×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Технократ елге айналғың келсе, математикаңды түзе – педагог Ырысбек Мәуітпен сұхбат

18.10.2024, 11:18
Технократ елге айналғың келсе, математикаңды түзе – педагог Ырысбек Мәуітпен сұхбат
Ulysmedia.kz

Жуырда ғана мемлекет басшысы Олимпиададан жеңіске жеткен спортшыларға қандай құрмет көрсетілсе, халықаралық білім Олимпиадаларындағы балаларға да сондай құрмет көрсетілу керек екенін айтты. Елімізде соңғы кезде мектеп оқушылары арасында орын алып жатқан түрлі трагедиялар, Үкімет отырыстарындағы мектеп оқулықтарына қатысты депутаттардың тартысы, білім беру жүйесіндегі мәселелер жөнінде UlysMedia тілшісі математик, қазіргі мектеп бағдарламаларындағы оқулықтардың әдістеме авторы, Ырысбек Мәуітпен сұхбаттасты.

БІЛІМ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ҚАЗІР ҚАЙДА

– Ырысбек мырза, бүгінгі жеткіншектердің «кім болуды армандайсың?» деп сұрасаң – «спортшы, футболист, блогер боламын» деп жауап береді. Сіздіңше, мұның себебі неде? 

– Білім де, білімді азаматтардың да дәріптелуі кемшін болып тұр. Капиталистік заман сұранысына сай қазіргі жастар тез ақша тауып, тез баюды ойлайды. Футболистер мен блогерлердің тұрған үйіне, мінген көлігіне, жалпы аста-төк өмір сүруіне қызығады. Спортшылар мен әншілер, түрлі коуч-блогерлер әлеуметтік желі арқылы тез байып, оқымай-ақ бай, табысты болуға болады деген түсінікті дәріптеп жүр.  Бізде IMO-деген халықаралық математика Олимпиадасынан алтын, күміс, қола алған мықты ұл-қыздар жетерлік. Бірақ олар жарыстан келгенде ешкім астына тұлпар мінгізіп, қолына пәтер кілтін беріп төбесіне көтермейді. Тіптен, олар елеусіз. Оларды белгілі бір орта ғана біледі, қоғам білмейді.

– Ол үздік қыз-жігіттер қазір қайда жүр?

– Олар халықаралық компанияларда қызмет етеді. Өзім танитын бірталай жігіттеріміз Google, facebook сынды әлемнің ең мықты компанияларында жүр.  Кейде орталықта Олимпиададан үздік орын алған оқушылар сабақ берсе екен деген ниетпен іздеу салып, сұрастырсаң елден таппайсың. Себебі олар шетелдің ірі компанияларында қызмет етеді. Және ол қыз-жігіттер аз ғана айлыққа жұмыс істемейді, жеткен жетістіктері туралы әлеужеліге шығып айқайлап айтпайды, ақыл сатпайды, хайп жасамайды. Шетте жүрсе де, ел үшін үлкен жұмыстар атқарып, инвестиция тартып, экономикамызды дамытып жүргендері де жоқ емес. Соның бәрі кезінде күн-түні кітап кеміріп, түрлі курстар мен Олимпиадаларға қатысқанның арқасында жеткен жетістік. Бір ғана Қаныш Сәтпаев Жезқазғанды ашып, мыстан 2 млрд теңге кіріс әкелген.  Сол Маңғыстаудың мұнайы бүгінгі Қазақстанның донорына айналып отыр. Бұл білімнің құдіреті және ол ұзақмерзімді қызмет атқарады. Түркиядағы байрактар инвестициядан бөлек, ұлттық қауіпсіздіктің кепілі болып отыр?! Асқар Жұмаділдаев ағамыз айтқандай «Біз әлі кешегі Шыңғыс ханның ұрпағымыз» деп өткенімізбен мақтанып кетеміз. Бүгін ертеңге айналады, сондықтан нақты іс пен нәтиже керек.

