×
$
452.12
€
508.95
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.12
€
508.95
₽
5.41

«Мың дрон тағдырымызды шешуі мүмкін»: Асқар Нұрша соғыстан түйген сабағымыз жайлы

Бүгін, 11:40
«Мың дрон тағдырымызды шешуі мүмкін»: Асқар Нұрша соғыстан түйген сабағымыз жайлы
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы соғыста бейтарап ұстанымда. Алайда соғыстың салқыны еліміздің экономикалық мүддесіне де тиіп жатыр: шабуылдар Қазақстан мұнайы экспортталатын инфрақұрылымға қауіп төндіріп отыр. Ресей дәстүрлі нарықтарынан айырылып, жаңа нарық іздеуге мәжбүр. Ал Қазақстан бір жағынан Каспий құбыр консорциумына (КҚК) балама бағыт қарастырса, екінші жағынан Ресейден газ импортын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осындай жағдайда ел мүддесін қорғай аламыз ба, әлде бір тәуелділіктен құтыламыз деп, екіншісіне тап боламыз ба?

Саясаттанушы Асқар Нұрша Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында Ресей мен Украина арасындағы соғыстан қандай сабақ алғанымызды және бүгінгі қауіпсіздік тек қару-жарақтың санымен өлшенбейтінін айтты.  Оның айтуынша, елдің қауіпсіздігі экономиканың орнықтылығына, инфрақұрылымның қорғалуына және мемлекеттің өз мүддесін қорғау қабілетіне де байланысты.

ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ КҚК–ҒА ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛДАР

КҚК-ға шабуыл жасау мәселесі көптен бері айтылып келеді. Бірақ қауіптің нақты неде екенін бәрі бірдей түсіне бермейді. Мұнай экспорттайтын бұл бағытқа төнген қатер қаншалықты күрделі?

– КҚК-ның шабуылға ұшырауы – өте қауіпті мәселе. Қазақстан жылына шамамен 76 миллион тонна мұнай экспорттайды. Соның 64,8 миллион тоннаға жуығы КҚК арқылы тасымалданады. Демек, мұнай экспортымыздың шамамен 80-82 пайызы осы бағытқа тәуелді деген сөз. Сондықтан КҚК жұмысы тоқтаса, бюджетке түсетін кіріс те тоқтайды.

Мұндай жағдайға қалай тап болдық? Қазір балама бағыт табу мүмкін бе?

– КҚК – біздің мұнай тасымалдайтын жалғыз құбырымыз емес. Мұнай экспортының шамамен 80 пайызы осы бағытпен тасымалданатыны рас, бірақ Атырау – Самара бағыты да бар. Бұл бағыт арқылы мұнайымыз Ресейдің «Транснефть» компаниясының құбыр жүйесіне түсіп, одан әрі әртүрлі бағытқа жөнелтіледі. Мәселен, Адамова Застава, Усть-Луга және Шесхарис бағыттары бар.

Алайда қазіргі жағдайға қарасақ, шабуылдар тек Новороссийскімен шектелмейтінін көреміз. Мысалы, Усть-Лугаға да дрондар ұшып келіп жатыр. Демек, мұнай тасымалының қауіпсіздігіне қатысты мәселе мұнымен де шешілмейді.

Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр, біршама шаруа атқарылды. 2002 жылы мен «ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңы мен XXI ғасырдың басындағы Каспий мұнайы төңірегіндегі дипломатиялық күрес» деген тақырыпта диссертация қорғадым. Ол кезде жағдай әлдеқайда күрделі болатын. Баку – Тбилиси – Жейһан мұнай құбыры да, қазір жұмыс істеп тұрған көптеген құбыр да әлі салынбаған еді.

90-жылдары Қазақстанның Ресейге жанармай тиелген цистерналар жіберіп, ал Ресейдің оларды шекарадан өткізбей қойған кездері де болды. Жай ғана қабылдамайтын. Шаруашылыққа қатысты келіспеушіліктер туындап, цистерналар кері қайтарылмай қалған жағдайлар да болған. Сол кезде-ақ: «Біз Ресейге мәңгі тәуелді боламыз ба?» деген сұрақ қойылатын. Кеңес Одағы кезінде де, ол ыдырағаннан кейін де біздің көлік және энергетика инфрақұрылымымыздың басым бөлігі орталықтандырылып, Ресей арқылы өтетін. Сондықтан жаңа бағыттар ашу міндеті тұрды. Біз сондай бағыттардың бірін ашып, Қытай бағытын игердік.

КҚК-ның Қазақстан үшін маңызын түсініп отырмыз. Десе де, оның игеріп отырған көлемін тасымалдай алатын балама бағыттар бар ма?

– КҚК-да қиындықтар басталған кезде не болғанына назар аударайық. Мұнайдың бір бөлігін тәжірибе ретінде Қытайға бұрып көрдік. Бірақ ол жаққа жеткізілетін көлем мүлде басқа. КҚК арқылы 64,8 миллион тонна мұнай өтсе, өткен жылы Қытайға небәрі 3,8 миллион тонна жөнелтілді.

Қазір Каспий арқылы өтетін бағыттың маңызы артып келеді. Әңгіме мұнайымызды Әзербайжан арқылы экспорттау туралы болып отыр. Ресейдің Махачкала порты арқылы тасымалдау мүмкіндігі де бар. Әзербайжаннан мұнайды әрі қарай Түркияға, сондай-ақ оның аумағы арқылы Грузия порттарына жеткізуге болады. Айта кетейін, бұл енді жай жоба емес, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған бағыт. Бірақ көлемін салыстырып көрейік. Баку – Тбилиси – Жейһан жүйесінің өткізу қабілеті жоғары болғанымен, біз ол арқылы жылына небәрі 1,2 миллион тонна шамасында мұнай жөнелтеміз. Бұл өте аз. Қазір осы көлемді 1,7 миллион тоннаға жеткізу міндеті тұр. КҚК-мен салыстырғанда айырмашылық ондаған есе. Сондықтан ендігі міндет – осы бағыттар арқылы тасымалданатын мұнай көлемін ұлғайтып, соған қажетті инфрақұрылым құру.

