×
540.06
628.25
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
540.06
628.25
6.61

Қазақ баласының арманы: Сұлтан Насымбаев футболда алған жарақаты мен JPMorgan-дағы қызметі туралы

Бүгін, 12:47
Қазақ баласының арманы: Сұлтан Насымбаев футболда алған жарақаты мен JPMorgan-дағы қызметі туралы
Коллаж: ulysmedia.kz

Сұлтан Насымбаев бала кезінде футболшы болуды армандаған және кәсіби спортты бағындыру үшін АҚШ-қа аттанған. Алайда оның америкалық арманы мүлде басқа бағыт алды – бүгінде ол JP Morgan компаниясында инвестициялық банкир болып жұмыс істейді. Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұқбатында Сұлтан спорттық арманның күйреуін қалай еңсергенін, «Уолл-стриттегі қасқырлар» әлеміне қалай келгенін және не себепті оның түсінігіндегі патриотизм – география емес, үлес қосу екенін айтып берді.

– 25 жастағы қазақ жігіті JP Morgan сияқты инвестициялық банкке жұмысқа қалай орналасты?

– Сегіз жылдан бері Америкада тұрамын. Соңғы үш жылым Нью-Йоркте өтуде. Алғашында менің мақсатым футболшы болу еді. АҚШ-та кәсіби деңгейдегі клубта ойнап, кейін Еуропа клубтарына өтуді ойладым. Нью-Йорк қаласының командасы – NYCFC академиясына қабылдандым, онда кезінде Фрэнк Лэмпард пен Давид Вилья ойнаған. Іріктеуден өттім, түрлі турнирлерге қатыстық. Сол жерде Пенсильвания университетінің бапкерлері мені байқап, оқуға шақырды. Бірақ оқу басталар алдында ауыр жарақат алдым. Дәрігер маған футболға қайта орала алмайтынымды ашық айтты. Соған қарамастан, қайта қалпыма келуге тырыстым, бірақ әр жаттығудан кейін жарақат қайталана берді. Сол кезде барып менің футболдағы мансабым аяқталғанын түсіндім.

– Бұл сіздің арманыңыздың күйреуі ғой?

– Иә, ол сәт мен үшін өте ауыр болды. Жасырмаймын, жыладым. Күндердің бір күні менің алдымда екі жол бар екенін түсіндім: біріншісі, өзіме аяушылық білдіріп, тағдырды кінәлау, екіншісі, футбол үйреткен ең басты қасиеттерді – еңбекқорлықты, тәртіпті, күресе білуді басқа салада қолдану. Мен екіншісін таңдадым. Егер дәл сол күш пен табандылықты басқа бағытқа жұмсасам, нәтижеге жете алатыныма сендім.

УОЛЛ-СТРИТ – КИНОДАҒЫДАЙ ӘЛЕМ

– Сонда сіз мүлде басқа салаға кетуді шештіңіз бе?

– Иә. Университетке түскенде менің бар мақсатым футбол ойнау болатын. Бірақ жарақаттан кейін ішімде үлкен бос кеңістік пайда болды. Сол кезде кампуста студенттік инвестициялық клубты көріп қалдым. Олар студенттерге Уолл-стритке жол ашуға көмектесетінін айтты. Ал мен үшін ол кезде Уолл-стрит кино әлеміндегідей, мысалы, Леонардо Ди Каприо ойнайтын «Волк с Уолл-стрит» фильміндегідей қиял-ғажайып дүние болып көрінетін. Таныстарымның бәрі мені райымнан қайтаруға тырысты: «Сен Пенсильвания университетіндесің, бұл «Лига Плюща» емес. Сен шетелдік студентсің, танысың жоқ, қаржылық білімің де аз. Саған Уолл-стритке жол жоқ», – деді. Бірақ дәл осы сөздер мені қамшылады. Мен өзіме: «Дәлелдеймін, бәрібір барамын», – дедім.

– Уолл-стритке кіру қаншалықты қиын болды?