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНІҢ САПАСЫ ЖАЙЛЫ

– Астана, Алматыдағы ата-аналардың көбі қазақтілді мектептердің сапасына күмән келтіріп жатады. Қазақ мектептерінің қазіргі сапасы қандай?

– Нақты деректерге сүйенер болсақ, халықаралық Олимпиададан, ҰБТ-дан үздік нәтижені көрсетіп жатқан қазақ мектептерінің балалары. Одан бөлек, қазір орыс тілінде сабақ беретін сапалы кадр тапшы. Математикада орыстілді мамандарға қарағанда қазақтілді мамандарға сұраныс көбейді. Сондықтан бұрынғы құлдық психологиядан құтылу керек, қазір орысшаға қарағанда қазақша білімнің сапасы өте керемет. Бұл құрғақ сөз емес,  нақты деректер оның дәлелі. Олимпиада оқулықтары да бұрын алдымен орысша жазылып, кейін қазақшаға аударылатын. Ол да бірте-бірте түзеліп келеді.

«ГЕОМЕТРИЯНЫ ТМД ЕЛДЕРІ ҒАНА ОҚИДЫ»

– Жаратылыстану бағытындағы көптеген оқу-әдістемелерінің авторы өзіңізсіз. Әлеуметтік желіде алгебра мен геометрияны біріктіріп, тек математиканы оқыту керек екенін айтып жүрсіз. Бұл несімен тиімді?

–  Геометрия деген пәнді ТМД елдері ғана оқиды. Қазір әлем елдері мектеп бітіргенге дейін бір ғана «математика» оқулығымен оқытады, ал бізде 7-сыныптан бастап алгебра мен геометрияға бөлу арқылы оқушыға артық жүктеме түсіреміз.Алгебра мен геометрияны біріктіріп оқыту функционалдық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік береді. Оқушылар күнделікті өмірде кездесетін математикалық есептерді шешіп, статистика мен анализге көңіл бөлер еді. Екіншіден, 1-6 сыныптарда математика бес бөлімге бөлінеді, ал 7-сыныптан бастап алгебра мен геометрияға бөлініп кетеді, бұл тақырыптардың арасында байланыс орнатуды қиындатады. Геометрия жоғалып кетпейді, керісінше, біртұтас математиканы жүйелі түрде оқытуға мүмкіндік туар еді. Қазір аптасына 1 сағат ғана өтетін геометрияның тиімділігі аз, ал егер математика бір пән болса, тақырыптарды ретімен оқыту жеңілдер еді. Математика сағаттары қысқармайды, керісінше, тиімді қолданылады. Көп елдер, мысалы, Сингапур, математиканы аптасына 8 сағат оқытады, бұл білім сапасына әсер ететіні анық.Олимпиадалар да математика пәнінен өткізіледі, онда алгебра мен геометрия бөлек емес, біртұтас қамтылады. Бұл да математиканы тұтас оқытудың маңызын көрсетеді. Алгебра мен геометрияны біріктіріп, математика пәнін біртұтас етіп оқыту оқушылардың сауаттылығын арттырып, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға мүмкіндік береді.

ОРАШОЛАҚ ОҚУЛЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ

– Мектеп оқулықтары өте күрделі екенін ата-аналар да, мұғалімдер де жиі көтеріп келеді. Неліктен қазіргі оқулықтар күрделі? 

