Аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, спортшы Шавкат Рахмонов Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген эксклюзив сұхбат берді.
ЧЕМПИОНДЫҚ БЕЛБЕУ – БАСТЫ МАҚСАТ
Шавкат, сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет. Қазір сіздің жаттығу залыңыздамыз. Өздеріңіз білесіздер, Шавкат Рахмонов – UFC-дегі алғашқы қазақ спортшысы, әрі осы күнге дейін бірде-бір жекпе-жекте жеңілмеген ММА жауынгері. Біздің арна мен сайт – тек Алматы мен Астана емес, бүкіл елге танымал. Сіздің жеңістеріңіз туралы жиі жазып отырамыз. Бүгін де эксклюзивті сұрақтармен қатар, сіздің қазіргі жағдайыңызды өз аузыңыздан естуді мақсат тұттық. Алдымен зал жайында айтып өтсеңіз, жаттығуларыңыз үнемі осында өте ме?
– Иә, қазіргі уақытта Алматы қаласында жаттығу жасап жүрміз. Жарақат алғандықтан, ем-дом қабылдап жүрмін. Бірақ жаттығуды мүмкіндігінше үзбеуге тырысамыз. Форманы жоғалтпау – басты мақсат.
Жақында қазан айында Билал Мухаммедпен жекпе-жек болады деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты рас?
– Бұл – жалған ақпарат. Әзірге ешкіммен нақты келіссөз жүргізілген жоқ. Мүмкін, бұл – журналистердің өз пайымдары болар. Қазіргі уақытта маған ешқандай ұсыныс түскен жоқ.
Жыл соңына дейін әйтеуір бір жекпе-жек өтуі мүмкін бе? Ондай ниет бар ма?
– Әрине, жарақатымнан толық айығып, бабымда болсам, жыл соңына дейін октагонға оралғым келеді. Бірақ бұл – біздің салмақтағы жағдайға, чемпиондық белбеу үшін кіммен жекпе-жекке шығу мүмкіндігіне байланысты. Мен асықпай, соны күтіп отырмын. Біреумен жекпе-жек өткізу үшін емес, нақты мақсат – чемпиондық белбеу. Егер қажет болса, келесі жылды да күтуге дайынмын. Бұл – командамен ақылдасып қабылданатын шешім.
ЖАРАҚАТ ПЕН КӘСІБИ СПОРТ ҚИЫНДЫҚТАРЫ
Жарақатыңыз қандай еді, ауыр ма?
– Оның нақты түрін көпшілікке ашып айтқым келмейді. Бірақ кәсіби спортта мұндай жарақаттар – үйреншікті дүние. Жеңіске жетудің артында үлкен еңбек пен қиындық жатыр.
Жақында жеңіл салмақтағы Ислам Махачев титулдан бас тартып, сіздің салмақ дәрежеңізге өтті. Бұл жағдайға қалай қарайсыз?
– Иә, Ислам – өте мықты спортшы. Қазір ол чемпионмен жекпе-жекке шығуға дайындалып жатыр. Қашан өтетіні белгісіз. Кім жеңсе де, мен сол қарсыласпен кездесу үшін дайын боламын.
ШЫНДЫҚ ПЕН ҚАУЕСЕТ
Кейбір сарапшылар сіз бұрынғыдай «аш» емессіз деген пікір айтып жүр. Бұл сынға не дейсіз?
– Бұл – ішкі мотивацияны түсінбеген адамдардың сөзі деп білемін. Егер менде ынта болмаса, спортты баяғыда-ақ тастаған болар едім. Ал мен мақсат қойдым, сол жолмен келе жатырмын. Мен де адаммын, үнемі жаттығу жасап, робот сияқты жүру мүмкін емес. Денсаулығым, отбасым, жеке өмірім бар. Жаттығуымды барынша жасаймын. Қазір, мысалы, сіздерге сұхбат беріп болған соң, жаттығуға кірісемін. Бірақ көпшілік менің залда емес, көшеде жүргенімді көріп, «жаттығу жасамайды» деп ойлауы мүмкін. Бұл – жаңсақ пікір. Мен көбіне дайындық процесін жарияламаймын. Қарсыластарым да білмесін деймін. Демек, сырт көзге көрінбесе де, дайындық тоқтаған емес.
