Бурхан Адиханов – «Болашақ» түлегі, шетелдегі білім жолы Кембридж бен Эдинбургтен басталып, АҚШ-тағы PhD-ге дейін барған ғалым. Бүгінде ол Қазақстанда ADIKHANOV EDUCATION жобасын дамытып, қарапайым дәрігерлер мен мұғалімдерге, жас мамандар мен ауыл талапкерлеріне шетелдің үздік университеттеріне түсуге көмектеседі. Бурхан озық елдерде білім алғысы келетіндерге таныс-тамырсыз, «аға-көкесіз» мақсатқа жетудің жолын көрсетеді. Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында ол қазақстандықтардың шетелде оқуына не кедергі екенін, өз жобасының қалай жұмыс істейтінін және елге мықты маман болып оралудың маңызы жайлы айтты.
ADIKHANOV EDUCATION КІМГЕ, ҚАЛАЙ ЖОЛ КӨРСЕТЕДІ
– Бурхан мырза, шетелде білім алғысы келетіндерге көмектесу туралы идея қалай туды?
– Өзім Кембриджде тілдік оқудан бастап, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Эдинбургте оқып, АҚШ-ты көргеннен кейін, сол жақта жұмыс істеп, бакалавр студенттеріне сабақ беріп, ғылыми қызметкер болған кезде көп адам хабарласты. Біз де оқығымыз келеді, дамығымыз келеді дегендей. Бастапқыда жақын туыстарыңа, достарыңа көмектесуден бастайсың ғой. Кейін келе көп азаматтың құлшынысы, талабы бар екенін көре келе 2022 жылы күзде АҚШ-та болғанымда мұны ресми түрде бастадық. ADIKHANOV EDUCATION-ді ашып, шетелге оқуға түсіру, кадрларды дайындау бағытында жұмысбастадық. Көп азаматты оқыттық, бағыт-бағдар бердік, мамандық ауыстырамын, бакалавр, магистратура, докторантураға түсемін, тәжірибеден өтемін деген азаматтарға «Болашақ» бағдарламасымен болсын, ішкі гранттармен болсын оқуға түсуге көмектестік, көмектесіп те келеміз.
– Шетелдік диплом алғысы келетіндердің көксегені не?
– Әркімнің мақсаты әртүрлі – біреу мамандығын өзгерткісі келеді, біреу магистратураға түскісі келеді, ағылшын тілін үйренгісі келетіндер де бар, өйткені қазір бұл жұмысқа ауадай қажет. Дәрігер, инженер, бухгалтер болып жұмыс істегендер де бар. Күндердің бір күні олар алға жылжығысы келетінінтүсінеді, бірақ ол үшін жаңа білім деңгейі керек. Сондықтан біз болашағынойлағандардың бәріне көмектесуге тырысамыз.
Жыл сайын оқимын, дамимын деген азаматтар қатары артып келеді. Бұл шынымен қуантарлық жайт. Facebook-тен де байқайсыз ғой, кезінде орыстілді азаматтар осындайға құмар деген пікір басым болса, қазір қазақтілді ортада жүрген азаматтар біз де баламызды оқытайық немесе өзіміз оқиық деп шетел асып, білім алып келіп, әртүрлі салада қызмет етіп жатыр. Солардың арманы мен жоспарына себепкер болып жүрміз.

АУЫЛ ЖАСТАРЫНА КӨМЕКТЕСУДІҢ МАҢЫЗЫ
– Сіздердің көмектеріңізге жүгінетіндер арасында ауылдан шыққан жастар бар ма?
– Әрине, өте көп. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы бірнеше жылдан бері ауылдық квота бөліп келеді. Кемі екі жыл ауылда тіркеуде болып, сол жақта қызмет еткен болсаңыз, қай сала болса да мейлі – медицина болсын, білім беру саласында жұмыс істесеңіз де сізді мемлекет ағылшын тілін оқытудан бастап шетелде магистратура оқып бітіргеніңізше толық қамтамасыз етеді. Бұл керемет мүмкіндік. Инстаграмда кейде көресің, мен сұхбат беріп жатқанда қайынатам сиырдың аузын ұстап тұрды деген сұхбатқа дейін бар. Осындай сұхбаттарды көргенде тамсанасың. Ауылда тұрып-ақ өздері армандаған Америкада оқуға қол жеткізіп жатыр. Қарапайым қазақтың баласы, Жезқазғаннан болсын, Қызылордадан болсын, Қазақстаннның кез келген өңірінен «Болашақпен» немесе ішкі грантпен білім алуда. АҚШ болсын, Ұлыбритания болсын, осындай озық мемлекеттер интеллектуал азаматтарға өз гранттарын да ұсынады, солар арқылы да оқып жатқан отандастарымыз өте көп.