Бұған қоса, мұнайды Ауғанстан арқылы экспорттау мәселесі де белсенді түрде қарастырылды. Алайда азаматтық соғыс жүріп жатқан елдегі жағдай бұған кедергі келтірді. Иран бағыты да бар. Біз мұнайды өзара алмастыру тетігі арқылы жеткізуге әрекет жасадық: өнімді Иран порттарына жөнелтіп, оның орнына Иран Парсы шығанағы жағынан дәл сондай көлемде мұнай беретін. Иранға қатысты жағдайдың ерекшелігі неде? Елдің оңтүстігінде мұнай қоры мен ресурстары жеткілікті, бірақ солтүстік өңірлерін мұнаймен қамтамасыз ету қиын. Бұған жер бедері мен аумақтың географиялық ерекшеліктері себеп. Сондықтан Иранның солтүстігінде, соның ішінде, Қазақстан мұнайына сұраныс бар. Дегенмен мұндай жеткізілімдер шешуші рөл атқармайды. Оның үстіне АҚШ-тың Иранға санкция салып, ынтымақтастықтың көптеген бағытына шектеу қойып отырғанын білеміз.

Бұл бағытта Қазақстан ғана жұмыс істеп жатқан жоқ. Қазақстан мұнайының экспортын және жалпы энергетикалық ресурстар жеткізілімін әртараптандыру АҚШ пен Еуропалық одақ саясатының басым бағыттарының бірі саналады.

РЕСЕЙ САНКЦИЯЛАРДЫ АЙНАЛЫП ӨТУДІ ҮЙРЕНДІ

Дональд Трамп Иран мен Ресейге қарсы жаңа қатаң санкциялар енгізді. Бұл шаралар қаншалықты пәрменді болады және қазіргі жағдай Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

–  Ресейге қарсы санкция өте көп енгізілді. Қателеспесем, олардың саны 30 мыңға жуықтаған. Әйтеуір ресейліктердің өздері осылай айтып жүр. Қазір қабылданып жатқан шаралар шынымен де ең қатаң шектеулердің қатарында. Бірақ санкцияларды айналып өтудің жолдары бар. Мәселен, қандай да бір мұнай компаниясына санкция салынып, ол тиісті тізімге енгізілсе, басқа мұнай компаниясын құрады. Мұндай тәсілдер көп.

Яғни Ресей санкцияларды айналып өтуді үйренді ғой?

–  Иә. Сондықтан қазіргі қатаң шаралардың өзі Ресейге бұрынғыдай қатты әсер ете қоймайды. Ал Еуропалық одақтың әрекеті Ресей үшін әлдеқайда ауыр. ЕО Ресейдің сұйытылған табиғи газын да, құбыр арқылы жеткізілетін газын да импорттауға тыйым салуды көздеп отыр. Қателеспесем, құбыр газына қатысты тыйым келесі жазға қарай күшіне енуге тиіс, ал сұйытылған табиғи газға қойылатын шектеулер, меніңше, қаңтардан бастап қолданыла бастайды. Мұнда қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді келісімшарттардың арасында айырмашылық бар.

Жағдайды түсініктірек ету үшін айтайын: Ресей Украинаға қарсы соғысын бастағанға дейін Еуропа импорттайтын газдың шамамен 43-45 пайызы Ресейдің үлесіне тиетін. Қазір бұл үлес күрт төмендеді, бірақ әлі де едәуір жоғары. Ресей үшін бұл өте ауыр соққы. Егер Еуропалық одақ осы шектеулерді толық жүзеге асырса, Ресей газын экспорттайтын басқа бағыттарды шұғыл іздеуге мәжбүр болады.

СОҒЫС ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ?

Соғыстың аяқталатын түрі көрінбейді. Трамп бұл мәселені тез шешуге уәде берген еді, бірақ әзірге ондай нышан жоқ. Қазіргі жағдайды қалай бағалайсыз?

–  Ресейліктер соғысты үш күнде аяқтауды жоспарлаған еді. Жақында Захар Прилепиннің сөзін тыңдадым. Ол орыс ер-азаматтары таусылып бара жатқанын айтып, әскери күш пен адам ресурсын толықтыру үшін тағы екі-үш республиканы қосып алу керек дейді. Яғни өзге елдерден адам жинау қажет деп отыр.

Ал енді шынтуайтына келсек, бәрі үш мәселеге келіп тіреледі. Біріншісі – Украина мұндай жағдайға қанша уақыт төтеп бере алады? Оның шынымен де күрделі проблемалары бар. Қыстан аман шығу өте қиын болғалы тұр. Әсіресе, Ресей энергетикалық инфрақұрылым нысандарына соққы беріп жатқанын ескерсек, жағдай тіпті ауыр. Сондықтан көптеген қалада электр жарығы өшіп қалады.

Мобилизацияға қажетті адам ресурсына қатысты да мәселе бар. Көп адам елден қашып жатыр. Кейде адамдарды күштеп ұстап, майданға жіберіп жатқаны туралы хабарлар тарайды. Мұндай жағдайлар да кездеседі.

Екінші мәселе – Украинаға қолдау көрсетіп отырған серіктестері мен одақтастары әлі қанша уақыт көмек бере алады? Мәселен, Байденнің президенттігінің басында жағдай онша жақсы болмады, бірақ оның өкілеттік мерзімінің соңына қарай АҚШ Украинаға едәуір әскери көмек көрсетті. Қазір Трамп билікке келіп, мәселені ақшаға тіреп отыр. Ол қолдауды жалғастыруға дайын, бірақ Украинаға қару-жарақты АҚШ-тан сатып алуды немесе жеткізілімдерді несие түрінде рәсімдеуді ұсынады. Яғни еуропалықтар Украинаға қажет қаруды сатып алуы керек.

Сондықтан қазір АҚШ-тың Украинаға көрсететін көмегі күрт азайды. Саяси қолдау да әлсіреді. Өйткені Трамп үшін Зеленский де жақсы жігіт, Путин де жақсы жігіт. Міне, жағдай осындай.

Қазір Украинаның басты одақтасы – Еуропа. Бірақ Еуропаның өзі ұзаққа созылатын соғысқа экономикалық, саяси және әскери тұрғыдан қаншалықты дайын?

–  Украинаны негізінен еуропалықтар қолдап отырғаны рас. Бірақ Еуропаның да өз проблемалары бар. Мысалы, Польша мен Украина арасында тарихқа қатысты шешілмеген мәселелер бар. Украиндар батыр санайтын кейбір тарихи тұлғаларды поляктар геноцид пен жаппай қырып-жоюға кінәлі деп есептейді.

Екінші мәселе – қазір Еуропада украиндар өте көп. Бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын туғыза бастады. Оларға «Еліңді қорғауға бар. Мұнда не істеп жүрсің?» деп қырын қарайды.