– Өте қиын. Маған «Бұл индустрия ұяң адамдарға арналмаған» деп турасын айтты. Мұнда саған қашан назар аударады екен деп күтіп жүруге болмайды.   Барлық есікті өзің қағуың керек: хабарласу, хат жазу, кездесуге сұрану. Мен бір банк аналитигімен кофе ішу үшін, яғни кездесу үшін Пенсильваниядан Нью-Йоркке автобуспен бес сағат жол жүріп бардым. Күніне 10-15 адамға хат жазатынмын. Соның екі-үшеуі ғана жауап берсе, соған ризасың. Бірақ мен ешқашан: «Мені жұмысқа алыңыздар» деп жазған емеспін. Керісінше, тек бес минут сұрап, олардың тәжірибесі мен жүріп өткен жолы туралы сұрадым. Адамдар сенің шынайы қызығушылығыңды сезгенде өздері көмектескісі келеді. Осылайша менің таныстарым көбейді, ал біраз уақыттан кейін Citibank-тың бір бөлімінде мені бәрі танитын болды. Сол жерден маған әлі бірінші курста оқып жүргеніме қарамастан, тағылымдамадан өтуге ұсыныс түсті.

– Ол кезде сізге қандай жұмыс ұсынды?

– Бұл Citibank-тағы Sales and Trading деп аталатын бөлімдегі тағылымдама еді. Яғни, сату және сауда операцияларымен айналысатын бағыт. Мен бастапқыда трейдер болуды қаладым, өйткені адамдармен жұмыс істеу қабілетім дәл сол жерде қажет болады деп ойладым.

– Сізбен ресми сұхбат өткізді ме?

– Жоқ, «Нью-Йорктегі кеңсеге кел, сөйлесеміз», – деді. Таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін тапжылмай отырдым. Әр жарты сағат сайын басқа қызметкерлермен жеке сөйлестім. Күн соңында:
«Сен бәріне ұнадың. Біз сені алғымыз келеді. Қыркүйекте ресми өтінім ашылады, сол кезде өтініш бер, бәрі жақсы болады», – деді. Яғни, мені қабылдайтыны белгілі болды. Бірақ мен үш ай жай ғана күтіп отыратын адам емеспін. Сол аралықта да адамдармен байланысып, олармен жолығып, Нью-Йоркке барып-келіп жүрдім.

ӘРІ КЕТСЕ «ЖОҚ» ДЕЙДІ

– Сіз JP Morgan қызметкерлерімен байланыспағаныңызды айттыңыз ғой...

– Иә, қызығы сол, расында ешкіммен сөйлеспедім. Басқа банктердің өкілдерімен талай рет сөйлестім, бірақ JP Morgan-мен емес. Олардың ресми сайтында анық жазылған: «Біз халықаралық студенттерді және екінші курстағыларды қабылдамаймыз». Ал мен сол кезде екінші курста оқитын шетелдік студент едім, оның үстіне Пенсильвания штатындағы университеттенмін. Бұл оқу орнынан JP Morgan-ға әдетте ешкім келмейтін. Бірақ мен бәрібір өтінім жібердім. Өзіме: өтінімді қабылдамаса да бәрібір, нем кетіп барады, жіберіп көрейін дедім.

– Неге банктер шетелдік студенттерді қабылдағысы келмейді?

– Себебі бұл қымбат әрі тәуекелді процесс. Шетелдікті жұмысқа алу үшін компания оның жұмыс визасын демеуші ретінде өз есебінен рәсімдеуі керек. Бұл – үлкен шығын, әсіресе егер premium-процесс болса. Оның үстіне лотерея жүйесі бар, ал студенттің ұтуы – белгісіз. Сондықтан көп банктер тек АҚШ азаматтарын және беделді университет түлектерін қабылдауға ниетті.

– Сонда да тәуекелге бардыңыз ғой?

– Иә. Нәтижесінде күтпеген жерден дәл JP Morgan мені соңғы кезеңге,  Superday деп аталатын финалдық сұхбатқа шақырды. Бұл – үміткерді компания есебінен Нью-Йоркке жеткізіп, қонақ үйге орналастырып, тамағын, жолын төлеп, бір күн бойы сұхбат өткізетін жүйе. Қызығы сол,  тіпті сені жұмысқа алмаса да, барлық шығынды компания өзі өтейді.

– Сол Superday қалай өтті?

– Үлкен залға жүз үміткер мен жүз JP Morgan қызметкері жиналды. Әрқайсысына 30 минуттан уақыт берілген. Қоңырау соғылады, сұхбат басталады, тағы бір белгі берілгенде аяқталды. Менің бірінші сұхбатым басталуы керек еді, алайда алдымда ешкім жоқ. Сұхбаттасушы кешігіп жатыр. Көп адам менің орнымда болса, қобалжып, соры қайнаған-ай дер еді. Ал мен сабырлы қалпымнан танбадым, бәрібір өтемін деп өзіме сенімді болдым. Он минуттан кейін сұхбаттасушы қызметкер келді, ал біз қаржы туралы емес, менің өмірім, Қазақстан және футбол жайында әңгімелестік.

