Қоғамда наразылық тудырған оқиғалардың бірі – Назарбаев Зияткерлік мектебінен шыққан дау. Елде элиталы мектеп саналатын оқу орнында білім бар да, тәрбие жоқ секілді көрінеді. Өйткені жақында оқытушыға дөрекілік танытқан оқушы оқудан шығарылды. Тіпті біреулер оның емтиханда шпаргалка пайдаланып, кейін ұр да жық мінез көрсеткенін батылдық деп тәнті болып жатыр екен. Ал біреулері мұны қатыгездік деп санайды. Әйтеуір, ерінбегеннің бәрі осы дауға араласып-ақ жатыр. НЗМ Басқарма басшысы Әнуар Жанғозин Ulysmedia.kz-ке берген сұқбатында болған жағымсыз жайттан білім ордасы қандай сабақ алғанын, оқушыларға талаптың қалай өзгергенін айтып берді.
НЗМ үшін академиялық адалдық ұғымы осы жайсыз оқиғадан кейін қолға алынды ма?
– Біз үшін білім беруде академиялық адалдық күн тәртібіне жаңадан түскен мәселе емес. Алғаш құрылғаннан бергі 17 жылда біз бұған қатысты талаптарымызды қатаңдатып келе жатырмыз. Бастапқыда ата-аналар сыныптастар бір-біріне көмектесу үшін сабақты көшіруге берсе, оның несі жаман деп таң қалатын. Біз оларға бұл тек мектептің шығарып отырғаны емес, ол халықаралық норма екенін түсіндіретінбіз. Біздің түлектеріміз әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түседі, ал ол жерде біреудің жазғанын көшірсең, басың дауға қалады.
Сонда сіздің айтуыңызша, қазір балалық болып көрінгенімен, ертең ол алдау, әділетсіздік жасау секілді жаман әдетке айналып кетеді ғой?
– Дәл солай. Көпшілік көшіру бұл түкке тұрғысыз нәрсе деп ойлайды. Мұны достық қарым-қатынасқа жатқызатындар да бар. Бірақ өтірікті қалай өзгертіп айтсаң да, ол бәрібір өтірік болып қала береді. Біз оқушыларымызға адалдық, шынайылық – адами қасиет деп үйретеміз. Онсыз біз балаларымызды университетке дайындай алмаймыз. Өйткені ертең олар оқуға түскенімен, ұсталып қалса, оны масқара етіп оқудан шығарып жібереді.
Ал бұрын НЗМ-де оқудан шығарған жағдайлар болды ма?
– Иә, бірақ басқа амал қалмаған жағдайларда. Әдетте, келеңсіз жайттарда оқушымен сөйлесіп, түсіндіріп, сөгіс беріп дегендей – жеңіл шаралар қабылданатын. Ата-аналар мен оқушылар оқуға қабылданар алдында академиялық адалдық саясаты туралы жадынамамен танысып, қол қояды. Сабаққа қатысты барлық бақылау жұмыстары кәдімгі емтихан секілді өтеді: бөлек аудитория, видеожазба, қатаң бақылау. Орын алған келеңсіз жағдай қорытынды емтихан кезінде емес, тексеру мақсатындағы жұмыс кезінде болған. Дегенмен оның форматы емтихандағыдай. Мұғалім телефонды байқап қалып, алып қойған – барлығы бейнежазбада тіркелген.
Бірақ дау-дамай тек телефонды алып қойғаннан басталған жоқ қой.
– Дұрыс айтасыз. Оқушы мұғалімнің әрекетіне агрессия танытқан, қолынан жұлып алмақ болған және мұғалімге дөрекі сөздер айтқан. Бұл – тәртіпті өрескел бұзу. Мұндай жағдай орын алғанда бізде тәртіптік комиссия жиналысы болады. Оған мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар, заңгерлер, психологтар кіреді. Оқудан шығару туралы шешімді мектептің педагогикалық кеңесі қабылдайды. Бұл бір адамның реакциясы емес, ұжымдық шешім.
