Қазақстанда алимент дауы – өзекті мәселенің бірі. Ұлыстың «Ашық микрофон» айдарына келген әнші Нұрлан Абдуллиннің экс-азаматтық әйелі Ақмарал Баққараева да осы проблемамен бетпе-бет келгенін айтып, сот арқылы баласының құқығын қорғауға мәжбүр болғанын жеткізді. Айтуынша, әртіс мемлекетке – салық, ұлына алимент төлемеу үшін миллиондаған табысын жасырып жүр.
АБДУЛЛИННІҢ ҚАНША ӘЙЕЛІ БАР?
– Ақмарал ханым, Нұрлан Абдуллинмен қашан таныстыңыз?
– Екеуміз 2012 жылы таныстық. 2014 жылға дейін Астанада «ертегі әлемде» бірге тұрдық. Бірінші құрсақ көтергенде түсік тастап, 2017 жылы екінші рет бала көтердім. 2018 жылы ұлымыз – Мұхан Аян Нұрланұлы өмірге келді.
– Ресми некеге тұрған жоқсыздар ма?
– Аят дүниеге келгенде баласына ресми түрде атын берді.
– Білуімше, қазір ер мен әйелдің некесі ресми тіркелмеген болса, бала әкесінің тегін ала алмайды. Ол уақытта олай болған жоқ па?
– Бізге берді. 2020 жылы ол бәрін ресми түрде жасайық, ұрыспайық, жағдайларыңды жасаймын деді. Бірақ ол уақытта мен қарсы болдым.
– Ол кезде Нұрлан Абдуллиннің бірінші некесі болды ма?
– Өз аузынан естігенім бойынша, бірінші некеден екі баласы болды. Ал екінші некеде бала болмаған.
– Сонда сіз үшінші әйелісіз ғой?
– Иә.
– Бірақ тоқал емеспін, олай айтпаңызшы дедіңіз. Неге?
– Мен өзімді тоқал деп есептемеймін. Маған дейінгі әйелдермен ресми неке болды ма, болмады ма – білмеймін. Өйткені ортақ ұлымыз бар. Ол – оның көшірмесі. Құдды екінші Нұрлан Абдуллин дерсің. Ол талантты бала. Ағылшын, араб тілдерінде ән айтады. Байқаулардан жүлдесіз қайтпайды.

АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУ
– Нұрлан Абдуллинмен қашан айырылыстыңыздар? Не себеп болды?
– 2020 жылы қатты ұрысып қалдық. Бірге тұрайық дедім. Ол маған анам әперген үйге келіп жүретін. Көпшілік ойлағандай әншінің ақшасына, атағына қызыққан адам емеспін. Шын махаббатпен қосылдық. Онымен танысқанда Астана қаласының мемлекеттік филармониясында жұмыс істедім. «Сарыарқа» ансамблінің директоры болдым. Нұрлан Нығматуллин ағамыздың қызы ұзатылып, өз ансамбліммен сол тойға барғам. Сол тойда өзі келіп танысты. Оған дейін ондай әнші барын білмегем. Әндерін де тыңдамаппын.
– Жасыңыз нешеде еді ол уақытта?
– 27-28 жас шамасында.
– Ол кісі қанша жаста болды?
– 47-де. Менен 20 жас үлкен. Танысқысы келгенде бетін қайтарып тастадым. Бірақ сол кеште біреуден менің телефонымды алып, түні бойы қоңырау шалды. «Қайдасың? Қайда барсам болады?» деп мазалады. Кейін жұмыста жүргенімде қоймай мейрамханаға шақырды. Сонда онымен бірге қазіргі депутат Ерлан Стамбеков отырды. Стамбеков – Жанна деген қызды, Абдуллин мені кездесуге шақырды.
– Сонда ол кісілерге отбасы бола тұра жүріс жасау үйреншікті нәрсе болып тұр ғой?
