×
519.58
609.36
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.58
609.36
6.63

Алдың – жалын, артың – мұз: Ақбөкен, қайда барасың?

Бүгін, 08:22
Алдың – жалын, артың – мұз: Ақбөкен, қайда барасың?

 «Ақбөкен санын реттеу» деген терминнің өзін реттеуіміз керек, - дейді табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық сарапшы Штефан Михель. Ол  бұған дейін де Ulysmedia.kz сайтына ақбөкендер тақырыбында сұқбат берген еді. Осы жолғы сұқбатында маман Қазақстандағы ақбөкендер мәселесін тағы да көтерді. Оның айтуынша, «санын реттеу» деген термин зиянкестерді жою деп естіледі. Ал ақбөкен зиянкес пе? Жоқ, ақбөкен – ұлы даладағы еркіндіктің символы,  ұлттық қазынамыз.

Бізге жеткен ақпаратқа сенсек, Батыс Қазақстан облысында 40 аңшыға қараша айының соңына дейін ақбөкен атуға рұқсат берілген. Өңірде 2,3 миллион ақбөкен тіршілік етеді. Жергілікті билік олардың 20 пайызын, яғни шамамен 460 мың басты атсақ, одан ақбөкендер таусылып қалмайды деп есептейтін көрінеді. Ulysmedia.kz бұл қайшылықты жағдайды назарда ұстап, соңғы жылдары саны күрт өскен ақбөкенді атуға қатысты қабылданған шешімдердің хронологиясын жасады.

Сабақты ине сәтімен дегендей, Штефан Михельмен араға екі жыл салып тағы сұқбаттастық. Ғалымның аты ғалым емес пе, өзімізді толғандырған сұрақтарға тұщымды жауап алып қана қоймай, еліміздегі жануарлар дүниесін қорғау саласында атқарылар жұмыстардың әлі де көп екеніне көз жеткіздік.

– Сіз ақбөкендерді бұрыннан зерттеп келесіз. Олардың жер шарындағы экожүйеге әсері қандай және ақбөкендер соңғы уақытта неге көзге шыққан сүйелдей болып отыр?

– Мен Қазақстанға 2007 жылы биоалуантүрлілікті сақтау жобасына қатысу үшін келіп, мұнда 12 жыл тұрдым. Экология министрлігімен бірлесіп түрлі жобалармен айналыстым, соның ішінде ақбөкендерге қатысты да жұмыстар болды. Ақбөкен – далалық экожүйе үшін өте маңызды жануар. Бұл ықылым заманнан бері далада емін-еркін көшіп-қонып, шөптің шүйгінін, судың тұнығын ішіп келе жатқан киелі аң. Қысқаша айтқанда, ақбөкен – Ұлы даланың соңғы көшпелісі.

– Сіз оларды жайылымнан жиі көретін бе едіңіз?

– Әрине. Қазір ақбөкендер саны айтарлықтай артты, әсіресе Батыс Қазақстанда. Мен олардың жайылып жүргенін өз көзіммен талай мәрте көргенмін.

Тек ғылыми тұрғыдан емес, адамзаттық құндылық есебінде қарастырсақ, ақбөкеннің алар орны қандай?

– Оның біздің экожүйемізде алар орны ерекше. Ол өсімдіктердің алуан түрлілігіне әсер етеді, топырақтың құнарлылығына ықпал етеді, зат айналымына қатысады. Қазақтар жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп жүріп-ақ ақбөкенмен қатар өмір сүрген. Оларды аулаған, бірақ сонда да оған құрметпен қарап, ысырапқа жол бермеген. Халық арасында ақбөкен киелі жануар саналған, меніңше, ол бекерден-бекер емес. Адамдар оның дала үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінген.

– Алайда қазір оны ату туралы мәселе көтерілді. Билік оның 20 пайызын атқанда тұрған ештеңе жоқ деп санайды. Сіз бұған не айтасыз?

– Бұл өте нәзік тақырып. Ақбөкен санының өсуі үлкен жетістік, бұл мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Басқа елдерде де аздап өскені байқалады, бірақ Қазақстандағыдай ауқымды емес. Дегенмен кейбір аймақтарда, әсіресе батыста, олардың саны рекордтық деңгейге жетті. Бұл жағдайда олардың саны шамадан тыс емес пе деген сұрақ туындайды. Олар жайылымдарға, шаруаларға қалай әсер етіп жатыр? Меніңше, біз олардың санын «реттеу» туралы емес, оларды «тұрақты пайдалану» туралы айтуымыз керек.

– Бұл ұғымға сіз нені жатқызасыз?

– «Реттеу» дегеніміз зиянкестерді жою секілді естіледі. Бірақ ақбөкен зиянкес емес, бұл – ұлттың қазынасы. Тұрақты пайдалану дегеніміз – біз популяцияны жоймай-ақ одан пайда көре аламыз. Оның үстіне, түскен табысты ақбөкендер жайлайтын жердегі тұрғылықты халықтың қажетіне жұмсауға болады. Сонда сол адамдардың өзі оны қорғауға мүдделі болады.

– Сонда белгілі бір шарттар орындалса, атуды құптайсыз ба?

– Иә, егер бәрі мұқият ойластырылса ғана. Инфрақұрылым, заңнамалық база, мамандарды даярлау қажет. Қазір мұның ешқайсысы жоқ. Дегенмен ақбөкендерді тұрақты басқару стратегиясы бар, біз оны мемлекетпен бірлесе жасадық. Онда бір табиғи ортада адам мен ақбөкеннің үйлесімді өмір сүру жолдары жазылған.

