Мәжілісте батыл мәлімдемелерімен, салмақты сауалдарымен көзге түсіп жүрген санаулы депутаттың бірі – Мұрат Әбенов ел заңнамасына енгізілген біраз өзгеріске бастамашыл болып жүрген адам. Әсіресе, банк жүйесіндегі қитұрқылықтарды әшкерелеп, халықты тонауды көздейтін лоббистік заңдармен күресіп жүргеніне жұрт куә.
«Ұлысқа» берген сұхбатында депутат онлайн несие, шоттарды бұғаттау, нотариустар арқылы шешім шығару сияқты даулы механизмдерді сынға алды. Сондай-ақ, ол құқық қорғау жүйесіндегі әділетсіздік, діни саясаттағы жүгенсіздік, шенеуніктердің заңсыз некелері жайлы да ашық айтты.
БЕЛСЕНДІЛІК ҺӘМ СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН КЕСЕЛ
– Мұрат мырза, соңғы кезде Парламентте де, әлеуметтік желіде де өте белсенді болып кеттіңіз. Бұл сайлау алдындағы белсенділік пе?
– Мені көптен танитындар біледі, 15 жыл бұрын депутат болғанымда да белсенді болдым. 10 жыл қоғамдық жұмыспен айналыстым, медиада өзекті мәселелерді көтердім. Парламентке келер алдында коронавирус әсерінен сирек кезедесетін кеселге шалдықтым. Адамның бұлшықеттеріне әсер ететін ауру. Мәжіліске келгенде бастапқыда 2 жыл бойы 5 минуттан артық сөйлей алмайтынмын. Сайлау алдында бір журналист сұхбатқа шақырған. 20 минуттың 7-ақ минутында сөйлей алдым. Соңғы бір жылда арнайы жаттығулар жасап, күшті препараттар қабылдап, өз-өзіме келдім. Өткен жылы тамыз айынан бастап бетім бері қарады. Белсенділігімнің артуы да сол уақыттан басталды. Эфирлерге шығып, әлеуметтік желіні тұрақты жүргізе бастадым.
Қазақстанда әлеуметтік желіні алғашқылардың бірі болып қолданғандардың бірі – мен. Twitter-де, Facebook-та 100 мыңға жуық оқырманым бар. Былтырдан бері «ТикТокты» да қолға алдым.
10 жыл қоғамдық жұмыспен айналысып, саясатқа қайтып келген соң реформалар жүргізу ісіне белсене араласа бастадым. Бірақ халық алдына шықпай, әлеуметтік желіге шықпай атқарып отырған жұмысыңды қоғамға жеткізу қиын екен. Денсаулығым қалпына келген соң қайтадан халықпен байланыс орнаттым. Белсенділігімнің сайлауға еш қатысы жоқ. Қызметке қызыққан, сұранған адам емеспін. Маған халықтың алдындағы беделім болса, өзіме ұнайтын іспен айналыссам, өз ойымды еркін айтуға мүмкіндік берілсе болғаны. Егер қандай да бір қызмет жеке пікірімді жеткізуге шектеу қоятын болса, оған ұмтылмаймын. Азаматтық ұстанымыңды жеткізу үшін лауазымның, атақтың қажеті жоқ.

Партиялық тізіммен сайланғандықтан парламентте ортақ көзқарасты ұстануың керек. Бұл – партиялық тәртіп. Егер сен көтерген мәселені партия қолдамаса, ұсынысың өтпейді. Көпшіліктің дауысы керек. Бір мандатты депутаттарға қиын. Олардың артында партия жоқ. Партия тұрса, көтерген мәселеңді көп болып қолдайды. Біздің фракция кез келген мәселені әуелі өз ішінде талқылайды. Қызу пікірталастар, қақтығыстар болады. Ал пленарлық отырысқа тек келісілген, мақұлданған мәселелерді шығарамыз.