Кейбір заңгерлер «оқушыны мектептен шығару заңсыз, сондықтан ол сотта жеңуі мүмкін» деп жатыр.
– Бізде бұған дейін де әртүрлі негізбен оқудан шығарылғандар болды. Біз олардың барлығын, соның ішінде апелляциялық шағымдар кезінде де жеңіп шықтық. Біздегі барлық ішкі рәсімдер Қазақстан заңнамасына сәйкес жасалады. Автономия деген азаматтардың құқығын таптауға болады деген сөз емес. Біз «Білім туралы» ҚР Заңын, Әкімшілік кодексті және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа аламыз. Иә, біз өз саясатымызды халықаралық тәжірибеге, сонымен бірге сот практикасына негіздейміз. Оны үнемі жаңартып отырамыз. Сонымен қатар, егер әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, біздің ішкі ереже бойынша бұл автоматты түрде оқудан шығаруға негіз болады. Сондықтан мұндай жағдайда оқушы құқығының бұзылуы туралы айту заңдық тұрғыдан дұрыс емес деп ойлаймын.
Жеке тұлғалық даму мен командалық жұмыстың арасындағы тепе-теңдікті қалай реттеп отырасыздар?
- Біз әр адамның күшті жақтарын дамытуға ұмтыламыз. Дегенмен ол адам қоғамда жалғыз болмауы тиіс. Сондықтан ол бір командада жұмыс істеуді де үйренуі керек. Оқушы тек өз жетістігіне ғана масаттана бермей, өзгелермен бірге, бір ұжымда жұмыс істеп, ортақ мақсатқа бірге жетуді де үйренуі керек. Біз былтырдан бастап «балалардың әл-ауқат индексі» дегенді енгіздік, бұл дегеніміз баланың мектебімізде оқыған кездегі оның жайлы ортада екенін байқататын 25 оң көрсеткіші. Тамақтануы мен медициналық қызметтен бастап, мектепішілік қауымдастыққа сіңуі осы игіліктер индексінде көзделген. Біз оқушылар мен ата-аналар арасында мектептегі ахуалды қалай бағалайсыздар деп арнайы сауалнама жүргіземіз.
Мұғалімдердің жүктемесі қандай? Жұмыс барысында оларды қолдаудың, ынталандырудың қандай тәсілдерін қолданасыз?
– Қазір мұғалімдерге де оңай емес. Иә, сөз болып отырған жағдай – тек оқушы үшін ғана емес, мұғалім үшін де стресс. Мұғалім де психологиялық тұрғыдан санаға салмақ, жүрекке жүк түсіретін жағдайды бастан өткерді.
Бүгінде НЗМ-де мұғалімдердің жалақысы қанша?
– Бізде орташа жалақы 450 мың теңге аралығында. Ең жоғарысы 600-700 мыңға дейін. Жалпы біздегі жалақы басқа мектептермен шамаласып қалады.
Егер жалақысы басқа мектептермен шамалас болса, онда білікті ұстаздардың осы ұжымда қалуының сыры неде?
– Бірінші себеп ол – балалар. Олармен жұмыс істеу өте қызықты әрі өте қиын. Балалар емтиханмен іріктеліп алынғаннан кейін, олармен жұмыс істеу жеңіл деген жаңсақ пікір бар. Мен мұны керісінше айтар едім. Себебі олар материалды тез меңгереді, мұғалім олардан үнемі бір қадам алда болуы тиіс. 10 минуттан кейін олар келесі тақырыпқа өтуге дайын тұрады. Бұл мұғалімнен жоғары дайындық пен кәсібилікті талап етеді. Біздің мұғалімдер өздерін үнемі дамытып отырады. Бұл, әрине, олардың өздеріне де қызық.