– Сіздерде нақты ауыл жастарына арналған қандай бағдарламалар бар?
– Сіз жақсы нәрсенің астын сызып отырсыз. Біз ауыл деген кезде мәселе тек ауылда тұратын азаматтар емес, қалада тұрып та өзіне сенімсіз, өзінің қалауына сай жұмыс таба алмаған азаматтарды да осы санатқа қосуға болады. Өйткені ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді деген сөз бар ғой. Бұл жердегі мәселе – үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізу мәселесі. Қазіргі кезде маған хабарласатынғ консультацияға жазылатын азаматтардың көбі жақсы кадр, ЖОО бітірген, жұмыс істеп жатқан, тәжірибесі бар мамандар. Бірақ ағылшын тілінен қиналады. Тіпті жұмысынан шетелге конференцияға барып кел десе де бара алмайды. Өйткені ағылшын тілін білмейді. Біреуі мектепте жақсы оқымады, біреуі неміс тілін оқыды, әр түрлі жағдай бар. Мысалы, бір оқиғаны айтып берейін. Маған косметолог кісі хабарласты. Бес балам бар дейді. Айтуынша, ұлы футболды жақсы көреді, Мессиді көргісі келеді екен. Месси АҚШ-қа барыпты, мен де сонда баруым керек дейді. Әлгі кісімен сөйлесіп отырсаңыз, бір тыңдағанда көп адам бос сөз, қияли әңгіме деуі мүмкін. Жоқ, ол кісі Beginner деңгейінен бастады, қиналса да бір жылдай ағылшын тілін оқыды. Одан кейін «Болашақ» ұсынып отырған медицина бағытындағы квотаны жеңіп алып, Лос-Анджелесте ағылшын тілін оқыды. Бүкіл отбасын тегін ағылшын тілі мектебіне жазды. Қандай керемет, иә. Қарап отырсаңыз, кезінде мектепте неміс тілін оқыған кісі. Баласы арманына қол жеткізуі үшін өзі оқуға түсіп, оған мүмкіндік жасап жатыр. Бес балаға қарауы керек, одан бөлек, ағылшын тілін 0-ден бастап оқуы тиіс. Мүмкін емес нәрседей көрінеді. Жұмыстан шаршап, ағылшын тілін оқуға құлқы болмай келгенде балаларының «Мама, Америкаға қашан барамыз?» деген сөзін естіп, бүкіл күшін жинап, қайтадан оқуға құлшынысы артады екен. Өзі де дамып жатыр, балаларына да тіл үйретіп жатыр. АҚШ-та оқығаны үшін бес баласына да дүниежүзінің кез келген университетінің есігі ашық.
Бұл бір ғана оқиға емес. Нью-Йорк университетінде төрт баласымен, кішкентай шақалағымен оқып, GPA-і 3,95-пен бітіріп келген аналар бар.Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда бала-шағамен жағаласып жүріп Нью-Йорк университетін қызыл дипломмен бітіріп келіп отыр.

– Олардың бәріне сіздер көмектесесіздер ғой? Құжат жинау мен үшін қиын процесс. Бәрін бастан-аяқ дайындап бересіздер ме?
– Иә. Тағы бір клиентімнің сөзі еске түсіп отыр. Онколог дәрігер.Дәрігерлерді білесіз ғой, қолдары босамайды, бір емханадан екіншісіне кетем дегенше өте көп жұмыс істейді. Ол кісі шетелде оқығысы келетінін айтты. «Оқимын, оқимын деп тапсырам да біресе өте алмай қалам, біресе ағылшын тілі деңгейі төмен болады, біресе бала-шағаның мәселесі шығады. Сөйтіп жүргенде 3-4 жыл өтіп кетті» дейді. Бізге келді, жоспар құрып бірге жұмыс істедік. Бір жылдың ішінде «Болашақ» шәкіртақысын жеңіп алды, Лондонға барып үш ай ағылшын тілін оқып келді. Queen Mary University-ге оқуға түсіп қойды. Енді Oxford университетіне тапсыруымыз керек. Қайсына түссе, сонда барып оқып келеді. Бұл жерде мынаны түсіну керек. Қазіргі таңда мақсат тек шетелдік университетке тапсыру емес. Күнделікті жұмыс істейтіндер тамақ әзірлеуге де уақыт таба бермейді. Бір жерден тез тамақ алып, ауқаттанып, әрі қарай жұмыс істеуіміз керек. Біздің де қызметіміз соған ұқсас. Сіздің шетелге түскіңіз келеді. Бірақ уақытыңыз жетпеуі мүмкін. Қай университет дұрыс, қалай барам – бәрін зерттеуіңіз керек. Біз сізбен кездесіп, университеттерді таңдаймыз. Ағылшын тілін оқып жатқан болсаңыз, жалғастыра бересіз. Біз сіздің құжаттарыңызды университетке тапсырып қоямыз. Одан кейін шақырту келген соң «Болашақ» па, қаржыландырудың басқа түрі ме – өзіңіз таңдайсыз.