ДІНДІ КІМ НАСИХАТТАП ЖҮР?
– Сіз депутат ретінде парламент мінберінде дін тақырыбын көтеріп жүрсіз. Бұл – өте нәзік мәселе. Тәртіпке келтіреміз, тезге саламыз деп ел азаматтарының Конституцияда бекітілген құқықтарын шектемейміз бе?
– Кеңес өкіметі кезінде дінді идеологиямен басып тастады. Бірақ егемендік алғаннан кейін дінге бостандық бердік. Идеологиялық тұрғыдан қате көзқарас ұстанып, өз-өзімен дамысын дедік. Мемлекет кеңес өкіметінің қатесін қайталамайын деп, діннің ішкі мазмұнына араласқан жоқ. Бірақ дін – идеология құралы болғандықтан, оны әртүрлі топтар бізге қарсы қолдануы мүмкін екенін қаперге алмадық. Дін экстремистік, экономикалық, саяси мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
Шынында да, бұл салаға назар аудармаған соң дінде күмән туғызатын, тез арада шешімін табуы тиіс мәселелер туындады. Сондықтан қоғам бізге қайта-қайта сұраулы көзбен қарап, қазақтың ұстанымына қарсы қауіпті құбылыстарды тәртіпке келтіруге шақырумен болды. Дінге қатыстының бәрін мүфтиятқа тапсырып қойып отыра беруге болмайтынын түсіндік. Ермұрат Бапидің мүфтиятқа айтқан сыны орынды. Сен тимесең – мен тименің кері. Мүфтияттың жауабын тыңдасаң, біз қоғамдық ұйымбыз, ішкі жұмысымызға араласпаңдар дейді. Түрлі ұстаздар пайда болған. Түркия, Араб елдері, Пәкістан сынды мемлекеттерінің діни идеологиясын ұстанатын адамдар насихат жүргізіп жатыр. Неге мүфтият оларға төтеп беретін дін мамандарын дайындамайды?
Зайырлы мемлекет екеніміз рас. Бірақ барлық зайырлы елдерде билік білім саласы арқылы қоғамға ықпалын жүргізеді. Қоғам болып біздің дәстүрлерімізге қарсы шықпайтын ханафи мазһабын таңдаймыз деп шешім қабылдадық емес пе? Оны кім насихаттауы тиіс? – Нұр-Мүбәрәк университеті. Кезінде сол мақсатта құрылды. Мамандар шетелге барып оқығанша, бізде оқысын дедік. Мемлекет қаржыландырып отыр. Неге бұл оқу орын бітірген адамдар арасында басқа көзқарастағылар көбейді? Тіпті университет өкілдері кейде теріс насихат айтып жүреді. Мемлекет мүфтиятқа да, университетке де қатаң талап қоюы керек. Идеологиясын, оқулықтарын тексеру қажет.
– Министрлік қайда қарап отыр?
– Енді осы мәселені көтеруіміз керек. Дін – нәзік нәрсе, араласуға болмайды деп отыра берсек, сан соғып қалуымыз мүмкін. Ашықтан-ашық мемлекетке қарсы саясат жүріп жатқанын көріп отырмыз. Полиция кеше әйелімді сыйға бердім деген «имамды» жауапқа тартты. Наурызды харам деген азаматты да жазалады. Мемлекет көзқарасын өзгерте бастады. Осыған қуанамын. Конституцияда мемлекеттің зайырлы екені көрсетілген. Бірақ мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіруге, адам құқына қарсы шығуға болмайтыны қатаң ескертілген.
КӨП ӘЙЕЛ АЛҒАН ШЕНЕУНІКТЕР
– Мұның бәрі бір күнде болған жоқ қой. 30 жыл бойы ел басқарған Назарбаевтар тұсында сойылы ұзындар өздерінің діни ағымдарының тамырын тереңге жіберді. Әлі күнге дейін сол ағымдар, сол адамдар мүфтият маңында жүр. Бізде білімді, сауатты дін мамандары бар. Соларды идеологиялық жұмысқа неге тартпайды?
