның айтуынша, микромектепте балаға жіті қарайтыны соншалық, баланың көңіл-күйі неге төмен екенін педагогтар бір қарағаннан-ақ сезіп қояды-мыс.

Батыс елдерінде бұл формат бұрыннан бар: сыныпта бала саны неғұрлым аз болса, соғұрлым олар жақсы оқып, өзін еркін сезініп, мүмкіндіктеріне сенімді болып өседі. Елімізде шағын мектептер неге аз және олардың болашағы қандай, неге оқушыларды мектеп формасын киюге мәжбүрлемейді және сабаққа кешігіп келгені үшін ұрыспайды? Мұның бәрін La Perspective Française деп аталатын елордалық мектептер желісінің директоры, Сорбонна түлегі Санжар Марсалиев Ulysmedia.kz бас редакторына берген сұхбатында түсіндірді.

– Сіздердің мектептеріңіз тек орталықта, сонда олар бақуатты отбасыларға арналған ба?

– Жоқ, біз Астананың сол жағалауынан да, елорданың іргесіндегі шағын аудандардан да ашып жатырмыз. Мысалы, «Оңтүстік-Шығыс» ықшамауданында, Қосшы қаласында қазақтілді тұрғындар саны көп, олар француз тіліне қызығады. Француз тілін үйрену қазақтарға оңайырақ, олар акцентсіз сөйлейді.

– Француз тілін бірінші сыныптан бастап үйретесіздер ме?

– Бірінші сыныптан бастап біз балаларға француз тілін үйрете бастаймыз, олар заттың атын білдіретін қарапайым сөздерді үйренеді, жай сөйлемдерді құрастыруды меңгереді. Музыка сабағында француз тілінде әндер айтады, біздің мақсатымыз - олардың сөздерді түсінуі, айтпақшы, бұл үлкен мәселе - адамдар сөйлей алады, бірақ түсінбейді.

– Балалар 4-сыныпты бітіргеннен кейін қайда барады?

– Олар Урбан мектебіне барады, бірақ олар бесінші сыныпқа көшкенге дейін үлкен француз мектебі ашылып, балаларымыз сонда оқуын жалғастырады деп үміттенеміз. Менің ойымша, ғимарат салу және мектеп ашу қиын емес, француз тілін білетін балаларды жинау керек. Өйткені мектеп ашылғанда жиналған бірінші сынып тек 10 жылдан кейін ғана бітіріп шығады. Мен бұл мәселені шешемін деп ойлаймын.

– Қазір бақуатты ата-аналар балаларын жеке мектептерге беруге ынтық. Бұл "дәстүрге" көзқарасыңыз қалай?

– Егер ата-ананың мақсаты баланың жекеменшік "мықты" мектептен кейін "мықты" университетке түсуі болса, онда мұны орынды деп санаймын. Бірақ біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Білім алу керек деп баланы анда да, мында да сүйрегеннен гөрі оның жеке болмысын, қалауын ескеру керек. Оның бойындағы қасиетті ашуға көмектесу керек. Сонда ол мектеп бітіргенге дейін өзі не қалайтынын түсінеді әрі айналадағылардың пікіріне тәуелді болмайды.

– Бізде "жақсы оқысаң, бай әрі табысты боласың" деген түсінік бар ғой.

– Иә, олар бір-бірімен бәсекеге түседі. Бұл жақсы. Бірақ олар мектепті бітіргеннен кейін тек өз-өзімен қалатынын түсiнбейдi. Қазір ақпарат ағыны жылдам, жастар шын мəнінде өздеріне не қажет екенін түсініп үлгермей жатыр.

– Ал сіздердің мектепте осыған ерекше мән бере ме?

– Иә, карантин кезінде мен репетиторлық қызметпен айналыстым, мұнда НЗМ-ден, Астана, Алматыдағы жеке қымбат мектептерден, Индонезиядан, Дубайдан, Стамбулдан, АҚШ-тан, Англиядан келген балалар болды. Қазақстандық балалар «ТикТокқа» құмар, ал шетелде тұрып, сол жақта оқығандар аниме, паркур, тенниске қызығады, яғни бос уақытын сәл басқаша өткізеді, трендте болуды ойламайды. Сонда мен неге бұлай деп ойлайтынмын. Қарап тұрсаң, бәрі бір қазақ, бірақ өмірге көзқарастары мүлде басқа.

– Мүмкін балалар армандауды білмейтін шығар?

– Біздің балалар армандауды біледі. Мен оларға: өзің тұрғың келетін үйді сипатта десем, олар үйдің жарық әрі жайлы болуы маңызды екенін айтады. Олар қымбат теледидар керек деп айтпайды. Менің ойымша, мәселе олардың нені көріп, неге еліктейтінінде. Олар гаджетте көргендеріне еліктеуге тырысады.

– Сіздердің микромектепте оқу бағдарламасы қазақстандық па, әлде француздық па?