Жаттығуыңыз қандай тәртіппен өтеді?
– Күніне бір немесе екі рет жаттығу жасаймын. Ұзақтығы – бір сағаттан бір жарым сағатқа дейін. Жүктемесі әртүрлі.
Физикалық қана емес, психологиялық тұрғыда ең қиын қарсыласыңыз кім болды?
– Шынымды айтсам, әр қарсыласқа үлкен дайындықпен шығамын. Ешқайсысын «жеңіл» деп қабылдамаймын. Барлығына бірдей жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты жаттығамын.
Қарсыластарыңызды алдын ала зерттейсіз бе?
– Әрине. Жекпе-жекке дайындық барысында қарсыластың мықты және әлсіз тұстарын толық саралаймыз.
СПОРТ ЖОЛЫНДАҒЫ ТАҢДАУЛАР
Жаңа өзіңіз де айттыңыз, бұл жетістік оңай келмейді. Спорттық мансабыңызда көптеген құрбандықтарға барғаныңыз белгілі. Қарындасыңыздың тойына бара алмағаныңыз да осының бір мысалы. Мұндай сәттерге қалай қарайсыз?
– Егер мен бай отбасынан шыққан болсам, өзімді қинап, мұндай ауыр спортпен айналыспас едім. Кәсіппен шұғылданар едім. Спорт – үлкен еңбек, ол денсаулығыңды, уақытыңды талап етеді. Сондықтан жастарға да айтарым – алдымен білім алып, адам болған жөн. Бұл жол оңай емес.
Демек, спортқа еріккеннен келген жоқсыз?
– Жоқ, әрине. Мен бала кезімнен жарысуға, жеңіске жетуге құмар болдым. Егер менің орнымда басқа біреу болса, әлдеқашан спортты тастап кететін еді. Бірақ менің бойымда елге чемпиондық белбеуді сыйлағым келеді деген арман бар. Соған жету жолында тынымсыз еңбек етіп келемін. Барлығы Алланың қолында. Біз тек тырысуымыз керек.
Жеңілуден қорқасыз ба?
– Жеңіліс мен үшін – ауыр нәрсе. Қазіргі жастарға келсек, көп жағдайда мотивация жетіспейді. Бұрынғы буын жоқшылық көріп, өмірге құлшыныспен қараса, бүгінде бәрі дайын. Телефон, киім, тамақ – бәрі бар. Сол себепті ынта аз. Менде ештеңе болмаған соң, еңбек етуге тура келді. Қазіргі жетістігім – соның нәтижесі.
Сіз мақсат қойдыңыз...
– Иә, мен әрдайым алдыма мақсат қоямын. Қазір де сұхбат біткен соң жаттығуға барамын. Бәрі мақсатпен жасалып жатыр.
БАУЫРҒА САЛУ – ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕ
Қиын сәттерде сізге рухани қолдау көрсеткен кім?
– Отбасым. Әсіресе, нағашы әжем. Мен оның қолында өстім, көп жыл бірге болдым. Сол кісінің махаббаты мен сенімі мені бүгінгі күнге жеткізді. Әжем мен үшін өте қымбат жан.
Қазақ қоғамында кейде әжесінің қолында өскен балаларда психологиялық травма болады деген пікір айтылады. Бұл туралы не ойлайсыз?
– Әр отбасы әртүрлі. Егер әкемнің қолында өскен болсам, бәлкім, мүлде басқа адам болар ма едім. Құдайдың маған берген бағы осы болар. Сондықтан мен тағдырыма шүкір айтамын.
БАЗАРДАН ОКТАГАНҒА ДЕЙІН
Сіз Қарағандыдағы «Шығыс» базарында жұмыс істеген екенсіз. Сол туралы айтып берсеңіз.
