×
478.93
534.96
5.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
478.93
534.96
5.16

Үкіметтік емес ұйым өкілі: АЭС – қауіпсіз жоба

17.09.2024, 15:22

Атом электр станциясы – қазір күн тәртібінде ең көп талқыға түскен әрі сол талқыдан түсе қоймайтын тақырыптың бірі. Таяуда Орталық референдум комиссиясы референдумды өткізудің өзіне 15,8 млрд теңге жұмсалатынын мәлімдеді. Бұл реферандум “халық шешсін” деген есеппен өткізілмек. Ал халық тарапынан түсіп келіп жатқан сұрақ көп. Осы ретте Ulysmedia.kz өз алаңында Қазақстанның азаматтық альянісінің төрайымы Бану Нұрғазиевамен әңгімелесіп, көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап алуға тырысты.

Редакциядан: «Қазақстан азаматтық альянсы» ҚБ – Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Оның 20 өңірде филиалы бар. Құрамына 7000-ға жуық үкіметтік емес ұйым кіреді.

ХАЛЫҚ НЕГЕ АЭС-ТЕН ҚОРҚАДЫ

– Бану Ғаниқызы, АЭС жөнінде өзіңіз не ойлайсыз? 

– АЭС тақырыбын біз екі жылдай зерттедік. Себебі, алдымен, біз өзіміз түсініп алуымыз керек болды. Сол мақсатта семинар өткіздік. Оған сарапшыларды, мамандарды шақырттық. Мен бұл саланың маманы емеспін. Педагогпын. Мемлекеттік қызметті де атқардым. Бірақ екі жылдың ішінде біраз білім жинадым. Бүгін соны бөліскім келеді.

Әлемдегі дамыған мемлекеттердің өзі бүгінде атом энергиясын пайдаланады. Мысалы, АҚШ. Бұл елде 94 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Одан да басқасы салынып жатыр. Екінші орында бірнеше жылдан бері Франция келеді. «Біздің жерімізге бес Франция сыяды» деп мақтанамыз. Ал сол бір ғана Францияның өзінде 56 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Бұл елге зиян келтіретін зат болса, француздар оны салғыза ма? Үшінші орында Қытай тұр. Оларда қазірдің өзінде 56 реактор бар, жақын арада 26-сы салынады. Негізі олар 2030 жылға дейін 750 атом реакторын іске қосуды жоспарлап отыр. Қауіпсіздік – ең бірінші мәселе. Қай жерде, қай мәселе болса да, адамға, қоршаған ортаға қауіпсіз болуы керек. Сол үшін біз былтыр барлық облыс орталығында, үлкен мегаполистерде жария талқылау өткіздік. Қатысамын деген адамдар қатысты. Сонда өз сұрақтарын қойды. Соның қорытындысы бойынша сараптамалық құжат дайындадым.

Халық неге АЭС-тен қорқады? Әрбір азамат энергетик емес. Бірақ бір нәрсені түсіну керек. Біріншіден, қауіпсіздік деген кезде анау Семей полигонынан бастайды. Екеуі екі түрлі нәрсе. Семейдегі ол – бомба, ядролық қару. Оның құрамында байытылған уранның үлесі 97 пайыз болады. Ал АЭС-те қолданылатын байытылған уранның үлесі 4-ақ пайыз. Тіпті бомба жасаймын десеңіз де, жасай алмайсыз. Одан кейін Украина территориясындағы Чернобыльды айтады. 1986 жылы болған жағдайды көбі біледі. Чернобыль АЭС-да канальный ядролық реактор болды. АЭС реакторлары әртүрлі болады. АЭС салушылар Фукусимадағы апаттан кейін канальный реакторды қолданбайды. Ол 20-шы ғасырдың басында жасалған технология. Көп зерттеулер өтті, оған біздің қазақстандық ғалымдар да қатысты. Содан кейін Фукусиманы айтады. Фукусима АЭС-і 2011 жылы жер сілкінісі мен цунами салдарынан апатқа ұшырады. Цунами толқыны 5 қабатты үйдің биіктігіндей болды. Жапонияда «Сендай-1», «Сендай-2» деген АЭС болған. Олар сол 2011 жылдан кейін жабылып қалды. Біздің де мамандарымыз сол жерде зерттеу жүргізді. 2015 жылы осы зерттеудің арқасында ғалымдар мынадай тұжырым жасады: Апатқа цунами себеп болған. Сондықтан атомнан қауіп байқалмағандықтан, 2015 жылы «Сендай-1», «Сендай-2» АЭС-і қайтадан іске қосылды.