ИДЕЯДАН ВИЗАҒА ДЕЙІН
– Яғни, визаға тапсыру, пәтер жалдауға дейінгі қадамдардың бәрінде жол нұсқайсыздар ғой?
– Иә, шәкіртақыны жеңгеннен кейін визаға құжат тапсырамыз. Консулдың алдына барғанда сұрақтарға қалай жауап беру керек, қалай киіну керек, қай жерде күліп, қай жерде күлмеу қажет – бәрін түсіндіреміз. Визаны алғаннан кейін АҚШ-қа барып қалай орналасасыз, қай жерден пәтер жалдайсыз деген сұрақтарға дейін жауап беріп, бар мүмкіндікті ұсынамыз. Бір сөзбен айтқанда «Әр қазағым – жалғызым» деп қолдан келгенше көмектесеміз. Командамыз бар. Өз кеңсеміз бар.

– Ulysmediz.kz-тің Маңғыстауда оқырманы көп. Соңғы уақытта көп айтылатын мәселе – осы өңірде мұнай қорының азайып бара жатқаны. Маңғытаулықтардың көбі мұнайшы, бәрі ақша тапқысы келеді, бәсекеге қабілетті болғысы келеді. Оларға басқа мамандықтарға бейімделу қажет. Қазақ жігіттерінің курьер, такси жүргізушісі боп жүргені ұнамайды. Әр қазақтың потенциалы өте зор деп ойлаймын. Менің ойымша, сізге Маңғыстауға ментор ретінде барып, шетелде қандай білім алу мүмкіндіктері барын көрсету керек сияқты. Бұл жерде мемлекет те мүдделі болуы керек деп ойлаймын.
– Мемлекеттің өз жоспары бар шығар, оған кірісе алмаймын. Бірақ сіздің ойыңызға қосарым, біз жыл сайын кемінде бір рет Қазақстан өңірлерінде офлайн семинар жасаймыз. Ал онлайн семинарлар кемінде айына бір немесе екі рет өтіп тұрады. Қазақстанның кез келген өңірінен бізге Zoom арқылы қосылуға болады. Жақында бірінші бакалаврға түсушілерге арналған екі күндік семинар өтті. Одан кейін күні кеше, 18 қазанда біз бүкіл республика бойынша шетелге оқуға түсу туралы, оның кезеңдері жайлы жиын өткіздік.Жаңа кеңсеміз ашылып жатыр, соның ашылуына байланыста сауалнама жүргізіп жатырмыз. Қай өңірге барсақ, қызығушылық барын анықтамақпыз. Бізде Қазақстанның кез келген аймағына барып, сұрақтарына жауап беріп, қалай түсуге болады, қандай көмек қажет – бәріне көмектесуге дайынбыз.
– Ең белсенді қай өңірлер?
– Көктемде біз Шымкент, Атырау, Алматы, Астана қалаларында өткіздік. Алматы мен Астанада жиі өтеді, өйткені көп адамға осы қалаларға келу оңай. Бірақ батыс пен шығыс, оңтүстік өңірлерде де ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ақтаудан, Атыраудан оқырмандарымыз көп. Мұнай-газ саласы бойынша «Болашақта» инженерлік-техникалық бағыт деген бар. Мемлекет соған көп қолдау көрсетіп жатыр. Сол арқылы түсіп жатқан көп азаматтар бар.