Тағы бір жайт бар. Біз Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Украинаның экономикасы қуатты болғанын ескеруіміз керек. Мысалы, Ресей мен Украина арасындағы байланыстың үзілуі Ресейдің зымыран және ғарыш саласына үлкен зиян келтірді. Себебі кейбір бөлшектер мен бұйымдар дәл Украинада өндірілетін.

Сонымен қатар Украинада ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Ол астық пен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Ал еуропалық фермерлерге мұндай бәсекелестік қажет емес. Олар өз үкіметтеріне қарсы бойкоттар мен наразылық шараларын ұйымдастырып, арзан украин өнімдерінің нарыққа шығуына жол бермеуді талап етіп жүр. Сондықтан бұл мәселеде экономикалық мүдделермен қатар басқа да көптеген фактор бар.

Бірақ ең бастысы – Еуропа шынымен де босаңсып кеткен. Ол АҚШ-тың қауіпсіздік қалқанының астында өмір сүруге үйренген. Соның салдарынан әскери-өнеркәсіп кешенін және шабуылдаушы қару-жарақ өндірісін дамытпады. Қазір еуропалықтар Украинаға көмектесу үшін өндіріс көлемін арттыруға тырысып жатыр. Бірақ неміс өнеркәсіп алпауыттарына өз елдерінің қару-жарақ қорын жеткілікті деңгейге жеткізу үшін әлі көп уақыт қажет болатыны анықталды. Тіпті бір дрон әуежай маңынан ұшып өтсе де, ел ішінде дүрбелең басталады. Меніңше, бұл соғыс еуропалықтарды ойлануға мәжбүр етеді. Сірә, алдағы уақытта Еуропа қайта қарулана бастайды.

ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС БОЛА МА?

Қазір үшінші дүниежүзілік соғыс басталуы мүмкін деген болжамдар айтылып жүр. Мұндай қауіп қаншалықты негізді?

–  Үшінші дүниежүзілік соғыс болады дейтіндер көп. Бірақ сарапшылардың көбі оның Бірінші немесе Екінші дүниежүзілік соғысқа ұқсамайтынын айтады. Бір үлкен коалиция екіншісімен соғысып, соның салдарынан 100 миллионнан 500 миллионға дейін адам қаза табатын ауқымды қақтығыс болмайды. Мұндай соғыс ешкімге қажет емес.

Үшінші дүниежүзілік соғыс әлдеқашан басталып кеткен, тек әртүрлі өңірде қатар жүріп жатқан, көзге бірден түсе бермейтін үдеріс деген пікір де бар. Бұл болжам бойынша, ол орташа қарқынмен жүретін бірнеше соғыстың жиынтығы болмақ. Ал мұнда, түптеп келгенде, жаңа ережелер мен жаңа әлемдік тәртіптің қандай болатыны шешіледі. Әлем бұдан былай қандай қағидалармен өмір сүреді?

Түсінікті мысал келтірейін. Екінші дүниежүзілік соғыс немен аяқталды? Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды, содан бері біз БҰҰ Жарғысына сәйкес өмір сүріп келеміз. Қаржы саласында Бреттон–Вуд жүйесі қалыптасты.

Бүгінде бәрі, соның ішінде біздің президент те, қолданыстағы жүйені реформалау қажет екенін, оның ескіргенін және көптеген мәселені шеше алмай отырғанын айтып жүр. Бірақ түсініңіз, мұндай ауқымды реформалар, әдетте, дүниежүзілік соғыс сияқты ірі дағдарыстардың нәтижесінде жүзеге асады. Өкінішке қарай, адамзат әзірге басқа жолмен мұндай өзгерістерге қол жеткізуді үйренген жоқ.

СОҒЫСТАН ТҮЙГЕН САБАҚ

Қазақстан Ресеймен қарым–қатынасты сақтауға, Қытаймен, Еуропамен және АҚШ-пен ынтымақтастықты дамытуға, сонымен бірге өз мүддесін қорғауға мәжбүр. Ресей мен Украина арасындағы соғыстан біз қандай сабақ алуымыз керек?

–  Сыртқы саясатымыздың негізгі қағидалары бұрынғы қалпында. Отыз жылдан астам уақыт өтті, бірақ сонау 90-жылдары тұжырымдалған ұстанымдар әлі де өзекті. Олар – сыртқы байланыстарды әртараптандыру, көршілермен және әлемнің ірі державаларымен сындарлы қарым-қатынас орнату, халықаралық ұйымдар аясында белсенді сыртқы саясат жүргізу. Бұл мәселеде ешқандай күмән де, дау да жоқ.

Бірақ бір мәселе бар: генералдар әрдайым өткен соғысқа дайындалады. Ресей мен Украина арасында қазір болып жатқан оқиға бәрімізге үлкен сабақ болды.

Менің бір ойым бар, оны көп адам әртүрлі қабылдауы мүмкін. Осы соғыс Қазақстан үшін өзінше бір сый болды деп ойлаймын. Мұның орасан зор трагедия екенін мойындаймын. Бірақ біз болашақта болуы мүмкін соғыстардың қандай сипат алатынын көрдік. Назар аударатын бір нәрсе, соғысушы тараптар шешім қабылдайтын орталықтар деп аталатын нысандарға іс жүзінде соққы беріп жатқан жоқ. Зеленскийді немесе Путинді өлтіруге бағытталған елеулі әрекеттер де болған жоқ. Соған қарамастан, ұрыс жүргізу тәсілі өзгерді. Көп жағдайда әскерлер бір-бірімен бетпе-бет келмейді. Адамдар артиллериялық соққылар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан қаза табады. Майданға барып, қарсыласты көзіңмен көрмеуің де мүмкін: алдымен позицияңа артиллерия соққы береді, содан кейін дрондар шабуылдайды.

Мұнда тағы бір маңызды жайт бар. Украина қазір Ресей экономикасының осал тұстарын іздеп, соларға соққы беруге тырысып жатыр. Әуелде мұнай өңдеу зауыттарын нысанаға алды. Неге? Соғысып жатқан армия жанармайсыз қалуы үшін. Бірақ жанармай жеткізу бұзылса, бүкіл елде бензин мен дизель отынының тапшылығы туындауы мүмкін.

Соғыс мұнай өңдеу зауытынан бастап маркетплейс қоймасына дейін кез келген нысанаға шабуыл жасалуы мүмкін екенін көрсетті. Қазақстанның бұдан түйетін басты сабағы қандай?

–  Қазір Wildberries пен Ozon-ға да шабуыл жасалып жатыр. Бұл маркетплейстердің экономикадағы рөлін, қоймаларының санын және олармен байланысы бар шағын әрі орта бизнес кәсіпорындарының көптігін ескерсек, мұндай нысандарға жасалған соққы да экономикалық қызметті тұралатып тастауы мүмкін.

