Ulysmedia.kz Қазақстанда бір кездері ең ықпалды тұлғалардың бірі болған, екі рет премьер-министр қызметін атқарған, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, кейін мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынып, мемлекетке опасыздық жасағаны үшін сотталған Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновтің алғашқы ашық сұқбатын жариялайды.
Қапенов жайлы не айтылмады, «Мәсімовтің адамы», «Күшік күйеу» тағы сол сияқты «айыптар» мен мазақтарға толы небір сөздер айтылды. Бұл сұқбатта ол алғаш рет өзі туралы, Кәрім Мәсімовпен қарым-қатынасы, өзіне қатысты қылмыстық іс және не себепті өзіне жасалған қудалауды рейдерлік әрекет деп санайтыны жөнінде егжей-тегжейлі баяндайды.
Сіз Мәсімовтің үлкен қызы Тамилла Кәрімге үйленген едіңіз. Неке бар-жоғы алты жылға, 2013 жылдан 2019 жылға дейін созылды. Алайда көпшілік ортада сіз ұзақ уақыт бойы «Мәсімовтің күйеу баласы» деген атаумен танылдыңыз.
– Мені Мәсімовтің арқасында көтерілді деп айтқандары қынжылтады. Тамилламен танысқанға дейін-ақ менің өз бизнесім, қомақты капиталым болды. Мен 1997 жылы Бішкектен Астанаға көшіп келдім. Ол жақта әкемнің достары маған едәуір көмектесті, ата-анам Машкевичпен Қырғызстанда тұрған кезден бері жақын араласқан. Астанада бір жылдың ішінде 300 мың доллар таптым. Ол кезде жасым 18-19-да еді. Сондықтан мені Мәсімовтің арқасында көтерілді деу орынсыз. Сол кезеңде Қырғызстандағы Ыстықкөлде 600 орындық аяқталмаған пионер лагерін жекешелендірдім. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында 13 мың гектар жерді жалға алдым. Бидай егіп, экспортқа саттым, сатып алу жұмыстарымен айналыстым. 1998-1999 жылдары менде Ford Mustang пен Land Cruiser 80 болды. Ол кез көпшіліктің тіпті қарапайым көлігі де болмаған уақыт.
Соған қарамастан, дәл сол кездегі Қазақстан премьер-министрінің қызымен некеге тұрғаннан кейін сіздің «Қазақстан темір жолы» жүйесіндегі мансабыңыз өсті деген әңгіме айтылады. Бұған келісесіз бе?
– Жоқ. Мені темір жол саласына 2003 жылы, Тамилламен кездескенге дейін әлдеқайда бұрын шақырды. Мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны – «Лесозащита» ЖШС бас директорының орынбасары болдым. Біз теміржол бойына жел мен қардан қорғайтын ағаш отырғызумен айналыстық. Қарамағымда 1200 адам жұмыс істеді. Кейін «Қазтеміртранс» АҚ-да вице-президент болдым, одан соң ҚТЖ-ның басқа құрылымдарында қызмет еттім. Бұл салада 2009 жылға дейін жұмыс істедім. Кейін мені түрмеге қамады.
Сіз Алматыда болған, сол кездегі туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтің ұлы қатысқан жанжал туралы айтып отырсыз ба?
– Иә, бұл оқиға 2009 жылы Алматыдағы «Бейрут» мейрамханасында болды. Мен ол жерге бір қызбен барған едім. Сол жерде бұрынғы танысым Елтинжал Тұрғаналиев болды, білсеңіз, оған «Алтын Алма» казиносы мен «Қазақстан» қонақ үйі тиесілі еді. Арамызда бұрыннан келіспеушілік болатын, ол да ҚТЖ-да атқарушы директор болып істеген. Сол жеке араздықтың салдарынан ол мас күйінде Досмұхамбетовтің ұлымен және тағы екі күзетшісімен бірге маған тиісіп келді. Барлығы Тұрғаналиевтің мені басқа орынға отыруды талап етуінен басталды, «түріңді көрсем ашуым келеді» деді. Мен оны қайтарып тастап, кетпек болдым. Ол бірінші болып ұрды. Артынша төбелес басталды, мен бокалдарды сындырып, олардың бірінің бетіне, екіншісінің тамағына жарақат салдым. Нәтижесінде сот мені кісі өлтіруге оқталу және арнайы құрал қолдана отырып бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығымнан айырды. Бірақ мен бар болғаны үш жыл ғана отырдым, өйткені адвокатым істі жеңіп шықты. Кейін темір жолдағы жұмысқа, «Кедентранссервис» АҚ-ға қайта оралдым.