АҚШ-ТА МАМАНДЫҚТЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙДЫ
– Бізде ҰБТ-дан кейін мамандықтар бойынша гранттар бөлінеді. Елдің бәрінің мақсаты – грантқа түсу, ақысыз оқу. Ата-аналар баласы үшін шешім қабылдайды, қай жерге түсу мүмкіндігі көп, сонда тапсырады. Одан кейін кадр тапшылығы мәселесі туындайды. Бізде энергетика, инженерия салаларында маман жетіспейді. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
– ҰБТ секілді емтихан бүкіл елде бар. Бірақ оның жүйесі әр елде әрқалай. Мысалы, АҚШ-та екі түрлі тест бар: SАT және АCT. Екеуі де біздің ҰБТ-ға ұқсайды. Бірақ ағылшын тілі мен математикадан ғана тапсырады. Соның қорытындысы арқылы университеттерге тапсыру мүмкіндігі бар немесе бұл емтихансыз да басқа параметрлерге: эсселерге, оқу үлгеріміне, қандай үйірмелерге, ғылыми жұмыстарға қатысқанына байланысты грантқа түсу мүмкіндігі қарастырылған. Қазақстанда ҰБТ тапсырып, бір мамандыққа құжат тапсырады, грант жеңіп алады. Кейін ұнаса да, ұнамаса да, сол мамандықты оқып бітіруі керек. Мысалы, мен бір кісімен кездестім. Бакалаврда музей ісін оқыдым дейді. Не үшін оқыдыңыз десем, грант сол мамандықта ғана болды дейді. Бірақ өзі музейге барып жұмыс істегісі келмейді. Бір жағынан, мемлекеттің ақшасы босқа жұмсалып жатыр, екіншіден кадр ретінде ол кісі ешкімге керек емес.

– 17 жаста өмірлік мамандықты қателеспей таңдау мүмкін бе?
– Мүмкін емес. Гарварда жүргізілген зерттеудің нәтижесінде бизнес мектепте оқып жатқандардың жартысы не үшін түскенін білмейтіні анықталған. Ал қалған жартысының жай ғана математикасы жақсы болып шыққан. Университетке түскенде таңдаған мамандығынан шатасу адамдардың 50 пайызы үшін қалыпты нәрсе. Чикаго қаласындағы Northwestern University-ге бардым. Олар біздің университет мамандыққа қабылдамайды дейді. Яғни, бірінші, екінші курстан кейін студенттер мамандықтарын ауыстыра алады.Шетелдің көп университетінде major және minor мамандық алып шығу мүмкіндігі бар. Бұл баланың ойындағы қандай мамандыққа түсем, төрт жылым босқа кетпей ме деген стресті алып тастайды. Менің досым кезінде Техаста оқып, мұнай-газ ісін бітірген. Соны оқып жатқанда АҚШ-та оқығаны үшін екінші мамандық ретінде экономиканы алады. Сонда 4 жылда екі мамандық алып шығады. 10 жылдай мұнай-газ саласында жұмыс істейді, кейін кәсібін ауыстырғысы келеді. Кембриджге MBA-ге түседі, одан кейін бір үлкен халықаралық компанияға қаржылық эдвайзер болады да, қаржы секторында жұмысын жалғастырып кетеді. Қандай керемет. Басынан бастап жаңа мамандықты игерудің қажеті жоқ. Кезінде бакалаврда оқыған екі түрлі мамандықтың арқасында өзіне керемет жол сызып алды.
НЕНІ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК?
– Біз не солай істемейміз? Қандай тосқауыл бар?
– Қазір біздің еліміздегі ақша ең көп бөлінген, жақсы дамыған университеттің бірі – Назарбаев университеті. Бірақ ол жақтағы қаражат пен профессорлардың, студенттердің саны шетелдегі университетпен салыстыруға келмейді. Мысалы, Гарвард секілді университеттердің жылдық бюджеті 54 млрд доллар. Мен Назарбаев университетінде элективті сабақ таңдаған кезде 5-6 пәннің ішінен ғана таңдауым керек болды. Ал South Florida University-де 60 түрлі элективті сабақ бар. Соның ішінен өзіме керегін таңдап ала аламын. Шетелде оқу – бұл тек қана диплом емес, сізді жан-жақты дамытатын мүмкіндік. Мен тек оқу жағын айтып отырмын. Кейбір азаматтарға оқу емес, практика қызық болуы мүмкін. Мәселен, Бостондағы немесе Сан-Францискодағы Northeastern University co-op ұсынады. Бұл дегеніміз сіз магистратурада оқып жүрген кезіңізде мықты компанияларда тәжірибеден өте аласыз.

– Ақысыз ба?
– Сіз магистратурада оқу үшін ақы төлейсің ғой, соның аясында қарастырылған мүмкіндік. Америкада тәжірибеден өткізетін кейбір компаниялар, керісінше, сізге ақша төлейді. Мысалы, біздің қазақтың жігіті Оңтүстік Флорида универсиетінде Computer science оқып жүріп, жазда Калифорнияға стажировкаға барды. Екі жарым айдың ішінде 40 мың доллар табыс тапты. Тек сол стажировка арқылы. Бұл жалғыз оқиға емес. Тәжірибеден өтуге барып, әрі қарай жұмыс істеуге қалып, табыс тауып жүрген өзіміздің қазақ балалары өте көп.