– Сонда сізге ешқандай күрделі сұрақ қойылмады ма?

– Бірінші және екінші сұхбатта мүлдем күрделі сұрақ қойылмады. Сөйлескен адам спортқа қызығатын болып шықты, біз Шымбұлақ, шаңғы тебу туралы әңгімелестік. Үшінші сұхбатта футбол жайлы сөйлестік, себебі оның ұлы да футболшы болғысы келеді екен. Менен кеңес сұрады. Осылайша мен үш кезеңнің бәрінен өттім, бірде-бір стандартты сұрақ естімедім. «Баланс туралы айтып беріңіз» деген сияқты сұрақтар мүлде болған жоқ.

СЕНІМ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

– Демек, бәрін шешкен өзіңізге деген сенім бе?

– Иә. Мен бір нәрсені анық түсіндім: сұхбат – бұл емтихан емес, диалог. Егер сен өзің туралы айтпасаң, ешкім де сені танып-білмейді. Сондықтан мен өз өмір жолымды, Қазақстанды, футболды айтып бердім. Осы арқылы тек қаржыны білетін адам емес, сонымен қатар адамдармен байланыс орната алатынымды, сенім тудыратынымды көрсете алдым.

– Сіздің ағылшыншаңыз сол кезде өте жақсы болған шығар?

– Шынын айтсам, жоқ. Менің ағылшыным мінсіз болған жоқ. Бұл да бөлек әңгіме. Америкаға келмей тұрып мен Алматыдағы МАП колледжінде оқыдым. Бұл ең қарапайым колледждердің бірі. Оны жамандай алмаймын,  маған көп нәрсе берді. Сол жерде КВН ойнап, жақсы достар таптым. Бірақ ағылшын тілі мен бизнес тұрғысынан алғанда, ол маған аса үлкен білім берген жоқ. Мен екі жыл күндізгі бөлімде оқыдым, ал үшінші курсты сырттай аяқтадым, ол кезде мен АҚШ-та едім. Сондықтан менің академиялық кеңесшім (эдвайзер) «Сен жұмыс таба алмайсың» деп ашық айтты. Өйткені менің ағылшын тілін білу деңгейім де, тәжірибем де жеткіліксіз еді. Мен орта деңгейде ғана білетінмін. Сол себепті ол максимум төртінші курстың соңында ақысыз тағылымдама табарсың деп ойлады. Бірақ мен JP Morgan-ның Уолл-стриттегі кеңсесіне жұмысқа орналастым және мұны екінші курс оқып жүріп жасадым.

АМЕРИКАЛЫҚ ҚАШЫҚТАН ЖҰМЫС

– Сіздің жолыңыз болған екен. Ал алғашқы жалақыңыз қандай болды?

– Екінші курста, тәжірибе кезінде менің жылдық ставкама шаққанда табысым 75 мың доллар болды. Бұл сома 10 апталық жазғы практика мерзіміне пропорционалды есептелді. Яғни маған тіпті студент болсам да, штаттағы қызметкер секілді аптасына төлеп отырды. Бұл 2020 жылдың жазы еді. Мен сол кезде Алматыда болдым, ал жұмысты онлайн атқардым. Сол жыл Zoom мен виртуалды жұмыс форматтарының жаппай тараған алғашқы жылы болатын. Бастапқыда бәрі түсінбей жүрді: Қазақстанда отырып, АҚШ компаниясына заңды түрде қалай жұмыс істеуге болады? Осы себепті мен сол кезде АҚШ-та салық төлемедім, бұл маған үлкен көмек болды. Өздеріңіз білесіздер, Америкада салықтар 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Көп жағдайда табыстың жартысын тіпті қолыңа алмайсың, банктегі есепшотыңа түспей жатып-ақ шегеріледі.

– Сонда сіздің мансабыңыз дәл JP Morgan-нан басталды ма? Қандай қызмет атқардыңыз?

– Иә. Бірақ, алдымен, түсіндірейін: көпшілік инвестициялық банк дегенде қате түсінеді. Көп адам мені несие беретін немесе карточка шығаратын банк қызметкері болып жұмыс істейді деп ойлайды. Шын мәнінде, инвестициялық банк бұл мүлде басқа нәрсе. Біз жеке тұлғалармен емес, ірі корпорациялармен жұмыс істейміз. Мысалы, компанияға өз ішінен үлкен қаржы бөлімін ашқаннан гөрі, біздің банкті жалдап, сараптамалық көмек алғаны тиімді. Яғни біз корпоративті клиенттердің қаржы стратегиясын, инвестициясын, келісімдерін ұйымдастырамыз.