Бостандыққа шыққаннан кейін сіз Кәрім Мәсімовтің қызымен таныстыңыз. Қай жерде, қалай жолықтыңыздар?
– Астанадағы «Алаша» мейрамханасында. Ол жаққа бір топ қыз келді. Мен даяшы арқылы оларға телефон нөмірімді беріп, кетіп қалдым. Кейін Тамилла өзі қоңырау шалды. 2012 жылдың қарашасында қарым-қатынасымыз басталды. Ал Жаңа жыл қарсаңында мен оған үйленуге ұсыныс жасадым, ол келісімін берді. Қаңтар айында, алғашқы жұмыс күні біз АХАЖ-ға барып, өтініш бердік. Ол жерде 100 долларға бірден куәлік алуға болатын. Бірақ мен «қыз жас қой, әлі ойлансын» деп шештім. Ол үшін бір ай уақыт беріледі. Сөйтіп 11 ақпанда барып, некемізді қидық.
Бұл жаңалықты Мәсімовтер отбасы қалай қабылдады?
– Мәсімов мырза мені жұмыстан шығарды. Ол өзінің досы Асқар Маминге қоңырау шалды. 2013 жылы Мамин «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарып жүрген. Мені шақырып алып: «Азамат, қызды таста, әйтпесе сені жұмыстан босатуға тура келеді», – деді. Мен жұмыстан шығу туралы өтініш жаздым да, Тамилла екеуміз Мәскеуге көшіп кеттік. Бірақ оған дейін Астанада мені түрмеге отырғызуға тырысты.
Неге?
– Біз Тамилла екеуміз елден ұшып шыққалы жатқанбыз. Кеденнен өттік, ұшақта отыр едік. Кенет шекарашылар келіп, бізді ұшақтан түсіріп алды да, мені қамады. Мәсімов қызының менімен бірге Мәскеуге кеткенін қаламады. Тамилла үйде үлкен шу шығарды, содан кейін мені босатты да, біз Ресейге ұшып кеттік. Бұл ақпан айы болатын. Ал тамызда Тамилланың әжесі, яғни анасының анасы үйде жанжал шығарды. «Тамилла бір еркекпен Мәскеуде тұрып жатыр деген әңгіме тараған көрінеді, масқара ғой», – деді. Біз Алматыға ұшып келіп, әжесімен таныстық. Содан кейін ол: «Жарайды, енді ата-анасымен танысуға бар», – деді.
Қайын атаңыз сізді қалай қарсы алды?
– 2013 жылдың тамызында Астанадағы үйіне барып, Мәсімов мырзамен таныстым.
Бұл жақында аукционға қойылған үй ме?
Анықтама: Кәрім Мәсімовтің ондаған бөлмесі, бассейндері, бильярд залы, бірнеше гаражы мен ресепшні бар сән-салтанатты зәулім үйі мемлекет пайдасына тәркіленіп, 1,8 млрд теңгеге аукционға шығарылған. Алайда кейін ол әлеуметтік мақсатқа жұмсалатын болды.
– Жоқ, ол үйде Мәсімов тұрмаған. Сатылымға шығарылған үй қонақ қабылдайтын, бас қосатын орын болған. Отбасылық үй емес. Ол басқа үйде тұрған, Астанаға көшкен кезде Назарбаев сыйлаған үйде. Шұбар ауданындағы шағын кірпіш үй, бір жарым қабатты, мансардасы бар. Менің білуімше, кейін ол үй бұзылған.
Назарбаев оған бұл үйді қашан сыйлады?
