Ұлыстың «Ашық микрофон» айдарының кезекті қонағы – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тұрғыны, қарапайым шаруа Әлібек Кәрімұлы. Өңірдегі жұмыссыздық пен кедейлік мәселесін көтеріп, ауылдардың бүгінгі ауыр ахуалын бүкпесіз баяндаған еңбек адамының тілегі біреу – инфрақұрылым жеткізілсе, шаруаларға жеңілдікпен субсидия мен несие берілсе дейді.
Зайсандық азамат өңірдегі мәселелердің шешілмеуіне кім кінәлі екенін, президенттің пәрменін орындауға кім құлықсыздық танытып жүргенін де ашық айтты.
АУЫЛДЫ ТОЗДЫРҒАН КІМ?
– Әлібек мырза, қандай мәселемен келіп отырсыз?
– Аудандағы ауылшаруашылық мәселесі, 10 жылдан бері тартылмаған газ мәселесі, ерекше балалардың жағдайы бар – ауылдағы ағайын Астанаға айта бар деп аманаттап жіберген біраз түйткілді сіздердің алаң арқылы естір құлаққа жеткізсем, ауылдың жағдайын айтсам деген ниетпен келдім.
– Ауылдың жағдайы қалай?
– Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданынан келдім. Қытай шекарасынан 40-50 шақырым қашықтықта 4 аудан бар. Олардың жағдайы мәз емес. Шекаралық аудандардың стратегиялық маңызы бар деп президент талай айтқанымен, тыңдап жатқан ешкім жоқ.

– Президенттің сөзін тыңдамайды деп ойлайсыз ба?
– Тыңдар болса, халықтың жағдайы баяғыда көтерілер еді. Өңірді 9 жыл басқарған Даниал Ахметовтің кезінде ауылымыз қатты тозып кетті. Ауыл шаруашылығына қатысты біраз мәселені депутаттар арқылы көтермек болып едім, сенің араласатын шаруаң емес деп тыйып тастады.
– Ахметовтен кейін Көшербаев әкім болды.
– Көшербаев зайсандықтармен кездескенде оған ой-пікірімді жеткіздім. Жергілікті басшылар «Әлібек, бүйректен сирақ шығарма» деп бөгет болғысы келгенде Көшербаев оларды тоқтатып тастады. «Әлібектің сөзінің жаны бар. Ауылды көтеру керек. Сен менің қабылдауыма кел» деп шақырды. Бірақ кінә өзімнен болып, ол кісімен кездесе алмадым. Егер арнайы алдына барсам, ойымды тыңдап, қолдау көрсетер ме еді.
4,5 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫ
– Қазіргі әкім ше?
– Нұрымбек Аманұлы әкім болып тағайындалғанда қуандық. Өйткені 35 жылда өңірімізден шыққан бірде-бір азамат облысты басқарған емес. Сақтағанов біраз уақыт ШҚО әкімінің орынбасары болды, аудандарды басқарды. Аймақтағы мәселелерге әбден қаныққан, түсінігі бар азамат екен.
– Біздегі әкімдердің бәрі білімді, түсінігі бар азаматтар. Бірақ іске келгенде өзін көрсете алмай жатады. Қолындағы құзыретін пайдаланып, жедел шешуге болатын мәселелерді созбаққа салады.
– Ол кісі халықпен бірнеше рет кездесті, мәселемізді тыңдады.
– Әрі қарай қандай қадам жасалды, шешім бар ма?
– Зайсан ауданын дамыту үшін 4,5 млрд теңгенің жобасын ұсындық. 2 мың гектар жерге жоңышқа егейік дедік. Зайсанда 21 мың гектар жер бар, соның 1-2 мыңына ғана егін егілген. Халықта жер жыртатын техника жоқ, не тұқым ала алмайды. Неге десеңіз, біздің аудан Өскеменнен 500 шақырым қашықтықта орналасқан. Не элеватор жоқ, не пойыз жоқ. Теміржол тартылмаған, тасжол 7 жыл бойы төселіп, биыл ғана бітті. Соның салдарынан шаруалар ештеңе ала алмайды.
– Субсидия берілмей ме?
– Субсидия біз сияқты қарапайым адамдарға емес, олигархтарға арналған дүние. Қазір оны қиындатып жіберген. Бастапқыда әр гектар жерді өлшеп беретін, ол кезде субсидия алдық.