– Нұрлан имам сияқты таза қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттайтын, дінді қорқытпай, үркітпей түсіндіретін мамандар жетерлік. Соларды қолдауымыз керек. Естеріңізде болса, 2021 жылы Мұхамеджан Тазабековті ұлттық арна эфиріне шығарғанда мен қарсы болғанмын. Қалай зайырлы мемлекетте бір ағымның өкілі мемлекеттік арнада жастарға насихат жүргізеді? Сонда арна басшылары «ол дінді айтпайды, тек дәстүрді, ұлттық тәрбиені дәріптейді» деп ақтап алған. Өзі бір ағым өкілі екенін мойындаған адам ұлттық идеологияны насихаттайды дегенге мен сенбеймін. Әлеуметтік желіде бірнеше жазба жарияладым. Кейін әйтеуір «Асыл арнаны» жапты. Бірақ тек Қаңтар оқиғасынан кейін жабылды. Діни ағымдардың Қаңтар оқиғасындағы рөлі әлі толық зерттелмеді деп ойлаймын.
Қуантатыны – қоғам өзгерді. Үш-төрт жыл бұрын бұл мәселені көтергенде қолдаушылар аз болатын. Қазір жазсам, қоғам шу ете қалады. Әркім өз мәселесін қорықпай айта бастайды.
Заңсыз неке қиып жүрген имамдарды да жазалау керек деп есептеймін. Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованы некелестірген Астана мешітінің бас имамы неге әлі қызмет етіп жүр? Зайырлы мемлекетте мұндай имамдар неге мүфтиятты ұстап отыр? Мүфтият маған берген жауабында АҚАЖ берген куәлік болмаса ешқашан неке қимаймыз деген. Сонда министрді заңсыз некелестіруге бола бере ме? Онда мүфтият лауазымды адамдарға басқа заң шығарып қойсын.
– Бір кездері депутат болған Бекболат Тілеуханов бірнеше әйелі барын жасырмайтын. Мұның бәрі қоғамға екі-үш отбасын қатар ұстауға болады деген месседж болды. Қазіргі Мәжілісте де бірнеше әйелі бар депутаттар отыр. Үш-төрт әйелі бар облыс әкімдері бар. Бұған қалай жол берілді?
– 30 жылда идеологияда отбасын қорғау мәселесі шетке ысырылды. Бұрын мемлекет басында отырған адамдардың ұстанымына сәйкес отбасы құндылықтарын жоққа шығару, бірнеше әйел алу ашықтан-ашық құпталды. Сол «толқынға» ілескен шенділер болды. Олардың бәрі керемет өмір сүріп кетті дей алмаймыз. Себебі заңсыз некеден туған балалар проблемасы туды. Бір-бірімен таласу, байлық үшін соттасу көбейді.
Өз қызының екінші немесе үшінші әйел болғанын кім қаласын? Конституцияға тайға таңба басқандай жазып қойдық: бір ер мен бір әйелдің одағы ғана заңды. Енді заңға өзгеріс енгізіп, екі немесе одан көп әйел алуды насихаттайтындарды жазаға тартуымыз керек.

– Бірнеше әйелі бар адамның облыс әкімі немесе депутат болуға моральдық құқығы бар ма?
– Журналист ретінде сіздердің бұл мәселені айтқандарыңыз дұрыс. Депутат ретінде біз айта алмаймыз. Өйткені қолымызда дәлел жоқ. Бірақ әлеуметтік желі бар, ақпарат қас пен көздің арасында тарап кетеді. Егер сайлауға түсетін, саяси мансап иеленетін ойы болса , ондай адамдарға сұрақ қойылмауы мүмкін емес. Шетелде Эпштейн файлдарында аты аталған талай шенеунік қызметінен кетті емес пе? Біздің қоғамда да қазір бірдеңені жасыру қиын. Отбасыңа, бала-шағаңа, заңға қарсы әрекет жасасаң, бүгін болмаса ертең абыройыңнан айырыласың. Ал абыройы жоқ адамның саясатта салмағы болмайды.