ӘЛЕМ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛҒАНЫН ТҮСІНУ КЕРЕК
– АҚШ-та адамның еңбегі бағаланады. Қазақстанда бағаланбайтын сияқты.
– Мен «Болашақтың» сұхбатына талапкерлерді көп дайындаймын. Онда қитұрқы сұрақтар көп. АҚШ-ты мінсіз деп айтуға болмайды, бірақ олардың жүйесі кез келген нәрсені қарастырып, дұрыстауға бағытталған. Бізде қоғам бірте-бірте дамып келеді. Елімізде көп университеттің филиалы ашылып жатыр. Бірақ олардың бәрі жас. Тек олармен шектелмей, шетелде де оқуымыз керек. Өйткені өзіміз даму барысында шетелде не болып жатқанын білмесек, өсуіміз қиын. Мәскеуде үлкен конференцияға қатыстым. Сонда ғылым кандидаты болам деп жүрген бір кісі өзінің ұзақ жыл зерттеп, ашқан жаңалығын таныстырып жатыр. Баяндамасын аяқтаған кезде тыңдап отырған кісілердің бірі пәлен деген профессордың түген деген еңбегін оқыдыңыз ба деп сұрады. Ана кісі оқымаған болып шықты. Сонда оның 2-3 жыл бойы атқарған еңбегі оған дейін істеліп қойған жұмыс екен. Яғни, бірнеше күнде оқып-білуге болатын дүниеге қаншама жылыңызды құртуыңыз мүмкін. Тіпті шетелде оқудан бөлек, ол жақтағы өмірдің өзін көрген кезде, айталық, шетелдегі азаматтардың сыпайылығы, қарапайымдылығын көріп, пайымыңыз өзгеруі мүмкін.

– Бірақ бізде шетелге оқуға кеткендердің көбі елге қайта оралмайды.
– Мұны уақыт көрсетеді. Біз жас мемлекетпіз. Статистикамыздың өзі енді-енді дамып жатыр. Мысалы, Эдинбург университетінде болғанымда «Болашақ» арқылы PhD оқып жатқан кісіден зерттеу тақырыбы жайлысұрадым. «Қазақстанды зерттеп жатырмын» деді. «Қалай зерттеп жатырсыз, біздің ел туралы зерттеулер бар ма?»дедім мен. «Мен бастамасам, кім бастайды?» деп жауап берді. Сол секілді бізде көп нәрсе енді жасалып жатыр. Жыл сайын елден қанша адам кетті, қанша адам келді деген ақпараттарды оқып отырамын. Оқу мақсатында барған азаматтар үшін қуанамын. Өйткені өзін ғана емес, отбасын да дамытады. Шетелге оқуға барған әр қазақ баласының түптің-түбінде елге көп пайдасы тиеді.
– Шетелде қалып қойып жатқандар көп. Бұл тақырып бойынша бізде біраз сұхбаттар циклы бар. Азаматтық ауыстырған қыз-жігіттер бар. Қазақстанға шақырылмаған, келе алмаған, келгісі келмегендер. Шетелде жалақы көп, ұсыныс көп.
– Президент Тоқаевтан бір сұхбатта қазақ жастарының шетелге кетуі туралы пікірі сұралды. Ол кісі оң пікірдемін деді. Қай жерге барса да біздің отандасымыз бүгін болмаса да ертең елге пайдасын тигізетінін айтты. Шынында да, Назарбаев университетін алсаңыз, бірнеше мықты профессоры АҚШ-тан келген мамандар. National Laboratory Astana деген үлкен лабораторияны басқарып отырған Дос Сарбасов деген кісі кезінде шетелде 10 жылдан астам ғылыми қызметкер болған. Димаштың талантын да бізден бұрын әлем таныды ғой. Головкинмен де мақтанамыз. Олардың бәрі өз мүмкіндіктерін, потенциалын шетелге барып аша алды.
– Сізді тыңдап отырсам, Қазақстанда қарызға батып күн көргенше шетелге барып білім алып, лайықты жұмысқа орналасқан дұрыс па деген ой келеді. Бізде шарасыздықтан шаршағандар көбейген.
