Кейінгі жылдары Қазақстанда сот процестерін тікелей эфирде өткізу тенденциясы байқалады. Былтыр «әйелін ұрып өлтірді» деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев соты тікелей эфирде көрсетілсе, биыл Талғардағы төбелес кезінде қаза болған жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот та тікелей эфирде таратылды. Бұл сот ашықтығының белгісі ме, жоқ әлде заң үстемдігінің имитациясы ма? Сарапшылар не дейді? Ұзақ жылға сотталған саяси белсенділер мен журналистердің соты неге жабық өтті? Бұл материалда осы сауалдарға жауап іздейміз.
Астана соты 24 жылға соттаған Қуандық Бишімбаевтың соты басынан аяғына дейін тікелей эфирде көрсетілді. Қазақстан қоғамында ғана емес, шетелде де резонанс тудырған істі ондаған мың адам бақылады. Экс-министр әйелі Салтанат Нүкенованы қалай ұрып-соққаны бейнелен кадрлар сотта ашық көрсетілді.
Бишімбаев сотынан кейін арада бір жыл уақыт өткенде қоғамда резонанс тудырған тағы бір іс Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесін де ондағын мың адам бақылады. Сарапшылар іске қатысты түрлі талдаулар жасады. Кейбірі сотталушыларға тағылған айып пен шығарылған үкімнің тым жеңіл екенін айтса, енді бірі соттың ашықтығы мен заң үстемдігін қолдай сөйледі. Сот үкімімен іс бойынша күдікті деп танылған 9 адам 1 жыл 6 айдан, 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
«ҚОҒАМ СЕНІМІНЕ ИЕ БОЛУҒА ТЫРЫСУ»
Ұзақ жылдан бері адам құқығын қорғаумен айналысып келе жатқан «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымының жетекшісі Айна Шорманбаева сот процестерінің ашық өтуі жаңалық болмауы тиіс дейді. Оның сөзінше, соттың ашықтығы заңда да көрсетілген. Қоғамда резонанс тудырған істерді тікелей эфирде көрсету арқылы билік халықтың заң үстемдігі мен сот жүйесіне деген сенімін қайтарғысы келеді.
– Бишімбаев сотында адвокаттар да мықты болды екі жақтан да. Сот толық заңға сәйкес жұмыс істейтінін көрсетуге тырысты. Әсіресе Бишімбаев сотында ешқандай мін жоқ деп ойлаймын судья жағынан. Шерзаттың ісінде кейбір олқылықтар болды. Бірақ жалпы сот ашықтығы ұстанымы сақталды. Енді қоғамға көрсету керек қой жұмысын. Сол үшін істер, әсіресе, қоғамға жағымды. Яғни әділеттілік сезімін нығайтатын істер бойынша ашық өткізу осындай бізде салт туды деп айтуға болады. Қоғам сеніміне ие болуға тырысу. Әрине көп адамдар сенбейді бәрібір. Бірақ сонда да көрсету. «Бізде де ашық болады, ашық өтеді» деген ниетпен. Бірақ білеміз ғой, ол барлық істерге тең сақталмайды сот ашықтығы. Сондықтан енді ондай қатты сенім тудырған жоқ қоғам ішінде – дейді Айна Шорманбаева.
АШЫЛМАҒАН КІСЕН, АШТЫҚ ЖӘНЕ ЖАБЫҚ СОТ
Қазақстанда сот процестерінің барлығы ашық, тікелей эфирде өте бермейді. Мысалы, марафоншы, тіркелмеген «Алға Қазақстан» оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев пен тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты жабық өтті.
Жыланбаев та, Мұхаммедкәрім де істің ашық өтуін талап етіп, бірнеше рет аштық жариялады. Олар өздеріне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспеді. Істің саяси астары барын айтты. Бірақ сот процестің жабық өтуін қауіпсіздігіне алаңдаған куәлердің өтінішімен байланыстырды. Сотты ашық өткізуге рұқсат бермеді. Сот шешімімен Жыланбаев та, Мұхаммедкәрім де жеті жылға сотталды. Оларға «экстрмистік ұйым ісіне араласу», «экстремизмді қаржыландыру», «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айып тағылды.
«БИЛІК ҚОҒАМҒА МАНИПУЛЯЦИЯ ЖАСАП ОТЫР»
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов сот процестерінің бірін ашық, енді бірін жабық өткізу заң алдында адамдарды алалау деп есептейді. Ол Марат Жыланбаев пен Думан Мұхаммедкәрімнің ісі саяси іс болғандықтан жабық өтті дейді. Сөзінше, Шерзат Полат пен Қуандық Бишімбаевтың сотын тікелей эфирде өткізу арқылы билік қоғамға манипуляция жасап отыр.