– 1997 жылы ол үйде Назарбаевтың өзі тұрған. Ал Мәсімовке, шамасы, 2001-2002 жылдары сыйлаған. Ол үйін ауыстырған емес, әрдайым сонда тұрды. Назарбаевтың сыйлығын қалай сатсын? Сол үйде өмір сүрді. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетілетін әлгі зәулім үй қонақтар үшін пайдаланылған. Ол жерде кішігірім кездесулер өтетін. Мен ол үйде бірде-бір рет болған емеспін. Әрине, онда Қазақстанның бүкіл элитасы, Назарбаевтың өзі де жиналған шығар деп ойлаймын.
Жалпы, Кәрім Мәсімовпен ара-қатынасыңыз қандай болды?
– Ешқашан жақсы болған емес. Біріншіден, мен сотталған адаммын. Екіншіден, ажырасқанмын. Үшіншіден, Тамилладан 16 жас үлкенмін. Яғни, «сәтсіз күйеу бала» болып шықтым. Мәсімов маған: «Азамат, сен маған кедергі келтіріп отырсың. Сен туралы қауесет көп. Сенің кесіріңнен менің басыма қиындық түсуі мүмкін» деп ашық айтты. Бұл әңгіме 2014 жылдың қарашасында болды. Ал желтоқсанда Тамилланың отбасы бізді Жаңа жылға шақырды, бірақ мен бармадым. Әйеліме: «Үйде қарсы ал, ал ата-анаңа бірінші қаңтарда барасың», – дедім. 8 Наурызға да шақырды – тағы бармадым, тек гүл жіберіп, араласқым келмейтінін айттым. Қақтығыс өте қатты болды. 2015 жылы Мәсімов мені туған күніммен құттықтады. Сол кезде мен одан: «Қазақстанда мансап құруға мүмкіндігім бар ма?» – деп сұрадым. Ол: «Жоқ, Азамат. Мен барда сен ешқашан өспейсің. Сен базарда бәліш сатсаң да, сені жемқор деп айыптайды», – деді.
Мәсімов сізге қандай да бір қолдау көрсетті ме? Ақыры оның қызына үйлендіңіз ғой.
– Туған күнімде мен оған Қазақстанда мансап құру мүмкін емес болса, «Ресей темір жолдарына» жұмысқа барғым келетінін айттым. Ол кезде вице-президент Салман Магомедрасулович Бабаев еді. Онымен алдын ала келісімім болған, құжаттарымды жинап жүргенмін. Сонда Мәсімов: «Якунин менің жақын досым ғой», – деді (Владимир Якунин 2005-2015 жылдары «Ресей темір жолдары» ААҚ президенті болған). Мәсімов оған қоңырау шалып: «Күйеу балам Мәскеуге көшіп жатыр, біреулермен келісіп қойыпты, қабылдаңдар», – деді. Якунин: «Проблема жоқ, жібере бер», – деп жауап берді. Айтпақшы, Мәсімов мырзадан алған бірнеше сыйлығым бар. Алғаш танысқанымызда ол маған Breguet сағатын сыйлады. Бағасы шамамен 25 мың доллар. Қорапта жатқан, берген кезде мен қалжыңдап: «Бұл бомба емес пе?» – дедім. Ол күліп жіберді. Кейін тағы бір сағат пен багги-жол талғамайтын көлік сыйлады. Сонымен қатар Астанадан жер телімін сыйға тартты, бірақ оны қызының атына рәсімдеді. Ажырасқаннан кейін жер Тамиллада қалды.
Тамилламен не себепті ажырастарыңыз?
– Әдетте ата-ана қарсы болса, солай болады. Біздің жағдайда енем қатты қарсы шықты. Ол түрлі әрекеттерге барды. Мысалы, менің рұқсатымсыз анама қоңырау шалып, Азаматтың бірінші некеден туған қызы қалай өмір сүріп жатыр деп сұрайтын. Анам: «Азамат қызын сағынады», – дейтін. Ал енем кейін Тамиллаға хабарласып, бәрін керісінше жеткізетін: «Азамат сенің балаларыңды жақсы көрмейді, тек бірінші некеден туған қызын ғана жақсы көреді» деп. Осындай интригалар болды. 2018 жылы отбасындағы жанжалдар жиілей түсті. 2019 жылы мен Тамиллаға: «Маған үйде премьердің қызы емес, әйел керек. Есік әне, жинал да кет», – дедім. Ол кетіп қалды, ал бір айдан кейін бізді ресми түрде ажырастырды.