– Иә, жас қыздармен қыдыруға еттері үйренген. «Күйем, сүйем» деп артынан жүгірген адам емеспін. Жабысқан өзі.
– Сөйтіп қыр соңыңыздан қалмай жүріп жүрегіңізді жаулады ма?
– Иә, бірте-бірте сезімім ояна бастады. Кездесе бастадық. Кейін бірге тұрдық.
– Сіздің пәтеріңізде ме?
– Жоқ, Абдуллиннің төрт бөлмелі пәтері болатын. Оны Асқар Мамин сыйлаған екен. Ал ол өзінің бірінші некеден туған қызы Дина Абдуллинаға сыйға тартқан. Бір жыл сол пәтерде тұрдық.
ҰЛЫНЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ
– Әрі қарай не болды?
– 2018 жылы ұлым Аят дүниеге келді.
– Пәтер сыйлаған жоқ па?
– Жоқ. Мен одан ештеңе сұрамайтынмын. Үй, көлік, бриллиант әперді деп ойлайтын шығар жұрт. Ештеңе де әперген жоқ. Өйткені өзім сұраған жоқпын. Жұмысым болды. Анам сыйлаған пәтерді жалға беріп отырдым. Өз ақшам өзіме жететін. Кейін Аятты туған соң анам «Сол пәтерге барып тұр. Абдуллин үй әперетін болса, бала туғанда әперер еді» деді. 2018 жылдан 2024 жылға дейін сонда тұрдым. Абдуллин ұялмастан анамның үйіне келетін. 120 мың еуро тұратын соңғы үлгідегі Mercedes көлігін мініп жүретін.

– Оның материалдық жағдайы қандай еді?
– Бай адам.
– Ұрысып қалдық дедіңіз. Ұрыс неден шықты?
– Ол үйден кетерде балам әкесінің аяғын құшақтап, папалап жылайтын. Соны көріп, жүрегім ауыратын. Өйткені баланың жасы 2-де, бәрін біліп қалған еді. Кім өз әкесін жек көрсін? 2020 жылы бірге тұрайық деп шарт қойдым. «Бала сені іздейді. Кеткеніңде тоқтамай жылайды» деп түсіндірдім.
– Бірге тұрғысы келмеді ме?
– Тұрамыз, бірақ шыдай тұр деді. Жағдайыңды жасаймын, тыныш отыра тұр деумен болды. Мен қашанғы тыныш отыра берем? Бала өсіп жатыр.
СОТ ЖӘНЕ ДНҚ САРАПТАМАСЫ
– Баланың қажеттіліктеріне ақша беретін бе еді?
– Ол кезде беретін.
– Қазір бермей ме?
– 2020 жылы оның үстінен сотқа арыз жаздым. Сотқа бердің деп емізулі баламен тастап кетті. Ол кезде бала күтімімен үйде отырғам. Не жұмыс, не ақша жоқ. Тастады да кетті. Өз баласы екеніне күмән келтіріп жүр ме деп шетелде ДНҚ сараптамасын да жасаттым. Басқа балалары менің баламды Абдуллиннің баласы емессің деп өзектен теппес үшін барлық құқығын заң жүзінде қорғап қойдым.
Мені қайыр сұрап отқандай көрмесін, өз баласына тиесіліні заң жүзінде төлесін деп алиментке де бердім. Бүкіл филармония менің Абдуллиннен бала көтергенімді біледі. Әртістердің 40-50 пайызы оның ұлы барынан хабардар. Несін жасырамын? Достары ДНҚ сараптамасын жасатар кезде куәгер болды. Ол жасатқысы келмеген. Мен сот арқылы мәжбүрледім. Сен мені жерге қараттың деді. Мейлі, мен баламның құқығын қорғағым келді. Абдуллин жас емес. 62 жаста. Ертең оған немесе маған не боларын кім білсін. Басқа балалары «Сен кімсің? Бұл біздің әкеміз» деп жүрмесін дедім.