– Демек, сіздің клиенттеріңіз алпауыт компаниялар ғой?

– Дәл солай. JP Morgan тек ең ірі корпорациялармен жұмыс істейді. Біздің клиенттеріміз – капиталы 300-500 миллион доллардан басталатын компаниялар. Мен медиа және телекоммуникация секторының тобында жұмыс істеймін. Бұл – Netflix, Disney, AT&T, T-Mobile сияқты алыптар. Медиа саласы өте кең: спорт, музыка, кино, Голливуд, стриминг сервистері. Біз спорт клубтарымен жұмыс істегенде, олардың иелерімен сөйлесеміз, ойыншыларды қалай бағалайтынын, бизнес модельдерін қалай құратынын көреміз.

– Сіз осы салада қандай жаңа үрдістер байқап жүрсіз?

– Қазір негізгі тренд – шоғырлану. Бұрын ойыншылар көп болса, қазір ірі компаниялар бәрін сатып алып жатыр. Мысалы, Netflix-ті алыңыз: басында олар кассеталар тарататын, кейін онлайн-стримингке өтті, енді спорт лигаларының трансляция құқықтарын сатып алып жатыр. Жақында олар NFL мен бокс көрсетуді бастады. Неге? Өйткені Netflix-тің жазылушылар базасы қазір максимумға жетті. Ал өсу үшін әр клиенттен көбірек табыс табу керек: көбірек фильм, көбірек спорт, көбірек эксклюзив.

 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ ӘСЕРІ

 

– Ал жасанды интеллект (AI) бұл салаға қалай әсер етіп жатыр?

– Өте үлкен әсері бар. Қазір LLM және чат-боттар (мысалы, GPT секілді жүйелер) орасан зор есептеу қуатын талап етеді. Ал бұл – деректер орталықтарының (data center) күрт өсуіне әкеліп отыр. Деректер орталығы – бұл ақпарат сақталатын және өңделетін орын. Қазір телекоммуникация саласындағы ең жылдам өсіп келе жатқан бағыттардың бірі – дәл осы деректер орталықтары. Өйткені жасанды интеллектке арналған есептеу қуатына деген сұраныс шексіз. Компаниялар бұрынғыдан бірнеше есе көп энергия мен инфрақұрылым салып жатыр. Бұл, өз кезегінде, жаңа нарықтар мен инвестициялық мүмкіндіктер тудырады.

– JP Morgan-да жұмыс істеу шынымен абырой ма?

– Әрине, бірақ оның екінші жағы да бар. Өкінішке қарай, инвестициялық банктегі қызметкерлердің 99%-ы екі жылдан артық істемейді. Бұл – саланың ерекшелігі әрі шындығы. Неліктен? Себебі инвестициялық банк – адамға мансаптың ең мықты бастауын береді. Екі жыл осында істеген маман кейін кез келген салаға кете алады, ал оның түйіндемесінің өзі оның табандылығы мен еңбекқорлығын дәлелдеп тұрады. Бірақ шынайы өмірде бұл – 24/7 режиміндегі жұмыс. Netflix сияқты ірі клиенттер күте алмайды. Оларға бәрі дәл қазір жасалуы керек. Директорлар кейде орындалуы мүмкін емес мерзім белгілейді, ал бар ауыртпалық аналитиктер мен ассошиэйттерге түседі, себебі жұмыстың негізгі бөлігі солардың мойнында. Мен кейде бір уақытта сегіз жобамен айналысқан күндерім болды.

ҚАНША САҒАТ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

– Аптасына қанша сағат жұмыс істейтін едіңіз? Мұндай қарқынға қалай шыдауға болады?