Мұның нәтижесінде не көріп отырмыз? Ресейдің әскери қуаты едәуір жоғары болғанымен, әрбір мұнай өңдеу зауытының жанына әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін орналастыру мүмкін емес. Қазір биліктің кәсіпорындарға: «Нысандарыңды қорғау – өз міндеттерің, қажетті құралдарды өздерің сатып алыңдар» деп жатқанын көрудің өзі қызық. Сонда біртүрлі жағдай қалыптасады: әскери салаға қатысы жоқ кәсіпорындар қару-жарақ сатып алуға мәжбүр. Мәселен, банк басшысы, шартты түрде айтқанда, танк немесе басқа да қару сатып алуға баруы керек дегенді елестете аласыз ба?

Қазақстан үшін бұдан шығатын қорытынды – біз ешкіммен соғысуға жол бере алмаймыз. Бастапқыдан-ақ бейбіт саясат ұстануымыз керек. Әйтпесе, болашақта мың дрон Қазақстан экономикасының тағдырын шешуі мүмкін. Сондықтан Украина мен Ресейдің тәжірибесін зерттеуіміз керек. Олардың тәжірибесін сол күйі көшіріп алмай, одан сабақ алып, экономикамыз бен инфрақұрылым нысандарын ықтимал әскери қауіп-қатерлерге барынша төзімді етудің жолын ойластырған жөн. Біз қазірдің өзінде өткен күннің экономикасын емес, болашақтың экономикасын құрып, осы мақсатқа ресурстар бағыттауымыз керек.

КҚК–ҒА БАЛАМА БАҒЫТ КІМГЕ ТИІМДІ?

Егер балама бағыт Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі үшін шынымен қажет болса, оны іске асыру неліктен соншалықты қиын? Бұл мәселеде мемлекеттің мүддесі мен мұнай компанияларының мүддесі қаншалықты алшақ?

– КҚК Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін салынды. Жобаны жүзеге асыру кезінде әртүрлі тараптың мүддесін ескеруге мүмкіндік болды. Сол кезде бұл бағыт ең оңтайлы нұсқа саналды. Иә, ол Ресей аумағын айналып өтетін балама бағыттар құру мәселесін шешкен жоқ. Бірақ инвесторлардың мүддесін де ескеру керек. «ҚазМұнайГаздың» үлесі шамамен 25–26 пайыз екенін білесіз.

Айтайын дегенім, Қазақстан мұнай өндіреді, бірақ бұл жерде бір айырмашылықты түсіну керек. Үкіметтің бақылауындағы мұнай өндірісі бар, сонымен бірге шетелдік компаниялар мен жекеменшік сектор өндіретін мұнай бар. Біз геосаясат туралы сөз қозғағанда осы жайтты жиі ескермей кетеміз. Шетелдік инвесторлардың мүддесі біздің үкіметтің мүддесімен үнемі сәйкес келе бермейді. Оның үстіне кейде олардың мүддесі инвестор шыққан елдің үкіметі көздейтін мақсаттарға да қайшы келуі мүмкін.

Мәселен, КҚК оның акционерлері қатарындағы америкалық мұнай компанияларына әбден тиімді. Сондықтан Батыс Қазақстаннан Новороссийск арқылы Қара теңізге шығатын бағыт географиялық тұрғыдан оңтайлы. Ол кезде мұнай құбырларына шабуыл жасалуы мүмкін деген ой ешкімнің басына келмеген. Тіпті АҚШ үкіметі өз компанияларын Каспий арқылы өтетін бағыттарды дамытуға үгіттеген кезде де, олардың көпшілігі бұл ұсынысқа күмәнмен қарады. Неге? Өйткені үйреншікті тәсіл өте қарапайым: мұнайды құбырға айдайсың, портта танкерге құясың – болды. Бұл шынымен де ыңғайлы.

Каспий бағытының өзі барлық мәселенің шешімі емес. Иә, бұл – балама жол, бірақ әзірге оның өткізу мүмкіндігі аса жоғары емес. Біріншіден, осы уақытқа дейін танкерлердің басым бөлігі Әзербайжанға тиесілі болды. Бұл қосымша шығынға әкеледі. Қазір Әзербайжандағы кеме жасау зауыттарында Қазақстанға да арнап кемелер салу жөнінде келісім жасалды.

Алдымен мұнайды Каспий теңізінің жағалауына жеткізіп, танкерлерге тиеу керек. Содан кейін Әзербайжан жағалауында оны қайтадан құбырға айдауға тура келеді. Мұның бәрі мұнай тасымалдау құнын едәуір арттырады. Баку – Тбилиси – Жейһан мұнай құбыры салынып жатқанда да көп адам бұл жобаның іске асатынына сенбеді. Оны өте қымбат, жүзеге асыру мүмкін емес жоба деп санады. Бірақ ақырында құбыр салынды. Мұнда саяси ерік шешуші рөл атқарды. АҚШ, Түркия және Әзербайжан үкіметтері көп күш жұмсады. Алайда уақыт өте келе саясаттың ықпалы азайып, бизнес мүддесі алдыңғы орынға шығады. Жоғарыда сандарды бекер келтірген жоқпын: Баку – Тбилиси – Жейһан бағытымен жылына 1,2 миллион тонна мұнай тасымалданады, ал КҚК арқылы 64 миллион тоннаға жуық мұнай өтеді. Демек, компаниялар мен акционерлер үшін Каспий бағыты аса тиімді емес.

Қазір олар мұнай тасымалдаудың балама жолдарын іздеуге мәжбүр. Бірақ жағдай өзгеріп, бейбітшілік орнап, шабуылдар тоқтап, қауіпсіздікке кепілдік берілсе, КҚК жұмысын жалғастыра береді. Сонда ешкім балама бағыт іздеп әуре болмайды. Сондықтан бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Жекеменшік инвестордың өз мүддесі мен табысын көздейтінін үнемі ескерген жөн. Ал мемлекетке, әрине, Каспий арқылы өтетін бағыттарды қоса алғанда, балама жолдар қажет.

КӨРШІЛЕРГЕ НЕГЕ КӨЗ САЛМАЙМЫЗ?

Орталық Азия қашан ортақ нарыққа айналады?