ЛОББИСТІК ЗАҢДАР, БАЙЫҒАН БАНКТЕР
– Мұрат мырза, қоғамда күйіп тұрған тағы бір мәселе – несие. Қазір екінің бірінің мойнында несие бар. Екінің бірінің шоты бұғатталған. Мәселенің түбін қазсаң, 30 жыл ел басқарған жүйеге келіп тірелеміз. Қарызға батқан халықты құтқарудың амалы бар ма?
– Себебін іздемесек, салдарымен күресу қиын. Мен бұл мәселені толық зерттедім. Халық кінәлі емес. Халықты қарызға батыруды көздейтін банктер билікпен жақындасып, лоббистік заңдар шығарған. Аңқау ел өмір бойы банкті айналшықтап жүретіндей, бүкіл табысын банкке әкеліп беретіндей жүйе жасаған. Онымен қоймай, халықтың санасына «сені кінәлісің» дегенді құйып тастаған. Өзің алдандың, алаяққа беріп қойдың деп адамдардың өзін айыптайды. Шын мәнінде, банк берем демесе, ешкім несие ала алмайды. Банктікіндей мықты қорғаныс жүйесі еш жерде жоқ. Банктердің табысы мұнайдың, басқа да ірі салалардың табысынан бірнеше есе артық. Өткен жылы 3,5 трлн теңге табыс тапқан.
Басқа елдерде банк ненің арқасында байиды? Бизнесті қолдаудың арқасында. Ал біздің банктерді тұтынушылық несиелер байытып отыр. Мұндай несиелер жоғары пайызбен беріледі. Заңдарды айналып өту үшін өздерінің микронесие ұйымдарын ашып қойған. Олардан алғаныңды 100 пайызға дейінгі мөлшерлемемен қайтарасың. 500 мың алсаң, 2-3 млн теңге қылып қайтарасың. Бұл әлемде жоқ нәрсе.
ХАЛЫҚТЫ ҚАРЫЗҒА БАТЫРҒАН КІМ?
– Бұған кім жол берген?
– Банктердің «қамқоршылары» өз пайдасы үшін заңдарды өзгертіп қойған. Адамға несие тез берілетіндей жүйе жасалған. Бір рет қарызға іліндің бе – бітті, жібермейді. Кешіктірдің дейді, басқа дейді, екінші мәрте қарыз алғызады. Жеңілдетілген формат деп телефонмен несие беруді енгізіп қойған. Бұл заңсыз. Осы мәселі көтеріп, 3 сәуірден бастап телефонмен қарыз беру, онлайн несие дегеннің бәрін тоқтаттық. 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде Бағдат Мусин банктерге азаматтардың атынан қол қоюға рұқсат беріп қойған. Құжаттың бәрін көтердім. Бірде-бір заңда мұндайға рұқсат берілмеген. Алайда министр сол уақытта жұмыссыз қалғандарға берілген жәрдемақыны рәсімдеуді оңайлатам деген желеумен банктерге бар билікті беріп қойған.
Бақытжан Базарбек екеуміз мұның заңсыз екенін сан мәрте айтып жүріп, күзде заңға өзгеріс енгіздік. 3 сәуірден бастап банктер азаматтардың орнына қол қою үшін Ұлттық банктен рұқсат алуға міндеттелді. 2020 жылға дейін Ұлттық банк бәрін бақылап отырған. Алайда пандемия кезінде министрлік бәрін өзі шешті. Ең сорақысы, ірі банктер – Kaspi мен Halyk bank электронды үкіметке тікелей кіре алады. Бүкіл құжатымыз сонда тұр. Бұл да заңсыз. Мұндай жағдайда басқа елдер министрді бірден соттайтын еді.