– Иә, 2010-2012 жылдары жүк тасушы болып жұмыс істедім. Алғашында 1500-2000 теңге, кейін 5000 теңгеге дейін табыс таптым. Бұл – адал еңбек. Бай отбасынан шықпаған соң, өз күшімен өмір сүруге тура келеді. Адал еңбек етсең, ұят ештеңесі жоқ.
Несие алып көрдіңіз бе?
– Бір-ақ рет, онда да ноутбук керек болып, несие алғанмын. Уақытында қайтарып тастадым. Біреуден қарыз алып, оны қайтармай кету – мен үшін қабылдауға болмайтын нәрсе. Бұл – біреудің еңбегі, сондықтан оған жауапкершілікпен қарау керек.
Қарызға достарыңызға ақша бересіз бе?
– Кейде, сенімді адамдарға ғана. Кейде қайтпайды да. Бірақ сол үшін ренжісіп, қарызымды даулап жатпаймын.
Үйде ақшаны кім ұстайды?
– Мен. Себебі мен табыс тауып отырмын. Ақша оңайлықпен келмейді, оны орнымен жұмсау керек. Мен миллиардер емеспін. Сондықтан ақшаның да қадірін білемін.
СПОРТШЫ ЖӘНЕ ДІН
Қазір спортшылардың дінге бет бұруы жиі сынға ұшырап жатады. Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Әр адамның сенімі – өз еркінде. Бір бейнежазбаны көріп алып, сол бойынша біреуді кінәлау дұрыс емес. Әркімнің жағдайы әртүрлі. Бір видеоға қарап, пікір айтуға болмайды. Ол жерде сіз болмадыңыз, жағдайдың қалай болғанын білмейсіз. Сондықтан асығыс шешім шығармай, бір-бірімізге түсіністікпен қарауымыз керек.
Қазіргі қоғам қатыгез болып кеткендей көрінбей ме?
– Адамдар әртүрлі. Бірақ, менің ойымша, сабырлы болу, адамгершілікті сақтау – әр адамның борышы. Мен өзімді бәрінен мықтымын деп есептемеймін. Менікі – еңбек ету. Қалғаны ниетке байланысты.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРМЕН ӘЛЕКТЕНБЕЙМІН
Әлеуметтік желілерге жиі үңілесіз бе?
– Кейде қараймын. Бірақ оған тәуелді емеспін.
Бүгінде ер азаматтарға қатысты түрлі сындар айтылады. Қазіргі еркектердің «ұсақталып» бара жатқанын жиі естиміз. Сіз қалай ойлайсыз?
– Ер адам – отбасының асыраушысы. Қол қусырып отыру еркекке жараспайды. Еңбек ету керек, отбасына жағдай жасау керек. Бұл – әр ер азаматтың жауапкершілігі.
Қазақ жігіттері әрдайым ірі тұлға болған. Бүгінгі сұхбатымыздың мақсаты да – қазақ жастарына мотивация беру, қазақтың мықты екенін көрсету. Осы бағытта не айтар едіңіз?
– Қазақстан – менің Отаным. Мен елімді мақтан тұтамын және әрқашан қолдаймын. Қазақстанның байлығы өз елінде қалуы керек. Сондықтан барынша еңбек етіп, елге пайдалы болуға ұмтыламын.
UFC-ДЕГІ КЕЛЕСІ ҚАДАМ
Жақын арада қандай жекпе-жек болады?
– Ислам Махачев пен Джек Маддалена арасында жекпе-жек өтуі керек. Сол кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасуға мен дайынмын. Уақытымды бос өткізбеуге тырысамын. Егер UFC жарты жыл, сегіз ай күту қажет десе, күтемін. Бірақ артық тәуекелге барғым келмейді.
UFC-де сіз алғашқы қазақ спортшыларының бірісіз. Жалпы қазақтарға деген халықаралық көзқарас қандай?
– Қазақтарға деген көзқарас жақсы. Себебі жанкүйерлеріміз мықты. Олар бізді жан-жақты қолдайды. Қазақстан үшін чемпион қажет екенін мен жақсы түсінемін. Қолымнан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Егер чемпион атансам, оны жай ғана бір белес деп қабылдаймын.