– Экспортқа мүдделі ел Қазақстан ғана емес, Түрікменстан мен көршіміз Өзбекстан да бар. Қазір Өзбекстан Әзербайжанмен байланысын белсенді түрде нығайтып жатыр. Өзбек тарапы экспортпен айналысатын ортақ оператор құруды ұсынып отыр. Сондай-ақ өз тауарларын біздің порттар арқылы, одан әрі Әзербайжан порттарына ауыстырып тиеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Сондықтан біз әдетте Каспий маңындағы бес мемлекет туралы айтқанымызбен, белгілі бір жағдайда Өзбекстан да осы өңірде өзіндік мүддесі бар маңызды ойыншыға айналуы мүмкін. Егер оның осы бағыттағы жұмысы жандана түссе, өңірдегі рөлі де едәуір артады.

Енді керісінше жағдайды қарастырайық. Украин дрондары Омбы мұнай өңдеу зауытын бомбалаған жағдайда не болды? Бұл кәсіпорында мұнайды тазартудың озық технологиялары қолданылады. Шабуыл салдарынан соған байланысты мүдделер бірден зардап шекті. Мұның Қазақстанға тікелей әсері болмағанымен, Орталық Азия елдері, соның ішінде Тәжікстан зардап шекті. Мәселен, осы шабуылдардан кейін Қырғызстан жанармай тапшылығы қаупіне тап болды. Олар бұл мәселені енді қалай шешіп жатыр? Тәжікстан Қытайға жүгінді. Қазір тәжік тарапы Қытаймен елге жанармай жеткізу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

Тағы бір мүмкіндік бар. Болашақта мұндай отын жеткізуші Әзербайжан болуы әбден мүмкін. Біз оған мұнай жеткіземіз, ал Әзербайжан өз кезегінде мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген дайын отынды бізге бере алады. Біз неге екені белгісіз, әлі күнге дейін жиырма–отыз жыл бұрынғы өлшемдермен ойлаймыз. Әрине, ол кезде алыс нарықтарға назар аударып, соған сай жоспар құрдық. Бірақ мен басқа нұсқаны да қарастыруды ұсынамын. Соғыс жағдайында неге үнемі алыс нарықтарға көз тігеміз? Неге ең жақын көршілерімізге назар аудармасқа? Мұнайымыздың бір бөлігін сол нарықтарға бағыттай аламыз ғой.

Біз енді ғана осы мәселе туралы ойланып, төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы шешім қабылдадық. Ал тәжіктер өздеріне мұнай өңдеу зауыты қажет екенін ертеден айтып жүр, қырғыздар да зауыт салғысы келеді. Олар мұны өз мүддесіне сүйеніп қарастырып отыр. Ал біз неге мәселені тұтас өңірдің ауқымында ойламаймыз?

Әрине, мұндағы нарықтың сыйымдылығы үлкен емес. Бірақ мынаған назар аударайық: біз өндірілген мұнайдың небәрі 18–20 пайызын ішкі өңдеуге жібереміз. Ал бұл үлесті ұлғайтуға болады. Газ–химия мен мұнай–химия салаларына инвестиция салып, дайын өнім, соның ішінде экологиялық тұрғыдан таза отын өндіруге және оны сатуға мүмкіндігіміз бар. Орталық Азия елдері ортақ экономикалық бастама көтеріп, ықпалдастықты тереңдете алар еді. Өңірдегі бес ел, Әзербайжанды қосқанда алты мемлекет бас қосып, ортақ нарық құру мәселесін ойластыруы керек.

РЕСЕЙ ЖӘНЕ ИМПЕРИЯЛЫҚ САНА

Ресей бұған қарсы болмай ма? Айтпақшы, сіз «Путинская Россия: геополитический реванш и агрессивная оборона?» деген кітаптың авторысыз. Көршіміздің саяси жүйесі қалай құрылғанын жақсы білетін шығарсыз. Қазір айтып отырған ұсыныстарыңызды жүзеге асыру қаншалықты мүмкін?

– Кітабымда «Қазақстанға арналған сабақтар» деген жеке тарау бар. Бұл – соңғы тарау. Кітап 2018 жылы жарық көрді. Жақында сол тарауды қайта оқып шығып, онда айтылғандардың бәрі дерлік орындалғанын түсіндім. Негізі, бастапқыда бұл тарауды жазуды жоспарламаған едім. Бірақ кітабымды Досым Сәтпаевқа көрсеткенімде, ол: «Жоқ, меніңше, Қазақстанға арналған сабақтар туралы тарауды міндетті түрде жазуың керек», – деді.

Ол тараудағы негізгі ойлар қандай?

– Негізгі ойым мынадай еді: әлемде империялар көп болған. Еуропаға қарасаңыз, ірі мемлекеттердің барлығы дерлік бір кездері империя болған. Германия, Франция, Ұлыбритания, Нидерланд, Испания, Италия, Австро-Венгрия – бәрі империялық кезеңді бастан өткеріп, одан өтті, өткеніне қайта қарап, қорытынды жасады. Соның нәтижесінде империядан кейінгі кезеңге тән психологиялық сана олардың қоғамдық өмірінде бұрынғыдай маңызды орын алмайтын болды.

Ал мен сол кезде Ресейдің империялық сананы әлі де еңсермеген ел екенін жаздым. Оның үстіне бұл санадан арылу былай тұрсын, Ресей самодержавие идеясын әлі де көкке көтеріп келеді. Путиннің сөзімен айтқанда, Кеңес Одағының ыдырауы Ресей үшін ХХ ғасырдағы ең ірі геосаяси апат болды. Ресейде әлі күнге дейін қызылдар мен ақтардың арасындағы тартыс жалғасып келеді. Мұны түсіну бізге қиын болуы мүмкін. Шартты түрде айтсақ, қызылдар жобасы – Кеңес Одағы, ал ақтардікі – Ресей империясы. Олар әлі күнге дейін ортақ мәмілеге келген жоқ.

Қазір басқа түсіндіру де бар. Оған сәйкес, Кеңес Одағы Ресей империясының белгілі бір сабақтастығын сақтап қалған. Иә, идеологиясы басқа, солшыл сипатта болды. Бірақ империялық дәстүр жойылған жоқ. Өткеннен қалған сол бір «елес ауруы» әлі басылған жоқ. Украинада болған жағдай – соның нақты көрінісі.

Бізге, соның ішінде Қазақстанға, Әзербайжан мен Өзбекстанға да арагідік айтылатын өктем сөздерді естігенде, олардың бәрі бізді әдейі ренжіту үшін айтылмайтынын түсінуіміз керек. Кей адамдар шынымен солай ойлайды. Бұл – үлкен мәселе, оны тез арада шешу мүмкін емес. Бірақ Ресей осы кезеңнен өтуге тиіс. Германия да бір кездері империя болды, алайда Бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде империясынан айырылды. Осыдан кейін реваншистік көңіл-күй күшейіп, империялық мәртебеден айырылудың өкініші тереңдей түсті. Ақырында бұл Гитлердің билікке келуіне ықпал етіп, жаңа соғыстың себептерінің біріне айналды.