– Мәселенің түп-тамыры неде екенін білесіз бе? Адамдардың бойында сенімсіздікте. Кішкентай сәтсіздікке ұшырап, жолы болмай қалса, қолды бір сілтеп, жеңіле салатын адамдар көп. Мысалы, қоғамда жұмыс таба алмадым деушілер жетерлік. Бір-екі жерге барады – алмаса, жұмыс жоқ дейді. Мен Эдинбургтен келген кезде шетелде оқыған азаматтармен сұхбат жүргіздім. Сол кезде өзіммен бірге оқыған ирландиялықтан оқу бітірген соң қанша уақыттан кейін жұмысқа орналастың деп сұрадым. Алты айда деді. Алты айда 120 компанияға резюмесін жіберіпті. Соңында ірі фармацевтикалық компанияда жақсы қызметке орналасқан. Осындай жүйені көрген кезде ойың өзгереді.
Екінші жағы да бар. Қазір шетелде оқыған азаматтардың саны артқан сайын Қазақстан нарығында талап та өсіп жатыр. Мәселен, жақсы клиника ашылатын болса, олар ең әуелі шетелде оқып келген мамандарды тартуға тырысады. Өйткені біздің қоғамда да шетелдік азаматтар көп. Қазақстан қазақтардікі деген ұғым жоқ. Шетедіктерге де қызмет көрсете алатын білімді мамандар қажет. Бірақ жұмыс істеп жүріп шетелде оқуға құжат тапсыру өте қиын. Өзім бәрінен өткен адам ретінде бұл шаруалар адамдарды күйзеліске де жеткізетінін білем. Сондықтан біз қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз. Қазіргі таңда ағылшын тілін қажетті деңгейде меңгеріп, сертификатын алған азаматтардың бәрі шетелдік университеттерге түсіп жатыр. Оқуға түскеннен кейін қаржыландыру мәселесін шешу керек. Біреу өз қаржысына, біреу «Болашақ» стипендиясымен барады, енді біреу ішкі грант жеңіп алады. Мұның бәрі мүмкін нәрсе. Өз отандастарымыз қол жеткізіп жатыр.
ЖАС ЖӘНЕ ЖАҢА ДИПЛОМ
– Сол отандастарымыздың әлеуметтік портреті қандай?
– Көпшілік шетелге тек байлар барады деп ойлауы мүмкін. Бірақ «Болашақпен» барып жатқан қарапайым қазақ отбасылары өте көп. Мысалы, мен сол жақта жүргенде Жезқазғаннан да, Қызылордадан да, Алматыдан да – өңірлердің бәрінен келіп оқып жатты. АҚШ-та егер тұрғылықты үйіңіз болса, балаңыз мектепке тегін барады. Бүкіл кітап-дәптерін, оқу құралдары тегін беріледі, мектеп формасы деген жоқ. Былайша айтқанда, баланы оқыту үшін ақша жұмсамайсыз. Ал қарным ашты дейтін болсаңыз, тегін супермаркеттер өте көп. Сенесіз бе, Американың әр қаласында кем дегенде оншақты арнайы ұйым бар. Жағдайы жоқтар сондай ұйымдарға барып, қағаз толтырып, тегін азық-түлік алып кетеді. Яғни, заңды түрде мекен етсеңіз, жүйенің бәрі сіз үшін ашық.

– Шетелге оқуға тапсырам деушілерге жас шектеуі бар ма?
– Бізге көбіне баламды оқытуым керек дейтін кісілер хабарласады. Өзіңіз де жап-жассыз ғой, 40-қа толмапсыз, сізді шетелге оқуға түсіріп берейін, балаңыз ол жақта ағылшын тілін тегін оқиды деймін. Қазір Астанада баланы халықаралық мектепке беру үшін жылына кемі 5-10 млн теңге құртуыңыз керек болады. Ал егер өзіңіз «Болашақ» арқылы шетелге баратын болсаңыз, балаңыз тегін білім алады. Мұндағы халықаралық деп айдар тағып жүрген мектептер ондағы қарапайым мектептердің деңгейіне жете алмайды. Өйткені бәрібір жартылай Қазақстан азаматтары сабақ береді. Ал ол жақта түгел америкалықтардан білім алады.
– Жауапкершілік туралы көп айтады екенсіз желіде. Қазір қазақ жастарында жауапкершілік бар ма?
– Сынаудан аулақпын. Қазақ қоғамы осындай, мына қоғам осындай деп айтуға болмайды. Әр қоғамның өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Менің көргенім бойынша өз мойнына жауапкершілік алып, құласа да қайта тапсырып жатқан адамдар жетістікке жетіп жатыр. Конкурстан өту, шетелге құжат тапсыру үлкен төзімді талап ететін процесс. Біз бірдеңе істесек, нәтижесін бірден көргіміз келеді.
СТАТИСТИКА ӨСІП КЕЛЕДІ
– Сіздер арқылы қанша адам оқуға түсті?
