Нарықтық экономиканың заңы құбылған сайын халықтың қаржылық сауатын арттыру, жастардың кәсіпкерлік санасын қалыптастырудың маңызы артып келеді. Halyk қайырымдылық қоры осы бағытта жүйелі жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – «Тәлімгер» жобасы. Жоба жетекшісі, «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты оқу бағдарламасының авторы Айгүл Ахметова Маңғыстау жастарын кәсіпкерлікке баулуға, білім саласында инновациялық әдістерді дамытуға күш салып жүр. 30 жылдан астам ұстаздық еткен педагог Ұлысқа берген сұхбатында кәсіпкерлік білім берудің қиындықтары мен нәтижелері жайлы айтты.
– Білім саласын бизнеспен ұштастыру философиясының авторы кім? Оны Маңғыстау облысында жүзеге асырудың нәтижесі қалай?
– Маңғыстауға бірінші рет баруым. Жобамызды апарар алдында көп зерттедім. Маңғыстаулықтар – рухы мықты халық. Кәсіпке бағдар беру – білім саласындағы өте өзекті бағыт. Әр нәрсенің өз тарихы бар. Осыдан 10 жыл бұрын, 2016 жылы бұл мәселені ең алғаш Тимур Құлыбаев мырза көтерген болатын. Мені шақырып, халықтың кәсіпкерлік санасын қалай қалыптастырамыз, тарихи дискурста бұл қалыптасқан дүние ме деп сұрады. Содан бастап менің өмірім өзгерді.
Зерттеуге бел шеше кірістім.Тарихқа үңіліп, бұл ата-баба жолы ма екен деген сұрақтың жауабын іздедім. Сол уақытта белгілі ғалым Оразалы Сәбденнің кітабы жарық көрді. Еңбекте Абайдың қара сөздерімен сабақтастыра отырып, экономиканың даму жолы зерттелген, өркениетке қалай бейімдейміз деген мәселе көтерілген. Неміс ғалымы, экономист Макс Вебердің «Протестантская этика и дух капитализма» деген еңбегінде айтылған дүниелер де көкейіме қонды. Соның бәрін зерделей келе, Тимур Құлыбаевтың сауалына жауап тапқандай болдым. Ол кісіге барып, білім бағдарламасына енгізуге болатын кесек-кесек дүниелер барын айттым. Ол осы іске дереу кірісуге пәрмен беріп, кәсіпкерлік сананы қалыптастыруды балабақшадан бастау керегін айтты.
Міне, 10 жылдан бері осы саладамын. Кәсіпкерлікті теория жүзінде ғана емес, өзім қызыққан шет мемлекеттерге барып, тәжірибе жүзінде де зерттедім. Финляндияға бір емес, екі рет бардым. Кәсіпкерлік олардың ДНҚ-сында бар. Онда әр пән нарыққа бейімделген. Ал Германияда кәсіпкерлік сана дуалды оқыту жүйесіне енгізілген. Оңтүстік Кореяны алсақ, онда технологиялық кәсіпкерлік жоғары деңгейде дамыған. Осы тәжірибелердің бәрін жинақтап, білім бағдарламасын жаздық. 2019 жылы бағдарлама тиісті процестерден өтіп, Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен енгізілді.

– 70 жыл бойы Кеңес үкіметінің идеологиясы қазақты басумен, қарым-қабілетін тұншықтырумен болды. Кәсіпкерлік қазақтың қанында бар нәрсе емес пе?
– Қазақ – тез бейімделетін халық. Расында да, кәсіпкерлік ата-бабамыздың қанында болған қабілет. Көшпенді өркениет қалыптастыру деген – үлкен ғылымның тарауы. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығымен айналысқанда да халқымыз бәрін түйсікпен зерттеп, ненің тиімді екенін, ненің өнімді болатынын пайымдап отырған. Ата-баба жолына үңіліп, халықаралық тәжірибені зерттеп, барлық ілім-білімді топтастыру нәтижесінде білім бағдарламасы жазылды. 2019 жылдан бастап оқытыла бастады. Алайда соңғы жылдары қарқыны сәл бәсеңдеді. Оны қайта жаңғыртуды қолға алып жатырмыз.