– Су-бу атом реакторы қаншалықты қауіпсіз? Зерттеп көрдіңіз бе?

– Егер қазақстандықтар 6 қазанда референдумда «АЭС керек» деп дауыс беріп, ол салынса, бізде су-бу реакторына (ВВР) негізделген АЭС салынады. Жер бетінде 400-ден астам ВВР атом реакторы бар. Кейбір деректе 415, кейбірінде 440 атом реакторы бар деп айтады. Неге дәл емес? Себебі оның да қызмет ететін (эксплуатация) уақыты бар. Бірі жабылып жатады. Жаңалары қосылып жатады. Сол үшін 400-ден астам деп айтады. 400-ден астам АЭС-ның ішінде қазір 307 атом реакторы су арқылы жұмыс істейді. Біз де сондай су-бу реакторын салғалы отырмыз. Осы су-бу реакторының (307) ешқайсысында апатты жағдай тіркелмеген. Бұл нені білдіреді? Оның қауіпсіз екенін көрсетеді. Біздің салғалы жатқан АЭС-міз «3», «3+» буын (поколение)  технологиясы. Бұл буын технологиясы ең қауіпсізі болып саналады.

“ӨЗ БАСЫМ ЖАНТЕКИНГЕ ХАБАРЛАСАМЫН”

– Қазақстанда көмір қоры жеткілікті, АЭС неге керек?

– «Бізде көмір қоры жеткілікті, 300 жылға жетеді, неге АЭС саламыз» деген сауалдар да бар. «Көмірді тұтынатын ЖЭС-тар, одан бөлек баламалы энергия көздері бар. Газ, күн, жел, су энергиясы бар» дейді. Халықаралық ұйымдар 4 энергия түрін «жасыл энергия» деп мойындаған. Олар: күн, жел, су, атом энергиясы. Елімізде қазір баламалы энергия көзі ретінде 140 станция бар. Оның 46-сы күн станциясы, 59-ы жел станциясы орнатылған. Биыл еліміздегі жалпы тұтынатын энергияның 6,5 пайызы күн, жел, су энергиясынан алынған. Ал 70 пайызы көмірді жағу арқылы алынған энергия. 10 пайызы газ бен жанармай арқылы өндірілген энергия. Ал атом энергиясы мүлдем жоқ.

– Мұхтар Жәкішев неге газ деп отыр? Оның АЭС-ке қатысты көзқарасын көпшілік айтып жүр... 

– Мұхтар Жәкішевтің өзі бір сұқбатында мен құрметтейтін атом саласының маманы ол - Тимур Жантекин деп айтқан. Сол үшін мен Т.Жантекинге хабарласамын. Одан газ энергиясы туралы сұрадым. Жазбаша берген жауабында ол былай дейді:

«Газ энергиясы туралы пікір барын білемін, бірақ оны қолдануды қолдамаймын. Біріншіден, газдың да қоршаған ортаға кері әсері бар. Екіншіден, газ қоры аз. Ертең бітіп қалады. Газ энергиясына сеніп отырсақ, ірі-ірі кәсіпорындар жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. 2015 жылы 193 мемлекет бірауыздан адамзаттың болашағы үшін шешім қабылдады. Тұрақты даму үшін 17 мақсат белгіленді, соның 5-еуі экологияға қатысты. Сонда 2060 жылға дейін барлық мемлекет парниктік газ шығарындыларын тоқтатуы керек. 2030 жылға дейін осы мәселеге мән бермеген мемлекеттерге не болады? Олардан шыққан экспортқа углеродный салық салынады. Ал оның сомасы қомақты. Егер біз бұл келісімді бұзсақ, онда біздің қазба байлықтарымыздың бәріне (экспортқа шығатын) салық салынады. Өзіңіз ойлаңызшы, егер тауардың бірі арзан, екіншісі қымбат болса, сатып алушы елдер қайсысын алады? Әрине, арзанын алады. Сөйтіп біздің экономикамыз күрделі жағдайда қалады. Негізі ақылды жігіт еді (М.Жәкішев. – Ред.), неге мұндай әңгімелерді айтып жатыр, білмедім» деп күлді.