Ресейге де осы жолдан өту үшін әлі талай жыл, бәлкім, бірнеше онжылдық қажет болар. Ол жаңа қалыпты жағдайға келуі керек. Яғни ел бұрын иеленген аумақтарды қайтару немесе кеңейту өлшемімен ойлауды тоқтатуы қажет.

Ресейдің бүгінге дейін немен мақтанатынына қараңыз. Мәселен, олар Александр Солженицынның Қазақстан туралы көзқарасына жиі сілтеме жасайды. Ол 1989 жылы болашақта Ресей бүкіл Кеңес Одағының ұлан-ғайыр аумағын бақылауда ұстай алмайтынын, сондықтан төрт мемлекетке – Ресей, Беларусь, Украина және Солтүстік Қазақстанға назар аударуы керектігін жазған. Ресей мақтан тұтатын адамның айтқаны осы. Оның үстіне, ол бұл пікірін шын пейілмен айтқанға ұқсайды. Ал Оңтүстік Қазақстан туралы ол басқаша пайымдаған: онда бірдеңе істеу қиын, өйткені халық тым көп деген.

Бірақ бұл Ресейге тек осы тұрғыдан қарауымыз керек деген сөз емес. Ресей – біздің көршіміз әрі серіктесіміз. Ең алдымен, диалогта өз ұстанымымызды берік сақтап, қабылданатын шешімдердің екі тарапқа да тиімді болуына, яғни Ресейге де, Қазақстанға да пайда әкелуіне күш салуымыз керек.

Уақыт өте келе Ресей өзінің табиғи қалпына оралып, Еуропадағы ең ірі мемлекет ретіндегі орнын иеленуі мүмкін. Ресейде жаңа ұрпақ өсіп шығады. Олар мүлде басқа мемлекетте өмір сүреді. Тіпті Қазақстанның қай жерде орналасқанын білмеуі де мүмкін. Сонда екі елдің қарым-қатынасы тарихи астардан гөрі, ең алдымен, нақты іскерлік мүддеге негізделіп құрыла алады.

ЛРТ ЖӘНЕ «ШЛАГБАУМ ЭКОНОМИКАСЫ»

Көршілер мен геосаясат төндіретін қауіп туралы көп айтамыз. Бірақ өз проблемаларымызды үнемі солармен түсіндіру қаншалықты қисынды? Қазақстан экономикасының өзінде қандай мәселелер бар?

– Біздің басты міндетіміз – ресейліктерді болмысы үшін кінәлай бермей, өзімізге көбірек көңіл бөлу. Неге бізде бәрі осылай құрылған? Қандай экономика қалыптастырып жатқанымыз туралы айтып өттік. Екі мысал келтірейін.

Біріншісі – экономикамыздың символына айналған Астанадағы ЛРТ. Ақыры салып бітірдік, бастаған ісімізді соңына жеткіздік. Енді ол – елорданың сәні мен мақтанышы. Бірақ оны саламыз деп жүргенде қанша миллиард теңгеден айырылдық? Тиімсіздігіміздің осындай ескерткіштері бізге қаншаға түсті? Бұл – бір ғана мысал. Мұндай жағдай экономиканың көптеген саласында кездеседі.

Екінші мысал – «шлагбаум экономикасы». Яғни біреу жолға шлагбаум орнатуға мүмкіндік алады да, кейін оны ашқаны үшін ақша жинай бастайды.

Бұрын Алматыға Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Қырғызстаннан азық-түлік пен көкөніс тиеген жүк көліктері қала орталығына еркін кіріп, базарларды тауармен қамтамасыз ететінін білемін. Кейін біреудің ойына Алматыға жүк көліктерінің кіруіне тыйым салып, барлық машинаны «Алтын Орда» базарына бағыттау үшін оны қала маңынан салу туралы тамаша идея келді. Содан бері жүк көліктері сол жерде тауар түсіреді, ал басқа саудагерлер өнімді сол жерден сатып алып, өз базарлары мен дүкендеріне таратады. «Алтын Орда» ұтты, ал қаланың өзі ұтылды.

Бізде кез келген салада осындай жағдай қалыптасқан деуге болады. Қайда қарасаңыз да, монополиялар құрылды, түрлі пайыздық төлемдер, несие үстемелері мен қосымша алымдар пайда болды. Ақыры осындай жағдайға жеттік. Жасанды интеллект осы ахуалды өзгертуге көмектеседі деп үміттенемін. Бірақ жалпы алғанда, мұндай жүйеден арылуымыз керек.

ЛРТ тарихы да бізге сабақ болады деп сенгім келеді. Шетелдік мамандармен бірге жұмыс істеген құрылысшыларымыз олардың тәжірибесін меңгеріп, уақыт өте келе осындай нысандарды өздері сала алатын деңгейге жетсе екен. Әйтпесе, нысанды салып, технологияны бізге бермей кетуі мүмкін. Мамандар басқа жаққа ауысады, ал біз болашақта осындай құрылысты өз бетімізше жүргізе алмай қаламыз.

Заңгерлерге қатысты да осы мәселе бар. Бұл – нарықтың қалай құрылғанына байланысты жағдай және ол көптеген салаға ортақ. Заң қызметтерінің толыққанды нарығы болуы керек. Бізде дарынды заңгерлер көп екеніне сенімдімін. Бірақ олар университет бітіргенімен, жұмыс таба алмайды. Ұлттық компанияға заңгер болып орналасу өте қиын, оның үстіне мұндай компаниялардың саны да шектеулі. Халықаралық ұйымдарға кіру де оңай емес. Ақырында мамандар басқа салаға кетеді немесе шетелге көшіп кетеді.

Кеңес Одағы ыдыраған кезде көптеген оқытушы жұмыссыз қалды. Мекемелер жабылып, адамдар базарға шығып сауда жасауға мәжбүр болды. Олардың арасында ғылым докторлары, профессорлар және басқа да білікті мамандар бар еді. Сондықтан мемлекет кәсіби мамандардың толыққанды нарығы қалыптасуына жағдай жасауы керек. «Сарапшы керек болып қалса, сол кезде шұғыл іздейміз» деген қағидамен жұмыс істеуге болмайды. Оның үстіне, табылған маманға лайықты жалақы төлегісі келмейтіндер де бар. Ал білікті маман қалыптасуы үшін адам өз саласында жылдар бойы еңбек етіп, еңбегіне сай ақы алуы керек.

РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАНЫ ҚАЛАЙ ҚАЙТА ҚҰРЫП ЖАТЫР?

Қазір геосаясатта болып жатқан оқиғалардан Орталық Азия елдері де қорытынды шығарып жатыр. Ал Ресей ше? Ол сабақ алды ма?

– Ресей де қорытынды шығарып жатыр. Онда экономика қайта құрылып жатыр. Бірақ басты мәселе – қай бағытта өзгеріп жатқаны. Экономистердің көбі Ресей биыл жазда мобилизациялық экономикаға көшті деп есептейді. Яғни барлық ресурс майданға бағытталып, бүкіл жүйе жеңіске жету мақсатына бағындырылған. Бірақ мәселе неде? Экономиканың әскери секторына басымдық берілгендіктен, азаматтық салалар күрделі қиындықтарға тап бола бастады. Бұл да біз үшін сабақ.

Бір кездері Ресейде Еуропа мен АҚШ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар көп болды, көптеген зауыт жұмыс істеді. Соғыс басталып, санкциялар енгізілгенде, еуропалықтар мен америкалықтар елден кетті. Бірақ олар нарықты жай ғана тастап кеткен жоқ, өздерімен бірге технологияларын да алып кетті.

Айтайын дегенім, инвесторларға бар мәселені шешетін әмбебап құрал ретінде қарауға болмайды. Олар келіп, бәрін салып береді деп үміттенудің қажеті жоқ. Бұл ЛРТ тарихымен де тікелей байланысты. Белгілі бір сәтте инвесторлар технологиясын өзімен бірге алып, елден кетуі мүмкін. Сондықтан біз тәжірибені қалай игеретінімізді қазірден ойлауымыз керек. Мысалы, Қытайдың тәсілін үлгі етуге болады. Алдымен Қытай өз аумағында батыстық автомобиль компанияларының зауыттарын ашуға мүмкіндік берді. Кейін технологияларын меңгерді. Уақыт өте келе бүкіл әлемге өз көліктерін шығара бастады. Қытайдың автомобиль өнеркәсібі кейбір бағытта шетелдік бәсекелестерінен де озып кетті.

Мұнай экспортында Ресейге тәуелділікті азайту керегін айтып отырмыз. Бірақ сонымен бірге Қазақстан Ресейден газ импортын арттырмақ. Сонда бір тәуелділіктен құтыламыз деп, екіншісін тудырмаймыз ба?

– Тағы бір мысал келтірейін. Ресей Еуропадағы газ нарығынан айырылды, ал Қытайға жеткізілімдер бұл шығынның орнын толық толтыра алмайды. Сондықтан Ресей тым болмағанда посткеңестік кеңістіктегі газ нарығын сақтап қалуға мүдделі.

Ресей мен Арменияның қарым-қатынасына қараңыз. Екі елдің арасы анда-санда шиеленісіп кетеді де, бірден қандай да бір жөндеу жұмыстары басталып, Ресей газының жеткізілімі тоқтай қалады. Ал біз, керісінше, солтүстік және шығыс өңірлерді Ресей газы есебінен газдандыруды күрт ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Қателеспесем, биыл шамамен 11 миллиард текше метр газ сатып алуды көздеп отырмыз. Бұл – едәуір көлем. Алматыны да газға көшіреміз. Егер баға қолжетімді болса, мұның өзі қалыпты жағдай.

Қытайға қараңыз. Ол Ресейден көп газ сатып алады. Бірақ Қытай мен Еуропаға газ жеткізу шарттарының айырмашылығы неде? Қытайлықтар газ бағасын саудаласып, еуропалықтар төлеген бағадан үш есе төмендетіп алған. Яғни Ресей газына еуропалықтардан үш есе аз төлейді. Ресейлік көптеген сарапшы бұл жеткізілімдерден түсетін пайданың мардымсыз екенін, кей жағдайда өзіндік құнына жуық болуы мүмкін екенін де айтып жүр. Қытай келіссөзде өз мүддесін қатаң қорғай біледі.

Біз Қытай сияқты шартқа қол жеткізе аламыз деп ойламаймын. Дегенмен бұрын Еуропаға жөнелтіліп келген Ресей газы енді бізге жеткізілсе, бұл жақсы. Ең бастысы – келісімшарттарда ықтимал тәуекелдердің бәрін алдын ала қарастыруымыз керек. Бұл мәселеге заңгерлеріміз ерекше назар аударғаны жөн. Қарым-қатынас кезекті рет шиеленіскенде Ресей газдың шүмегін жауып, бірнеше өңірімізді газсыз қалдыра алмайтындай кепілдіктер болуы керек.

Арзан Ресей газының уақыт өте келе Қазақстанға тым қымбатқа түсу қаупі жоқ па?

– Тағы бір мәселе бар. Көптеген елдің Ресейге газ үшін қарыз болып қалғанын білесіз бе? Әуелі келісімшарт жасалады. Келесі жылы Ресей бағаны көтереді, одан кейінгі жылы тағы көтереді, сосын тағы өсіреді. Ақырында үкіметтер жеткізілім ақысын төлей алмай, баға айырмасы қарыз болып жинала береді. Қарыз көлемі ұлғайған кезде Ресей оны басқа жолмен өтеуді ұсынады. Бірақ бастапқыда мұндай жағдайға жол беретін келісімдер неге жасалды?

Посткеңестік кеңістіктегі елдердің барлығы дерлік газ бағасының өсу кезеңінен өтті. Біз мұндай тәуекелдерді алдын ала ескеріп, өзімізді сол тұзаққа түсірмеуіміз керек. Үш–төрт жылдан кейін бізге орасан зор есепшот ұсынылып, ол қарызға айналып кетпесін. Кейін сол қарызды өтеу үшін кәсіпорындарымызды сатуды, бір үлесті, содан соң екінші үлесті беруді ұсынбасын.

Тоқсаныншы жылдарды көргендер менің не туралы айтып отырғанымды түсінеді. Ол кезде Өзбекстаннан газ жеткізуде іркілістер болатын. Алматыда үш қыс қатарынан тон киіп ұйықтағанымыз есімде. Газ жоқ, балама да жоқ. Бір ғана жеткізушіге тәуелді болудың нәтижесі – осы. Біз мұндай жағдайды бұрын бастан өткердік, енді оның қайталануына жол бермеуіміз керек.