– 2023 жылы атуға рұқсат етілді. Бірақ жаппай емес, бұл шешім қаншалықты дұрыс болар екен деген мақсатпен сынақ ретінде жүргізілді. Қазір қоймаларда 42 мың мүйіз сақтаулы. Олар сатылмайды, жай ғана жатыр. Егер жүздеген мың ақбөкен атылса, қара нарық пайда болмай ма?

– Сіз айтып отырған жайт шынында қауіпті. Қазір саудалауға тыйым салынған, бірақ Қазақстан халықаралық экспорт квотасына өтінім беруге дайындалып жатыр. Егер нақты ережелер, ашық жүйе мен логистика болса, мүйіздерді заңды түрде сатуға болады. Ең бастысы: түскен табыс сол ақбөкендерді қорғап отырған жергілікті қауымдастыққа жетуі тиіс.

– Бірнеше жыл бұрын ақбөкендерді қорғау жолында бір инспектор қаза тапты. Сіз оны жете білетін едіңіз. Ал қазір мемлекет ақбөкенді атуға рұқсат беріп отыр. Сіз мұны қалай қабылдайсыз?

– Бұл – трагедия. Сол қайғылы оқиғадан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілді, техника алынды, жалақы көтерілді. Осындай адамдардың арқасында бүгін ақбөкендер саны осынша деңгейге жетті. Бірақ бұл енді бәрін қайтадан жоққа шығаруға болады деген сөз емес. Біз сол адамдардың еңбегін ұмытпауымыз керек. Қорғау мен тұрақты пайдалану қатар жүруі тиіс.

Басқа елдерде түз жануары мен ауыл шаруашылығы арасындағы қайшылықтар қалай шешіледі?

— Африкада, Канадада, Аустралияда бұған қатысты мол тәжірибе бар деп айта аламын. Онда жергілікті қауымдастықтар табиғи ресурстарды басқаруға қатысады. Бұл жүйе сағат секілді жұмыс істейді, себебі адам жануардан материалдық пайда көретінін сезінген кезде, оны қорғауға өзі мүдделі болады. Қазақстан да осы жолмен жүруі керек деп ойлаймын.

— Егер бізде ақбөкенді жаппай ату басталса, бұған әлемдік қауымдастық қалай қарайды деп ойлайсыз?

— Мұның бәрі қандай тәсіл қолданылатынына байланысты. Бейберекет ату – елдің беделіне нұқсан. Ал жергілікті тұрғындарды қатыстыру арқылы тұрақты пайдалану стратегиясын жүзеге асыру – басқа елдерге үлгі бола алады.

— Шаруалар ақбөкенді жайылымға, егінге қауіп көреді. Оларға не деп жауап берер едіңіз?

— Зерттеулер көрсеткендей, ақбөкен негізгі проблема көзі емес. Негізгі қиындықтар – су тапшылығы, жайылымдардың тозуы, агроөнеркәсіптік кешеннің жеткілікті қолдау көрмеуі. Иә, ақбөкен жағдайды ушықтыруы мүмкін, бірақ басты себеп ол емес. Қақтығыстың орнына тепе-теңдікті, табиғи балансты іздеу қажет.

Ақбөкен жойылып кетпесін десек, біз қоғам болып не істей аламыз?

— Оған еркіндік беру керек: қоршаулар тұрғызбай, көшу жолдарын бөгемей, оларды браконьерлерден қорғау керек. Ең бастысы: оның табиғат үшін, келешек ұрпақ үшін құндылығын мойындау қажет. Ақбөкен ата жауың емес, ол да табиғат-анамыздың бір перзенті, экожүйенің бір бөлшегі.

— Егер ақбөкен жойылып кетсе, біз нені жоғалтуымыз мүмкін.

— Біз даланың соңғы элементтерінің бірінен айрыламыз. Бұл биоалуантүрлілікке соққы болады, жайылымдардың жағдайы нашарлайды, дала өрті көбейеді, көміртек балансы бұзылады. Бұл ауыл шаруашылығына да, климатқа да кері әсер етеді.

— Кейбіреулер ақбөкеннің тағдырын Америкадағы жергілікті халықтың тағдырымен салыстырып жүр. Оларды резервацияларға қуып тастаған еді. Бұл пікірмен келісесіз бе?

— Бір жағынан, бұл салыстыру орынды. Ақбөкен – көшпелі жануар, ал оның көшу аймағын барған сайын шектеп жатыр. Егер тәсілді өзгертпесек, ол да сондай қайғылы тағдырға тап болуы мүмкін. Бірақ бізде басқа жолды таңдауға мүмкіндік бар, яғни жою емес, қатар өмір сүру үлгісін жасау. Слндықтан халықаралық тәжірибені пайдалану, экотуризмді дамыту, жергілікті қауымдастықтарды қолдау қажет.

— Шешім қабылдайтын адамдарға не айтқыңыз келеді?

— Бізде тұрақты басқару стратегиясы бар. Егер соны іске асырсақ, ақбөкен де, дала да аман қалады. Адамдар үшін де, жануарлар үшін де тиімді шешім – осы. Бәрін жасауға болады, тек соған ниет болуы керек.

Еске салайық, екі жыл бұрын біз Штефан Михельмен сұқбаттасқанбыз. Сол кезде-ақ ол стратегиялық ойлау қажеттігін айтып, ақбөкендерді табиғат пен ауыл шаруашылығына зиян келтірмей тиімді пайдалану жолдарын қарастыруды ұсынған.

Серіктес жаңалықтары