– Нақты қанша адам түсті деген статистика есімде жоқ. Бірақ жазда семинар жүргізгенде қыздар есептек, осы уақытқа дейін семинарларымызға 17 мыңнан астам адам қатысқанын анықтады. Жалпы, құжат тапсыру процесі бойынша жүгінгендер саны өткен жылы 500 адамнан асты. Биыл жыл соңына дейін 1 мыңға жуықтайтын шығармыз деген үміт бар. Тек қана онлайн басталған жұмыс офлайнға ұласып, мамыр айында «Дипломат» қонақ үйінен алғашқы кеңсеміз ашылса, жақында екінші кеңсеміз ашылып жатыр.
ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ
– Қазір АҚШ-та ғылыммен айналысып, PhD дәрежесін алғалы жүрсіз ғой. Кейін Қазақстанға қайта ораласыз ба, жоспарыңыз қандай?
– Бұл сұрақты көп адам қояды. Мына жұмыс (ADIKHANOV EDUCATION - ред.) басталғалы бері мен өзімді Қазақстанда жүрмін деп сезінемін. Өйткені мен қазақ қоғамынан ешқашан ажыраған жоқпын. Ғылыми жұмыспен айналысқанға дейінгі және кейінгі сәттердің бәрінде өз еліміздің азаматтарымен Zoom арқылы сөйлесіп, кеңес беріп, құжаттарын дайындап, қайнаған тіршіліктің ортасында жүрмін. Компаниямыз да, кеңсеміз де осында. Қатарымызда 30-40 адам жұмыс істеп жатыр. Бір аяғым Қазақстанда болса, бір аяғым – АҚШ-та. Ол жақта ғылыми жұмыстармен айналысып жатырмыз. Америкада жұмысыңның нәтижесін басылымдарда жариялау, зерттеуді белгілі бір дәрежеге жеткізу, өзіңді таныта алу маңызды. Сол дәрежеге жеткеннен кейін еліме көбірек пайдам тиеді деген сенімдемін.

– Елімізде мемлекеттік қызметке шақырса, келер ме едіңіз?
– 2022 жылы Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі атандым. Сол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері болсын, бәрінің сұхбатынан өтіп, ұсыныстарын алдым. Бір қызығы, сол уақытта АҚШ-тың Вермиллион қаласында The University of South Dakota-да докторWilliam Chen лаборатория ашып жатты. Мені сонда жұмысқа шақырды. Таразының бір басында ғылым, екінші басында мемлекеттік қызмет тұрды. Отбасыммен ақылдаса келе ғылыммен айналысуды жөн көрдім.
– Яғни, әлі кадрлық резервте бармын, шақырып жатса қарастырып көремін дейсіз ғой?
– Резервте тұру мерзімі – 3 жыл. Биыл бұл мерзім аяқталады.
– Қазір мемлекеттік қызметте болып жатқан оқиғаларға пікіріңіз қандай? Өзгерістерді, жақсы тенденцияларды байқайсыз ба?
– Мен көбінесе өзімнің салам – білім мен ғылымдағы өзгерістерді жіті бақылаймын. Ұлттық ғылым академиясындағы азаматтармен, Ұлттық биотехнология орталығының жастар қанатының басшысымен кездесіп, пікір алмасып отырмын. Америкаға келген кезде де кездесіп, сөйлескен сәттеріміз болды. Біздің Қазақстандағы делегация АҚШ-қа келген уақытта консулдық хабарласып, Флоридада кездесу өткізу мүмкіндігі бар ма деп сұрады. Әрине, үнемі байланыстамын. Қазақстанда қазіргі таңда 30-ға жуық филиалы ашылды, университеттермен әріптестік жөніндегі келісімдерге қол қойылды. Мұның барлығы қуантады. Келешекте жемісін беретін болса, жақсы жобалар болады деп ойлаймын. Бірақ бұл уақыттың еншісінде. Бір күннің жұмысы емес. Назарбаев университетінің өзіне халықаралық рейтингке кіру үшін он жыл уақыт қажет болды. Қалған университеттердің сол дәрежегі жетуі 10-20 жыл уақыт алады. Ал Америкадағы университеттерді қарасаңыз, 1800 жылы, 1700 жылы ашылған университеттер әлі күнге дейін қызмет атқарып келе жатыр. Мұның барлығы тәжірибе. Біздің еліміз әлі жас. Әр жасағанымыз тәжірибе болғандықтан, қателесуіміз де мүмкін. Сіз маған сынамайды екенсіз деп жатырсыз. Кезінде сыни көзқараспен көп қарадым. Бірақ өзім бір мекемені басынан бастап ашып, жұмыс жасаған кезде шағын кәсіптің өзін дөңгелету қаншалықты қиын екенін көріп, әкімдерге, министрлерге ешқандай сөз айта айтпайтын болдым. Әр жұмыстың өз дәрежеде қиындығы бар. Еліміздегі әр азамат өз саласында мықты болуға ұмтылса, оның алдынан көп мүмкіндік ашылады. Бір нәрсемен айналысып жүрген адамның басқаларға сын айтуға уақыты да бола бермейді.