– Банктерді тыңдасаң, бұл жүйе өте қолайлы, халық үшін жеңілдетіп қойдық дейді.
– Солай дейді. Бірақ, қараңыз. Kaspi арқылы электронды үкіметке кірсем, Egov-mobile-да із жоқ. Неге? Менің орныма банктегілер кіріп, бүкіл деректерімді бақылап отырмағанына кім кепіл? Біреу кірген жағдайда Egov-mobile-да ізі болуы қажет. Әйтпесе, олар біздің ақпаратты заңсыз қолдануы мүмкін. Ол үшін ешқандай жауапкершілік те жоқ.
Ал енді шоты бұғатталған 1,5 млн адамның мәселесіне келейік. Бұл да лоббистік норма. Әлемде жоқ шешім қабылдаған. 100 мың теңге жалақы алса, 100%-ын да бұғаттап тастайды. Кез келген құқықтық мемлекетте құқықты шектеу сот шешімі арқылы жүзеге асады. Шотын жабуды, шетелге жібермеуді сот шешуі қажет. Әлемдік тәжірибеде солай. Бізде ше? 2019 жылдан бастап банктер клиенттерінің шотын бұғаттауды жеке нотаруистар арқылы жасап отыр. Нотаруистар мемлекеттің орнына шешім шығарып, мынау банктің алдында айыпты деп азаматтардың шотын жауып тастайды.
– Депутаттар қайда қараған сонда?
– 2019 жылы сондай заң қабылданып кеткен. Жоғарғы сот қолдаған екен. Майда-шүйдені қарап отыруға қолымыз тимейді, мұндай шаруаны нотаруистарға берейік деп шешкен. Салдарынан банктер өздерінің қасынан жеке нотариус ашып қойып, жеке сот орындаушысын сайлап алып, үш жақтап адамдарды қарызға батырып отыр.
Жақында мен нотариустардың мемлекет атынан шешім шығару құқығын алып тастау туралы ұсыныс бердім. Әділет министрлігі қолдады. Десе, шенеуніктердің көбі бұл Кәсіпкерлік кодекске қайшы, бизнеске кедергі жасауға болмайды деген уәж айтты. Бір түсінгенім, кәсіпкерлік кодекс деген тоталитарлық мемлекеттің, олигархтық мемлекеттің заңы. Мұндай заң тек қана ірі бизнесмендерді қорғайды. Жаңа Конституция қолданысқа енгеннен кейін Кәсіпкерлік кодексті түп-тамырымен алып тастауымыз керек. Бұл – халыққа қарсы шығарылған құжат.
АЛМАТЫДАҒЫ АПАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ САНА
– Тоқаев заң мен тәртіп принципін жиі айтады. Заң мен тәртіп – қарапайым халыққа айыппұл салу, шотын бұғаттау емес. Халықты қыса беруден нәтиже шықпайтынын кешегі Әл-Фараби даңғылындағы апат та көрсетті. Бұл апаттың қайталанбауына кім кепіл?
– Алматыдағы жол апаты қоғамның өзгергенін көрсетті. Заң мен тәртіп қағидасын бақылаушы да, іске асырушы да, пайдасын көруші де – халық. Қоғам бұл мәселені ашық көтермегенде жабулы күйінде қалар еді. Халық бұрынғыдай көне беруге құлықсыз. Осы уақытқа дейін жауапкершіліктің бәрін қоғамға артып келдік. Заң шығардық, орындау сенің міндетің деп келдік. Бірақ Конституция өзгерді. Жаңа Ата заң мемлекеттік органдарға бұрын болмаған үлкен жауапкершілік артып отыр. Адам өмірінің құндылығын ерекше жоғары деңгейге көтеріп қойдық. Азаматтар құқығы бұзылған жағдайда министрліктің үстінен сотқа бере алады дегенді бірінші рет жаздық.