Жазда Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевқа бардым. Ол кісі кәсіпкерлікті 10-11 сыныптан бастап оқыту тым кеш екенін, бастауыштан бастау керегін айтты. Бірақ оқу жүйесінің архитектурасын бұзбау үшін жеке пән енгізбей-ақ, оқытылып жүрген пәндердің ішіне кәсіпкерлік сананы қалыптастыратын модуль қосайық деген шешімге келдік. Біздің жұмыс тобы осы бағытта еңбектеніп жатыр.
– Осы оқыту моделін бір ғана Маңғыстау облысы емес, неге бүкіл республика бойынша енгізбеске?
– Қоғамда сын көп. Министрлік жасай алмайды деп айта алмаймын. Мемлекеттің өз шектеулері бар. Ондай құзыреттілік болмаған шығар деп ойлаймын.
Кәсіпкер деген кім? Ол үнемі ізденісте жүретін, жауапкершілік алатын, креативті ойлайтын адам. Мұның бәрін мектеп жасынан бастап үйретсек, дамыған елдердің қатарына енетінімізге сенем. Бірақ қазір диалогымыз әлсіз болып жатыр. Мәселен, Ыбырай Алтынсарин атындағы білім акажемиясы бар. Біз олармен тығыз жұмыс істейміз. Біз тәжірибеден өткізілген, әбден ұшталған әдіс-тәсілдерді береміз. Соларды білім бағдарламасына жедел енгізу жағы ақсап жатыр.

– Оқу-ағарту министрлігіне жаңа басшы келді. Жұлдыз Сүлейменова бұл жобаны қолдайтын шығар?
– Ол кісіге жолықтым, түсіндірдім. Бұйрықты жаңарту қажеттігін айттым. «Тәлімгердің» миссиясы, ішкі идеологиясы біздің ірі бизнес индустрияға өте қажет. Бүгінгі таңда бағдарламаға республика бойынша 2 мыңнан астам мектеп қатысып жатыр. Маңғыстау облысында 25 колледж, 159 мектеп, 400 балабақшаны қамтып отырмыз. Бұл облыс әкімінің қолдауының арқасы.
– Тимур Құлыбаев бұл жобаға қанша қаржы бөлді?
– Биыл 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бастапқы кезең үшін жеткілікті қаржы. Әуелі нәтиже көрсетуіміз керек. Маңғыстау облысына пилоттық жоба ретінде 3 жылға енгізіп отырмыз. 3 жылдан соң жемісін береді деп ойлаймын.
– Нәтиже қалай бағаланады? Нақты KPI бар ма?
– Кәсіпкерлік сана деген KPI деңгейінде нақты көрінбейтін шығар. Өйткені бұл тәрбие жұмысы ғой. Биыл елімізде жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды. Өзім білім саласының өкілі болғандықтан, қоғамда колледждердің әлеуметтік мәртебесі өте төмен болуы қатты қынжылтады. Бұл мәселенің шешімі ретінде «Тәлімгер» аясында колледждерге айрықша фокус қойып отырмыз. Студенттер арасында стартаптарға байқау жарияладық. Мақсатымыз – жастарға өз кәсібіне, өзі өндіретін өнімге кәсіпкерлік нысаны ретінде қарауды үйрету. Аз уақыт ішінде 25 колледждің студенттерінен 100-ден астам стартап жоба келіп түсті. Сол жобалардың арасынан 26 жобаны іріктеп алдық, соның ішінен үздік 4 жобаны анықтадық. Оларға 2,5 млн теңге грант бөлінді. Бейнеу, Қарақия студенттерінің жобасына кәсіпкерлер айырықша қызығушылық танытты. Яғни, «Тәлімгер» жобасы жастардың потенциалын ашуға көмектесіп жатыр.
– Маңғыстау оқушыларының ҰБТ нәтижесі төмен екен. Бұл неге байланысты деп ойлайсыз?
– ҰБТ баланың қарым-қабілетін көрсете алмайды. Жаһандану заманында біз үшін әр баланың потенциалы, ойлау қабілеті, өмірге деген көзқарасы өте маңызды. Маман ретінде сапа тұрғысынан айтар болсам, ҰБТ-ның кедергісі өте көп. Бұл жүйені әлі де зерттеп, бүгінгі жастардың мүмкіндігін шектемейтін баламалы жүйе қарастыру керек.