– Қазіргі оқулықтардың күрделілігі біздің бағдарламаның құрылымынан туындап отыр. 2016 жылдан бастап жаңартылған мазмұн енгізілді, және қазір біз сол бағдарлама бойынша жазылған оқулықтармен жұмыс істеп келеміз. Идеясы дұрыс – бұл «спиральді оқыту» деп аталады. Оның мәні – математика бастауыш сыныптан бастап жоғарыда айтылғандай 5 негізгі бөлімге бөлінеді. Бірақ, біз сан мен алгебраны бөліп жібердік. Алгебра, негізінен, теңдеулермен жұмыс істеу дегенді білдіреді. Оны бөліп тастағаннан кейін, бірінші сыныптан бастап х пен у-ті оқытуға мәжбүр болдық. Мәселе осында жатыр.2026 жылдан бастап жаңа оқулықтардың енгізілетіні туралы айтылып жатыр. Бұл бағдарлама «дұрысталды, жеңілдетілді» деп мәлімделуде. Алайда, мәселені шешу үшін реформа қажет.

– Бүгінде қалтасындағы соңғы тиынын санап, баламды технократ жасаймын деген қалалық ата- аналар балаларын курстан курсқа тасып жүргенінің күнде куәсіміз. Сіздіңше, қазіргі қазақ балаларына математика не үшін қажет? Шетелдегідей кімнің қай пәнге бейімі бар, соны ғана оқытуға болмай ма?!

– Математиканың барлық адамға қажет екенін үнемі айтамын. Математиканы косинус, синус деп түсінетіндер көп, бірақ адамға ең алдымен логика керек. Логиканың жалпы өмірде маңызы зор. Математикалық сауаттылық, жасанды интеллект дейміз. Журналистердің өзіне сұрақ қою үшін логика, сараптама керек болады, сол сияқты кәсіпкер ретінде біз логикаға сүйенеміз. Мысалы, Ақтаудан орталық ашайын деп жатырмыз ол үшін ең алдымен сол қалада біздікіндей неше орталық бар, оның орташа бағасы қанша, маркетиң және басқа да мәселелер математикаға келіп тіреледі. Математиканың қамтитын саласы өте үлкен. Кезіндегі Греция философтарының барлығы математиканы өздерінің миын өсіретін құрал ретінде пайдаланған. Себебі, ол ойлау жүйесінің құрылымын қалыптастырып, миды жаттықтырады, ойды өсіреді.

– Ой демекші, қазіргі қазақ қоғамы ойлана алып жүр ма? Соңғы елдегі жан түршігерлік жағдайлар, оқушылардың суициді, әскердегі оқиғалар кеудеге күмән ұялатады.

– Өкінішке қарай, ойлана алып жүргендердің қатары аз.  Бүгінде сөзінде ешқандай дәлел –дәйек жоқ құрғақ сөйлейтіндер көбейді. Қоғамда сондай сылдыр сөз қатты қаралым жинайды. Ешкім оны соңына дейін зерттеп, сұрыптау дегенді ойламайды. Ал математикада нақты ғылым ретінде  бірінші дәлел керек. Қазақ қоғамының хайп қуып кеткені де, сол дәлелсіз-дәйексіз ақпаратқа сеніп, критикалық ойлауды азайтқанынан болар. Жүйедегі қателіктерді айтпағанда, қазір көп адам бір күндігін ойлап, жеңіл өмірді, жеңіл ақшаны іздейді. Бұл да бір қоғамның дағдарысы шығар.

ЖАҚСЫ ОҚУШЫ, ЖАҚСЫ ҰСТАЗ ЖӘНЕ АТА-АНАЛАР ТУРАЛЫ

– Жуырда Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің оқулықтар мәселесіне қатысты отырысында білім саласындағы әріптестеріңіз «жақсы оқушы қандай болу керек?» деген сұраққа нақты жауап бере алмай, депутаттардың сынына қалды. 30 жылдық тәжірибесі бар педагог ретінде осы сұрақтың жауабын өзіңізге қойғым келіп тұр

– Жақсы оқушы – ең алдымен адамгершілігі бар оқушы. Менің ойымша, оқушыны тек нәтижелерімен емес, адамгершілік қасиеттерімен де бағалау қажет. Егер баланың оқу үлгерімі жоғары болғанымен, тәрбие жағынан ақсап тұрса –  бұл білімнің пайдасынан гөрі зияны көп болады. Сондықтан қоғамға пайдасын тигізетін, жанындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната алатын оқушы – нағыз үлгілі оқушы. Психологиялық тұрғыдан сау бала ғана жақсы оқушы бола алады.