Бұл заң шенеуніктерге жайлы өмір сыйламайды. Әл-Фараби даңғылындағы апат мұны айқын аңғартты. Қоғам көтерілген соң, мәселе бірден президентке жетті. Әлгі кәсіпкер көлігіне мемлекеттің нөмірін тағып алып жүргенін, бірнеше көлігі барын желі қолданушылары бірден анықтады. Бұл оқиға орыстілділер мен қазақтілділерді, әр түрлі саяси ұстанымы барларды біріктірді. Адамдар ондаған мың айыппұлдан, самсаған камерадан нәтиже жоғын айтып, министрлікке талап қойды. Айыппұлды дұрыс пайдалана алмасаң, адам өмірін қорғай алмасаң, ережені қатаңдата бергеннен не пайда деп сұрақты төтесінен қойды. Алдағы уақытта адамдардың табысына қарай айыппұл салу жүйесін енгізу керек. Табысы 100 миллион болса, жылдамдықты асырғаны үшін 1,5 млн теңге айыппұл төлесін. Сонда әділетті болады. Әйтпесе қазіргі заң тек табысы төмендерге ғана әсер етіп отыр.
Әл-Фараби даңғылына арнайы бардым. Апаттан қайтыс болған азаматтардың жақындары хабарласып, тергеу дұрыс жүрмей жатқанын айтты. Үш күн өтсе де, жүргізушінің аты-жөнін, ішімдік ішкен-ішпегенін хабарламайды деп шағымданды. Көшеде ұсталған адамның арақ ішкен-ішпегені бірер сағатта белгілі болады ғой. Ал бұл оқиғада ештеңе жарияланған жоқ. Бірде-бір видео көрсетілген жоқ. Президент тапсырма берсе де әлі күнге дейін жасырып отыр. Себебі полиция өкілдерінің бірінің қатысы бар. Неге мас болғанын айғай-шу шыққан соң төртінші күні ғана мойындады? Неге билік оқиға былай болды, мына камерада мынандай кадр бар деп ресми дерек бермейді? Полиция өкілдерін жай ғана қызметтен алып тастау аз, егер қылмысқа жол берген болса, жауапкершілікке тартылуы керек.
НҰРАЙДЫҢ ӨЛІМІНЕ ЖОЛ БЕРГЕН КІМ?
– Шымкенттегі Нұрайдың өлімінен кейін де полицейлерді жұмыстан шығарумен шектелді емес пе?
– Мен бірнеше рет қыз алып қашуға қарсы заң ұсындым. Қайтарып жіберді. Ең бірінші қарсы болған – полиция. «Оны қайтеміз, дәстүрде бар нәрсе емес пе, адам ұрлау деген бап онсыз да бар» деп бой бермеді. Президент айтқаннан кейін ғана қозғалды. Ақыры енгіздік, 10 жылға дейін соттау жазасын қостық. Сталкингке қатысты бапты кіргіздік. Бірақ соған қарамастан полиция Нұрайдың өліміне жол берді. Әуелі оны алып қашып, үйлерінде 12 сағат ұстаған, телефонын тартып алған. Кейін полиция бөлімшесіне әкеліп, қорқытып видеоға түсіріп алған. Ертеңіне әке-шешесі прокуратураға жүгінген. Алайда көп ұзамай прокурорлар істі жауып тастаған. Президент қол қойған заңға пысқырмаған. Екі айдан кейін күдікті оны аңдып жүріп ақыры өлтіріп тынды. Қылмыскер ғана емес, полиция мен прокуратура да кінәлі. Бірақ заңда оларға жауапкершілік жоқ. Ең қызығы, жазаланбақ түгілі, әлгі прокурордың қызметі өскен.
