×
489.39
567.99
6.19
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.39
567.99
6.19

Билік бар екеніңді білсін: Әсел Темірова отандастарына таңдау жасау қаншалық маңызды екенін айтты

Бүгін, 14:03
Билік бар екеніңді білсін: Әсел Темірова отандастарына таңдау жасау қаншалық маңызды екенін айтты
Ulysmedia.kz коллажы

Референдумға небәрі үш күн қалды. Осы уақыт ішінде Қазақстандағы қоғамдық пікір қызу талқылау алаңына айналды. WhatsApp топтарында, Instagram-дағы әр жазбаның астында сан түрлі пікір жазылуда. Бірі жаңа Конституцияны асығыс дайындалған құжат деп, оны «саяси Франкенштейн» деп атайды. Енді бірі мұны тарихи мүмкіндік деп бағалайды. Ал үшінші топ «не болса да, маған бәрібір» деген көзқараста.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бойынша сарапшы Әсел Темірова қазір әлеуметтік желідегі мұндай талқылауларға араласпайды. Ол бірнеше жыл бұрын босқын мәртебесін алып, Германияға көшкен. Соған қарамастан Қазақстандағы саяси-әлеуметтік мәселелерді күн сайын жіті бақылап отырады.

Жұрт айтты екен деп, жауырды жаба тоқиын деп отырған Әсел жоқ. Бәрін, алдымен, ой елегінен өткізіп, таным таразысына салады. Ескі және жаңа Конституция мәтіндерін, Швейцария мен Германия тәжірибесін, сондай-ақ ЕҚЫҰ стандарттарын салыстырған. Эмоциясыз, саяси мүддесіз, тек мәтіндерді салыстыру арқылы анализ жасаған. Осы тұжырымдарын ол Ulysmedia.kz тілшісімен де бөлісті.

КОНСТИТУЦИЯНЫ ОҚЫМАЙ ТАЛҚЫЛАУ

Әсел Темірова өзін көптен бері «Конституция мәтінін ешқашан оқып көрмеген адамдар оның мазмұны туралы қалайша соншалық сенімді пікір айта алады?» деген сұрақ мазалап жүргеніне айтады.

– Мен әдейі жаңа Конституцияны қатты сынап жүрген адамдарға хабарластым. Әлеуметтік желілерде мыңдаған лайк жинап жүрген жазбалардың авторларына. Олар құжатты түнімен зерттеген шығар деп ойлайсыз ба? Жоқ. Сөйтсем, олардың көбі не ескі Конституцияны, не жаңасын оқымаған. Біреуі тіпті ашық айтты: «Мен ChatGPT-тен сұрадым, ол бәрі жаман деді. Сондықтан оқығаным жоқ», – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, басты мәселе де осында. Көп адам нақты мәтін үшін емес, эмоция үшін дауыс беріп отыр.

– Адамдар Конституциядағы 96 бапты емес, президентке деген көзқарасына, қорқынышына, үмітіне немесе ашуына иек артып, дауыс береді. Ал әлеуметтік желілерде кең тараған «саяси Франкенштейн» деген метафораға келсек, ол әдемі естілгенімен, нақты талдау емес, – дейді Темірова.

Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі сын жазбаларды қарағанда нақты баптарға қатысты аргументтер табылмайды.

– Өлім жазасына толық тыйым салу туралы ешкім айтпайды. Президенттің туыстарына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынғаны туралы да үн жоқ. Азаматтардың цифрлық құқықтары жайлы, Конституцияда алғаш рет енгізілген экология мәселесі жайлы да айтылмайды. Нақты талдаудан гөрі айыптау үкімі сияқты көрінеді, – дейді сарапшы.

БОЙКОТ – ЫҚПАЛ ЕТУ ҚҰҚЫҒЫНАН БАС ТАРТУ

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «референдумға бармаңыздар» деген үндеулер жиі айтылып жүр. Әсел Темірова мұндай ұстанымға түсінбей қарайтынын айтады.

– Мен Венеция комиссиясы мен ЕҚЫҰ құжаттарын қарадым. Онда нақты құқықтық талап болған жағдайда ғана байкот жарияланатыны жайлы жазылған. Мысалы, нақты бапқа немесе процедураға қатысты сын болуы керек. Ал «билік жасағанның бәрі жаман» деген логика құқықтық позиция емес, – дейді ол.