– Барлық инвестициялық банкирлердің өздерінің қандай қиын жағдайда жұмыс істейтінін айтып жүретін әдеті бар. Мүмкін бұл өз-өзін жұбату тәсілі шығар. Бірақ, шындығында, бұл сөздер рас. Көп жағдайда адамдар аптасына 100-120 сағат жұмыс істейді. Кейде «бар болғаны» 80 сағат. Әрине, бәрі мұндай темпке шыдай бермейді: көптеген адамдар күйзеліп, шаршап, тіпті депрессияға түседі. Өкінішке қарай, артық жұмыс салдарынан жүрегі тоқтап қайтыс болған жағдайлар да болған. Дегенмен екінші жағын да түсіну керек. Рас, кей аптада біз шын мәнінде 100 сағаттан артық жұмыс істейміз. Тіпті менде үйге тек душ қабылдап, киім ауыстыру үшін келіп, қайтадан кеңсеге оралған күндерім болды. Бірақ кейде жеңілдеу кезеңдер де болады, яғни 60 сағаттық апта сияқты. Тек бұл туралы көп адам айтпайды. Кейде Қазақстаннан маған жастар жазады, осы салаға кіруден қорқатынын айтады. Мен оларды түсінемін. Бірақ шындық осы: бұл жұмыс тұрақты түрде 120 сағаттық апта емес. Оның артықшылықтары да, қиындықтары да бар. Ең бастысы – өз мүмкіндігіңді дұрыс бағалап, нақты жағдайды көзбен көру.

ҚҰРЫЛЫС БАСТЫҒЫ СИЯҚТЫ

– Үш жыл жұмыс істегеннен кейін қазір қандай лауазымдасыз?

– Қазір мен инвестициялық банкир ретінде associate деңгейінде қызмет етемін. Бұл мәміле жүргізу кезіндегі жобаның жетекшісі деуге болады. Егер иерархияға қарасақ, мен орта буындамын: жоғарыда – директорлар (олар құрылымды анықтап, компания басшыларымен сөйлеседі), төменде – аналитиктер (олар модельдер жасап, презентациялар дайындайды). Мен – осы екеуінің арасындағы қызметтемін.

– Демек, сіздің қол астыңызда қызметкерлер бар ғой?

– Ресми түрде бағынышты адамдар жоқ. Бірақ әр жоба бойынша мен бірден үш аналитикке дейін басшылық жасаймын: тапсырма берем, нәтижесін тексерем, жұмыстың дұрыс бағытта жүргенін қадағалаймын. Қарапайым тілмен айтқанда, мен құрылыс прорабына ұқсаймын. Директор – архитектор болса, аналитиктер – жұмысшылар, менің міндетім – жобаны жоспардан нәтиже шығатын деңгейге дейін жеткізу. Клиент бізге капитал тарту немесе компаниядағы үлесті сату сияқты мақсатпен келгенде, менің міндетім – бүкіл процесті уақтылы және жоспарға сай орындауды ұйымдастыру.

– Қанша мәміле жасап үлгердіңіз?

– Көп. Соңғы бірнеше ай бұрын жабылған мәмілеміздің құны 4,2 миллиард доллар болды. Бұл – біз үшін ең ірі мәміле емес, орта деңгейдегі, бірақ өте күрделі жоба еді. Компания банкрот болуға жақын тұрды, ал біз оның құрылымын толығымен өзгертіп, жаңа деңгейге шығардық. Нәтижесінде бәрі сәтті аяқталды.

– Ал жылдық табысыңыз қазір қанша?

– Бұл әркімде әртүрлі. Бірақ жеке өзімде биыл шамамен 400 мың доллар болды.

– Қазақстанда ондай жалақы жоқ қой…

– Өкінішке қарай, рас. Дәл сол себепті мен әзірге АҚШ-тамын. Мұнда мүмкіндіктер көп: ең мықты командалармен жұмыс, ірі келісімдер, үздіксіз кәсіби даму. Қазақстанда мұндай бәсеке деңгейі мен табыс ауқымы әзірге жоқ. Бірақ уақыт өте келе ол да өзгеретініне сенемін.

КҮШ ЖИНАП, ҚАЙТЫП КЕЛУ

–Сіз бәрібір Қазақстанмен байланысты үзбепсіз. Нью-Йорк сізді «жұтып» қойған жоқ па?

– Жоқ, мен үшін АҚШ-та жұмыс істеу елден кету емес, керісінше, өсу мүмкіндігі. Менің мақсатым – тәжірибе жинап, кейін Қазақстан үшін пайдалы болу. Қазірдің өзінде мен ел мен АҚШ арасындағы көпір салуға тырысамын: қазақстандық студенттермен сөйлесемін, кеңес берем, біздің кәсіпкерлердің американдық компаниялармен байланыс орнатуына көмектесемін. Жақында сондай бір келісім жүзеге аспай қалды, бірақ мен тоқтаған жоқпын. Сонымен қатар JP Morgan-дегі әріптестеріме үнемі Қазақстан туралы айтып жүремін, тарихымызды, әлеуетімізді, болашағымызды. Мен өзімді сол арқылы елімді таныстырып жүрген шағын елші деп есептеймін. Менің мақсатым – АҚШ-та үш түрлі капитал жинау: білім, байланыс және табыс. Кейін осы үшеуін Қазақстан үшін пайдалану.