Колледждерден бөлек, Маңғыстауда 159 мектептің оқушыларымен жұмыс істеп жатырмыз. Солардың бәрін қамту үшін, әдістемелік жүйесі мықты болуы үшін Ақтауда «Тәлімгер» әдістемелік орталығын аштық. Қаланың 7 ауданында «Тәлімгердің» амбассадорлары бар. Олар мектептерді, колледждерді аралап, талапты балалармен жіті жұмыс істейді.

– Ата-аналар сене ме бұл жобаға?
– Halyk қорының « Тәлімгер» жобасы адами капиталды дамытуға арналған жобаларды қаржыландырады. Жоба биыл Қостанай облысында өзін сынап көрді. ERG, Allur, «АгромашХолдинг» компанияларының демеушілігімен 10 ауданды араладық. Ата-аналармен сөйлестік. Сонда байқағаным, олар өз аймақтарында қандай индустриалды аймақ бар, қандай зауыттар барын білмейді екен. Біз түсіндіру, бағыттау жұмыстарын жүргіздік. «Тәлімгер» Қостанайда өз тиімділігін көрсеткеннен кейін біз бұл жоба институт болуы керегін түсіндік. Қазір елде кәсіпкерлікті дамытуға ниетті азаматтар шашыраңқы жұмыс істеп жатыр. Мәселен, BI Group-тың IQanat деген керемет жобасы бар, Allur компаниясының Bolashaq Engineer Allur деген алаңы бар.
– Мұндай жобалар саусақпен санарлық. Басқа олигархтар неге атсалыспайды? Әлеуметтік жобаларға қаржы бөлуге неге құлықсыз?
– Бизнес өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, бәрін ортақ идея, құндылық төңірегінде топтастыра алсақ, бұл мәселені ұлттық деңгейге көтеруге болады. Бұрынғыдай емес, кәсіпкерлік ойлау жүйесі қалыптасқан ұрпақты тәрбиелеуге бизнестің өзі ынта білдіре бастады. Жақын арада бәрі осы іске жұмылады деп ойлаймын.
– Сіздер тәрбиелеп жатқан жастар ертең өз кәсібін ашқысы келетіні анық. Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау бар?
– Бұл тұрғыда пилоттық жоба аясында әкімшілікпен жұмыс істеп жатырмыз. Ел көлемінде реформа жасай алмаспын. Бірақ жүйелі қадамдар жасап, Маңғыстау облысында нәтиже көрсеткеннен кейін мемлекет тарапынан грант жүйесін жасауға ниеттіміз.
Еңбек министрлігі, мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалар бар, бірақ ұлттық идеология ретінде бір жүйеге келтірілмеген. Әлеуметтанушы ретіндей айтар болсам, әр баланың портфолиосын білуіміз керек. Қарым-қабілетін мектеп қабырғасынан ашсақ, деректер қорын жүйелесек, соған қатысты мемлекеттік құралдарды пысықтасақ деп ойлаймын. Қазір бәрі шашыраңқы, жүйесіз.
Өзімнің арманым – Маңғыстауды Қазақстанның Кремний алқабына айналдыру. Бұл өңір жастарының IT қабілеті өте мықты. Қазір маңғыстаулық колледж студенттерінен 60-қа жуық жоба келіп түсті, бәрі ақпараттық технологияларға қатысты стартаптар. Біздің жобаға Абай облысы, Түркістан облысы да қызығушылық танытып жатыр. Аталған өңірлер ертең Маңғыстауға келіп тәжірибе алмасса, өңіраралық байланыс күшейсе, қандай керемет болар еді. Менің қолымда болса, Қазақстанға Финляндия тәжірибесін енгізер едім.

– Фин елінің ұрпақ тәрбиелеудегі ең озық тұстарын атап беріңізші.
– Біріншіден, ұлттық стратегия мықтап жолға қойылған. Екіншіден, әр мектепте кәсіпкерлік қалашықтар бар. 6-9 сыныптан бастап оқушылар өз идеяларын жүзеге асырып көре алады. Балалармен тікелей жұмыс істеу міндетті түрде нәтиже беретінін Маңғыстау мектептерінен де көруге болады. Біздің тәлімгерлердің айтуынша, қазір біздің оқушылар «Вавилондағы ең бай адам» кітабын жарыса оқып жатыр.
– Әр буынның өз ерекшелігі бар. Миллениалдар, зумерлер деп жіктеп жатамыз. Қазіргі жастар қандай?