ҚАУІПТІ ЕЛЕМЕЙ ОТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

Біз неге басымдық беріп, нені өзгертуіміз керек? Мемлекеттік мүддені қалай қорғауға болады?

– Біз бүгінгідей жағдайда мәңгі өмір сүре алмаймыз. Қазір мүмкіндігіміз мол, жағдайымыз жақсы. Соның салдарынан босаңсып кеттік, тағы ондаған жыл бойы осылай жалғаса беретіндей өмір сүріп жатырмыз. Алайда олай болмайды. Айналамызда соғыстар мен ірі қақтығыстар өршіп тұр. Жасанды интеллект сияқты технологиялар да қарқынды дамып жатыр. Оны соғыста да қолдана бастады. Мысалы, украиндар жасанды интеллектіні нысаналарды өздігінен анықтау үшін пайдалануды үйренді.

Мұның салдары біздің өңірге де әсер етіп жатыр. Өткен аптада ғана украиндар Махачкала мен Каспийск порттарына, соның ішінде Каспий флотилиясының нысандарына соққы берді. Израиль, АҚШ және Иран арасындағы соғыс кезінде Израиль Каспий теңізінің оңтүстік бөлігіндегі порт инфрақұрылымына шабуыл жасады.

Жағдай басқаша өрбігенде, Иранның ТШО, Қашаған немесе Қарашығанақ инфрақұрылымына соққы беру ықтималдығын да жоққа шығара алмас едік. Бақытымызға қарай, ондай жағдай болған жоқ. Бірақ қауіп жоқ деп басымызды құмға тыға беруді қойып, ең қолайсыз сценарийлерге дайындалатын уақыт жетті.

Біз әдетте ең жаман жағдайға дайын болмай шығамыз. Оның үстіне, мәселе тек әскери салада емес.

Соғыс басталған кезде Украина аумағы арқылы өтетін жеткізу тізбектері бірден бұзылды. Бұрын дүкендерден украин тауарларын көретінбіз, кейін олардың орнын кенеттен Польша мен басқа елдердің өнімдері басты. Жаңа логистикалық тізбектер құруға тура келді.

Демек, Қазақстан тікелей қатыспайтын қақтығыстың өзі белгілі бір сәтте экономикамызға, тіпті ел ішіндегі тұрақтылыққа да соққы беруі мүмкін ғой? Біз мұндай сыртқы күйзелістерге қаншалықты дайынбыз?

– Кез келген жаңа қақтығыс осындай салдарға әкелуі мүмкін. КҚК төңірегіндегі жағдай – алғашқы дабыл ғана. Ол Краснодар өлкесіндегі нысандарға жасалған украин шабуылдары сияқты оқиғаларға қаншалықты тәуелді екенімізді көрсетті. Бірақ осындай қиындықтар экономиканың басқа салаларында да туындауы мүмкін.

Белгілі бір сәтте Ресейдің экономикалық қиындықтары біздің де проблемамызға айналуы ықтимал. Жоғарыда соғыс салдарынан Украина мен Ресейдің астығын тасыған құрғақ жүк кемелері Қара теңіз арқылы шыға алмай қалғанын айттым. Мұның салдары қандай? Африка мен Таяу Шығыс елдері астықты бұрынғыдай көлемде ала алмайды. Ал бұл неге әкеледі? Осыдан он жыл бұрын араб көктеміне түрткі болған факторлардың бірі нан бағасының өсуі еді. Нан қымбаттаса, халықтың наразылығы күшейеді, митингілер басталады.

Қазіргі әлемде бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Ал біз көбіне өз мәселелеріміз бен бағдарламаларымызға бас қойып кетеміз. Әрине, олар да маңызды. Бірақ бізді әлемнің қалған бөлігінен бөліп тұрған бетон қабырға жоқ. Кез келген сәтте жақын маңда болып жатқан оқиға бізге де әсер етуі мүмкін.

Сондықтан мұндай жағдайларда қоғамымыздың қалай әрекет ететінін де түсіну маңызды. Газа секторындағы қақтығыс басталғаннан кейін Палестина мәселесіне байланысты қоғамның екіге жарылғанын көрдік. Әзербайжан мен Армения арасындағы жанжал шиеленіскен кезде де әртүрлі көзқарастар пайда болды. Украинадағы соғысқа қатысты да қоғамымыз екіге бөлінді: біреулер Ресейді қолдаса, екіншілері Украинаны қолдайды. Мұның бәрі бізге қатты әсер етеді. Енді осыны түсініп, экономикамыздың қуатын арттыратын кез келді.

МАМАНДАРҒА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУ

Технология, инфрақұрылым және инвестиция туралы көп айтамыз. Бірақ Қазақстанда осының бәрін басқаратын ең басты ресурс – адам бар ма? Білімді жас мамандар неліктен өз Отанында жұмыс таба алмай жатады?

– Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Егер мемлекет мамандарды дамытуға бүгін инвестиция салмаса, ертең оларды басқалар қағып кетпесіне кім кепіл? Мамандар басқа салаға, өзге мемлекетке кетуі мүмкін. Тіпті бұрынғыдай базарға барып сауда жасауы да ғажап емес.

Адамдарға инвестиция салу керек. Бізге «Болашақ» және басқа да білім беру бағдарламалары арқылы оқып келген жас мамандар көптеп оралады. Бірақ олардың білімі мен қабілетін іске жарататын мүмкіндік жасау қажет.

Меніңше, бүгінгі басты проблемаларымыздың бірі жетістікке жете алмауымызда емес. Қоғам дамып келеді, әртүрлі салада табыстарымыз бар. Алайда адамдар, әсіресе шығармашылық орта өкілдері, осы жетістіктердің бір бөлігі екенін сезінбейді. Жетістіктер басқа бір параллель әлемде болып жатқандай әсер қалдырады. ЛРТ-ны басқалар салады, нәтижеге өзгелер  жетеді, ал сен теледидардан соның бәрін көріп, тамсанып қана отырасың.

Бізде білімді жастар көп, жалпы алғанда, халықтың білім деңгейі жоғары, түрлі салада білікті мамандар аз емес. Оларды шешім қабылдау процесіне тарту қажет. Бұл мұнай-газ саласына да, экономикаға да, экологияға да және басқа бағыттарға да қатысты. Жаңа буын шетте тұрып, өзгенің жетістігіне қол соғып қана жүргiсi келмейді. Олар өз елін құруға атсалысқысы келеді әрі оған әлеуеті жетеді.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube-арнасынан көріңіз.