– Билік өзіне ыңғайлы тақырыптарды таңдап алады. Оны насихаттайды. Кішкентай ғана жағымды қадамдар жасай алатын жерде сол қадамды жасайды. Манипуляция арқылы өзіне капитал жинайды. Қоғамға осы манипуляцияны сатады. Адамдардың өмірін шын мәнінде өзгертетін мәселелер шешілмейді. Себебі Думан да, Марат та саяси тұтқын ретінде босатылуы тиіс болған. Процесс әділ әрі ашық болуы қажет еді. Бұл процестерге телефон құқығы, әкімшілік құқық қысым жасамауы керек. Билік бұл процестерді [қоғамнан] алшақтатып, жауап тастағысы келді. Марат пен Думанға берген 7 жыл ешқандай дәлелдік базасы жоқ [айыптар], – дейді Ғалым Ағелеуов.
«СОТ ПРОЦЕСТЕРІН САЯСИЛАНДЫРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»
Ulysmedia тілдескен мәжіліс депутаттары бұл сот процестерін саясиландырудың қажеті жоқ деген пікірде.
– Соттың әрбір өзінің шешіміне байланысты болады. Оның деңгейіне байланысты деген сияқты. Өзінің мазмұнына қарай жабық немесе ашық соттар болады. Немесе сол сотқа қатысатын адамдардың өзінің өтініштері бойынша, сот алқасы деген сияқты өздерінің арыздары болады. Сол сияқты бұл жерде оны саясиландыру керек деп ойламаймын. Жалпы енді сот конкуренттік процесс болғандықтан қалай да болса ұтқан және ұтылған жақ болады. Өйткені конкуренттік орта. Сол себепті ұтылған жақ шағымдар айтады, – дейді мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар.
Абзал Құспан елдегі соттардың басым көпгілігі ашық өтеді деп санайды. Бірақ сот жүйесінде олқылықтар барын жоққа шығармайды.
– Жалпы, негізінен соттар бізде қолданыстағы қылмыстық процестік кодекстің талаптарына сай, негізінен ашық өткізіледі. Жабық өткізілетін соттардың нақты тізімі бар. Ол жаңағы жыныстық қатынастағы қылмыстық істер. Азаматтарды асырап алған жағдайлар болатын болса олар жабық өткізілетіні көрсетілген. Қалған жағдайлардың барлығында соттар ашық өткізіледі. Тек оған бұқаралық ақпарат құралдарын кіргізу мүмкіндігі бар ма, жоқ па деген мәселе ашық тұрады. Негізінен көп істер, енді мен процентпен айта алмаймын нақты, бірақ абсолютті түрде басым бөлігі ашық өткізілетіні белгілі. Ал енді қандай да бір себеппен жабық өткізілетін болса, оның мына қылмыстық процестік кодексте көрсетілген нақты шектеулер бойынша ғана. Ондай талап қылмыстық процестік кодексте бар. Оны судья өзгерте алмайды. Жабық өткізеді соттарды, – дейді мәжіліс депутаты.
САЯСИ КӨЗҚАРАСЫ ҮШІН ІСТІ БОЛҒАН ЖУРНАЛИСТ
Марат Жыланбаев пен Думан Мұхаммедкәрімді халықаралық құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп танып, Қазақстан билігін оларды босатуға үндеді. Ресми Астана елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады. Бірақ Думан Мұхаммедкәрім қамауға алынған кезде ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Дархан Қыдырәлі журналист саяси көзқарасы үшін қамауда отыр деп мәлімдеді. Экс-министр, қазіргі сенат депутаты Дархан Қыдырәлінің сөзі Қазақстан Конституциясына қайшы. Басты заңның 39-бабына сәйкес, саяси себептер бойынша азаматтардың құқығы мен бостандығын шектеуге жол берілмеуі тиіс.
«СОТТЫҢ ӘДІЛЕТСІЗ ӨТКЕНІН ЖАСЫРУ»
Қазақстанда сот жүйесіне қатысты сын көп айтылады. Әсіресе ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде жиі көрініс тапты. Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева қоғамдық резонанс тудырған Қаңтар оқиғасына байланысты істердің көпшілігі жабық өтті дейді. Ол мұны елдегі қалыптасқан саяси жүйемен байланыстырады.
– Қаңтар істерінің көбісі жабық болды. Яғни, «мемлекеттік құпия» деген желеумен жабылды. Ал мына саяси істерде менің ойымша, ешқандай мемлекеттік құпия жоқ оларды жабатындай. Ол тек ғана мына қоғамда көп резонанс тудырмау және де соттың әділетсіз өткенін жасыру менің ойымша, – дейді Айна Шорманбаева.
2024 жылы қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы судьяларының ІХ құрылтайында сөйлеген сөзінде сот саласында кешенді реформалар жүргізіліп, Конституциялық сот құрылып, сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды деп мәлімдеді. Бірақ құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам өкілдері сот жүйесі әлі де билікке тәуелді деген сынды көп айтады.