Екінші себеп – орта. Біз мұғалімді жай ғана дәріс оқып кететін адам емес, білім беру процесінің толыққанды қатысушысы ретінде көреміз. Соған сай жағдай қалыптастырамыз. Олар таң атқаннан кеш батқанға дейін мектепте жұмыста болады. Сабақтарын береді, келесі сабақтарына дайындалады, үйірмелер өткізеді, олимпиадалар мен түрлі жобаларға қатысады, оқушыны дайындайды.
Бұрын мұғалімдер біліммен қатар тәрбие беруге де көбірек мән беретін еді. Қазір бұл екінші орынға ысырылғандай әсер қалдырады?
– Дұрыс айтасыз. Бүгінде мектеп сыртқы орта ықпалымен бетпе-бет қалды. Біз қоғам ретінде мұғалімге тәрбиеші рөлін жүктедік, бірақ оны қолдаусыз қалдырдық. Мұғалім инфлюенсерлер мен деструктивті контентке қарсы күресуі керек. Онымен қоймай, ол бір жерде үлгере алмаса, кінә тағамыз. Бірақ мектеп бар мәселені өзі шеше алмайды. Тәрбие – бүкіл қоғамның міндеті. Егер мектеп бір жерде «қателесіп» жатса, оны табалаудың орнына өзімізден «біз ата-ана ретінде, ересек адам ретінде, мектепке, ұстаздарға не істеп көмектестік деп сұрауымыз керек.
Иә, біз көбіне өткенді аңсап, қиялданып кетеміз. «Шіркін, ол кезде нан дәмдірек еді, мұғалімдер қаталдау еді» дейміз. Бірақ заман өзгерді ғой.
– Кез келген мектепте қателік болуы мүмкін. Ең бастысы, үндемей қалмау, дұрыс әрекет ету. Егер бала ереже бұзса, оның салдары қандай болатынын көруі керек. Тәрбие дегеніміз бәріне көз жұму емес, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіру.
Бізде тәрбие тек сабақ берумен шектелмейді. Бұл – тұтас әрі кешенді процесс. Тәрбие біздегі пәндердің мазмұнында, оқушыны қоршаған ортада, НЗМ ұйымының ортақ құндылықтарында жатыр. Басқа-басқа, тіпті орталық кеңседегі бухгалтерлер де біздің ұстанымымыз адалдық, өзіңе және өзгеге құрмет, отбасы, ашықтық екенін жақсы біледі. Сабақтарда балалар өз әулетінің шежіресін құрастырады, отбасы тарихын зерттейді, өңір экологиясын талқылайды, мән беріп қарасаң, бұл да тәрбие. Бірақ, әрине, мәселенің екінші жағы бар, қазір бәрі смартфонда отырады.
Оларға неге кейбір мектептердегідей тыйым салмасқа?
– Біз де осындай шешім қабылдадық. Жаңа оқу жылынан бастап барлық НЗМ-де смартфонға тыйым салынады. Біз қазірдің өзінде балалардың зейіні нашарлап бара жатқанын көріп отырмыз, жүйкесі құртылып барады, мазасыз, кітап оқу мен мәселені талдау қабілеті төмендеуде. Зерттеулерге сенсек, соңғы 10-15 жылда жасөспірімдердің мазасыздығы 1,5 есеге артқан.
Бірақ балаларымыз «менің сабақ кестем мен үй тапсырмам телефонда» дейді ғой.
– Сондықтан біз бұл шешімді ұзақ талқыладық. Бұл тыйым инфрақұрылымдық өзгерістерді қажет етеді: сабақ кестесін басып шығару, материалдарды тарату қажет болады. Біз мұның бәрін есепке алып отырмыз. Бірақ шешім қабылданды. Енді ата-ананың қолдауы маңызды. Өйткені балалар үйде мектептегіден де көп уақыт телефонмен отырады.
