×
508.05
534.82
5.06
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
508.05
534.82
5.06

Біздің адамдар қартаюды білмейді, немере бақпайтын әжені сөккен дұрыс емес. Айна Досқызымен сұхбат

Біздің адамдар қартаюды білмейді, немере бақпайтын әжені сөккен дұрыс емес. Айна Досқызымен сұхбат
Фото: sxodim.com

Жыл сайын қазан айының басында дүниежүзілік қарттар күні атап өтіледі. Осыған орай даналық, қартая білу, қарттыққа көзқарас туралы коммуникация маманы Айна Досмахамбетқызымен әңгіме құрдық.

– Айна ханым, қазақ қартын қазына деп таныған ел ғой. Десе де қоғамда қарттарға әсіре жауапкершілік артылады деп ойламайсыз ба?

– Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Бірақ өз ойымша қалай дегенмен де қазіргі таңда кезіндегідей бүтін бір ауылдың дауын шешіп отырған, оларды бәрі тыңдайтын, абыройлы, дана ата-апаларымыздың жоқтығына қарным ашады. Әсіресе ажырасу мәселесінде осындай қазыналы кісілеріміздің жоқтығы қатты сезіледі. Қазіргі ата-енелер балаларына дұрыс ақыл айтудың орнына, керісінше теріс нәрсе айтып, я болмаса басын құмға тыққан түйеқұс сияқты үнсіз отырады. Ерлі-зайыптылар ажырасқанда ер адамдар балаларын тастап кетеді, ата-әжесі немерелерінен ажырап қалады, араласпай кетеді. Сол кезде балаларына жауапкершілікті үйрететін ата-анасы жоқ па деп қынжыламын. Осыған қарап, бізде ақсақалдар институты қирап қалғандай көрінеді. Егер дұрыс ақыл-кеңес беретін ата-апаларымыз болса, бізге психологтар да керек болмаушы еді.

 Әйтсе де қарттарға ауыр жүк артып, шектеу қойып тастаған жоқпыз ба? Батыс мәдениетінде қарттардың көңіл көтеріп, билегеніне сүйсініп қараса, бізде кейде қарттар тұрмақ, орта жастағы адамның билегенін ерсі көріп, “Қырыққа келіп қылық шығарыпты” деп сөгіп жатады ғой

 Өз басым әр жасқа жарасатын нәрсе болады деп санаймын. Егер тойда апа болсын, ата болсын өзіне жарасымды, өзіне ұнайтын, өзінің көңілін көтеретін би билесе, онда ол өте жақсы. Жасы келсе де көңіл көтере білетін, өзіне көңіл көтеруге тыйым салмаған, жасына сай сәнденетін, үйлесімді киінетін ата, апаларымыз көп болса, керемет. Ал темекі тартып, тым қатты боянып, келте көйлек киіп, жас сияқты көрінгісі келсе, онда ол біздің ата-апаларымызға жараспайтын сияқты. Менталдық ерекшелікті де ескерген жөн. Батыста өзіне үйлесімді жүріс-түрыс, киім-киіс нормасы бар. Жасы, кәрісі бар бәрі тамақпен бірге бір бокал шарап ішу әдеті бар. Жағажайда билейді дегендей. Олардың мәдениетіне ол үйлесімді. Жағалауда тұратын мәдениеттердің ата-апалары таңертең йогамен айналысып, кешке барда бір-бір бокал вино ішеді. Олардың мәдениетінде бұрыннан сондай. Олар жас кезінде де солай киініп, солай жүріп тұрады. Жас кезінен шарап ішеді. Олар өз мәдениетінен ауытқымай, соған сай қартаяды. Ал біздегі менталитетпен санаспауға болмайды. Бізде өте қатты қысқа киетін жастар да аз. Біздің қарттарымыз өзіміздің мәдениетімізге сай қартая отырып, бірақ белсенділікті сақтап қалса, ол өте жақсы деп ойлаймын.