Неліктен сіз Қазақстан азаматтығын Ресей азаматтығына ауыстырдыңыз?
– «Ресей темір жолдарында» жұмыс істеген кезде құпия ақпаратқа қолжетімділік болады, сондықтан Ресей азаматтығы қажет. Мен азаматтық ауыстырған соң, Тамилла да паспортын өзгертуді шешті. Мәскеуде мені РЖД-ның еншілес кәсіпорны – Федералдық жүк компаниясының бас директоры етіп тағайындамақ болды. Бірақ кейін Мәскеуге Мамин келіп, Белозёровпен (РЖД басшысы – авт.) таңғы ас ішіп, оны мені бас директор етіп тағайындамауға көндірген. Бұл, сөзсіз, Мәсімовтің келісімімен жасалды деп ойлаймын. Мен Мамин мен Мәсімовті әрдайым біртұтас тұлғалар ретінде қабылдадым. Дәл сол кезде Мәскеуге бізге қонаққа енем мен Тамилланың әжесі келген еді. Мен олардан Мәсімовке «Көмектеспесе, ең болмаса, кедергі келтірмесін» деген сөзді жеткізуді сұрадым.
Бұл біртүрлі естіледі. Сіздіңше, қазақстандық саясаткерлер Ресейдегі кадрлық шешімдерге ықпал ете ала ма?
– Белозёров пен Маминнің қарым-қатынасы жақсы. Қазақстан мен Ресейдің темір жолдары кеңес дәуірінен бері бір жүйе. Бұдан бөлек, олардың бизнес тұрғысынан да тығыз байланыстары болған.
Ажырасқаннан кейін бірнеше жылдан бері сіз Тамилла Кәріммен Мәскеудегі мүлікке қатысты соттасып келесіз. БАҚ элиталық Серебряный Бор ауданындағы зәулім үй мен қала орталығындағы пәтер туралы жазды.
– Менің Серебряный Борда ешқандай зәулім үйім болған жоқ. Ол жерде мен бұрынғы «Серебряный Бор» жазғы кинотеатры орналасқан бос жер телімін сатып алғанмын. Онда кірпіштен қаланған қабырға, бір будка мен ағаш орындықтар ғана болған. Ал БАҚ-та көрсетілген үй менікі емес, ол шындыққа жанаспайды. Ажырасқаннан кейін бұл жер телімі менде қалды, ал Астанадағы, Мәсімов сыйлаған жер Тамиллада қалды. Біз некелік келісімшартқа қол қойғанбыз. Бірақ бірнеше жылдан соң Тамилла маған қасақана зиян келтіру үшін сотқа жүгінді. Ал Мәскеудегі пәтер – ескі пәтер. Менің баспанам болмауы керек пе?
Сіздер балалардың қамқорлығына байланысты да соттасқансыздар.
– Бірде жазда Тамилла менің келісімімсіз балаларды елден алып кетті. Қалай болғанын айтайын. Ол: «Қазақстанға барып қайтайық, ата-әжесі немерелерін көргісі келеді», – деді. Мен келістім. Біз бірге Астанаға ұшып келдік. Әуежайдан ол ата-анасына кетті, ал мен Балқашқа балық аулауға кеттім. Бір аптадан кейін қайтуымыз керек еді, бірақ Тамилланың телефоны өшірулі тұрды. Сөйтсем, ол Абу-Дабиге ұшып кеткен екен. Мен бұл туралы кездейсоқ білдім. Абу-Дабидегі АҚШ елшілігінен қоңырау шалып, «Сіз визаға өтініш бердіңіз бе? Бізге балаларыңыздың паспорттары келді», – деді. Мен бірден Абу-Дабиге ұшып барып, балаларды әрі қарай алып кетпеу үшін travel-ban қойдырдым. Сол сәттен кейін сот процестері басталды. Қазір менің отбасылық істер бойынша 53 сот ісім бар.