Мәселе олардың тәрбиені ата-анадан емес, тілі дөрекі, ісі күмәнді блогерлерден алуында. Егер қандай да бір табысқа жеткен тұлғаның образы осындай болса, одан бала не үйренеді? Сондықтан смартфонды шектеу керек, әсіресе түнгі уақытта. Себебі балалар ұйықтамайды, шаршайды, сабақ материалын қабылдай алмайды. Смартфондар тек бала назарын ғана емес, эмоционалдық күйін де бұзады.
Бірақ егер телефонды алып қояр болса, орнына басқа бірдеңе ұсыну керек қой?
– Тек алып қою жеткіліксіз. Үйірмелер, коммуникация, спорт секілді қарым-қатынастың шынайы түріне басымдық беріп, мектеп өмірін мазмұнды етуіміз қажет. Әйтпесе жансыз қабырғаға қарап отырғандай боласың қазіргі балалардың жанына тұра қалсаң. Бұл – ересектердің міндеті.
Сонымен тыйым 1 қыркүйектен бастап күшіне ене ме?
– Иә. Таңертең телефонын тапсырады, сабақтан кейін қайта алады. Байланыста болғыңыз келсе, балаға батырмасы бар телефон алып беріңіз. Смартфон қымбат әрі баланы алаңдатады. Мектеп гаджет қарайтын жер емес, білім алатын орда. Сыныптан тыс іс-шаралар, үйірмелер – барлығы смартфонсыз өтеді. Смартфонға тыйым салу туралы шешім қабылдадық, оған дайынбыз. Көптеген мектептер мұны ішінара енгізіп те жатыр. Әсіресе өңірлерде, себебі мұнда балалар мен ата-аналар дәстүрлі құндылықтарға жақын.
– Бәрі ата-ана мен мектептің өзара қарым-қатынасына байланысты. Екі тарап та мықты болуы мүмкін, бірақ бала тәрбиесіне келгенде екеуінің үні мен әрекеті бір арнада тоғысуы керек. Әйтпесе тәрбие жүйесі сыр береді. Зерттеулер көрсеткендей, баланың өмірге деген көзқарасы, дүниетанымы отбасында қалыптасады, ал мектеп оны нығайтады. Екі тарап бірігіп әрекет етсе ғана нәтиже болады.
Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізуге қалай қарайсыз? Әлі ерте емес пе?
– Ол қазірдің өзінде біздің өмірімізге дендеп енді. ChatGPT, Midjourney дегеннің бәрін біз сабақ барысында қолданамыз. Мысалы, бейнелеу өнері сабағында визуал генерациялау, макет құрастыру үшін ЖИ-ді пайдаланамыз, бұл сабақ процесінің бір бөлігіне айналды.
Біз балаларға жасанды интеллектіні мөлшермен, ақылмен қолдануды үйретеміз. Біздің ішкі ережемізде бұл нақты көрсетілген. Нейрожелілерді қолдануға болады, бірақ міндетті түрде сілтеме беру керек және шектеулі түрде ғана қолдану қажет. Тапсырмалар плагиат пен ИИ-генерациялаған контентке тексеріледі.
Біздің мақсат тыйым салу емес, технологияны ақылмен пайдалануды үйрету. Онсыз өзге елдерден қалып қоямыз. Азия елдерінде жоғары оқу орындары жасанды интеллект кафедраларын ашуда, ал біздің оқушылар сол жерге оқуға түсіп жатыр. Жасанды интеллектке, бағдарламалауға, инженерияға деген қызығушылық күрт артты. Көпшілігі техникалық ЖОО-ларды таңдайды. Гонконг пен Корея университеттері біздің түлектерге 25 орынға дейін мақсатты гранттар бөледі, өйткені біздегі дайындық деңгейінің жоғары екенін біледі.
Алайда түлектердің 80%-ы Қазақстанда қалады. Олар көбіне-көп Назарбаев университетін, Астанадағы IT университетті, ҚБТУ мен медицина университеттерін таңдайды. Шамамен 20%-ы шетелге кетеді. Олар толық грант немесе демеушілік қаражат алғандар. Біздің түлектеріміз көбіне Италия, Франция, Германия секілді Еуропа елдерін таңдап жатады. Бірақ Азия мемлекеттері де бұлардың артынан жылдам ілесіп келеді.