Бақытжан Базарбек екеуміз ұсыныс дайындап қойдық. «Әрекетсіздік» деген 370-бапқа өзгеріс енгізу керек. Егер құқық қорғау органының өкілі заңды шаралар қабылдамай, салдарынан адам өлсе, мұны аса ауыр қылмысқа жатқызу қажет. Бір адам өлсе, 7 жылдан 10 жылға дейін, ал екі адам өлсе 10 жылдан 15 жылға дейін соттауды ұсынбақшымыз. Әрине, полиция да, прокуратура да бұған қарсы болады. Бірақ мен бұл мәселені қоғамға шығарамын.
Мас күйінде көлік жүргізгендер мен жылдамдықты шектен тыс асырғандардың қылмысын да ауыр қылмысқа жатқызу бойынша ұсыныс әзірледік. Көлікті құйындатып қатты айдайтындар – заңнан қорықпайтындар. Олар өздерін қоғамнан жоғары санайды. Көбі қалталылар және билікке жақын адамдар. Сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүрсе, айыппұл салмай, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырып, 15 тәулікке қамау керек. Екінші рет қайталаса, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру қажет. Көлікті қатты айдап, адамдарға зақым келтіргендер өткен жылы рақымшылыққа ілінді. Себебі олардың қылмысы «абайсызда» жасалған қылмыс деп сараланды.
Мәселенің екінші жағы бар. Әкімшілік кодекстің 608-бабы бойынша 300 мыңдай адам жүргізуші куәлігінен айырылған. Қарасам, оны да бизнеске айналдырып алған. Адамды аппаратқа үрлетеді де, 0,3 промилледен жоғары көрсеткіш тіркелгендердің бәрін куәліктен айырады. Қан тапсырам, ішімдік ішпегенімді дәлелдеймін десе, зертхана жоғын, маман жоғын алға тартады. Адамды 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру үшін дәрігердің қорытындысы керек. Өңірлерде мұндай құқықты орта білімді медбикелерге беріп қойған. Маман жетіспейді деп сылтауратады. Шындап келгенде бұл да сыбайлас жемқорлық жасаудың амалы.

ХАЛЫҚ ШЕНЕУНІКТЕРДІ СОТҚА БЕРЕ АЛАДЫ
– Шенеуніктер құқық қорғау жүйесіндегі қателіктер президент саясатын дискредитациялайтынын қашан түсінеді?
– Президенттің саясатын жүргізетін адамдар оның идеологиясын түсінуі керек. Әр түрлі деңгейдегі шенеуніктер бар, бәрі де бұрынғы жүйе бойынша жұмыс істегісі келеді. «Айтпай-ақ қойшы, шулатпай-ақ қойшы, өзіміз шешейік» дейді. Ескі жүйеге жармаса беретін болсақ, жаңа заңды не үшін қабылдадық?
Кеше ғана ШҚО-дан 13 жасар қыз баланың ата-анасы хабарласты. 32-дегі ер адам жасөспіріммен сөйлесіп, мектебінен алып кетіп, айдалаға апарып зорлаған. Полиция ұстайды, дәлелдейді, бүкіл сараптама жасалады. Іс сотқа беріледі. Сот қыз бала өзі келісім берген деген үкім шығарыпты. Егер қарсылық білдірсе, денесінде күш қолдану ізі болатын еді-міс. Сот өкілінің ұл-қызы жоқ па? Психологиясы дамымаған 13 жасар қыз қалай ондайға келісім беруі мүмкін? Жоғарғы сот мұндай шешімге қалай жол беріп отыр? Бұл іс кеше қаралуы керек еді, 15 сәуірге ауыстырып жіберіпті. Қыздың ата-анасы іс сол күйі жабылып қала ма деп қорқып отыр. Егер бұл іс әділ шешімін таппаса, үлкен резонанс көтерем. Сот ренжімесін.