– Сіз неге соны о баста ойламадыңыз? Өзіңізден 20 жас үлкен ер азаматпен қосыларда қорықпадыңыз ба?
– Бұл сауалды Абдуллинге қойыңыз. 20 жас үлкен бола тұрып, маған қай бетімен сөз салды?
ТЫЛСЫМ КҮШПЕН БАЙЛАНЫС
– Ол сізді күштеп алды ма?
– Мен бұл сұраққа жауап бергім келмейді. Мен оған «сен мені оқытып алғансың» дейтінмін. Олар бақсы-балгерлерге сенеді. Нұрлан үнемі «Астанадан Алматыға келсем, шамандар мен сығандардың бәрі біздің үйде жүреді» дейтін. Бәлкім, ол мені оқытып алған шығар. Жаспын, әдемімін.
– Сонда тылсым күшпен байланысы бар дегіңіз келе ме?
– Олар сондайға қатты сенеді. Тіпті қолдарына қызыл жіп тағып жүретін. Үйге келгенде «Неге балауыз жақпайсың, жағып қою керек. Саған өзіңді, аураңды тазалату қажет» деп отыратын. «Үйім тап-таза. Ешкімге жамандық тілемеймін, ала жібін аттамасам, нанын тартып жемесем, неге үйімді тазалауым керек? Аллаға ғана сенем» деп жауап беретін едім.
– Сізді оқытып алды деген ой қайдан келді?
– Өйткені мен содан басқа ешкімді ойламайтын, ешкіммен араласпайтын болдым. 2020 жылы онымен ажырасып кетсем де, өзге еркектермен кездесіп көрген жоқпын. Жаныма ешкімді жолатпаймын. Арым таза. Жасыратыным жоқ.
– Қазір соттасып жатырсыздар ма?
– Иә, баламның құқығын қорғамақпын. Ол 2024 жылы әрқайсы 450 млн теңге тұратын екі пәтер сатып алды. Одан бөлек, сол жылы Zeekr, Range Rover, Mercedes көліктерін алған. Демек, оның табысы көп.

МИЛЛИАРДЕР
– Миллионер ме?
– Миллиардер. Екі компаниясы бар. Екеуінде де құрылайшы ретінде тіркелген. Алайда бір тиын салық төлемеген. Баласына да берешегі көп. Қаңтарда бірінші сотта жеңдім.
– Салық департаментінің құлағына алтын сырға!
– Иә, тексерсін. Неге тексермейді әртістерді? Балаларына алимент төлеуден қашып, болмашы тиын-тебен төлеп жүр. Дүние-мүліктерін жасырады. 8 жыл бойы тыныш отырдым. Жағдайыңды жасаймын деп уәдені үйіп-төкті. Менің жағдайымды жасамай-ақ қойсын. Туған баласына қарайлассын. Менің аяқ-қолым сау, өзім де жұмыс істеп, ақша таба алатын әйелмін. Тек қазір уақытымның көбін балаға арнаймын. Абдуллин екеуміздің ұлымыз өте талантты. Егер әкесі көңіл бөлмесе, мен уақытымды арнамасам, оны кім көтереді? Балаға дұрыс тәрбие беру, дарынын ұштау – қазіргі басты мақсатым.
– Баланың оқу ақысын да төлемей ме?
– Балам жекеменшік мектепте оқиды. Айына 500 мың теңгені өзім төлеп отырмын. Одан бөлек, әнші Майра Ілиясованың мектебіне вокалға бердім. Олар да тегін оқытпайды.
– Сіз баланың жағдайын толық жасап отырғаныңызды біліп бас ауыртпайтын шығар?
– Иә, қыруар табысы болса да баласының жағдайын жасағысы келмейтін. Басқа кірісінен бөлек, «Қазақмыс» басшысының кеңесші болып жүргенде 2 млн теңге жалақы алатын.
– Неге сараңдық танытып жүр?