– Жалпы алғанда, Қазақстан қазір америкалық нарыққа қызықты ма?

– Әрине. Мен өзімді әлемдік экономист деп есептемеймін, Қазақстанның беделі өсіп келе жатқанын нақты байқалады. Kaspi.kz пен Freedom Holding сияқты компаниялар халықаралық нарыққа шықты. Тіпті JP Morgan Kaspi-дің Нью-Йорктегі IPO-на қатысқан. Мен Кремний алқабындағы мамандармен сөйлестім, олардың бәрі Kaspi мен Freedom туралы естіген. Бұл – үлкен жетістік. Бұрын Қазақстан десе, көп адам «Бораттың ел» деп әзілдейтін. Ал қазір бізді Головкинмен, Шавкат Рахмоновпен, технологиямен байланыстырады. Бұл – өте жақсы өзгеріс.

– Демек, болашақта Қазақстанға оралуды жоспарлап отырсыз ғой?

– Міндетті түрде. Бұл туралы мен отбасыммен де сөйлестім. Менің мақсатым – жоғарыда айтқан үш капиталды жинау және елге оралу. Бұл бизнес жобалар, инвестициялар немесе жастармен жұмыс болуы мүмкін.

– Сіздің түсінігіңізде «сарапшы» деген кім?

– Шынайы сарапшыны оның тәжірибесі мен нәтижесі танытады. Мен өзімді әзірге сарапшы деп есептемеймін. Мен үшін сарапшы болу ондаған, тіпті жүздеген мәміле жасау, кең байланыс орнату, саланы терең түсіну. Қай күні мен Қазақстанға осындай білім мен тәжірибемен оралып, елге ең үздік халықаралық тәжірибелерді әкелсем, міне сол кезде ғана «сарапшы» атануға лайық боламын деп ойлаймын.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІСІЗ ӨМІР

– Сіз бұған дейін әлеуметтік желілерді қолданбағаныңызды айтып едіңіз. Тіпті кеше ғана тіркелдіңіз. TikTok не Instagram-сыз қалай өмір сүресіз?

– Бұл жақсы сұрақ. Өзім де кейде ойланып қоямын. Бірақ мен бұл шешімге 17 жасымда келгенмін. Сол кезде егер бір нәрсеге шын мәнінде жеткім келсе, оған 100% уақытымды арнауым керектігін түсіндім. Футбол кезінде де, кейін Уолл-стритке дайындық кезінде де мен осы принципті ұстандым. Әлеуметтік желі – ең үлкен уақыт ұрлаушы. Ал уақыт – адамдағы жалғыз қайта толмайтын ресурс. Мен өзіме сұрақ қойдым: тәулігіне 24 сағат бар, мен оны телефонға жұмсаймын ба, әлде дамуыма ма? Сөйтіп, барлық аккаунтымды өшіріп тастадым. Осылайша 8 жыл бойы әлеуметтік желісіз өмір сүрдім. Тек кеше достарыммен сөйлескен соң қайта тіркелдім.

– Неге бұған дейін тіркелмей келдіңіз?

– Себебі адамдар мені «инфосыған» немесе «жалған коуч» деп қабылдай ма деп қорықтым. Қазір мұндайлар көп қой, бәрі курс сатып, «жетістікке жетудің сыры» деп айтады. Ал мен ондай адам болғым келмеді. Сондықтан парақшамды мейлінше таза, қарапайым ұстауға тырысамын, ешқандай жарнама не табыс көрсету жоқ.

– Бірақ сіз жылына 400 мың доллар табасыз. Көп адам мұнымен тоқтамай, әрі қарай ақша қуып кетер еді ғой…

– Иә, мен де ондайларды Қазақстанда да, АҚШ-та да көп көремін. Жалақың қанша болса да, кей адамдар тойымсыздық қылып жатады. Ағылшынша мұны burning greed дейді, яғни ашкөздік. Бұл ақыр соңында күйзеліс пен бақытсыздыққа алып келеді. Мен үшін жетістік ақша емес. Жетістік – Қазақстаннан жастар хабарласып, «сіздің әңгімеңіз менің өмірімді өзгертті» деген кездегі сәт. Жетістік қоғамға пайда әкелу, елің үшін бір нәрсе жасау. Ақша, үй, жалақы бұл көрсеткіш емес. Сол себепті мен сабырлымын. Табыс болса қуанамын, болмаса уайымдамаймын. Ал өмірінің мақсатын тек ақшаға байлаған адам ешқашан тоймайды. Бұл доңғалақта жүгіріп жүрген хомяк сияқты: жүгіресің, шаршайсың, бірақ тыныштала алмайсың.