– Біз бұл жерде қолайлы нәрсені аламыз, мысалы, Францияда демалыс күні - сәрсенбі, яғни балалар аптасына үш күнді ата-аналарымен бірге өткізе алады, біз мұны да қолдануды жөн көрдік. Бірақ, соған қарамастан, біз мемлекеттік бағдарламаны негізге аламыз - түскі астан бұрын қосымша сабақтар, сосын үйірмелер, қосымша француз тілі сабақтары немесе шеберлік сабақтары бар. Біз оқу және тәрбие процесінде баланың тәрбиесіне, этикет, мәдениетке мән береміз.

– Яғни, болашақтың іргетасы бастауыш мектепте қаланады ғой?

– Мынадай жағдайлар да болып тұрады. Кейде балалар оқымай-оқымай келіп, 8-9-сыныпта оқуға деген құлшынысы артады, орта мектепті жақсы аяқтап, жақсы университетке түсу керектігін түсінген кезде қиындықтар туындайды. Өйткені бастауыш сыныпта көп нәрсені өткізіп алады.

Мұғалім болып қай жерде жұмыс істеу ыңғайлы - бізде ме, әлде ме Америкада ма? Мұғалімдерімізге не жетіспейді?

– Мұғалімдерімізге еркіндік беріп, олардың білім алуына, дамуына мүмкіндік беруіміз керек деп ойлаймын. Балалар мұны бірден сезеді, мұғалімнің заман ағымына ілесуге ұмтылғанын бағалайды.

Сіздің микромектепте бір оқу жылының ақысы қанша? Дарынды балаларға арналған жеңілдіктер бар ма?

– Толық күн үшін ай сайынғы төлеміміз – 150 мың теңге, үш мезгіл тамағымыз – шамамен 50 мың теңге.  Бізде қазақ топтары үшін жарты күндік түрі де бар – 75 мың теңге. Көп балалы отбасыларға, толық емес отбасыларға жеңілдіктер бар, сонымен қатар гранттар да береміз – ата-аналар оқу ақысының бір бөлігін төлейді.

– Сіз Сорбоннаны тәмамдадыңыз, инженер болып жұмыс істедіңіз, қазір мұғалім болып жүрсіз. Инженерлікке қайтып барғыңыз келмей ме?

– Қайтып барар ма едім, білмеймін, менде бәрі жақсы болды, француздық компанияда, американдық компанияда жұмыс істедім, табысым да жақсы болды, бірақ баламен жұмыс істеген, оның көзінен шуақ көрген бақыт екенін түсіндім. Мен мектептің мәселелерін жақсы білемін. Мысалы, математика пәнін оқытады, бірақ оны өмірде қайда қолданатынын үйретпейді. Мен инженерлік білімімнің арқасында мұның бәрін жеткізе аламын. Сондықтан әзірге өзімді оқытушылық қызметте еркін әрі бақытты сезінемін.

– Сізде АҚШ-та немесе Францияда қалу мүмкіндігі болды, неліктен Қазақстанды таңдадыңыз?

– Ол мүмкіндікті қазір де жасауға болады деп ойлаймын, бірақ мен өзімнің күш-қуатымның, жастық шағымның бір бөлігін осы кәсіпке жұмсауды, білімге аз да болса үлес қосуды, аз болса да балалардың өмірін өзгертуге көмектесуді жөн көрдім.

– Сіз қазір «Болашақ» стипендиясы бойынша оқу ақысын өтеп, жұмыс істеп жатырсыз ба?

– Мен оны 2015 жылы өтеп тастағанмын, содан кейін АҚШ-қа кеттім, Қазақстанға қайта оралдым. "Болашақ" алдында қазір қарызым жоқ.

– Балалардың ата-аналары сіздің әдістеріңізді заманауи деп есептей ме, қолдау білдіре ме?

 Қазір ата-аналар баланың эмоционалды бөлігі өте маңызды екенін түсінеді, оның сырттан көп ақпаратты қабылдай алатынын, бірақ оны оқшаулауға болмайтынын түсінеді. Олар балаларымен ересектер сияқты сөйлесуге тырысады, сонда ол өзін толыққанды адам ретінде сезінеді. Біздің мақсатымыз - ата-анадан стрессті мүмкіндігінше алып тастау, өйткені ол ештеңеге кінәлі емес балаға беріледі. Сондықтан бізде мектеп формасы жоқ, сабаққа кешігіп қалуыңыз мүмкін – бұл үшін қобалжудың қажеті жоқ.

– Мұғалімдерді қалай таңдайсыз, қандай да бір шарттар бар ма?

– Негізгі талап – балаларға деген сүйіспеншілік пен сабырлы, салмақты мінез. Мемлекеттік мектептерде мұғалім өзінің бастық болатын рөліне үйренген - ол әрқашан ата-аналар мен оқушылардан жоғары тұрады. Біз барлығы бірдей болуы тиіс деп, үшбұрыш моделін жасаймыз. Мұғалімдердің жалақысы еңбек нарығындағыдай, бірақ жүктемесі аз. Бір сыныпта ең көбі 14 бала болғандықтан, мұғалімге салмақ көп түспейді.

Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz порталының YouTube арнасынан көре аласыздар.