Ал АҚШ ше? MIT пен Гарвардқа түскендер бар ма?
– Бар, биыл да грантқа түскендер бар. Бірақ біз бәрі шетелге кетіп жатыр деп ойлап қалмауы үшін оны бұрынғыдай жарнамаламаймыз. Түлектеріміздің көпшілігі елде қалады, ал кеткендердің өзі көп жағдайда елге оралады. Мысалы, менің бұрынғы оқушым АҚШ-та жұмыс істейді, бірақ әйелімен бірге (ол да біздің түлек) Қазақстанға қайтып келмекші.
Биыл қанша түлек бітіріп жатыр?
– Шамамен екі мың. Емтихандар тапсырылды, енді алда аттестат тапсыру рәсімі. Көпшілігі университеттерден шақыру алды.
Сіздерде түлектер қауымдастығы бар ма?
– Иә, жеті жылдай болды. Түлектер ауыл мектептеріне барып, шеберлік сағаттарын өткізеді, тәжірибесімен бөліседі. Олар жасөспірімдермен тең дәрежеде сөйлеседі, бұл өте тиімді. Мысалы, мектептің ішкі ережесін бұзып, оқудан шығарылған нақты оқиғаларды айтып береді. Бұл балаларға оң әсер етеді.
Сонымен қатар олар ауылдық жерден шыққан және әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына жыл сайын 1-2 грантты қаржыландырады. Олардың көбі әлі 30-ға толмаған, бірақ соған қарамастан олар өзгелерге көмектесіп жүр.
Жаңа НЗМ мектептері ашыла ма?
– Әзірге жоспар жоқ. Бірақ қыркүйекте Астанада жаңа жоба – International Steppe School іске қосылады. Ол балабақшадан бастап 12-сыныпқа дейін оқытатын ақылы мектеп болады. Бұл НЗМ мектептер желісінің бір бөлігі. Мұндай жоба Алматыда да басталады. Егер сәтті жүзеге асып жатса, өзге қалаларда, тіпті шетелде де ашылуы мүмкін. Біздің мақсат – қазақстандық білім мен құндылықтарды жаңа формада дамыту.
Бұл мектептер де НЗМ атауын ала ма?
– Жоқ, НЗМ өзгеріссіз қалады. Бұл – жаңа бағыт, біздің брендпен ашылатын жекеменшік мектептер. Ата-аналар оқу ақысын төлейді, ал барлық табыс НЗМ желісін дамытуға жұмсалады. Оның ішінде жабдықтар, жөндеу, жаңа жобалар бар.
НЗМ оқушыларының пәндік олимпиадалардағы жетістіктері қандай?
– Бізде желілік олимпиадалар өткізіледі, солардың нәтижесінде құрама жасақталады. Бұл құрама жеті жыл қатарынан елдегі ең үздік команда саналады. Халықаралық деңгейде де химия, робототехника және т.б.пәндер бойынша жетістіктеріміз бар.
Мысалы, былтыр біздің оқушылардан құралған команда Сингапурде беделді халықаралық робототехника чемпионатында алғаш рет жүлделі орын алды. Сонымен қатар біз олимпиадашыларды сабақтан босатпаймыз. Олар да қатардағы оқушылар сияқты оқиды, емтихан тапсырады.
Желіде бір қыздың НЗМ-ге түскеніне қуанып жылаған видеосы тарады. Біреулер мұны «НЗМ-нің культі» деді.
– Бұл ешқандай да НЗМ-нің культі емес, сапалы білімнің көрсеткіші. Ата-ана баласының мықты мектепке, мейлі ол НЗМ, РФММ, не жеке мектеп болсын, түскеніне қуанады. Біздің менталитетімізде оқуға түсу әрқашан ерекше оқиға болған. Қазір ата-аналар балаларына жақсы білім беруге тырысады. Иә, кейде тым асыра сілтеп жібереді. Бірақ жалпы бағыты дұрыс.