ТӘРБИЕ МЕН ҮЛГІ

– Мұндай даналық пен өмірге көзқарас қайдан қалыптасты? Бұл тәрбие ме, әлде кітап пен ортаның әсері ме?

– Әрине, бәрі, ең алдымен, тәрбиеден. Мен мұндай ойларға өз бетімше келген жоқпын. Менің ата-анам мен аталарым – өте парасатты адамдар. Мысалы, атам Балтабай Рахымжанов Қазақстан тарихы туралы кітап жазған. Ол ауылда туған, орысша білмеген, бірақ арман қуып Алматыға оқуға келген. Вокзалда түнеп, кейде тұрып ұйықтауға мәжбүр болған, бірақ көздегеніне жеткен, балаларының бәрі жоғары білім алды, тіл меңгерді, қалада өмір сүрді. Ата-анам да соны жалғастырды: олардың мақсаты балаларының халықаралық деңгейге шығуы еді. Сондықтан менің тоқтауға құқығым жоқ деп ойлаймын, олар бастаған істі ары қарай жалғастыру – менің міндетім.

– Сіз АҚШ-та ұзақ тұрсаңыз да, қазақ тілін ұмытпаған екенсіз.

– Біз жұбайым екеуміз арнайы репетитор жалдап, қазақ тілін қайта үйреніп жатырмыз. Мақсатымыз – тілде еркін, дұрыс және әдемі сөйлей білу. Болашақта балаларымыз қазақ тілін міндетті түрде білсін дейміз. Олар сөйлесін десек, үлгі көрсететін біз болуымыз керек.

– Ата-анаңыз туралы да айтып өтсеңіз. Сіздің әкеңіз «Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі дейді…

– Иә, ол – бағдарламаның ең алғашқы қатысушыларының бірі. Сол кезде бұл бастама енді ашылып жатқан, ал студенттерді шетелге Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі шығарып салған. Әкем қарапайым отбасынан шыққан, Атам ерте қайтыс болған, оны әжем жалғыз өсірген. Бірақ ол барлық сынақтан өзі өтіп, АҚШ-қа оқуға жолдама алды. Анам шын мәніндегі психолог. Ол ешқашан нотация оқымайды, керісінше, адамды тыңдап, оның жағдайын түсінуге тырысады. Сол арқылы адам өзі жауабын табады. Айтпақшы, менің жұбайым да қазір психолог мамандығы бойынша оқып жатыр. Жалпы, менің өмірімде ақылды әйелдер мен данагөй адамдар көп. Бұл мені әрі шабыттандырады, әрі сабырлы болуға үйретеді.

ТӘРТІП ПЕН УАҚЫТ

– Сіздің кестеңіз өте тығыз, бірақ бәрібір отбасыңызға уақыт табатыныңызды айттыңыз. Мұны қалай үйлестіресіз?

– Мұның бәрі тәртіптен басталады. Жұмыста менде үнемі дедлайн, қысым, жауапкершілік бар. Бірақ мен адамдар айтатын «менде уақыт жоқ» деген сөзге сенбеймін. Уақыт – барлығында бар, тек мәселе оны қалай пайдалануда. Мен үйленгенмін. Күн сайын таңертең жаттығу залында боламын, міндетті түрде жұбайыммен бірге кешкі ас ішемін, демалыс күндерін бірге өткіземіз. Бар құпия – таңдау жасауда: аз ұйықтап, бірақ көп нәрсеге үлгеру. Өз уақытыңды басқару – мектепте де, университетте де үйретпейтін ең маңызды дағды.

– Ал несиелер мен қаржылық сауат туралы көзқарасыңыз қандай?