 Мен де осы белсенділікті айтып отырмын. Қоғамда кейде қартайған адамдарға арманы жоқтай қарайтын, олар тек өлуге дайындалуы керек сияқты көзқарастар ұшырасады. Неге олай?

 Өйткені қарттар өздері сондай көзқараста. Болды, менің жасым келді, немере қарауым керек, о дүниеге дайындалуым керек деп ойлайды. Қарттар өзі солай қабылдағаннан кейін, жастар да оларды солай қабылдайды. Сол бойымызға сіңіп кеткен.

Белгілі жазушы Борис Акуниннің романдарының бірінде Эраст Фандорин деген кейіпкердің “біздің адамдар қартаюды білмейді, біздің адамдар сөнуді ғана біледі” дегенге келетін сөзі бар. Біздікі сол. Біз қартаюды білмейміз. Сол романның кейіпкері өзіне қартаюға байланысты шарт қояды. Ол өзіне “мен жыл сайын бір физикалық дағды, бір менталдық дағды үйренуім керек” деген талап қояды. Биыл аспалы арқанның үстінен жүріп үйренемін дейді де, бір жылын соған арнайды. Сосын жаңа тіл үйреніп, миды дамытатын дағды меңгереді. Осылайша, бір жылда бір физикалық, бір миды шынықтыратын дағды үйренеді.

Егер біз осылай қартаятын болсақ, тіпті күшті болар еді. Сонда 70-те болсақ та денеміз шымыр, миымыз дұрыс істейтін, өмірлік тәжірибесі мол қарт боламыз. Ал біз керісінше, жыл сайын жаңа дағды қосудың орнына, жыл сайын бір дағдыны алып отырамыз. Мәселен, мен 60 жасыма дейін жүгірумен айналыссам, 61 жасымда қартайып жатқан сияқтымын деп жүгіргенді қоямын. 70-ке дейін бірдеңе үйреніп жүрген болсақ, 70-тен кейін оны да доғарамыз. Осылай өзімізді үйретіп қойдық та, “жыл сайын миымыз, денеміз нашар жұмыс істей бастады, бізді тыңдамайды” дейміз. Іс жүзінде олай емес. Неге үлкейгенде біздің есте сақтау қабілетіміз азады. Ол қартайғаннан емес, білетін нәрсемізді қолданбағаннан ұмытып бастаймыз. Айталық, мектепте ағылшын аптасына 5 рет болады да ағылшынша еркін сөйлейсің делік. Кейін сөйлемей қалсаң, ол ұмытылады. Жасың 20-да болса да. Сол сияқты біз 50-60-70-ке таяғанда білетін нәрселерімізді азайта бастаймыз, істемей бастаймыз. Соның кесірінен оларды ұмыта бастаймыз. Сосын мен қартайып жатырмын, есте сақтау қабілетім нашарлап жатыр деп ойлаймыз. Шын мәнінде ол оған байланысты емес. Оны нейробиологтар зерттеп, баяғыда-ақ ми қартаймайтынын дәлелдеген. Тек адам өзі соған сеніп миын аз пайдаланып бастағандықтан, оның функциясы да азая бастайды.

Суретте Айна Досқызы, ол жүзумен кәсіби түрде айналысады

 Ал мынаған не дейсіз, бізде үлкен кісілер өзінің бақытын бала-шағасының амандығымен, бақытымен жиі байланыстырып сөйлейді. Бұл өзін ұмыту, яки өзіне көңіл бөлмеу емес пе?

 Иә, бізде адамдар қартайған сайын арманымыз азаюы керек, жүріс-тұрысымыз, жаңа нәрсені үйренуіміз азаюы керек деп ойлап, бала-шағаға қанағат болып отыра береді. Бала-шаға ол қай жаста да адамның бақыты. Бізде тек 30 жаста бала-шағадан басқа хобби, достар, жұмыс сияқты да приоритеттер болды. Біз қартайған сайын, тауға шығуды қойып, достармен жолығуды сиретіп, приоритеттерді алып тастаймыз да бала-шаға ғана қалады. Сондықтан бұл – өзін ұмыту, өзіне көңіл бөлмеуге ұқсайды.