– Ал жақсы мұғалім қандай болу керек?

– Өзімнің ұстазға қоятын бірінші талабым – мейірімділік. Жақсы ұстаз – мейірімді ұстаз. Мейірім болған жерде бәрі де орнына келеді. Мағжан Жұмабаев та педагогикасында адам ең әлсіз болып дүниеге келеді, сондықтан оған күтім мен қамқорлық қажет деп жазады. Тіпті есін білмейтін бала да мейірімділікті бірден сезеді.Ұстаздың қасиеттерін Абай атамыз да айтып кеткен: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – үш-ақ нәрсе адамның қасиеті». Бұл үш қасиет бойында болса, адам ұстаз бола алады. Нұрлы ақыл – логика, жылы жүрек – мейірім мен ниет, ыстық қайрат – жауапкершілік пен еңбекқорлық. Ұстаздық тек кәсіп емес, ол – нағыз өнер.

– Күн сайын жүздеген ата-анамен жұмыс істейсіз. Қазіргі ата-аналардың сұранысы қандай?

– Біздің орталыққа баласының білім алуына инвестиция салып, оның болашағына мән беретін ата-аналар көп келеді. Олар балаларының дамуын қалайды және осы мақсатта ештеңеден аянып қалмайды. Жас ата-аналар балама қайтсем білім беремін деп жанталасып жүр. Олардың бар сұранысы – баласының үлгерімінің жақсарып, математиканы оңай түсінуі. ЖИ және робототехника, ағылшын тілі бағыттарында баулығылары келетін аналар қатары күн сайын көбейіп жатыр. Ізденуші, талап етуші және дұрыс нәтиже күтетін жас отбасылар инвестицияны баланың біліміне салу керек екенін біледі. Орта мектеп, орталықта да үйрететініміз бір математика. Бірақ тегіннің құны болмай, ақысын төлеген кезде ғана жауапкершіліктің артатыны жасырын емес. Сондықтан балалардың қосымшаға барып, білімдерін арттыруы керісінше өте жақсы нәтиже.

– Өзіңіздің педагогика саласында жүргеніңізге неше жыл?

– Жалпы алғанда 26 жылдық тәжірибесі бар ұстазбын. Қытайда 10 жыл жұмыс істегенмін. 

– Қытай мен біздегі білім саласын салыстыруға бола ма? Ол жақтағы білім жүйесінен нені үйрене аламыз?

Салыстыруға әрине болады, бізде де өз артықшылықтарымыз бар. Мысалы, жазу-сызу мен пунктуалдық жағынан еліміздің артықшылығы айқын. Қытайда 1978 жылдан бастап реформа жасаған Дэн Сяопиннің айтқан бір сөзі бар: «Ертедегіні бүгін үшін, шетелдікін Қытай үшін жұмыс істету». Оның мәні – шетелдік жетістіктерді алып, Қытайға бейімдеу. Ал бізде шетелдікін Қазақстан үшін емес, шетел үшін қолдану басым. Астанада көптеген шетелдік мектептер бар, оларға қыруар қаржы жұмсалады, бірақ ұлттық құндылықтар жоқ. Біз өз мектебімізде ағылшын тілін тереңдетіп оқытамыз, бірақ сабақтар таза қазақша өтеді. Математиканы да тереңдетіп қазақ тілінде береміз. Ең бастысы – ұлттық құндылықтар жоғары орында. Біздің мақсатымыз – зерделі бала, зерделі ұстаз, зерделі отбасы қандай болу керектігін көрсету. Мектебіміздің негізгі тіректері – осы үш бағыт.

– Уақыт бөлгеніңізге көп рақмет!