Чемпион болу бір белес десек, одан кейінгі мақсат қандай?
– Мен үшін чемпиондықтан бөлек те өмірлік мақсаттар бар. Бірақ оны ашып айтқым келмейді. Уақыты келгенде белгілі болар.
Болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырасыз ба?
– Иә, болашағымды Қазақстанмен байланыстырғым келеді. Бұл менің Отаным. Бұл жерді жақсы көремін. Мұнда өмір сүргім келеді.
Қарындасыңыз Сара тұрмыс құрған соң спортты тастап кетті. Бұл шешімді қалай қабылдадыңыз?
– Бұл – олардың шешімі. Күйеуімен ақылдасып қабылдаған болар. Мен отбасылық мәселелерге араласпаймын.
ЖЕКЕ ӨМІРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫ
Балаларыңызды спортқа бергіңіз келе ме?
– Ол – балаларымның таңдауы. Ең бастысы – жақсы білім алып, жақсы адам болу. Қазірдің өзінде олар спортпен шұғылданып жүр.
Қанша балаңыз бар?
– Төрт балам бар.
ЖОЛБАРЫСҚА ДА ЖОЛДАС КЕРЕК
Қазір өзіңіз жаттығатын залда демеушілер бар ма?
– Dar Team клубының атынан жарыстарға қатысамыз. Клуб басшысы – Әлидар Болатұлы Өтемұратов. Ол маған және басқа жігіттерге де үлкен қолдау көрсетіп келеді. Қазақ жастарын қолдайтын ағаларымыз көп болса екен деймін. Өзім де болашақта қатты байып кетсем, міндетті түрде қолдау көрсетемін.
Яғни, әлі қатты бай емессіз ғой?
– Құдайға шүкір, жетеді. Бірақ Форбс тізіміне кіретіндей деңгейде емеспін. Алла қаласа, оған да жетерміз.
Басқа кәсібіңіз бар ма?
– Бар, бірақ ол туралы айтқым келмейді. Ұсақ-түйек жұмыстар.
БАПКЕРЛІККЕ БАП КЕРЕК
Болашақта шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?
– Сабырым жетпейді. Бірақ мықты балалар болса, бағыт-бағдар көрсетуге дайынмын. Ал толық бапкерлікке жүйкем шыдамайды.
Жас спортшыларды көріп, олардың болашағын болжай аласыз ба?
– Иә, залда бірге жаттыққан сәтте-ақ баланың мүмкіндігін байқауға болады. Әсіресе, көзінде оты бар, алдына нақты мақсат қойған балалар көзге бірден түседі. 70-80 пайыз жағдайда оның болашақта мықты спортшы болатынын сезіп тұрамын. Қалғаны еңбек пен тәртіпке байланысты.
Қазақ спортын сырттай бақылап жүретін шығарсыз. Соңғы Олимпиададағы нәтиже көңіл көншітпеді. Боксшылар алтын ала алмады. Жалпы қазақ спорты дағдарыста деп ойламайсыз ба? Күрес пен бокс жайлы айтып жатырмын. Гимнастикаға талас жоқ қой онсызда.
– Еркін күресті өзім де жақсы көремін. Бірақ, өкінішке қарай, Тәуелсіздік алғаннан бері Олимпиадада бұл спорт түрінен алтын алған жоқпыз. Боксқа келсек, біз әрдайым алтын күтеміз, өйткені ол бұрынғыдан келе жатқан дәстүр. Токиода да, Парижде де нәтиже болмады. Демек, бұл салада да қайта ойланатын тұстар бар.
Мен, мысалы, Парижде де, Токиода да жанып тұрған боксшыны көре алмадым. Қай жерден қате кетті?
– Бұл сұраққа нақты жауапты бапкерлер береді деп ойлаймын. Жалпы, егер біреуді сынай берсек, өзіміз не істеп жатырмыз деп те ойлануымыз керек. Мықты мамандар бар, солар спорт комитетімен, федерациямен бірлесіп, қай тұста кемшілік кеткенін сараптауы қажет. Білгішсініп отырған адам өз баласын берсін спортқа. Іс жүзінде үлгі көрсеткен дұрыс.