– Қазақстанда несие мәселесі шынымен күрделі, бірақ АҚШ-та жағдай онша жақсы емес. Мұнда әр жасөспірімнің өз кредиттік картасы бар. Бірақ айырмашылығы – оларды бала кезінен жауапкершілікке үйретеді: төлемесең несие тарихың бұзылады. Ал бізде көп адам кредитті тегін ақша деп түсінеді. Сондықтан ең бастысы – білім. Мен қаржылық кеңес бермеймін, бірақ өзімде мынадай қарапайым ереже бар: егер бір затты қолма-қол ақшаға сатып ала алсаң – несиеге ал, ал егер қолыңнан келмесе – несиеге де алма. Кей адамдардың өмірінде қуаныш жетіспейді, сондықтан жаңа телефон немесе киім сатып алу олар үшін жалғыз қуаныш көзіне айналады. Бұл – әлеуметтік проблема. Мысалы, менің JP Morgan-дағы директорларымның барлығы ескі телефон ұстайды. Оларға жаңа үлгі керек емес, себебі олар үшін маңыздысы – зат емес, нәтиже.

ӘРКІМГЕ «Б» ЖОСПАР ҚАЖЕТ

– Сіз бастапқыда футболшы болғыңыз келген еді. Бірақ спорттан мүлде кетіпсіз. Неліктен?

– Иә, Қазақстанда футболшы болу – абырой. Бірақ мен әрдайым өзімді шетелде сынап көргім келді. 17 жасымда шетелге жалғыз ұшып кеттім. Ауыр жарақаттан кейін спорттың мәңгі емес екенін түсіндім де, басқа бағытта мансап құруға шешім қабылдадым. Көптеген спортшыларда «Б жоспары» болмайды. Бір жарақат және барлығы күйрейді. Ал АҚШ-та жүйе басқаша: алдымен, университет, содан кейін кәсіби спорт. Бұл адамға білім алуға және өмір жолын саналы таңдауға мүмкіндік береді.

– Сіздің жолыңыз нағыз «америкалық арман» сияқты. Бірақ ол бәріне бірдей бұйырмайды ғой…

– Әрине. Мен ешқашан жетістік тек АҚШ-та мүмкін деп айтпаймын. Қазір шекара жоқ, бәрі бір-бірімен аралас-құралас. Технология мен әлеуметтік желілердің арқасында кез келген адам қай жерде болса да дами алады. Мен жетістікке жету үшін Қазақстаннан кету міндетті емес деп үнемі айтамын.  Мысалы, Astana Hub-тағы стартаптар – айқын дәлел. Онда керемет идеялар, ақылды жастар, мықты IT-тер бар. Ең бастысы, жанға жайлы ортадан шығуға батылдық керек. Мен үшін бұл Америкаға көшу болса, біреулер үшін Астанаға немесе Алматыға бару болуы мүмкін. Егер саған қорқынышты болса, демек, сен өсіп жатырсың. Ал егер әр күнің бірдей өтіп жатса, онда бір нәрсе дұрыс емес деген сөз.

– Бәрін тастап, үйге қайтқыңыз келген сәттер болды ма?

– Әрине, әсіресе алғашқы жылдары. Уақыт өте келе қазақ тағамдарын, мәдениетті, адамдарды аңсайсың. Сол кезде мен өзімнің кішкентай “Қазақстанымды” үйде жасадым: үйде әрдайым шай, «Қазақстан» шоколады, ет тағамдары бар. Жұбайым ұлттық тағамдарды пісіреді. Сонда мен “үй” – бұл жер ғана емес, күй екенін түсіндім. Қазір менің үйім осында, жанымдағы адамдармен бірге.

– Ал Қазақстанның болашағы туралы не айтасыз?

– Потенциал өте зор. Экономика өсіп келеді, мамандардың сапасы артып жатыр. Көп жас АҚШ-қа тек жұмыс істеу үшін емес, оқу, стартап ашу, халықаралық компанияларға кіру мақсатында барады. Бастысы, олар елмен байланысты үзбеуі керек. Мен үшін патриотизм – география емес, үлес қосу. Сондықтан мен жастарға тәуекел ет, үйрен, дамы, бірақ түбінде өз елің үшін еңбек ет деп кеңес берем. Жақында 14 жастағы қазақстандық бала Нью-Йоркте грант ұтып алғанын естідім, мен онымен сөйлестім. Міне, осындай оқиғалар шабыт береді.

– Ал егер бұл сұхбатты көріп, біреу “мен де америкалық арманды жүзеге асырғым келеді” десе, көмектесесіз бе?

– Әрине. Мен әрдайым көмектесуге дайынмын, ақшамен емес, кеңеспен, тәжірибемен, қолдаумен. Кейде жылы сөздің өзі кез келген капиталдан құндырақ.

Сұлтан Насымбаевпен болған сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube арнасынан көре аласыз.

Серіктес жаңалықтары