– Мен университетте сабақ берем. Жастармен күнделікті тығыз қарым-қатынастамын. Қазіргі жастар – өте сауатты тұтынушы. Оларға дұрыс білім бере алсақ, өз кәсібін аша алатындай деңгейге келеді. Бәсекелестік артқан сайын сапа да артады. Сіз бен біз Астанада тұрғаннан кейін жас буынды әлжуаз, еңбекке қабілетсіз деп қабылдауымыз мүмкін. Бірақ өңірдің балалары ондай емес. Олар білімге аш. Берген біліміңді кәделеріне жаратқысы келіп тұрады.
– Соңғы уақытта оқуды бітіре салып, елден кетуді аңсайтын жастар көбейген...
– Олар өзін-өзі таба алмай жүрген, өз идеяларына орын іздеп жүрген жастар деп ойлаймын. Оразалы Сәбден өз еңбегінде Абайдың қара сөзіндегі философияны тәтпіштеп түсіндірген. Біз сол философияны ауызша ғана айтамыз да, қолданысқа енгізбейміз. Абайдық «Толық адам» концепциясы жүрегіме жақын. Соны «Тәлімгер» жобасына енгізіп отырмын. Педагог ретінде тәрбие жұмысына баса көңіл бөлемін. Мемлекет тарапынан «Біртұтас тәрбие», «Адал азамат» деген керемет жобалар қолға алынды. Олар бос ұран деңгейінде қалмай, тәрбиеге енуі керек. Оның бір шешімі – кәсіпке бағдармен үйлестіру. Теориялық тұрғыдан балаға сіңіре алмаймыз. «Кәсіп бар жерде нәсіп бар деген» сөзде қаншама идеология жатыр. Мен қазіргі жастарға сенем, оларға дұрыс бағыт берсек, мықты мамандарды тәрбиелеп шығара аламыз.

– Біздің ұстаздарымыз менторымыз болды. Толыққанды адам болып қалыптасуымызға қомақты үлес қосты. Қазіргі мұғалімдер қандай?
– «Тәлімгер» жобасының негізгі миссиясы – мұғалімдердің әлеуметтік бастамаларын, инновацияларын қолдау. Біз баладан бірдеңе талап ететін болсақ, әуелі мұғалімнің тұлғалық бейнесін өзгертуіміз керек. «Мұғалім 2.0» деген жобамыз бар, ол алдағы уақытта жүзеге асады. Жобаның мақсаты – мұғалімдердің бойында ізденімпаздық қасиетті арттыру.
Республика бойынша «Тәлімгер» аясында жұмыс істеп жатқан өте мықты ұстаздар бар. Мәселен, Екібастұз қаласында Дария Дошимова деген мұғалім бар. Қазір ол әлеуметтік кәсіпкер. «Саналы ұрпақ» жобасы аясында мыңнан астам баланы тәрбиелеп отыр. Ол мың балада суицид жасау, бұзақылық жасау. Буллинг көрсету деген ой жоқ. Олар үнемі ізденісте. Бұл бір ғана кейс нені көрсетеді? Мұғалімнің өмірге деген көзқарасы, білім беруге қатысты ұстанымдары өзгерсе, ол мыңдаған балаға ықпал ете алады.
Елімізде белсенді, сауатты мамандар өте көп. Қазіргі таңда біздің жоба аясында 31 тәлімгер бар. Маңғыстау облысына алғаш барғанда ондағы 300-ден астам мұғаліммен тілдестік. «Сіз дәл уақытында келдіңіз. Бізге жаңаша өмір сүру керек. Мұнаймен, газбен шектелмеуіміз керек. Бізде адами капитал бар» деп қарапайым мұғалімдер алдыма келгенде дұрыс жолда екенімді түсіндім.
Қазақи таным бойынша ұстаздық ұлы кәсіп саналады. Соған қайта келуіміз керек. Шетелден тәжірибе алғанымыз, жаңалыққа құштар болғанымыз дұрыс. Бірақ тамырдан ажырамауымыз қажет. Маңғыстау облысы – таза қазақи, демографиялық өсімі жоғары өңір. Сол ұрпаққа саналы, сапалы тәрбие мен білім бере алсақ болғаны.
– Бүгінгі қазақтың күші неде?