Бұдан бұрынғы сұқбаттарында М.Жәкішов өзі де АЭС-сіз біздің экономикамыздың жағдайы қиын болады дегенді айтқан еді. Соңғы кезде «иә, ол дұрыс, бірақ оған қарағанда газ жақсы» дегенді айтып жүр. Халықты неге басқа бағытқа дайындап жатыр деген де әңгіме болды. Қоғамдық тыңдаулар кезінде әртүрлі пікірдегі адамдарды кездестірдік. Қарсы болғандар да болды. Қарсы болуы дұрыс. Себебі әр адамның өз пікірі бар. Қоғамдық талқылау ұйымдастырған кезде біздің мақсатымыз мықты мамандарды шақырып, халық өз сұрақтарына жауап алу үшін жасадық. Бірақ ол жерде бір топ адам дайындалған. Ол жерге сіз жайбарақат бармайсыз ғой. Дайындықпен барған. Мамандардың сөзін соңына дейін тыңдамай, күліп, келеке етіп, шулап отырды. Мұның бәрі өз-өзінен болмайды ғой. Меніңше, ол жерде де шетелдік мүдде жатқан секілді. Өйткені көптеген елдер бізге шикізат ретінде қарайды. Иә, біз қазба байлығына бай мемлекетпіз. Бірақ бізге шикізатты өзіміз өңдеп сатсақ пайдалырақ емес пе? Соны дамытқысы келмейтін елдер бар деп ойлаймын.

“ҚАЗАҚТАР ҚАРА ЖҰМЫСЫНДА ҒАНА ЖҮРМЕЙ МЕ”

– Азаматтық ұстанымды білдіру мен мәдениетсіздік екі бөлек дүние...

Азаматтық ұстаным болса, сіз, бірінші, барып тыңдайсыз. Содан кейін мен келіспеймін деп шықсаңыз, онда мәселе басқа. Ал енді сіз спикерді сөйлеткізбей, шулап отырсаңыз, ол мәдениетке жатпайды. Меніңше, оның артында белгілі бір топтар тұр. Мен өткенде Ақмола облысына бардым. Бірталай адаммен кездесіп, кәсіпорындарды араладым. Қазақша да, орысша да түсіндірдік. Халық өте жақсы тыңдайды. Содан кейін сұрақтарын қойды. Әртүрлі сұрақтар болды. Жауап берген кезде, рақметтерін айтып, дұрыс екен, еліміздің дамуы үшін осындай жұмыстар істеу керек екен деп пікір білдіріп жатты. Ақмола облысындағы ЖЭС-те де болдық. Алғашында өзімізге дүрсе қоя берді. Сонда ЖЭС-тар жабылып қалса, біз жұмыссыз қаламыз ба деп сұрақ қойды. Оларға да түсіндіріп айттық. Бұл бір күнде болатын зат емес. АЭС құрылысы 10 жылдай уақыт алады деп жауап бердік.

– АЭС-те қазақтар қара жұмысқа ғана тартылмай ма?

– АЭС-те кімдер жұмыс істейді деген сұрақты да қойды. Мен былай жауап бердім: О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебі бар, сол оқу ордасына кіріп келгенде: “қазақ баласы математикаға бейім” деген мәндегі сөз жазылған. Бізде мамандар жеткілікті. Мен сол адамдарға сұрақ қойдым. Елімізде қазір реактор бар ма, жоқ па деп. Жиналғандар ойланып тұрып, Ақтауды айтты. Иә, дұрыс, Кеңес Одағында Ақтауда салынды. Оның эксплуатациялық мерзімі бітіп, ол жұмысын тоқтатты. Ешқандай апат болған жоқ. Одан басқа екі жерде 2 атом реакторы бар. Олар Курчатов қаласында тұр. БОл баяғыда ешқандай референдумсыз қойылған. Оны басқарып отырған Ерлан Батырбеков деген профессор. Сол жерде біздің мамандар бірталай зерттеу жүргізді. Екіншіден, Алматыдан 20 шақырым жерде Ядролық физика институты тұр. Оны Саябек Сахиев деген отандық маман басқарады. Мұнда 785 адам жұмыс істеп жатыр. Қазір елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашып жатыр, сол жерде де өз мамандарымызды дайындауға уақыт бар.