 Арамызда осы приоритеттерден бас тартпай, немере бағып, үйде отыруды емес, өзінің жеке өмірін, жұмысын таңдағандар да көптеп кездесіп жүр. Осындай кісілерді “немере бақпады” деп сөгу, айыптау орынды ма?

 Ондай адамдарды сөгуге болмайды. Өйткені баланы әркім өзі үшін туады. Оны қарап беруге біреу міндетті емес. Оның үстіне ата-әжелер институты жойылып, қарт кісілеріміз батырлар жырын, дастандарды, күшті әңгіме-ертегілерді айта алмағандықтан, жоғалтар да ештеңеміз жоқ болып тұр өкінішке қарай. Сондықтан оларға ренжуге болмайды. Ал ата-әжелердің қарттық шағы нағыз демалатын, өмірден ләззат алатын, сүйікті іспен айналысатын шағы болуы керек еді. Бірақ ата-апаларымыз отбасы, немере шеңберінде қамалып қалады да бала-келінімен келіспей жатады. Өйткені оларда билігі жететін баласы, келіні мен немересі ғана қалады. Өзінің барын, өзінің керектігін тек қана соларға бұйрық беру, соларды тәрбиелеу арқылы сезіне алады. Содан үйде келіспеушілік басталады. Бірақ жаңа босанған адамның жанында енесі, анасы сияқты жасы үлкен адам болып, көмектескені өте қажет.

 Бүгінгі әңгімеміз қарттыққа байланысты ғой. Сондықтан ене мен келін қарым-қатынасындағы тек ене мәселесі туралы сұрақпен әңгімені түйіндегім келіп отыр. Ененің түсінбеуі, ененің жанжал шығаруының жоғарыда айтқандарыңызбен байланысы бар ма?

 Байланысы бар. Бағана айтқанымдай даналықтың кемшіл түсіп жатқанын ба, кейде енелер “мен көрген қиындықты келін де көрсін” деген көзқараста болады. Бұл бейсаналық тұрғыда кек алу болуы да мүмкін. Кейде біз бала мен ересектердің рөлдерін шатастырып аламыз. Мысалы, енелер келіннің орнында болып көрген, оған қандай қиын екенін біледі. Енді біреудің баласына сол қиындықты көрсетпеудің орнына, өзі бала сияқты болып, біреудің қиналғанын қалайды. Бұл – өте дұрыс емес нәрсе. Әрі ажырасуға соқтыратын негізгі фактордың бірі. Енелер бұл шырғалаң шеңбер бір отбасымен тоқтауы керектігін түсінуі керек. 

Екінші байланысы – адамдар қарттықтың қамын істемей баласына қарап қалуы. Ұлына қарап қалғаннан кейін оларда ұлы ертең әйелімен кетіп, бізді қарамай қояды деген қорқыныш бар сияқты. Сондықтан балаларына жабысып, оның жауапкершілік алуына, отбасын дұрыс құруына мүмкіндік бермейді. Бақылап отыра алмаса, өзін кейін бақпай қоя ма деп қорқады. Дұрысында аналар ұлына еркіндік берсе, олар өзі де анасын тастамайды. Бірақ бізде сол қарттықпен өмір аяқталатындай парадигма осындай келеңсіздікке әкеледі. Батысты көп үлгі еткенді ұнатпаймын, десе де оң тұстарын алуға болады. Солар сияқты қарттыққа ерте қамданып, зейнетті қамтамасыз етіп қойсақ, балаларымызға жүк болып артылмас едік. Шығыс елдерінде бала – кәріліктің инвестициясы іспеттес. Осыдан келіп ене мен келін институты татуласа алмай жүр.