ТАЛАНТ БАР, ТАНЫС ЖОҚ, ШАБЫТ БАР, ШАНС ЖОҚ
Бірақ жанып тұрған таланттарды бапкерлер неге байқамай қалады?
– Нағыз талант бәрібір жарып шығады. Мені де ешкім байқаған жоқ. Өз күнімді өзім көрдім. Тек кішкене қолдау керек. Менің де спортты тастап, жұмыс істеуге кетуім мүмкін еді. Бірақ отбасы қолдап, «шыдайсың, шығасың» деді. Бұл жерде мінез де, мотивация да маңызды. Ақша жоқ болса да, жаттығуға барып, чемпион болуға тырыстым. Кейбірі алғашқы қиындықта-ақ бәрін тастап кетеді. Мүмкін ол болашақ чемпион шығар. Сондықтан қолдау мен төзім – шешуші факторлар.
Ақша үшін спортқа бару, сол үшін күресу ұят емес пе?
– Жоқ. Мен үшін бұл – адал еңбек. Егер мен ештеңе істемей жүрсем, кім маған ақша береді? Мен біреуге зиян келтіріп жатқан жоқпын. Керісінше, жастарға мотивация болып жүрмін. Көпшілігі мен сияқты чемпион болғысы келеді.
ММА – өте қатал спорт түрі. Кейбіреулер оны қатыгездікке балайды...
– Мен үшін бұл – спорттың бір түрі. Мұнда төреші бар, ереже бар. Қатыгездік жоқ.
Жекпе-жектерде әділетсіздік көп кездесе ме?
– Болады. Бірақ ММА-да, әсіресе UFC-де боксқа қарағанда әділдік көбірек. Сол себепті бұл спортты көп адам жақсы көреді.
ЖАСТАР ОҚУҒА ТИІС
Жастарға қандай кеңес айтасыз?
– Ең бірінші – ата-анаңызды тыңдаңыздар. Сабағыңызды оқыңыздар. Қазақстанға жақсы мамандар қажет. Жастар білімді болуы керек.
Бірақ бәрі бірдей ғалым бола алмайды ғой...
– Рас. Кімнің неге қабілеті бар, соны дамыту керек. Бірақ кез келген салада білім бірінші орында тұруы керек.
Бүгінгі жастардың көпшілігі спортқа жақын. Қазақ көшпенді халық қой, бойында еркіндік бар. Бірақ мотивация жағы әлсіздеу сияқты...
– Иә, ауылдың баласы да білім алуы керек. Ауылдан шыққан деп кемсітуге болмайды. Менің өз балаларым мектепте жақсы оқиды. Спорт керек, бірақ бірінші орында – білім. Біреу табиғи дарынды болуы мүмкін, бірақ бәрібір оқу керек. Әркім өз жолын өзі табуы тиіс.
Қазақтың күші неде?
– Бірлікте. Біз бір тудың астында біріге алсақ, бізді ешкім жеңе алмайды.
Бірақ қазір қазақтар бірлікте емес сияқты...
– Оны мен білмеймін. Бірақ арамызда арандатушылар бар. Соған қарамастан, қазақ жауынгер халық. Бұрын да мықты болған, қазір де, болашақта да солай болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың жеңіл жолмен баюға ұмтылып бара жатқанын айтты. Сіз бұған не дейсіз?
– Оңай ақша табу деген – бос қиял. «Мына жақта ақша бар» десе, бірден сенудің қажеті жоқ. Биткойн болсын, басқа болсын – бәріне күмәнмен қарау керек. Еңбек етпей, ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Еңбек – бәрінің басында тұруы керек.
Шавкат, қазақ жастарына мотивация боларлық ойларыңызды бөліскеніңізге рақмет. Жеңістеріңіз көп болсын!
– Рақмет. Қазір Алматыдамын. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Қазақстанға чемпиондық белбеуді әкелу үшін әлі талай еңбек етіп, дайындала беремін.
Сұхбаттасқан: Самал Ибраева