– Қанша қаражат берді?
– 500-600 мың теңге ғана. Өйткені техника болмағандықтан егінді көп еге алмаймыз. 50, 100, асып кетсек 200 гектарды ғана игереміз.

ДЕПУТАТТЫ ӘКІМ САЙЛАЙ МА, ХАЛЫҚ САЙЛАЙ МА?
– Сонда қазір сіздер мемлекеттен техника жағынан көмек көрсетуді сұрап отырсыздар ғой?
– Президенттің өзі шекаралық аймақ – мемлекеттің тірегі, қолдау көрсетіңдер деп айтып отыр емес пе. Әкімдер осы сөздің төркінін ұғуы керек. Батыл қадамға барыңдар, әр өңірдің мәселесін өздерің шешіңдер деп ерік беріп отырған соң аймақ басшылары жауапкершілік алуы қажет деп ойлаймын. Тоқаев әр ауданға барып, қадағалай алмайды. Жағдайлары оңалмаған соң халық бәрін президенттен көреді.
– Яғни, әкімдер президенттің еңбегін еш қылып отыр демексіз ғой. Бірақ әкімдерден бөлек өңірлерден сайланған Мәжіліс депутаттары бар. Зайсаннан кім сайланды?
– Ұлықбек Тұмашинов деген азамат. Оны кезінде Даниал Ахметов сайлап кетті.
– Депутатты халық сайлауы керек емес пе?
– Халық сайлады деген аты бар, заты жоқ.
– Сайлауға бардыңыздар ма?
– Бардық қой. Бірақ шын мәнінде халықтың көңілі қалған. Сайлау өтіп жатқан күні көшеде дауыс беруге ағылған халық көрмейсің.
– Тұмашинов қайдан шыққан азамат?
– Кәсіпкер ретінде танылған. Құрылыс компаниясы бар екенін білеміз. Былтыр біз өзіміз шулап жүріп ол кісіні шақырып алдық. Екі жылда бірінші рет келді. Өткенде депутат Ерлан Сайыровтың «Заңды орындауды өзімізден бастайық» деп жатқанын естіп қалдым. Алайда өзі Зайсанға келгенде халықпен кездесудің орнына әкімнің жетегінде жүреді. Мәжіліс депутаттары өңірге келгенде бірінші жергілікті тұрғындармен кездесуі керек. Оларды әкім емес, халық сайлады. Сайыров келе жатыр дегенді естігелі жолын тосумен болдық. Әкім екеуі бір нысанның ашылуына барып фото-видеоға түсіпті, тағы бір жерден видеоесеп беріпті. Ал халық оны сол күйі ұстай алған жоқ.

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАНЖАЛ ТУУЫ МҮМКІН»
– Қытаймен шектес отырсыздар. Жергілікті тұрғындардың қытайларға көзқарасы қалай?
– Осыдан екі жыл бұрын ауданымызға қытайлар көп келді. Базарымыз шағын ғана. 40-50 қытай кіріп еді, базар толып кетті. Қазақтар оларды жақтырмай, төбелесуге дейін барған. Халықаралық жағдайға ұласып кетуі мүмкін, босқа күйіп кетесіңдер деп біз оларды тоқтаттық. Келешекте шекаралық аудандарды дамытпаса, түбі жанжал болуы ғажап емес.
– Зайсанда Қытай көп пе қазір?
– Көп.
– Олар немен айналысады?
– Түрлі кәсіппен айналысады, егіншілікпен айналысатындары да бар.
– Жерді жалға ала ма сонда?
– Біздің кәсіпкерлермен бірігеді. Бүгін бірігеді, ертең басқа жағдай болады. Мемлекет дер кезінде өз халқын өзі қолдамаса, үлкен мәселе туайын деп тұр. Триллион теңге бөлдік деді. Әкімнің жылдық есебін тыңдасақ, 2023 жылдан 2025 жылға дейін Зайсан ауданының алғаны – 88 жылқы, 313 сиыр. Зайсан – кедені, көмірі, мұнайы мен газы бар бай аудан. Сол ауданға екі жылда бұйырғаны әлгі санаулы мал.