Егер АЭС салынса, сол жерде жұмыс істейтін 2000 адам керек. АЭС құрылысы неге 10 жылға созылады? 4 жылда бүкіл қауіпсіздік талаптарын МАГАТЭ секілді халықаралық ұйымдар тексереді. Құрылыстың басынан аяғына дейін. Мысалы, Түркияда АЭС ешқашан болмаған. Оларда да энергия тапшылығы мәселесі бар. Жер бетіндегі ірі АЭС-тері 4-6 реакторлық АЭС-тер болып саналады. Солар Түркияда да салынып жатыр. Мен ол жерде 2 жыл бұрын болдым. Мерсин провинциясының әкімдігінде болып, олардан сіздер қайттіңіздер, халық қарсы болмады ма деп сұрадым. Қазір АЭС құрылысында 20 мың адам жұмыс істеп жатыр. Ол – қарапайым жұмысшылар. Осыншама адамға емхана, мектеп, балабақша, асхана керек қой. Міне, солар келгелі Мерсин үлкен қалаға айналып кетті дейді. Бұрын сата алмай жүрген үйлеріміз екі-үш есе қымбаттап кетті дейді. Сол жерде 600 қазақстандық жұмыс істеп жатыр екен.

 Түркияда АЭС салғалы электр энергиясының тарифі 6 есе қымбаттаған...

Түркиядағы АЭС әлі қосылған жоқ.  Тариф неге өсті десеңіз, энергия тапшылық болып жатыр. Бізде де еліміздің оңтүстік өңірінде энергия тапшылық қатты сезілуде. Электр энергиясын Ресейден сатып алып отырмыз. Сонда біреуге қашанғы тәуелді болып отыра береміз?

– Еліміздегі майнинг компаниялар энергияны көп тұтынып жатқан жоқ па?

Мен Тимур Жантекиннен осыны да сұрадым. Менде оның берген жауабы бар. Оның (майнинг) айтарлықтай әсері болып жатқан жоқ, бос әңгіме дейді. Жанымыздағы Өзбекстан да АЭС құрылысын бастады.

РЕФЕРЕНДУМ ЖАЙЛЫ

– Референдум өткізуге 15,8 млрд.теңге жұмсалады. АЭС салу бойынша Түркия да, Өзбекстан да референдум өткізген жоқ. 15 млрд.теңгені құртқанша, бізге де референдум өткізбеу керек шығар. Экономикаға прогресс болу үшін, энерготапшылықты жабу үшін Үкімет неге өзіне жауапкершілік алып, АЭС құрылысын салуды өздері шешпеді? Референдумның қажеті қанша?

–  Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген кезде бірінші айтқан сөзі: елімізде мемлекет халық үніне құлақ асуы тиіс. Қандай мәселе болса да, біз халықпен ақылдасып шешуіміз керек деді. Сол айтқан сөзінде тұрды. АЭС туралы былтырғы жолдауында айтты. Алматыда сала мамандары жиналып, экологтар, энергетиктер бас қосып, АЭС керек болса, соны салуға үкіметпен бірге шешім қабылдауы керек еді. Бізде қай мәселеде қандай референдум ұйымдастырылып еді деген мәселе де айтылды. Бірақ президент халыққа берген уәдесінде тұрды. Ал егер халық АЭС салу идеясын қолдамаса, бұл елімізді экономикалық тығырыққа тірейді.

Күн де, жел де тұрақты емес, климатқа байланысты. Егер сіз ірі кәсіпорын иесі болсаңыз, онда энергия жоқ кезде немесе аз кезде жұмысты тоқтатасыз ба? Күн шықты, мына станция жұмыс істеп кетеді деген де дұрыс емес. Ол күн станциясы энергия беру үшін күннің де белгілі бір градусы бар. Жел де сондай. Сонда бүгін жел бар, ертең жел жоқ деп ауа райына қарап отырамыз ба? Алматыдағы Ядролық физика институтында фармакологиялық препараттар шығарылып жатыр. Онкологияға шалдыққан науқастарға арналған дәріні шетелден де сатып алып жатыр. Бірнеше сынақ кезеңінен сәтті өтті. 800-ге жуық отандық маман сол жерде жұмыс істеп жатыр.