– Тиын-тебен төлеп отыр. Үй алып беретін шамасы жетеді. Туған ұлы ғой. Өзінің көшірмесі. Достарым «Ақмарал, бұл баланы өзің емес, Абдуллин туған шығар» деп қалжыңдайды.
– Пәтерден басқа не талап етіп отырсыз?
– Алиментін дұрыстап төлесін. Туған ұлымен аралассын. Оған әке керек. Мен жалғыз тапқан жоқпын бұл баланы. Абдуллиннің тұқымы. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, бағып-қағып отырмын. Неге ол туған баласының жағдайын жасамайды? Динара Абдуллина туған қызым емес деп өзі айтатын. Десе де, бізде сот жүріп жатқанда екі пәтерді соның атына жазып берді. Менің адвокаттарым білмейді деп ойлайтын шығар. Шындап келгенде ол қазір менімен емес, өз ұлымен соттасып жатыр. Достары «Нұрлан жомарт адам, пәтер әпермеуі мүмкін емес» дейді. Пәтер алып бермек түгілі, табысын жасырып, алиментті де дұрыс төлемейді. Алматының мәдениет басқармасында жұмыс істеген, ол жақтағы табысын жасырып келген. Қаңтардағы сотта осы күнге дейін төлемеген 8 млн теңгені төлеуге міндеттелді. Менің ісіммен айналысатын сот орындаушысы Назар Маратұлын да өзінің бандиттерімен қорқытқан.
ҚОҚАН-ЛОҚЫ
– Ондай іспен де айналыса ма?
– Бандиттерді жалдаймын, сені өлтіреді деді. Аудиожазба бар.
– Қоқан лоқы көрсету кәдімгі қылмыс қой. Неге полицияға шағымданбайсыз?
– Полицияға хабарласып, мән-жайды айттым. «Ты меня чумаришь, я сам тебя убью» деді. Кейін бандиттерімен қорқытты. Өлтірсе өлтірсін дедім. Сол аудиожазбаны ұлым естіп қойып, әкесін жек көріп кетті. Кеше мектептегі мұғаліміне «Әкем Нұрлан Абдуллин менің анамды өлтіргісі келеді. Егер ол анамды өлтірсе, мен де өлем» депті.
– Ол баласын соңғы рет қашан көрді?
– 2024 жылы. Cодан бері келген жоқ. Аят та оны көргісі келмейді, іздемейді. Бірақ әкең осы деп үнемі айтып, көрсетіп отырамын. Бөтен адам оған әке бола алмайды. Тұрмысқа шықпай жүргенім де сондықтан. Баламның болашағын ойлаймын. Жаңалықтардан өгей әкесі зорлапты деген түрлі сұмдықты оқисың. Сондайдан қорқамын.
– Сот әділ шешім шығарады деп ойлайсыз ба?
– Маған үнемі жақсы судьялар түседі. Нұрбаева деген судья ақылын айтып, қалай дұрыс әрекет ету керегін айтты. Өзі ресми сұрау жолдап, салық декларациясын алып берді. Онда 0 теңге деп тұр. Сонда пәтерлердің, көліктердің бәрін қай ақшаға алған?
– Ұлына бергісі келмесе, тапқанын қайда жұмсап жатыр?
– Оның қатындары көп. Kaspi bank-тегі шотын қарасам, түскен ақшаны түрлі әйелдерге жіберіп отырған.
– Пайғамбар жасына келіп қалған адам емес пе?
– Ұяты болса, туған баласын осылай тастап кетер ме еді? Мәселен, наурыз айының алиментін әлі төлеген жоқ. Баланың оқу ақысын төлеуім керек екенін біледі. Киетін киімі, ішетін тамағы бар. Қазір бәрі қымбат. Әкесі бай бола тұрып, бала неге қиналып өмір сүруі керек? Абдуллин телеарналарға барып, «ақшам жоқ, жай ғана әртіспін» деп өтірік айтып отырады. Әйелім, үш балам бар дегені де шындыққа жанаспайды. «Ол бала тумаған» деп кезінде маған өзі айтқан. Жұрттың алдында сүттен ақ, судан таза көріну үшін отбасы жайлы мақтанышпен айтады. Шындығында нағыз қатынқұмар.

