×
$
462.31
536.09
5.34
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
462.31
536.09
5.34

Дана Медеуова кім

Бүгін, 19:35
Дана Медеуова кім
Ulysmedia коллажы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Дана Медеуованың Құрылтай депутаты болғаны көпшілік назарын аударды. Оның президенттің туысы болғаны қоғамда түрлі пікір мен сұрақ туғызды.

Тоқаев 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін биліктегі отбасылық ықпалға қарсы екенін бірнеше рет айтқан. Осыдан кейін президенттің жақын туыстары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы жоғары лауазымдардан кеткен.

Ендеше президенттің туысының Құрылтай депутаты атанғанын қалай бағалауға болады? Бұл Мемлекет басшысы ұстанған саясатқа қайшы келе ме? Әлде азаматты тек президентпен туыстығы үшін саяси жолдан шектеу де дұрыс емес пе?

Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева осы сұрақтарды Құрылтай депутаты Айдос Сарымға қойды.

Конституцияға қайшы емес

– Сайлаудан кейін қоғамда президенттің туысы Дана Медеуованың Құрылтайға депутат болып сайлануы қызу талқыланып жатыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі әділетті мемлекет пен мүмкіндіктер теңдігі туралы айтып келеді. Сіз бұл жағдайды қалай бағалайсыз? Мұнда саяси қайшылық жоқ па?

– Меніңше, мұның Конституцияға ешқандай қайшылығы жоқ. Негізгі заңға сәйкес, әр азамат қоғамдық, саяси және басқа да қызметпен айналысуға, саяси партияға мүше болуға, сол партия атынан Парламентке немесе Құрылтайға сайлануға құқылы.

Біріншіден, осыны атап өту керек. Екіншіден, Мемлекет басшысы әу бастан-ақ президенттің жақын туыстары мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқармауы керек екенін айтты. Өздеріңіз білесіздер, ол бірнеше туысын мемлекеттік қызметтен және квазимемлекеттік сектордағы лауазымдарынан босатты. Жалпы, президент бұл ұстанымынан бас тартып отырған жоқ.

– Сіздіңше, биліктегі отбасылық ықпалға жол бермеу туралы қоғамның талабы мен кез келген азаматтың сайлауға қатысуға деген конституциялық құқығының ара-жігі қай жерде? Адам президенттің туысы болғаны үшін ғана саяси мансабынан бас тартуы керек пе?

– Ең әуелі, бір нәрсені нақтылап алған жөн. Құрылтай депутатының мандаты тағайындалмайды. Оны бір адамның жеке шешімімен алу мүмкін емес. Депутатты халық дауыс беру арқылы сайлайды.

Дана Медеуоваға келсек, ол бұған дейін қайырымдылықпен, қоғамдық жұмыстармен және кітап шығарумен айналысқан. Сондықтан «Әділет» партиясының сайлауда жеңіске жетуіне оның да белгілі бір үлесі болды деп ойлаймын.

Қазір ол Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамында жұмыс істейді. Оның халықаралық медиа саласының маманы екенін де атап өткен жөн. Дана Медеуова дипломатиялық қызмет атқарған, халықаралық қатынастар мен дипломатия саласында мол білімі мен тәжірибесі бар.

Сондықтан, меніңше, мұнда бәрі заң аясында. Конституцияға да, моральдық қағидаттарға да қайшы келетін ештеңе жоқ. Егер қоғамда сұрақтар туындаса, оларға жауап беріп, түсіндіру керек.

Ақпараттың аздығы да әсер етіп отыр

– Бұл сұрақтардың туындауына қоғамның жаңа депутат туралы әзірше көп нәрсе білмейтіні де себеп болуы мүмкін бе?

– Иә, ондай мәселе бар. Мұны коммуникациядағы мәселе деуге болады. Бұл, ең әуелі, Құрылтайдың ұйымдастыру жұмысына байланысты.

Өздеріңіз білесіздер, Құрылтайдың сайты кеше ғана іске қосылды. Онда барлық депутаттың өмірбаяны, түйіндемесі, қай комитетте жұмыс істейтіні туралы ақпарат жарияланады. Ғылыми атақтары, еңбектері және басқа да мәліметтері де көрсетіледі.

Сонымен қатар депутаттар заң жобаларын ұсынып, түрлі бастама көтере бастайды деп үміттенемін. Сол арқылы олардың әрқайсысы біртіндеп өздерін таныта түседі.

– Дана Медеуованы жеке тұлға ретінде қалай бағалайсыз? Оның қандай еңбегі мен қоғамдық қызметі депутаттық мандатқа лайық екенін көрсетеді?

– Ол саяси партияның мүшесі болуға, Парламентке сайлануға, өз пікірін білдіруге және басқа да құқықтарын жүзеге асыруға құқылы. Мұнда Конституция қағидаттарының бұзылып тұрған жоқ. Бұл – қалыпты жағдай.

– Президент бүгінде реформалардың жүзеге асуы үшін бүкіл қоғам оған атсалысуы керек екенін айтып келеді. Сонда ғана бұл бастамалар жай ұран болып қалмай, өміріміздің нақты бір бөлігіне айналады. Ендеше Дана Медеуованың да осы іске өз үлесін қосуына неге болмайды?

– Ол депутат болып сайланғанға дейін қоғамдық және қайырымдылық жұмыстармен айналысып, адамдарға, балаларға көмектесіп келді. Осы еңбегінің арқасында өзінің беделін қалыптастырып, қоғамның сеніміне ие болды.

Сондықтан оны тек «президенттің туысы» ретінде көрсету — оның өз еңбегін елемеу әрі сайлаушылардың таңдауын құрметтемеу деген сөз. Мұндай жағдайлар біреуді сынауға себеп болмауы керек. Керісінше, өзгелерді де қоғамға белсенді қызмет етуге ынталандыруы тиіс. Саяси бәсекелестік нақты істер мен ұсынылған идеялар негізінде жүруі керек. Өйткені шешімді халық қабылдады. 

Ал халықтың таңдауына құрметпен қарау қажет.