– Бірлікте.
– Бізде көп қазақ әлі күнге дейін баланы мектепке берерде орысша оқытайын ба, әлде қазақ мектепке берейін бе деп бас қатырады. Сіздің ойыңызша қазақша білімнің артықшылығы неде?
– Маңғыстау облысын алар болсақ, бұл өңірде ұлттық тәрбие бар. Үлкенге деген құрмет сақталған. Қанмен берілген сол қазақи тәрбиенің үстіне заманауи білім құйсақ, уақыттың талабына жауап бере алатын сапалы маман өсіре аламыз.
Қазіргі жастарға қарасаңыз, жейделеріне ұлттық нақыштағы дүниелер бейнеленген. Оны әкімшілік бұйрықпен міндеттеп жатқан жоқпыз ғой. Өздерінің таңдауы, ішкі қалауы. Қазақтың ғажап әндерін заманауи нақышта өңдеп, халықаралық сахналарға шығарып жатыр. Бүгінгі өзгелердің алдында даралап, айшықтап көрсете алатын жалғыз ерекшелік – ұлттық құндылықтарымыз.

– Сізге шаршамай жұмыс істеуге мотивация беретін не? Қаншама жылыңызды ұстаздыққа арнапсыз.
– 17 жыл мектепте мұғалім болдым. Содан кейін Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жұмыс істедім. 2012 жылдан бастап ұлттық палатада еңбек еттім. «Тәлімгер» жобасының дүниеге келуіне мұғалімдікті бизнеспен ұштастыра алуым себеп болды. Соны ел көлемінде таратсам деймін.
Мұғалімдіктен қол үзбеуімнің арқасында жастармен қоян-қолтық жұмыс істеймін. Солардан шабыт аламын. Олардың көзі жанғанын, ықылас танытқанын көріп, өз миссиямды дәл тапқанымды түсінем.
Адами капиталды дамытудың негізгі тетіктерінің бірі – білім беру саласын, оның ішінде мектептердің әлеуетін арттыру. Осы орайда Halyk қорының қолдауын айрықша атап өту керек. Мәселен, «Тәлімгер» жобасын бастамас бұрын Маңғыстаудың Бейнеу қаласында 4 мектепті зияткерлік мектептер деңгейінде жабдықтап берген. Ондағы мұғалімдерді Астанаға әкеліп оқытқан. Кәсіпкерлік білім беру – қор жұмысының кішкентай ғана бөлігі. Соның авторы ретінде нәтиже көрсетуге ниеттімін. Нәтиже болғанда ғана адам әрі қарай жұмыс істеуге шабыттанады.
– Қазіргі ата-аналарға не айтар едіңіз?
– Біріншіден, баласының қабілетін аша білсе, баламен бірге ізденісте болса деймін. Мысалы, баладан қаржылық сауаттылық талап ету үшін ата-ананың өзі де қаржыны сауатты игере алуы керек. Екіншіден, кітап оқу қажет. Өкінішке қарай, қазақ қоғамы кітап оқымайды. Кітап оқитын адамның көзі ашық болатыны бесенеден белгілі. Ата-ана баласына үлгі болса, барлық жауапкершілікті мектепке ысырып қоймай, бірге жұмыс істесе ғана нәтиже шығады. Жең ұшына жалғасқан көп мәселе бала тәрбиесіне келіп тіреледі. Сондықтан осы тұрғыда бизнес, мемлекет, ата-ана күш жұмылдыруы қажет.
– Білім саласында 30 жылдан астам жұмыс істеп келесіз. Осы уақыт аралығында есіңізде қалған ең мықты білім министрі кім?
– Асхат Аймағамбетов. Елге жанашыр азамат, мықты маман. Егер қызметінен алынбаса, көп реформа жасар еді деп ойлаймын. Ол кісінің ең жақсы қасиеттерінің бірі – халықпен кері байланыс орната білетіні. Мұғалімдер не дейді, оқушылар қалай қабылдайды деп құлақ түретін.
– Өзіңіздің мемлекеттік қызметке баратын ойыңыз жоқ па?
– Ондай мақсатым жоқ. Мен қарапайым халықтың ортасында жұмыс істегенді жақсы көрем. Өңірлерді дамытуға атсалысқым келеді. Менің түсінігімше, өңір мықты болса, ел мықты болады.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көруге болады