ӨКІНІШ
– Уылжып тұрған 27-28 жасыңызда сол азаматты кезіктіргеніңізге өкінесіз бе?
– Сол тойда Абдуллинді кезіктіргеніме өкінем. Ешқашан оның тыңдарманы, жанкүйері болған адам емеспін. Өліп-талып жақсы көрдім деп те айта алмаймын. Қайта қосылғым да келмейді. Ондай ойым жоқ.
– Ертең кешірім сұрап келіп, бала үшін қайта бас қосайық десе ше?
– Жоқ. Ол мені қиын кезеңде баламмен жалғыз тастап кетті. Аллаға шүкір, көмектесетін туыстарым бар. Әкем ерте қайтыс болса да, анам бізге таршылық көрсетпей өсірді. Молшылықта өстік. Абдуллин анаммен танысып, қолына жүзік таққысы келген. Бірақ анам танысқысы да, одан сый-сыяпат алғысы да келмеді. «Онымен қалай жатып жүрсің?» дейді әлі күнге дейін. Бұл сұрақты өз-өзіме талай қойдым. Қалай болғанын білмеймін. Өмір ғой.
Жас қыздарға сабақ болсын. Нұрлан Абдуллинге жоламаңдар! Бала туғызады да тастап кетеді.
ҚЫЗ БЕН ҰЛ ТӘРБИЕСІ
– Отбасылы еркектерге жоламаңдар деген дұрыс шығар.
– Жас қыздар оларға өздері барып жабыспайды. Әлгі еркектер олардың миын ашытып, ізінен қалмай жүріп қол жеткізеді. Қыздарды құртатын – еркектер.
– Әр сөз айтқан еркектің соңынан еріп жүре бере ме сонда қыздар?
– Ермеу үшін еркектер жас қыздарға сөйлемесін. Атышулы Бишімбаев журналист әйелдердің бірін екіқабат қылып, дүниеге келген баласына фамилиясын да бермеген. Біздің қоғамдағы еркектер осындай.
– «Қызға қыры үйден тыйым» деген сөз бар ғой.
– Неге біз тек қыздарды тыя береміз. Ұлдарды да тәрбиелеу керек. Оларды жауапкершілікке үйрету қажет. Істегенін мойнымен көтере алмайтындар көбеймес үшін біз – аналар ұлдарды дұрыс өсіруіміз керек. «Қыздарды сыйла, ренжітпе» деп ұлымның құлағына құйып отырамын.
– Басыңа түскен осы оқиға үшін өз қателігіңіз ретінде жауапкершілік аласыз ғой?
– Мен қателік деп айтпас едім. Алланың жазуы ғой. Нұрланды кінәламаймын. Маған ұл сыйлады. Сол балам аман болсын. Қайда жүрсе де әкесінің абыройын көтеріп жүреді. Абдуллиннің ұлы екенін бәрі біледі ғой. Балам оны ешқашан жерге қаратқан емес.
– Соттың шешімі қашан шығады?
– Мен 3 жылдағы қарыздарын толық есептеу үшін жақсы аудитор жалдауым керек. Үш жыл бойы салық төлемеген, табысы жоқ деп көрсетіліп тұр. Қымбат көліктер мен пәтерлерді қандай ақшаға алғанын анықтау қажет.
– Неге кірістер департаментіне хат жазбайсыз?
– Енді соны қолға алу керек. Ұлына – алимент, мемлекетке салық төлегісі келмесе, мүлкінің бәрін тәркілесін. Бәрін жасырып отыр. Пәтерлерін Динара Абдуллинаның атына жазған. Неге олай істедің десем, сен менімен соттасып жатсың ғой дейді.