Соттың санасы өзгеруі керек. Қоғамның пікірі елеусіз қалмайды. Енді бірде-бір әкім, прокурор немесе министр халықтың аузын жаба алмайды. Керісінше, 274-бап бойынша шенеуніктердің өзін жауапқа тартуға болады. Қоғамды алдап, жалған уәде беретін басшыларды азаматтар сотқа беруге құқылы. Мәселен, егер медбикелер бұдан кейін де жүргізушілерді 7 жылға көлік айдау құқығынан айыру туралы шешім қабылдайтын болса, бұйрық өзгермесе, біз денсаулық сақтау министрі Әлназарованы сотқа береміз.
– Бірақ ол шешімді қабылдаған Әлназарова емес қой.
– Министрді емес, министрлікті сотқа беру керек. 0,3 промиллеге дейінгі көрсеткіш үшін куәлігінен айырылғандардың бәрінің көлік жұргізу құқығын қалпына келтіру қажет.
ҚҰРЫЛТАЙҒА КІМДЕР КІРЕДІ?
– Көп мәселені қатты айтып жүрсіз. Ертең Құрылтайға кіре алмай қалам деп қорықпайсыз ба?
– Мен бұрыннан қатты сөйлеймін, бұрыннан белсендімін. Денсаулығым дұрыс болса, әркез қоғамның сөзін сөйлеуге, халықтың көзін ашуға мүдделімін. Заңды құқығын пайдалана алмай жүргендерге көмектескім келеді. Қарапайым ортада өстім. Әкем – мұғалім, анам – аспаз. Өзім де елдің ортасында жұмыс істедім, қоғамдық қызметпен айналыстым. Заңсыздықты көп көрдім. Шамам келгенше барлық салада заң үстемдігін орнатуға күш салғым келеді. Ол үшін депутат болудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желі бар. Қаттырақ айтсам, кейбір адам мемлекетті сынап жатқандай көреді. Мемлекетті емес, шенеуніктерді сынаймын. Дұрыс емес шешімдерді сынаймын. Бірақ табиғатымнан мемлекетшіл адаммын. Кезінде саясаттан алшақтағанда да 10 жыл бойы өз ойымды ашық айтып келдім.

– Өкінішке қарай, бұл шақырылымда көп депутаттың белсенділігін көрген жоқпыз. Жақында құрылатын Құрылтайда, Халық кеңесінде қандай адамдар болуы керек?
– Мемлекет басшысы айтқан мына формуладан бастайын: мықты президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет. Парламент ықпалды депутаттардан құралуы керек. Депутаттың сөзі өтімді болуы қажет. Үкіметті тыңдата алуың керек. Сонда ғана халық саған сенеді, мұң-мұқтажын айтады.
Ықпалды болу деген – айғай-шуға салу емес. Заңды түсіну керек. Қай талап, қай ереже орындалмай жатыр, неге орындалмады, кім жауапты – бәрін анықтап, заңға өзгеріс енгізу, мойындата білу – ықпалдылық.
Журналистер неге депутаттық сауал жолдамайсыз деп сұрап жатады. Мен оның қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Проблема көрсем, бірден заңға өзгеріс жазам да ұсынам. Өздері онсыз да білетін проблеманы шенеуніктерге тәтпіштеп несіне айтам? Бақытжан Базарбек екеуміз бірден заңды өзгертеміз де орындалуын талап етеміз. Орындамаса – заң аясында тиісті шаралар жасаймыз.
Меніңше, саяси партиялар алдағы Құрылтай сайлауында депутаттардың кәсібилігіне мән береді. Міндетті түрде бәсекелестік болуы керек. Жастарды заң шығару ісіне тартып, бағыт-бағдар беру қажет.
Халықтың белсенділігі де маңызды. «Мен шешемін, менің пікірім маңызды» деген ұстаным болуы керек. Соңғы кезде шенеуніктер әлеуметтік желіден шықпайды. Өйткені қоғамдық пікірдің маңызын түсініп отыр.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia Youtube-арнасынан көруге болады.