Қазіргі НЗМ-нің миссиясы қандай?
– Үш негізгі бағыт бар. Біріншісі, қол жеткізілген межені ұстап тұру, яғни сапаны сақтау және дамыту. Екіншісі, бұл тәжірибені еліміздің басқа мектептеріне тарату. Ол дегеніміз ауыл мектептерін қолдау, мұғалімдерді оқыту, психологиялық көмек беру бағдарламалары. Біз осы тәжірибені өңірлерге таратып, халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп жатырмыз. Осы жылдар ішінде жинақталған тәжірибені НЗМ-ге қарасты 21 мектептің ішінде тұншықтыру қате болар еді. Үшіншісі, халықаралық деңгейде танылу. НЗМ бағдарламасын әлемнің 70-тен астам университеті мойындаған. Бұл Батыс стандарттарының көшірмесі емес, бұл – қазақстандық модель. Біз оны шетелге де экспорттауға дайынбыз.
НЗМ-нің дербестігіне (автономдығына) қалай қарайсыз, қолдайсыз ба, қарсы пікірдесіз бе?
– Бұл менің құзырымдағы мәселе емес, бірақ мұғалім ретінде айтарым: автономия – табысқа жетудің кілті. Бұл еркіндік берді екен деп, бас жіпті сыпырып кету емес, барлық құжаттар заңға сай реттеледі. Біз мемлекеттік сатып алуда болсын, өзгерістерге бейімделіп отырмыз.
Ең бастысы, академиялық еркіндік, яғни тәжірибе жасау, жаңалық енгізу мүмкіндігі. Осы еркіндік болмаса, біз қазіргі деңгейге жете алмаған болар едік және оны басқа мектептермен де бөлісе алмас едік.
Жақында мектептеріңіздің бірінде болған оқиға тәрбие мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Қазір неге осыны сынап жатыр деп ойлайсыз?
– Қазір мұғалім ақпарат тасқынының, оның ішінде қаралау мәніндегі контенттің, арасында жалғыз қалды. Ал біз оған «Күрес-күрес» дейміз. Үлгере алмаса, жатып кеп сынаймыз. Бірақ мектеп тәрбие беретін жалғыз институт емес қой. Бұл – отбасының да, қоғамның да міндеті. Тек талап ете беру емес, қолдау көрсету де қажет. Өйткені тәрбие тараптардың бірлесіп атқаратын жұмысы.
Кешіру маңызды ма, әлде қатаң ереже қажет пе?
– Екеуі де қажет. Қамқорлық таныту маңызды, бірақ ол шектеусіз болмауы керек. Егер қателіктерді кешіре берсең, онда маған бәрі болады деген ой қалыптасады. «Сынған терезе» теориясы бар: егер ұсақ-түйекті жөндемесең, хаос күшейе береді. Тәрбие де сол сияқты. Бүгін бір рет кешірсең, ертең бұл нормаға айналады.
Қазақстандық білімнің құдіреті неде?
– Теңгерімде. Бізде академиялық база мықты және сонымен бірге XXI ғасыр дағдылары да дамытылып жатыр. Кейбір елдер soft skills дағдыларына басымдық беріп, академиялық білімнен бас тартады. Ал біз білім өзегін сақтаймыз.
Сіз сарапшы ретінде байқап-бақылап отырған Қытайдың күші неде?
– Мәдениетінде. Ұйымшылдық, конфуцийшілдік, тұрақтылық – бәрі басқаша ойлау жүйесін қалыптастырады. Олардағы бәсекелестік қоғамға зиян келтірмейді. Бұл – тұрақты нәтиже беретін жүйе.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz-тің YouTube-арнасынан көре аласыз.