– Уран қалдығы жайлы не дейсіз? Оның да қаупі жайлы көп айтылады.

– АЭС-ке отын ретінде қолданылған байытылған уран таблеткасы мерзімі өткеннен кейін сақтау қоймасына жіберіліп, сол жерде қайтадан байытылады. Содан кейін оны қайтадан отын ретінде пайдалануға болады. Қалдықты сақтау қоймасы қай жерде орналасатыны туралы білмеймін. Уран қоры бойынша біз әлемде екінші орындамыз. Бірінші орында - Аустралия. Моңғолиядан да шығады деп жатыр, оны бірінші өндіріске қосу керек. Уранды шығару бойынша бірінші орындамыз. Өскеменде Үлбі зауыты бар. Сол зауытта уран таблеткалары экспортқа шығады. Алысқа бармай-ақ қояйық, жанымызда тұрған Қытай бізден сатып алып жатыр. Көбісі біздің ураннан өнім алып, оны өзіміз пайдаланбай отырғанымызға таң қалады.

АЭС салуды қолдамаймын деп тұрғандардың көбі АЭС туралы ақпараты жоқ, білмейді. Егер осы айтып отырған әңгімемізді үйде болсын, ұжымда болсын, кең таратсақ, онда халық дауыс беруге келеді. Менің жасаған зерттеуім бойынша жастардың 85 пайызы АЭС құрылысын қолдап отыр.  

– «Германия сияқты мемлекеттер АЭС-тен бас тартып жатыр» деген де аргумент көп. Ол жайлы не ойлайсыз?

– Германияда 17 атом реакторы бар. Ал тоқтатылды дегенге айтайын: Германияда кезінде Қазақстаннан көшіп кеткен таныстарым тұрады. Уатсап арқылы сөйлесіп тұрамын. Ол жақтың халқы ел билігіне: кезінде сіздер халық қарсы деп, өздеріңіз жауапкершілік алмай, АЭС-тарды жаптыңыздар. Ал қазір электр энергиясына тарифтер өсіп жатыр деп айтып жатыр екен. Германия энергияны Франциядан сатып алады, кезінде олар баламалы энергия көздеріне назар аударды. Бірақ олар тұрақты энергия көзі емес қой. Жанында тұрған Польша көмір жағады. Солардан энергия сатып алуда. Міне, жағдайлары осындай. Оны өзіңіз гуглға жазып іздесеңіз, бірталай мәлімет алуға болады. Енді сол жерде де үкімет кезінде дұрыс істемедік деп өкініп отыр. Олар Фукусимадағы апаттан кейін осы мәселені қозғады. Бірақ жапондар АЭС-қа қызығушылығын тоқтатқан жоқ.

“АЭС-ТІ РЕСЕЙ САЛА МА?”

– Халық АЭС жобасы жемқорлық нысанына айналмай ма деп қорқады...

– Бұл сұрақ барлық жерде қойылады. Сыбайлас жемқорлық елімізге ауыр тиіп отыр. Соншама байлықпен керемет алға ұмтылып келе жатқан қазақ елі артқа кетіп бара жатырмыз. Қазір жемқорлыққа қарсы үлкен жұмыстар жасалып жатыр. АЭС құрылысын халықаралық ұйымдардың мамандары келіп бақылайды. Егер референдумда халық АЭС құрылысын қолдап дауыс берсе, яғни салынатын болса, МАГАТЭ бәрін қадағалап отырады. АЭС-та апат болса, бір елге ғана емес, бүкіл адамзатқа зияны тиеді. Сондықтан олар жіті қадағалайды. Өткенде Ақмола облысында халықпен кездестік. Қ.Жабағиев деген Мәжіліс депутаты болған ағамыз бар. Сол кісі АЭС құрылысын қолдайтынын айтты. Баяғыда алғаш Жигули шыққанда, көршілеріміз айтты: Құдай сақтасын, мына Жигулиді алмау керек екен, ол қатты жүреді, оданда өзіміздің Запорожец бен Москвич жақсы деді. Қазір ол көліктер де қалды. Сағатына 180-200 шақырым жылдамдықпен жүретін шетелдік көліктер шықты деп мысал келтірді. Тағы бір мысал. Кейбір қазақстандықтардың балалары шетелде оқып жатыр. Көшіп кеткендері де бар. Сонда олар Францияға балаларын неге жіберіп жатыр. Оларда АЭС бар, қауіпті ғой. Алматыдағы кездесуде бір үлкен кісі: негізі қазақ киіз үйде тұрып, малын бағып қана тып-тыныш жүрді ғой. Ол да жаман емес дейді. Ал енді жап-жас сіз соған көнесіз бе? Ал егер 3 сағатқа жарық өшіп қалсыншы, не болатынын білесіз? Энергия тапшылығы қазірдің өзінде байқалып жатыр.