Сарапшы бұл жерде Швейцарияны мысалға келтіреді.

– Швейцария жыл сайын үш-төрт референдум өткізеді. Жол, салық, көші-қон, азаматтардың құқықтары сияқты түрлі мәселелер бойынша дауыс береді. Үкіметке наразы болса да, ешкім бойкот жарияламайды. Себебі олар дауыс беруге бармау өз құқығыңды басқа біреуге беру екенін жақсы түсінеді, – дейді Темірова.

«Ондай-ондай хан қызында да бар...»

Сарапшы жаңа Конституция мінсіз деп отырған жоқ.

– Әлемде мінсіз Конституция жоқ. 1787 жылғы АҚШ Конституциясы теңдік жариялағанымен, сол кезде құлдықты сақтап қалды. 1949 жылғы Германия Конституциясы өлім жазасын алып тастады, бірақ бір жерге шоғырлану, жиналу бостандығына шектеулер енгізді. Францияда да, Ұлыбританияда да қайшылықтар бар. Кез келген Конституция – өз дәуірінің компромисі, – дейді ол.

Темірова маңызды сұрақ басқада екенін айтады.

– Мәселе жаңа Конституцияда кемшілік бар ма дегенде емес. Мәселе – бұрынғы Конституциямен салыстырғанда жағдай жақсарды ма, әлде нашарлады ма, – дейді сарапшы.

Жаңа Конституциядағы 5 жаңа норма

Сарапшының айтуынша, жаңа Конституцияда бірнеше маңызды өзгеріс бар.

Экологиялық құқық

Біріншіден, экология мәселесі. Бұрынғы Конституцияда бұл тақырып іс жүзінде болмаған.

– Енді мемлекет қоршаған ортаны қорғауға міндетті. Азаматтар таза ауа мен су талап ету үшін Конституцияға сүйене алады, – дейді Темірова.

Саяси туыстыққа шектеу

Екінші норма – президенттің туыстарына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салу.

– Бұл жылдар бойы айтылып келген туыстыққа негізделген жүйеге соққы, – дейді сарапшы.

Өлім жазасына толық тыйым

Үшінші маңызды өзгеріс – өлім жазасына Конституция деңгейінде тыйым салу.

– Бұрын мораторий болған, оны парламент өзгерте алатын. Енді бұл норма негізгі заңда бекітіледі, – дейді Темірова.

Президенттік мандат

Төртінші өзгеріс – президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімі.

Сонымен бірге азаматтарға Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы беріледі.

– Бұрын мұндай мүмкіндік тек шенеуніктерде болатын, – дейді сарапшы.

Даулы нормалар

Темірова жаңа құжаттағы кейбір сындардың орынды екенін де мойындайды.

– Мысалы, президенттікке кандидаттың кемінде бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі туралы талап – даулы норма. Бұл үміткерлер шеңберін тарылтады, – дейді ол.

Дегенмен мұндай сүзгілер көптеген елдерде бар екенін еске салады.

– Францияда кандидат болу үшін 500 мэрдің қолын жинау керек. АҚШ-та президент тек осы елде туған азамат болсаң ғана мүмкін. Яғни белгілі бір шектеулер барлық елде бар, – дейді сарапшы.

БАР ЕКЕНІҢДІ КӨРСЕТ

Әсел Темірова адамдарға жаңа Конституция жобасын қолда немесе қолдама деп айтпайды. Өйткені бұл – әр азаматтың жеке таңдауы.

– Мен тек бір нәрсе сұраймын: мәтінді өзіңіз оқыңыз. Бұл 20 минут уақытыңызды алады. Билікке жақын насихатқа да, оппозициялық үндеулерге де бас жоқ, көз жоқ сенбеңіз. Екі жақ та эмоциямен жұмыс істейді, – дейді сарапшы.

Сөз соңында ол бір ғана нәрсені еске салады.

– Сайлау учаскесіне барыңыз. Билікке сенгеніңіз үшін емес. Қорыққаныңыз немесе үміттенгеніңіз үшін де емес. Азамат ретінде өзіңізді құрметтегеніңіз үшін. Бүгін үнсіз қалу – алдағы 30 жылды бұрынғы ережелермен өткізуге келісу деген сөз. Таңдау өз қолыңызда. Бірақ ол саналы таңдау болуы тиіс, – дейді Темірова.

Серіктес жаңалықтары