АБДУЛЛИН НЕГЕ ЕРЕГІСІП ОТЫР?
– Сонда сізге ерегісіп істеп отыр ма?
– Солай сияқты. Қазанда сот басталған уақытта маған келіп «Мен саған керекпін бе?» деп сұрады. Мен «Жоқ, керек емессің» дедім. Бірақ ұлым әкесімен тұрғысы келеді. «Әкем бізбен тұрады» деп үнемі айтып отырады. Кім біледі, ертең қандай жағдай боларын. Нұрланның денсаулығы керемет деп айта алмаймын. Жүрегінде ақау бар, аяғы ауырады. «Ертең бір жағдай болса, ұлың қарайды. Үлкен пәтер алып бер, бір бөлмесіне өзің келіп тұрам десең де қарсы болмаймыз» деп айтқанмын. Бірақ бізді сонша қинап, баласымен ерегісе соттасып жатқан соң ол ойымнан айныдым. 8-9 пәтері бар. Бәрі де қымбат аудандарда, элиталық кешендерде орналасқан. Көліктері де арзан емес.
– Халық алдында жүрген әртістердің көбі осындай ма?
– Олай кесіп айта алмаймын. Бірақ жуырда Мейрамбек Беспаевтан ұлым бар деп жылап жүрген Жанна деген қызды көріп қалдым. Тұрсынбек Қабатовтың екінші отбасы жайлы да бүкіл ел естіді. Әйелі сонша жыл қалай үндемегенін білмеймін. Бірақ өзім де 8 жыл шыдадым ғой. Біз оларды масқаралағымыз келмейді. Алайда олардың бізді ойлап жатқаны шамалы.
– Нұрлан Абдуллиннің әлі күнге дейін билік өкілдерімен байланысы бар ма?
– Қазір жоқ сияқты. «Назарбаев кетті, бізді ешқандай концерттерге шақырмайды» дейтін. Бұрын Жақсыбековпен, Маминмен жақсы араласатын. Достары білсін қандай адам екенін. Өз баласына бір пәтер алып бере алмай жүрген кісі қалай Батырхан Шүкеновтің баласына 100 мың доллар береді? Қарсы емеспін, берсін. Бірақ неге әуелі өз баласына жағдай жасамайды?
Бірінші әйелімен ертеректе ажырасып кеткен. Одан бір ұл, бір қызы бар. Нағима деген екінші әйелінен бала болмағанын маған өзі айтқан. Алайда сұхбаттарда үш бала туып берді деп айтып жүреді. «Динара туған қызым емес, өз әкесі бар» дегенін де ұмытқан жоқпын. Сонда сол қыз туған баласынан артық болғаны ма? Банк шотын қарасам, бізге үш жылда 950 мың жіберсе, әлгі қызға 9,5 млн теңге жіберген.
Сот болғанда «Неге қымбат мектепке барады, мемлекеттік мектепте оқыса да болады ғой» деді. Мен қарапайым мектепке де бердім баламды. Құжатын көрген директор «Мынау шынымен Абдуллиннің ұлы ма? Неге біздің мектепке әкелдіңіз?» деп таңданды. Отырған жерімде жылап жібердім. Әкесі сараң екенін, алимент төлеуден қашып жүргенін айттым.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Соңына дейін соттасамын. Баламның құқығын қорғаймын. Қазір Абдуллин бір көлік-логистикалық компанияға жұмысқа шығыпты. Ең төменгі жалақыны көрсетіп, содан 50-60 мың теңге төлеуді жоспарлап отырған болар.
– Өзіңіз жұмыс істейсіз бе?
– Қазір балам кішкентай. Мектепке таситын, сабағын қадағалайтын адам жоқ. Таңнан кешке дейін кеңседе отыратын жұмысқа әзір шыға алмаймын.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көруге болады.