– АЭС-ты Ресей салуына көзқарастан хабарыңыз бар шығар? Өз басым қоғамда “АЭС салынса салына берсін, Ресей салмасын” деген де пікір көп...

– Енді Ресейдің салуына қарсылық туралы. Алғаш АЭС саламыз дегенде 13 мемлекет ұсыным берді. Ішінде АҚШ та бар, басқалары да бар. Оларды вендор деп айтады. Іріктеле келе 4 мемлекет қалды. Әзір қай мемлекет салатыны белгісіз. Ол референдум біткеннен кейін талқыланады. Жаңа 15 млрд. жұмсалады дегенді айтасыз. Оның сомасы әлі нақтыланған жоқ. Қазір 4 мемлекет үміткер. Ел үкіметі, энергетиктер, мықты мамандар олардың ұсынысын зерттеп барып шешім қабылдайды.

АЭС салынғанда, онда “ловушка” деген зат бар. Мысалы, жер сілкінісі болған жағдайда, АЭС апатқа ұшырамай ма деген сұрақ та көпшіліктің көкейінде тұр. 8 баллдық жер сілкінісі дейік, тіпті одан да жоғары. Станцияның астында орналасқан ловушка деген құрылғы болады. Ол байытылған уран отынын (АЭС-ке отын ретінде қолданылатын) жер астына, тереңдікке атып жібереді.

Жел, күн станцияларын пайдалану уақыты 20-25 жылға дейін. Содан кейін ол тоқтайды. Оларды жасыл технология, еш зияны жоқ дейді. Жел станциялары төңірегінде Еуропада шу болып жатыр. Олар да көптеп орнатқан екен.  Құстарға зияны көп, қырылуда дейді. Дыбысы әсер етеді екен. Қалағы да (жел станциясы қалақтары) ұзын. Бұл станциялардың (күн, жел) тиімділігі салынған соманың 30-40 пайызын ғана ақтайды. Ал АЭС-ті қолдану мерзімі 60-90 жылға арналған.

БАЛҚАШҚА ҚАУІП БАР МА

– АЭС-ТЕН Балқаш суына зияны жоқ па?

– Жылына Балқаш көлінің 20 куб/м суы табиғи жолмен буланады екен. АЭС реакторына пайдаланатын су үш контурда болады. Біріншісінде су ешқандай өзгермейді. Екінші контурда судың булануы 0,03 куб/м. Айырмашылықты көрдіңіз бе? Мен Мерсиндегі (Түркия) АЭС құрылысын көруге екі жыл бұрын барғанымда, көл суы азайып қалған жоқ па деген сұрақты мен де қойғанмын. Жоқ, азаймады деді. АЭС-ке су соратын қондырғылар судың түбіне орнатылады. Мен сондай-ақ Үлкен ауылының тұрғындары туралы айтқым келеді. Олармен телефонмен, уатсаппен хабарласып отырамын. Алматыда, Қонаевта, Астана өткен қоғамдық тыңдаулар кезінде де олар хабарласып: Бану Ғаниқызы, сіз халыққа дұрыстап түсіндіріңізші, мамандар жеткілікті, қазір Үлкен ауылында 1800-ден астам халық тұрып жатыр. АЭС туралы референдум өтіп, станция салынар болса, біздің өңіріміз дамып, мықты өңір болатынына біз сенеміз. Күтіп отырмыз деп айтып жатыр.