×
533.87
621.64
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
533.87
621.64
6.64

Демократиялық әлемдегі soft power: Варшавалық медиа-жоба қазақстандық нарыққа шықты

Бүгін, 13:54
Демократиялық әлемдегі soft power: Варшавалық медиа-жоба қазақстандық нарыққа шықты
Ulysmedia.kz коллажы

Польша қоғамдық телеарнасының «Вот так» жобасы Қазақстандағы танымалдыққа жауап қатып, біздің медиа нарыққа шығуды ұйғарды. Жақын күндері Астанада «Вот так» жобасының қазақстандық редакциясы жұмысын бастайды. Бұл қызығушылықтың себебін жобаның жетекшісі Юрий Салодкий Ulysmedia.kz-ке түсіндірді.

«ВОТ ТАК-ТЫҢ» ҚАНША ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨРЕРМЕНІ БАР?

Варшава Қазақстаннан алыс. Неге біздің елге қызығушылық пайда болды?

- Сегіз жыл бұрын біз алдымен ресейліктерге арналған орыс тіліндегі жобаны бастағанда, бізді Украинада, Беларусьте және Қазақстанда қарай бастағанын байқадық. Бұл міндетті түрде орыс тілінде сөйлейтіндер емес, бірақ мен айтқандай, «орыс тілін түсінетіндер». Кремльдік немесе билікшіл көзқарассыз аймақтағы оқиғалардың шынайы көрінісін көргісі келетіндер. Белгілі болғандай, «Вот так» көрермендері мен оқырмандарының әр оныншысы – қазақстандық.

Қазақстанға қалай келесіздер?

- Қазір біз ел ішінде ақпараттық серіктестер іздеп жатырмыз, сондай-ақ Қазақстаннан кеткен белгілі журналистермен және қоғам қайраткерлерімен ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастырудамыз. Қазақстан қоғамы мен билігі мынаны түсінуі тиіс: бүгінгі күні Кремльдің насихаты тек Украинаға ғана емес, басқа да көрші елдерге, соның ішінде Қазақстанға ықпал етуге тырысуда. Күн өткен сайын ресейлік пропаганда Беларусь, Қазақстан және өзге де мемлекеттердің егемендігіне қауіп төндіріп отыр. Әзірге тек сөз жүзінде, тарих пен халықаралық құқықтың өз кремльдік түсінігі арқылы. Сондықтан біздің басты басымдықтарымыздың бірі – Кремльдің насихатымен күрес. Егер әңгіме аймақтың егемендігі мен шешім қабылдау құқығы туралы болса, онда қазақстандық биліктің де, қоғамның да ұстанымын айту және көрсету маңызды деп есептейміз. 

НЕЛІКТЕН «ШЕТЕЛДІК АГЕНТ»?

Өткен жылдың қаңтарында Ресейдің Әділет министрлігі сіздердің басылымдарыңызды «шетелдік агент» деп таныды. Сіздің ойыңызша, оған не себеп болды?

- Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруі басталғаннан кейін біз мынаны түсіндік: біздің міндетіміз тек демократияның артықшылықтары мен еркіндіктің құндылығы туралы айту ғана емес, сонымен қатар барынша көп ресейліктің өз елінің тәуелсіз мемлекетке қарсы қылмыстық соғыс жүргізіп жатқанын, күн сайын Украина қорғаушыларын және бейбіт тұрғындарды (оның ішінде балаларды да) өлтіріп жатқанын түсінуіне жағдай жасау. Біз соғыс туралы, Путин режимінің және аймақтағы басқа диктаторлардың қылмыстары туралы, сондай-ақ әлемдегі оқиғалар жайлы шындықты жеткіземіз. Біз 150–200 миллион адамға түсінікті тілде хабар таратып, Кремльдің жалған ақпараттары мен насихатын әшкерелейміз және осылайша Украинаға көмектесеміз. Біздің эфирлеріміздің, сайттағы мақалаларымыздың және әлеуметтік желідегі жазбаларымыздың арқасында кейбір ресейліктер майданға бармау жолын біледі әрі тек бұйрықты орындағанның өзінде қылмыс жасайтынын түсінеді.

«ВОТ ТАК» ЖЕТІСТІКТЕРІ

Сегіз жыл ішінде неге қол жеткіздіңіздер?

- Бүгінде «Вот Так» — жүздеген миллион қаралымы және ондаған миллион бірегей көрермені бар жоба. Мәселен, 2024 жылы тек біздің YouTube-арналарымызда 330 миллионнан астам қаралым жиналды. Біз Еуропадағы ең ірі тәуелсіз орыс тілді медиажобалардың біріміз.

Аудитория қалай көбейіп келеді?