Шаруашылыққа құйылатын қаражаттың 80-85%-ын «Даму» береді, 15-20%-ын халық өзі құюы керек деген талап бар. Біздің ауданда үйлердің құны 4-5 миллион теңгеден аспайды, тұрғындардың кепілдікке қоятын дүниесі жоқ. Кепілдіксіз-ақ берсе, халық қайтарады ғой. 2 мың гектар жерге егін егілсе, 500-600 адам жұмыспен қамтылады.

– Ауыл шаруашылығы министрімен кездескен жоқсыз ба?
– Министр емес, облыс әкімінің қолында. Ауыл шаруашылығы кооперативтері әкімнің қалтасына айналған. Бұл туралы парламентте де айтылып жатыр. Сол кооперативтер әкімге, кеңесшілеріне, басқарма басшыларына барып, халықтың жалғыз баспанасын тартып алмай-ақ, кепілсіз түрде қолдау көрсетейік десе, мәселе орнынан қозғалар еді. Негізі бұрын «Жайлау» секілді шаруаларға қолдау көрсететін жақсы бағдарламалар болды. Бірақ билікте отырғандардың кесірінен бұл бағдарламалар жұмыс істемей қалды. Соларды қайта жандандыру керек. Шын мәнінде, кооператив құрып, аудандарды дамытамыз деген – бос сөз. Кооперативке кіреміз деп шаруалардың аузы әбден күйді, бірі банкрот болды, бірінің үйлері кепілде қалды.
Біз басқа модель ұсынып отырмыз. Менің қолымда Зайсандағы мың шаруа қожалығының немен айналысатыны, қанша жерге иелік ететіні жөніндегі деректің бәрі бар. Бәрін кооперативке кіргізе салуға болады. Бірақ ертең «Әлібек, сен бізді кіргіздің ғой, ақша қайда?» деп күнде жағадан алады. Комиссия құрып, қолынан нақты іс келетін шаруаларға қолдау көрсету керек. Егер берілген 100 сиырды баға алмай, санын көбейтудің орнына шетінен қыра берсе, одан тартып алып, кезекте тұрған басқа шаруаға берген дұрыс. Сонда тірлік алға басады.
БЕС СИЫРМЕН ЖАН БАҚҚАН ХАЛЫҚ
– Қазір ауылда жастар бар ма?
– Жастар жоқ. Зайсанды қарттар ауданы деуге болады. Оқуды мың бала бітірсе, соның 20-25-і ғана қайтып келеді. Ауылда жұмыс жоқ болған соң қалада қалып күн көреді.
– Ауыл адамдарының табыс көзі не?
– Көбі бес-алты сиырмен жан бағып отыр. 30 жыл болды Зайсанда мал саны өзгермейді: 74 мың сиыр, 40 мыңдай жылқы, 100 мыңдай қой-ешкі ғана. 10 жыл бұрынғы статисканы ашып қарасаңыз да, бір жыл бұрынғыны қарасаңыз да – бір есеп. Тоқаев 2035 жылы 27 млн қап ет экспорттауымыз керек дейді. Екі жылда 88 жылқы, 313 сиыр алсаң, қайдағы ет экспорты? Бұл өзімізді-өзіміз алдау ғой. Баяғы Назарбаевтың «екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра» деген «қанатты сөзін» еске түсіреді. Халыққа қаржыны кепілсіз беріп, дұрыс бақылау орнатсақ, жергілікті тұрғындардың жағдайын көтерер еді. Мәселен, 2 мың гектар жерді игеру үшін маған 40-50 агроном, 100 шақты технолог, тракторшылар, басқа да мамандар керек. Халық жұмыспен қамтылар еді.
Бұдан бөлек, төрт туристік нысан жобасын ұсындық. Оның әрбірінде аудармашы, жүргізуші, тазалықшы, медбикесі бар – 50-60 адам жұмыс істер еді.

ШАРУАЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН КІМ ШЕШЕДІ?
– Мал және егін шаруашылығы, туризм саласы бойынша ұсыныс дайындап отыр екенсіздер. Мұның бәрін жүзеге асыруға қанша қаражат керек?