ТАМЫРДАН АЖЫРАМАУ
– Отбасыңыз Америкада тұрады екен, үш балаңыз бар екен. Жалпы АҚШ-та бала тәрбиелеу қиын емес пе? Өз тамырын, тілін ұмытады деп қорықпайсыз ба?
– Тәрбие деген нәрсеге қызық көзқараспен қараймын. Баласын отырғызып қойып тәрбиелейтін ата-ана қазақ қоғамында көп шығар. Мен балаға мүмкіндіктер ұсыну арқылы тұлғасын қалыптастыруды құп көрем. Мысалы, біз Кембриджге барғанда қызымнан бұл жер саған ұнай ма, ұнамай ма деп сұрадым. Оның жауабын естігенде тамсандық. Баланың көзқарасы мүлдем бөлек. Қазақстанда ағылшын тілін бір жыл оқытсақ та, үйрене алмаған. Эдинбургке барып, 4 ай ішінде сөйлеп кетті. Эдинбургте оқып жүріп, Колумбиядан, Чилиден, Швейцариядан – неше түрлі елден, өңірден дос тапты. Балаларыма тәрбие бердім деп көкірегімді ұрмасам да, отбасыма Ұлыбританияны, онлда өмір сүруді көрсеттім. Турист болып барып, бір елде аз уақыт тұру бөлек нәрсе. Ол кезде ешқандай жауапкершілік болмайды. Сені біреу күтіп алады. Жатасың, тамақтанасың, қыдырасың – болды. Ал оқуға барғанда тұратын үйіңді өзің жалдайсың, баланы мектепке өзің апарасың, көршіңмен танысасың. Мысалы, Флоридада біз көп адамнан энергия аламыз. Балалар да көп нәрсені бізден емес, қоғамнан үйренеді. Шынымен бұл зерттелген дүние. Бала тәрбиенің 40 пайызын отбасынан, қалған 60 пайызын қоғамнан алады. Біз телефонды қолдана алмай жүргенде 2-3 жасар бала ересектерден жақсы меңгеріп алады.
– Тіл мәселесі қалай сіздерде?
– Тілді тез меңгереді. Бала АҚШ-қа барса да, Ұлыбританияға барса да ағылшын тілін сол ортадан тез үйренеді.
– Қазақ тілін ұмытып қалмай ма?
– Үйде қолданылатын тілі – қазақ тілі болғандықтан, ана тіліміз үнемі олардың құлағында. Әрине, АҚШ-та туған немесе сонда ұзақ уақыттан бері тұратын бала ағылшын тілінде сөйлейді. Ол қалыпты жағдай. Бірақ олар қазақша түсінеді. Ана тілі – қазақ тілі екені н біледі және қажет жағдайда сөйлей алады.
Бір қызық жағдай болды. Қызым Америкада туды. Туғалы балабақшада, аулада тек ағылшын тілін естиді. Бірде саябаққа бардық. Ойыншықпен ойнап отырғанында қара нәсілді бір бала ойыншығын алып қойды. «Give me, give me» деді қызым. Әлгі бала бермеп еді, «отдай, отдай» деп екінші, үшінші тілді қосып жатыр. Бірін білмесең, екіншісін түсінетін шығарсың деген оймен айтып жатыр. Яғни, бала қажет жағдайда өз тілінде сөйлей алады. Одан қорқудың қажеті жоқ. Ата-анасы қай тілде сөйлесе, бала міндетті тілде сол тілде сөйлейді.
– Қазіргі қазақтың күші неде?
– Қазақтың күші намысында деп ойлаймын. Намысқой екен, намысы жібермеді деп жатамыз. Мұның көрсеткіші неде? Сол жауапкершілікте, алға ұмтылуда, берілмеуде, шыдамдылықта. Кейбір сөздерді басқа тілге аудару қиын. Намыс – өз менталитетімізден, құндылығымыздан шыққан сөз.
– Бурхан мырза, сұхбатыңызға рахмет! Ісіңізге сәттілік тілеймін.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube-арнасынан көре аласыздар.