- Біз балама ұсынамыз: насихаттық штамптаудың орнына кәсіби, тәуелсіз, сапалы өнім. Ал біздің «Дождь» телеарнасынан айырмашылығымыз – біз өзімізге тартыстан тыс, ресейлік оппозициялық қоғамнан бөлек болуға мүмкіндік бере аламыз. Яғни біз үшін фамилиялар, партиялар не гранттардан гөрі тек шындық пен объективтілік маңызды. Айтпақшы, бұл тек ресейлік аудиторияға қатысты емес. Жаңалық пен талдауды мүлде тәуелсіз жеткізу тәсіліміз бізге Украинадағы көрермендерді де тартты. Ресейдің басып кіруіне дейін-ақ бұл елде медиа нарығы өте үлкен болған. Соған қарамастан, бізді ол жақта жүздеген мың украиндық көрді және әлі де көруде. Неге? Өйткені олар біз Зеленскийдің, Порошенконың немесе, мысалы, Тягнибоктың жағында емес екенімізді біледі. Біз барды бар қылып көрсетеміз, идеологияға қарамаймыз. Дәл осыны біздің қазақстандық көрермендеріміз бен оқырмандарымыз да бағалады. Қазақстандағы біздің үлесіміз жалпы қаралымның шамамен 10%. Көп емес сияқты. Бірақ абсолютті сандарға аударсақ, бұл жылына 33 миллионнан астам қаралым.

ТІЛ – САНАНЫ ҚАБЫЛДАУДАҒЫ ШАЙҚАС АЛАҢЫ

Неге орыс тілінде хабар таратасыздар?

- Кремль орыс тілін ықпал ету құралы ретінде қолданса, біз оны азат ету құралы ретінде пайдаланамыз. Орыс тілі – сананы жаулап алу шайқасының алаңына айналды, әрі дәл осы алаңда біз ресейлік мемлекеттік машинадан басым түсудеміз.

Шетелдік аудитория не көреді, қандай тақырыптарға қызығады?

- Қазақстанның сыртқы саясаты, оның Ресей, Қытай және Батыс арасындағы рөліне қатысты сюжеттер ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар, әлеуметтік тақырыптар да маңызды, олар елдің шынайы бейнесін көрсетеді және кең аудиторияда эмоциялық үн табады. Наразылық тақырыбы, сондай-ақ елдегі реформалар немесе олардың қажеттілігі де қызықтырады.

БӘСЕКЕЛЕСТІК

Көрермен үшін күресте не көмектеседі? Менің түсінуімше, бәселекелестік жоғары ғой?

- Біз мультимедиялық бағытты және жобаның онлайн бөлігін күшейтіп жатырмыз. Мысалы, соңғы үш айда Instagram-профиліміздегі қаралымды екі есе арттырдық. Сонымен бірге Facebook-та «Вот Так. Moldova» атты жаңа парақша ашып, осы аттас жаңа жобаны іске қостық. Мақсатымыз қарапайым: аудиторияны кеңейту, барлық қолжетімді платформаларда сенім қалыптастыру және Ресейден тыс жерлердегі орыс тілін білетін немесе түсінетіндер үшін басты объективті ақпарат көзіне айналу.

«Вот Так» үшін басты сын-қатер не және ең қауіпті бәсекелес кім?

- Басты сын-қатер бұл тек цензура ғана емес, сонымен қатар бюджеттен миллиардтаған қаржы алатын насихат машинасымен бәсекелестік. Жауап сапада және сенімде. «Вот Так» тәуелсіз БАҚ-тың насихатқа қарсы тұрып, қоғамдық пікірге шынайы ықпал ете алатынының үлгісі. Біз демократиялық әлемнің «жұмсақ күшіміз». Бір жағынан бізді Польша үкіметі қаржыландырады, бірақ екінші жағынан редакциялық саясатымызда толық тәуелсізбіз. Бұл ұстаным біздің Польша үкіметімен жасалған келісімімізде жазылған, сондықтан біз аймақтағы ең объективті БАҚ болып отырмыз.

АЙТА КЕТЕЙІК

«Вот Так» жобасы 2017 жылы құрылды. Оның құрамында Ресейден, Беларусстан, Украинадан және өзге де елдерден келген журналистер жұмыс істейді. 2022 жылы жазылушылар саны бір миллионнан асқанда, YouTube-тан символикалық «алтын батырма» алған. «Вот Так» ақпаратты жеткізуде мультимедиялық форматтарды белсенді қолданады: ресми сайтта жаңалықтар, аналитика, сұхбаттар мен мақалалар жарияланады. YouTube-арнасына жаңалықтар топтамасы, деректі фильмдер мен сұхбаттар жүктеледі. Telegram-арнасы, Facebook және өзге де алаңдар жаңалықтарды жедел тарату үшін пайдаланылады. Ең танымал тележобалары: «Вот Так. Таңғы эфир», «Вот Так. Кешкі эфир», «Вот Так. Басты тақырып», «Ой ағымы Виктор Шендеровичпен», «Оқиғалар көкжиегі» және басқалар.

Серіктес жаңалықтары