– 4,5 млрд теңге қажет. Мемлекет басындағылардың бәрі жемқор деп даурыға береміз. Таза, адал азаматтар да бар. Мәселен, Астанаға келген бойда «ҚазАгроҚаржының» басқарма төрағасына кіріп шықтым. Жағдайдың бәрін түсіндіріп айттым. Ол бізге қажет техниканы алып беруге көмектесетінін айтты. 7 жылға несие бермекші, үстінен төленуі тиіс 15%-ын төлемесеңіздер де болады деп отыр.
Одан кейін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» да басқарма төрағасымен де сөйлестім. Оның айтуынша, солтүстік өңірлерге жоңышқа өсіруге рұқсат берілген, бірақ шығысқа рұқсат жоқ екен. Бірақ төраға министрмен сөйлесіп, қолынан келгенше Зайсанға қолдау көрсетуге уәде берді.
– Енді облыс әкіміне кірмейсіз бе? Әлде қабылдамай ма?
– Қабылдайды. Бүкіл аппаратының көзінше «Әлібек, айына екі рет келсең, екі рет қабылдаймын» деген. Бірақ жақында көмекшісі ауысып кетті. Хабарлассам, мені әкімге жолатпайды. Кеңесшісімен сөйлесіп жүрмін әзірге.
ЗАЙСАННЫҢ ТОҚЫРАУЫНА НАЗАРБАЕВ КІНӘЛІ МЕ?
– Елде іргелі өзгерістер болғалы жатыр. Жаңа Конституция қабылданып, Құрылтай құрылмақшы. Осындай саяси өзгерістерден халық не күтеді?
– Бірдеңе өзгереді дегенге өз басым сенбеймін. Қазақстанда қазір зиялы қауым деген жоқ. Олардың бәрі зиянды қауымға айналған. Егер президент жанындағылардың қолпашымен жүре берсе, ұзаққа бармайды. Жасырмай, әр нәрсені ашық айтуымыз керек.
– Назарбаев билікте 30 жыл отырды. Зайсанның қазіргі күйіне оның жауапкершілігі бар деп ойлайсыз ба?
– Жауапкершілігі бар. Ол 30 жыл билікте отырғанда бәріміз оны патшадай көрдік. Ешкім қарсы шыққан жоқ.
– Сіздер неге айтпадыңыздар?
– Біз техникум бітірген орта білімді адамдармыз. Шалғайда таза еңбекпен күнелткеннен басқаға мойын бұратын мүмкіндігіміз болған жоқ. Зиялылар бар ғой, айтады ғой деп жүргенде 30 жылдың қалай өткенін білмей қалдық қой.
СОҢҒЫ АМАЛ – ШЕРУГЕ ШЫҒУ
– Мәселені шешу үшін халық саяси белсенділік танытып, өз тағдыры үшін өзі жауапкершілік алуы керек. Зайсандықтар өз жағдайларын өздері айтып, саяси қозғалыс құра ала ма?
– Зайсанда халықтың жағдайына бейжай қарамайтын, келешегіне алаңдайтын, көзі ашық, белсенді азаматтар баршылық. Біздің бастамамызды қолдайтын, артымыздан еретін мыңдаған адам бар. Айтарымыз көп. Зайсанның 9 ауылы газсыз отыр. 70-тен асқан қариялар «Бір күн болса да газдың рахатын көріп кетсек» деп армандайды.

– Шенеуніктер келеді, кетеді. Халықтың мәселесі шешілмеген күйі қала береді. Сондықтан анау шешеді, мынау шешеді деп сеніп отыра бермей, тұрғындар өз қамдарын өздері күйттеуі керек.
– «Алла береді» деп отыра беретін бейғам қасиетінің кесірінен қазақ өз байлығының рахатын өзі көре алмай отыр. Халық өз жерінде өз кедейдің күнін кешуде. Зайсандықтардың жанын сақтап отырған – жергілікті шағын дүкендер. Олардың қолында том-том қарыз дәптерлері бар. Тұрғындар тамақты зейнетақыдан – зейнетақыға, жалақыдан – жалақыға дейін қарызға алып, өлместің күнін кешіп отыр. Халыққа қолға ту алып, шеруге шыққаннан басқа жол қалған жоқ. Сол үшін соттаса, соттап жіберсін.
– Сұқбатыңызға рахмет! Бүгін көтерген мәселелеріңіз биліктің құлағына жетеді деген үміттеміз.