Айтпақшы, сот барысында мен Тамилланың БАӘ азаматтығын алғанын біліп, қатты таңғалдым. Біз Әмірліктердегі Civil court – шетелдіктерге арналған сотта іс қарадық. Өйткені біз Ресей азаматымыз, мен балаларға қамқорлық мәселесін шешу үшін сол сотқа жүгіндім. Ал кассациялық сотта Тамилла өзінде араб паспорты бар екенін, мұсылман екенін айтып, істі шариғат заңымен қарау керек деп мәлімдеді.
Ол Әмірліктер азаматтығын қалай алды, білесіз бе?
– Мәсімовтің Әмірліктер президентімен қарым-қатынасы жақсы болған. Мәсімовтер әулетінің дерлік барлығының араб паспорттары бар. Тек Мәсімовтің өзінде ғана болмады, себебі ол мемлекеттік қызметкер еді. Мен Сараның (Мәсімовтің кіші қызы. – авт.) АҚШ азаматы екенін білемін. Мәсімовтің немересі, Искандердің қызы дүниеге келгенде, Әмірліктердің президенті оған марқұм анасының есімін беріп, азаматтық сыйлаған. Мәсімов халықаралық деңгейде өте ықпалды адам болған.
Осындай байланыстары болса, неге ол қамауға алынар алдында қашып кетпеді?
– Қаңтарда олардың арасында не болғанын білмеймін. Әрине, өзін түрмеге жабады деп ойламаған шығар. Ол еш қиындықсыз ұшып кете алатын еді, ұшаққа отырып, кете салатын. Мен онымен қарым-қатынасым өте нашар болғанына қарамастан, оны адамгершілігі бар адам деп санаймын.
Қазір сіздің азаматтығыңыз қандай?
– Мен Ресей мен Қырғызстанның азаматымын (Қырғызстан – туғаннан).
Сізді бірден екі елде – Қазақстан мен Ресейде алаяқтық жасады деп күдіктеніп отыр. Тергеуден бой тасалап, БАӘ-де жүрсіз бе?
– Мен мұнда тұрып жатырмын, бірақ тергеуден жасырынған жоқпын. Өз ісім бойынша тергеуге де, сотқа да онлайн қатыстым. Тергеуші менің қайда екенімді біледі. Соған қарамастан, маған халықаралық іздеу жариялады. Мені Мәсімовтің күйеу баласы болғаным үшін қудалайды. Маған «Мәсімовтің күйеу баласы» деген таңба басылған. Ол биліктен кеткен соң, мен де қылмыстық қудалау шеңберіне іліктім. Тергеушілерді туыстарым мен ата-анамның активтері қызықтырады. Олардың Қазақстанда ірі бизнесі бар.
Ал бизнесмен Анатолий Балушкин сізге қарсы арыз жазды. Оның айтуынша, сіз «Азия Авто» мәмілесіне байланысты куәгерге қоқан-лоқы жасағансыз.
– Шын мәнінде, бәрі олай емес. Балушкин маған Хасенов арқылы (Балушкиннің заңгері – авт.) қомақты ақша қарыз. Мен оған кезінде көмектескенмін, арамызда жақсы қарым-қатынас болған. Қазір баррикаданың екі жағында қалғанымыз өкінішті. Меніңше, бұл адам маған қысым көрсету және кейін экстрадициялау үшін құрал ретінде пайдаланылып отыр.
Капенов қылмыстық істің егжей-тегжейін ашудан бас тартты, себебі тергеу әлі жалғасып жатыр. Ол қазіргі уақытта Қазақстанда ата-анасына, соның ішінде олардың бизнесіне қатты қысым жасалып жатқанын айтты. Азамат бұл мәселені жария ету үшін баспасөз конференциясын өткізуді жоспарлап отыр.
Автор: Динара Бекболаева